• Cұхбаттар
  • 27 Мамыр, 2021

Халқымыз жадындағы жазылмас жара

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының ­орынбасары, ­Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның хатшысы Айдар Есенбековпен есімдері әлі де тарихтың түбінде жасырынып жатқан жүйе құрбандарының атын әйгілеп, жарыққа шығару жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімелесуді жөн көрдік. 

 

– 2020 жылдың 24 қарашасындағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес комиссияның жұмысы кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді көздейтіндігі белгілі. Осы жайлы кеңірек тоқталсаңыз? 
– Дұрыс айтасыз. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген бұл комиссияның негізгі міндеті – саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси ақтау. 
Айта кетерлігі, бұл жұмыс 1993 жылы қолға алынған. Сол ауқымды жұмысты жалғастырып, оны аяқтау таяуда құрылған Мемлекеттік коммиссияның міндеті. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ­туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – ­саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. 
Сол кездері, ең алдымен, Саяси репрессияның жазықсыз құрбаны болған қазақ зиялылары мен Алаш қозғалысының жетекшілері ақталды. Дегенмен, одан бөлек қаншама азаматтарымыз ақтаусыз қалды.
Жұртшылық саяси қуғын-сүргін туралы айтқанда, негізі 1937-38 жылдары репрессияға ұшырағандарды еске алады және оның саны 100 мыңның шамасында деп айтылып жүр. Қазір тарихшыларымыз тың мәліметтерді айтып жатыр. Яғни заңсыз жазаға ұшырағандар бірнеше есе көп деген сөз. Көбі ешбір сотсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың көбінің материалдары мұрағаттарда сақталып қалмады. Сол үшін бұл жұмыс кешенді түрде жүру керек және оған барша тарихшыларды жұмылдыра отырып, еліміздегі және көрші елдердегі мұрағаттарда ғылыми жұмыстар жүргізілу жоспарланған. 
Қазақтың жиырмасыншы ғасыр­дағы тарихында ақтаңдақтар көп болға­ны мәлім. Өкінішке қарай, жазық­сыз жазаланған адамдарды енді қайтара алмаймыз. Бірақ олардың ұрпақтары, елі­міздің болашағы жас ұрпақ ал­дындағы парызымыз – кінәсіз соттал­ған­дарды ақтап, тарихи әділеттік орнату.
Бұл үлкен бастама – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған.
– Бүгінге дейін комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандары есімін толық жариялау мақсатында қандай шараларды жүзеге асырды?
– Ағымдағы жылдың 8 ақпанында Алматы қаласының әкімі Б.Сағын­таевтың қаулысымен қалалық комиссия құрамы бекітілді. Оның төрағасы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров болып бекітілді. Қалалық комиссия құрамына жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарда қызмет ететін елімізге белгілі тарихшы мамандар, мұрағат басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, маслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестің өкілдері енді.
Осы уақыт аралығына қалалық комиссияның екі отырысы өтті, ұйымдастыру шаралары талқыланып, комиссия жұмысы жүйеленді. 
Сонымен қатар қалалық комиссия жанынан тоғыз бағыт бойынша жұмысшы топтары да құрылды. Әрбір топтың өз саласы бар. ­Мысалы, ­саяси зобалаң жылдары еліміздегі дін қызметкерлерін қудалау орын алғанын білеміз. Бірақ олардың аты-жөні аталып, әлі ақталған емес. ­Немесе жаппай мәжбүрлеп ұжымдастыру кезінде қуғынға ұшырағандар, аштан қырылғандар қаншама! Осынау әділетсіздіктерге көнбей көтеріліске шыққандар бар. Міне, осылай әрбір жұмыс тобы саяси қуғынға ұшырағандарды жіктеп, толыққанды зерттеу жүргізбек. Олар, әрине, ол үшін қаламызда орналасқан бірнеше мұрағаттарда өз ғылыми қызметтерін атқарады. Ол үшін мұрағат басшыларымен бірлесе толық жағдай жасалып отыр. Мұрағаттарға кіріп, құпия құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы рұқсатнамалар таяуда ресімделді, яғни тарихшыларымыз бұрын тыйым салынған құжаттарға қол жеткізіп отыр.
Бүгінде тарихшыларымыз қалада орналасқан мұрағаттарға барып жұмыстарын бастап жатыр. Бұл ауқымды жұмыстың бастамасы ғана.
– Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рының есімі елге танылғандарын ғана халық біледі. Қазақтың екі шаңы­рағының бірі нәубет кезеңде сүргінге ұшырағанын ескерсек, әділетсіздікке тап болған мыңдаған құрбанның тізімі шығуы заңды. Олардың есімін тарихта жаңғырту үшін қандай да бір ауқымды кешен болуы керек шығар?
– Өте дұрыс айттыңыз, қазақ­тың дерлік әрбір шаңырағы қуғынға ұшырады, жәбір көрді. Оны біз еш­қашан ұмытпауымыз керек. Хал­қымыздың жадында жазылмас жара болып қалған осынау жылдар­дағы нәубет келмеске кету үшін және әділеттілікке қол жеткізу үшін құрбандардың тізімі жариялануы табиғи дүние. Мемлекеттік комис­сияның құрылу мақсаты да осы. 
Жоғарыда айтып өткендей, қалалық комиссияның жанынан құрылған Жұмыс топтары әрбір сала бойынша мұрағаттарда зерттеу жұмыстарын өткізіп, оларды саяси және заңды ақтау үшін республикалық комиссияның қарауына жолдайтын болады. Респуб­ликалық комиссия өз шешімін шығарған соң мәліметтер жария етілмек. Бұл жұмыс бірнеше жыл жүруі мүмін. Қазір жұмыс басталды. Нәтижесін таяуда көреміз деп ойлаймын. 
– Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы болады. Бүгінде халық репрессияның түпкі зардаптарын толық сезінді деп айта аласыз ба?
– Әрине сезініп отыр. Өйткені сонау 30 жылдардағы саяси зобалаңның зардабын бастан өткерген ата-бабаларының қасіретін сезінбеу немесе ұмытуы мүмкін емес деп ойлаймын. 1997 жылдан бастап 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіліп келеді. Бұл күні елімізде еске алу шаралары өтіп, түрлі деректі фильм­дер, сұхбаттар, кездесулер болады. Сондай-ақ мектеп бағдарламаларында да бұл тақырып кең қозғалады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тақырыбына арналған көптеген ескерткіштер орнатылған, музейлерде арнайы бөлімдер ашылған. 
Зобалаң жылдардың зардаптарын ұмытпау және болашақта оған жол бермеу үшін біз кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Әсіресе жас ұрпақтың ол туралы білімі кең болуы маңызды. Қалалық комиссияның жұмыс жоспарында ­насихат жұмыстарын жүргізу көзделген.
– Репрессия құрбандарын ақтау, атын ұлықтау жолындағы алдағы жоспарларыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– Қалалық комиссияның жұмыс жоспары бекітілген. Қазіргі кезде комиссияның ұйымдастырушылық шаралары аяқталды. Енді нақты жұмыс басталды. Ол үшін тарихшыларымызға тиісті жағдайды қарастырдық. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербевтың тапсырмасына сай, қалалық комиссия жұмысын қаржыландыру мәселесі шешілді. Мұрағаттарда жұмыс істейтін тарихшы мамандардың еңбекақысы төленетін болады. Оған қалалық бюджеттен қаржы қарастырылды. Құпия құжаттарға қол жеткізу үшін арнайы рұқсатнамалар ресімделді. Комиссия жұмысын алып жүру үшін жобалық офис ретінде қалалық «Рухани жаңғыру» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бекітілді. 
Алдағы жұмыс жоспары үлкен. ­Алдымен мұрағаттардағы тың құжаттарды тауып, оларға талдау ­жасау қажет. Осы жұмысты нәтижелі аяқтағаннан соң, жазықсыз жазаланған азаматтарды саяси және заңды ақтап, оларды ұлықтау бағытында кең көлемді жұмыстар атқарылмақ.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

1815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы