• Тұлға
  • 20 Мамыр, 2021

«ҚАСҚАЛДАҚТЫҢ» ҚОНАЕВҚА ДА, КОЛБИНГЕ ДЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

Бізде нендей алысқа самғар күш бар,

Бәрі өтпелі, арзу, ой, арман, құштар.

Қалатыны түк те емес, бір құлпытас,

Қонып ұшар қанаты талған құстар.

Осы бір шумаққа дүниенің пәлсапасын сыйғызып кеткен ол неге құс тілінде сөйлеуге құштар болды!? Кешегі күндей күркіреп өткен, адамдары аяр, бір-бірін күстаналауға даяр Желтоқсан күндерінде ол екі аяқтыдан есті дос таппай, әзелгі досына – құстарына, қасқалдаққа мұң шақты.

«Қасқалдақ» жиі айтылатын күндердің бірінде Есенғали ақынмен аз-кем сұхбат құрыппыз. Сол тұста бұл өлеңнің танымал болғаны соншалық, тіпті ойын-тойларда, сауық-кеш­терде мыңдаған жастарымыздың, үлкендердің де оған арқа-жарқа болып, қуаныштан жүзі қан көбелек ойнап, билеуі де өріс алған еді. Әншейінде осындай бір дүние жазса жер-көкке сыймай, елдің төбесін ойып жібере жаздайтындар бар ғой. Ал бұл болса, көңілімізді бұлт шалған сол бір бұлыңғыр күндерде әркімнің аузында әнұрандай айтылған өлеңді де қалыпты жағдай ретінде қабылдап, селт етпейтін. Өмірі газет оқымайтын, кітаптың өзін таңдап, талғап оқитын Есенғали Раушановтың сұхбатқа зорға көнгені де бір шағын хикаяның баяны.

Сонымен, не деп еді дейсіз ғой, есіл Есенғали.

– Қазіргі ортада бәрі де болуы мүмкін. Бұл өлең мені аз әурелеген жоқ. Өз басым оның әніне көңілім тола бермейді. Неге? Қазақта қай өлең әнге сұранып тұр? Әуелі осы мәселені пысықтап алу керек қой. Өнердің ішкі әлемінің қабысуы ­деген болады. Тіпті кейбіреулер бұл өлеңнің сөзін өзінің ыңғайына қарай бұрып, өз жанынан шумақтар қосып алып айтады. Өнерде одан өткен ­со­рақылық, қиянат жоқ. Менде кезінде кітапқа енбей қалған өлеңдер бар­шылық. Үлкен күшпен жарық көр­ген соңғы кітабымда «Қасқалдақ» бұрмаланып шықты. «Қаңғып келген шүрегей, көлге пана болмайды» деген жолдардағы «қаңғып» сөзі «адасып» деп түзелген. Бұл дегенің өлеңді түсіну түгілі, оның қарапайым техникалық құрылымын білмеу, болмаса түсінуге тырыспау деген сөз емес пе. Біреулер бұл әнді Қонаевқа арналған десе, біреулер Колбинді айтады. Бұл бекер. Колбинге шүрегей деген келмейді. Қайдан білейін, бәлкім, Қонаевты қасқалдақтан гөрі ірірек құсқа теңеген дұрыс шығар. Бір қуанатыным, бұл өлеңнің кітаптан бұрын «Жұлдызға» шыққан нұсқасы бар еді. Ән авторы соны пайдаланыпты. Бұл әнді елге барғанда бір бозбаланың гитарамен қосылып бойжеткен терезесінің алдында айтып тұрғанын да көрдім. Міне, көрдіңіз бе, біздегі ішкі мәдениеттің өскен түрі қандай?!

«Қасқалдақ» – менің ауруым, тағ­дырым. Жалпы менің шығарма­шы­лығымда жеке адамдарға, компартияға, саясатқа арналған қызыл өлеңдер болған емес. Мұнымен мақтанайын деп отырғаным жоқ, дұрысы сол. Сондықтан «Қасқалдақ» ешкімге арналмаған. Ол сол кезде төгілген қанға оқылған дұға іспеттес дүние. Ал оны би ырғағына салып, шаттана орындау қанның үстінде билегенмен бірдей. Әркімнің талғамы әрқалай ғой. Қайдан білейін, солай дұрыс көрсе айта берсін, билей берсін. Біздің халық әлі оянбай жатыр ғой. Бұл өлең мүмкіндігінше тек оқылу керек. Жастарға билеме деп қалай айтасың. Бұл жерде жастарды кінәлаудың еш реті жоқ. «Әй, бұл ­мынадай өлең еді ғой» деп жөн айтатын үлкендер болмаса, жұлқынып тұрған жас ненің парқын өлшеп, біліп жатыр. Бұл айтылғандар менің жеке пікірім деп білген жөн шығар.

Осылай деп есіліп еді есіл Есенғали.

Өнер туындысы – уақыттың перзенті. Егер ол халық жүрегіне жетіп жатса, оның ғұмыры ұзақ. Сондай туындының бірі «Қасқалдақ» екеніне сөз жоқ.

Қазақы қара өлеңнің арнасына сыймай аққан ақынның, талантты адамның өз-өзіне қанағаттануы сирек болатын жағдай. Оның бұл шығармасына да сондай тұрғыдан қарағаны анық. Өлеңді сирек жазатыны да, әрнәрсеге ауыз былғамайтыны да содан еді. Есесіне көп оқыды. Өзгені қайталамау үшін. Өз қолтаңбасын қалдыру үшін. Өнердің киесі, иесі ­барын өзі айтатындай «шалдың баласы» тым ерте сезініп өсті. Әйтсе де, өз көңілі аса тола бермейтін «Қасқалдақ» бәрібір классика болып қалды.

 

4112 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы