• Тарих
  • 27 Мамыр, 2021

Жазықсыз жазаланған

Менің туған ауылым Семей ­облысы Абыралы ауданынан (бір орыс жоқ аудан еді) Кайгородцев ­деген сауатсыз біреуді НКВД-ның бастығы етіп тағайындапты. Сол 1938-1940 жылдары 134 адамды ешбір дәлелсіз, тергеусіз бір өзі үкім шығарып, әрқайсысын 10 жылдан соттаған. Оның ішінде менің де әкем бар. Көпшілігі қайтып келген жоқ. Менің есебімдегілердің ішіне атақты партия қызметкерлері, Алаш Орда партиясының мүшелері кірген жоқ. Міне, сол қыршын жастардың бірі Абыралы ауданынан ертеректе кеткен жас азамат ­Тыштыбаев Байкеннің ісі Алматының қауіпсіздік комитеті мұрағатында, ­Жандосов ағамыздың ісінің арасынан ­табылды. Бұл азаматты елде ешкім білмейді. Мен оның ісін толық көшіріп алып, кітабымда (7-том) толық бердім. Байкен ағамыздың ісімен толық танысқан соң, ол кісіні халқымыздың жазықсыз жазаланған, бүгінде атаусыз қалған батыр ұлы деп есептеймін. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары әскерге барып, арнаулы оқу орындарын бітіріп, аға лейтенант дәрежесіне дейін жеткен азаматтар санаулы. Ол кездің аға лейтенанты бүгінгі полковникпен тең бе деген ойдамын. Ағаның ұрпақтары қалған екен. Бірақ қайда екендері белгісіз. Осы мақаланы оқып, балалары, немерелері хабарын берер деген сенімім бар.

Енді Байкен ағаның өмір жолын мұрағаттағы №05274 істің ізімен баяндайын.
Байкен ағамыз 1930 жылы 10 маусымда О.Т. К.Н.К.П-ға былай деп қысқаша өмірбаянын жазыпты:
«Взвод командирінен революцияға дейін: қара жұмысшы, қазақ. Үйлен­генмін. Жұбайым балаларға кеңес беретін жерде медбике болып істейді. Өзім Ташкентте Ортаазиялық әскери мектебін, Новочеркасскіде әскери мектепті бітірдім. Қатардағы (қалыпты) әскери мектеп (4 жылдық). Қазақ және орыс тілдерін білемін. Менімен бірге туған інім тұрады.
1924-1928 жылдары әскери мектептерде оқыдым. ВКП(б) мүшесімін. Билет №0439339. 1927 жылдың 26 наурызынан тұратын тұрағым: Алматы қаласы, тел: 645. Қаруым: револьвер 13435. Жұмыс істеген жерлер: 1916-1917 жылдары тері зауытында, 1918 жылы пристанда, 1919-1923 жылдары көлікте.
Әскери мектептерді бітіргеннен кейін 1929 жылға дейін Алматының округтік әскери комиссариатында кіші инструктор, ал 1930 жылдан полкте бүгінгі күнге дейін взвод командирі болып қызмет атқардым.
Взвод командирі Тыштыбаев Байкен».
Осыдан кейін оған қарсы мәліметтер іздей бастапты. Оны Шығыс Қазақстан облысының ОГПУ-ынан сұратыпты. Олардан мынадай жауап алынған. 
Кешегі бірге жүріп, бірге тұрған, ­талай жақсы-жаманды бөліскен достар енді ­досына қарсы куәгердің бірі болып отыр. Әрине, олай айтпаса өздері де «халық жауы» болып шыға келеді. Бәрібір олардың көпшілігі солай аталды да.
Куәгер Баймолдин:
Қазіргі еліміздегі жағдайға риза болмау және партия мен үкіметімізді сынағаны өкінішті-ақ. Оның контрреволю­циялық, ұлтшылдық және Кеңес үкіметіне қарсы сөйлеген сөздері туралы мына төмендегі ойымда қалғандарын баяндаймын.
1934 жылы эскадронның ұжымдық жиналысында екінші бесжылдықта халық шаруашылығының даму келешегі және 1-ші бесжылдықтың қорытындысы ­туралы Тыштыбаев былай деді: «Екінші бесжылдыққа жасалған жоспарлар орындалмайтын қиял. Мысалы, мал шаруашылығы Қазақстанның бүгінгі жағдайында екі-үш емес, он бес жылдықта да орындалмайды».
1931 жылы көкек айында ­Тыштыбаев эскадронды келесі жаңадан келетін ­жастармен толықтырмақ болған кезде бір бума қағаздың үстінде отырып, клуб қызметкерінің сөзіне қосылып, былай деді: «Кеңес үкіметінің мәдениеті өте жеңіл, аспанға ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан оны артыңмен жауып отыру керек». Бұл сөзді қызыләскерлер мен жаңа қабылданған солдаттардың көзінше айтты.
1934 жылы мамыр айында Тыштыбаев солдаттарды жаңадан қабылдайтын пунктке оларды қайта дайындауға барды. Сонда ол бұрынғы полк командирінің көмекшісі болған, қазірде Іле ауданында істеп жүрген Жанғұтдиевпен кездескенде былай деді: «Әлі күнге дейін қазақтың жалғыз полкін басқаратын қазақтан бір ұл тумай тұр. Бір қазақ болып еді, ол Әлиев, алып тастады. Оны академияға жіберіп оқытып алуға болатын еді ғой. Енді полкті татар басқарып отыр, саяси орынбасары қырғыз. Осыдан кейін полкте қандай мән болады. Осы мәселемен полктің бұрынғы әскери комиссары Истамбеков пен Тыштыбаев маған келді. Келе айғай салып, маған эскадронның әскери комиссары ретінде айғайлап былай деді: «Тек партиядан шығарамын деп қорқытасыңдар. Мен сендердің партияларыңсыз да өмір сүре аламын. Қажет болса партия­дан шығарыңдар». Осыны айтқан соң, менің столыма партбилетін лақтырып жіберді. Ол кезде эскадронның партия ұйымының хатшысы Бармақов, бүгінде жартылай эскадронның командирі, әрі 3-эскадронның партия ұйымының хатшысы отырды. Ол туралы мен полктің әскери комиссары Истамбековке және полктің партбюро секретарына хабарладым. Олар Тыштыбаевтың партияға қарсы үгіттеріне мән берген жоқ. Соңында айтарым, мен Тыштыбаевтың басқа контрреволюциялық, ұлтшылдық 1937 жылғы үгітін білемін. Полктің жеке құрамының бірімен-бірінің арасына сына қағып және жауынгерлік қуаттылығын әлсірету ниетімен іріткі жұмыс жүргізді: «Қазақ халқы орыстар үшін туған, Қазақстанда орыстар үстемдік етеді. Мысалға, біздің полкті айтайық: полк командирі орыс, әскери комиссары орыс. Оған дейін полк командирі – татар, әскери комиссары қырғыз болды.
С. Полкте Тыштыбаевтың контррево­лю­циондық, ұлтшылдық үгітін кімдер қолдайды және дұрыс деп есептейтін адамдарды атаңызшы?
Полкте Тыштыбаевтың контрреволю­циондық, ұлтшылдық үгітін қолдайтын және оларды үгіттеп жүргендер: Үмбетов Мерғали – 2-ші эскадронның командирі, Нұрмақов Құрманғали – полктің штабында іс жүргізуші, ол контрреволюционер, ұлтшыл-шпион Нұрмақовтың інісі, тағы да белгілі маскүнем және тентек лейтенант Төлегенов, сондай-ақ Тыштыбаевпен достық қатынасы бар 3-ші эскадронның командирі Уваисов Тажиғали.
С. Тыштыбаевтың контрреволю­ционерлік, ұлтшылдық іс-әрекетін қалай түсіндірген болар едіңіз?
Ж. Тыштыбаевтың контрреволю­ционерлік, ұлтшылдық іс әрекетін оның контрреволюционер, ұлтшыл, шпион, екенін бүгін газеттен оқыдым. Рысқұловпен байланысы, достық қатынасы әсер етті деп есептеймін.
 С. Тағы не айтасыз?
 Ж Енді Тыштыбаевтың басқа офицерлермен, 1929 жылы Троцкиймен кездескенін білемін. Сол кезде Троцкий Алматыға жер аударылған болатын. Онымен саяси тақырып туралы әңгімелескен. Қандай тақырыпқа әңгімелескенін білмеймін. Троцкиймен кездесуі кездейсоқ жағдай емес деп есептеймін. Өйткені ол бірнеше жыл осы үгіттерін жүргізіп келеді.
 

***
 

«Утверждаю»
Наркомвнудел КССР
майор госбезопасности
Володзько
29 қараша 1937 жыл 
АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
0182 тергеу ісі бойынша 48-ші
Қазұлттық атты әскер полкінің
бұрынғы штаб бастығының
орынбасары айыпталушы Тыштыбаев
Байкенді РСФСР ҚК-нің 58-2,58-8, 58-11 статьяларына сәйкес.


Қазақ КСР-ы ІІМ-нің (НКВД)МҚБ (УГБ)-ы кеңес үкіметіне қарсы ұлтшыл, террор-көтерілісті және тыңшылық-диверсиялық жұмыстарды кеңінен ұйымдастырған кең көлемде тараған жасырын ұйым ашылды, әрі жойылды. Бұл республикада кең көлемде ұйымдасқан. Оның басты міндеті Кеңес үкіметін құлату, қарулы күш көрсетіп КСРО ның құрамынан шығуды, жеке мемлекет болып жапондардың протектораты болуды көздеген. Осы мақсатпен кеңес үкіметіне қарсы диверсия-қастандық жұмыстарын өндіріс, ауылшаруашылық орындарында ұйымдастырды.
Қарулы көтерілісті дайындаған. Олар шетел интервенттінің КСРО-ға шабуыл жасауын тосқан. Олар ВКП(Б)-ның және Кеңес үкіметінің басшыларын өлтіру үшін террорды дайындаған. Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым өзінің қатарын кеңейту мақсатымен құпия филиалдарын республиканың аудандарында, қалаларында, облыс орталықтарында құрған. Оған контрреволюционерлер, алашордашылар, бұрынғы жазалаушылар, басмашылар, көтерілістердегі белсенділерді ұйымдастырушыларды, молдаларды, байларды, басқа да кеңес үкіметіне қарсыларды ұйымдастырған. Кеңес мемлекетіне қарсы күресті кеңейту, күшейту мақсатымен бұл ұйымның басшылары Рысқұлов, Нұрмақов, Ходжанов және Құлымбетов бастаған басшылары троцкийшілдермен, халық жауы Троцкиймен және басқада котрреволюцонерлермен саяси және ұйымдастыру мәселелері туралы олардың басшылары Бухарин, Рыковтармен бірлескен блок ұйымдастырған. 
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақ­станның кеңес үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымдары одақтас республи­калардың осыған ұқсас ұйымдарымен де бірлескен байланыстар жасаған.
 Блоктың негізгі мақсаты барлық аталған кеңес үкіметіне қарсылардың Кеңес үкіметін құлатуды мойындаулары. КСРО-да капитализмді қалпына келтіруді, сатқындықтың түр-түрін жоспарлау, көтерілістерді, жеке террор, тағы басқа жолдарын ұйымдастыруды келіскен.
Қазақстандағы кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдар контрреволюциондық, сатқындық жолға түсіп, Германияның барлаушыларымен, Жапонияның фашистік үкіметімен құпия келісіп, тыңшылық жұмысымен шұғылдануда. Жапон-герман агенттерімен, ақгвардияшылдар Мұстафа Шоқай мен Райымжан Марскуов арқылы байланыс жасауда.
 Тергеудің нәтижесінде белгілі болғандай, Кеңес үкіметіне қарсы контрреволюционерлердің ұйымының ең белсенді мүшелерінің бірі ­Тыштыбаев Байкен. 1906 жылы туған, ВКП(Б)-дан шығарылған, ұлты – қазақ, сауатты, Шығыс Қазақстан облысы Абыралы ауданының азаматы, әскери қызметкер, бұрынғы 48 Қазұлттық атты әскер полкінде штаб бастығының көмекшісі – аға лейтенант. Бұл ұйымға 1932 жылы Қазақстанда террорлықпен шұғылдану үшін құрылған кіші командирлер дайындайтын мектептің директоры Бейсенбаев Сейтқали кіргізген (29,30,34).
Тергеу кезінде тағы да Тыштыбаевтың осы ұйымның басшылары Рысқұловпен, Тоқтабаевпен кездесіп тұрғандығы анықталды. (9,20,26,27,40,48-50,56,74). Осы ұйымның тапсырмасымен ­Тыштыбаев Байкен контрреволюциялық ұлтшылдардың қатарына эскадрон командирі Үмбетовты, взвод командирі Бармақовты тартқан. Полктің ішінде үнемі кеңес үкіметіне қарсы полктегі қазақ пен орыс солдаттарының арасына ұлтшылдықты қоздырып, араларына іріткі салған, үгіт жүргізген. Қазақ командирлерін партия мен үкіметтің жүргізіп отырған саясатына қарсы болуға үгіттеген. (11-12,17-19,25,30,35,36,51,54,55,64,72,75-77).
Тыштыбаев ұйымның жиналысына қаты­насқан, онда сөз сөйлеп, Қазақ полкі­нің жауынгерлері көтеріліс бола қалса, оларды қолдайтынын хабарлаған. (43,44,47,62,63).
 1929 жылы Тыштыбаев басқа командирлермен бірге котрреволюциондық мақсатпен сол кезде Алматыда жер аударылып келген халық жауы Троцкиймен кездескен. Одан басқа Тыштыбаев контрреволюциялық мақсатпен винтовканың 1 000 шт патрондарды ұрлап, жерге көміп тастаған. ( 42,43,45,46 б,б.).
 

Осылардың негізінде айыпталады:
 Тыштыбаев Байкен мыналарға:

 1. Кеңес үкіметіне қарсы террорлық-диверсиялық іспен көтеріліс ұйымдас­тыратын ұйымның 1932 жылдан мүшесі болғаны үшін.
 2. Ұйымның басшылары Рысқұлов пен Тоқтабаевпен ұйымдастыру ісіне байланысты қатынаста болған .
 3. Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшыл котрреволюционерлік ұйымға эскадрон командирі Үмбетовты, взвод командирі Бармақовты мүшелікке тартқан.
 4. Полктің жеке құрамының арасында үнемі кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық үгіттер жүргізіп келген.
 5. Ұйымның жиналыстарына белсенді түрде қатынасып жүрген.
 6. Ұйымның тапсырмасымен 1929 жылы халық жауы Троцкийге барған.
 7. Контрреволюциондық мақсатпен 2 000 шт патронды ұрлап, жерге көміп тастаған.
 Өзінің айыпты екендігін мойындады.
 Мына айыпталушылар да өздерінің жауаптарында Тышқанбаевтың қылмы­сын ашты: Бейсенбаев, Шаймерденов, Үмбетов, Баймолдин, Сабитов, Жоламанов .
 Бұл іс КСРО-ның әскери коллегиясында қаралуға тиісті.

МҚБ(УГБ) 5-ші бөлімінің уақытша опер өкілі МҚ сержанты Жұмағалиев
МӨБ-ның 5 бөлімінің 1-ші бөлім­шесінің бастығы Мирошников
 Келісті: 
 ІІХК (НКВД) МҚБ КЕММЕР
 Қортындысы хабарланды:
 1937 жылы 29 қарашада
 Алматы қаласы.

ҮКІМ


Советтік Социалистік Республикалар Одағының көшпелі сессиясы КСРО Жоғарғы Сотының коллегиясы.

Мына құрамда:
Төрағалық етуші – дивизия әскери заңгері ГОРЯЧЕВ А.Д.
мүшелері: Бригада әскери заңгерлері: Алексеев Г.А. және Микляев А.И.
хатшы 3-ші дәрежелі заңгер Шапошников Н.И. 
Алматыда жабық сот мәжілісінде 1938 жылы 16 ақпанда айыпталушының ісін қарады.
Тыштыбаев Байкен, 1906 ж. туған. Қазұлттық атты әскер полкінде штаб бастығы командирінің бұрынғы көмекшісі-аға лейтенант. РСФСР-дың қылмыстық кодексінің 58-2, 58-8, және28-11 статьялары бойынша тексеру кезінде мыналар анықталды:
Жоғарыдағылар қайталанады (Б:Н,)
Айыптау үкімі шығарылды:
Тыштыбаевтың әскери атағы аға лейтенантығынан айырып, ең жоғарғы жаза – атылсын. Дүние-мүліктері тәркіленсін. Үкім өзгермейді және тез арада орындалуы керек.

Міне, осылайша Тыштыбаев ­Байкен ағамыз арманда кетті. Артындағы ұрпақтарының қайда екені белгісіз. Інісі Кузбасста тұрыпты. Ағамыздың ақталғаны туралы 1958 жылы КСРО Жоғарғы соты 21 қаңтарда «ақталды, жазықсыз сотталған» деген шешім шығарыпты (№4 н-012376\57). Хабарды сол інісінің мекен-жайына жіберген екен, ол жерден көшіп кетіпті. Ал балаларының өздері тірі болса 90-нан асты. Немерелері болуы тиіс, солар табылса қандай жақсы болар еді.
Байкен ағаның туған жері шама­лауымша Сапарғали Бегалиннің, Рым­ғали Нұрғалиевтің туған жері – ­Абыралы ауданы Дегелең тауының ішінде болған. Ол жерлер КСРО кезінде атом, ­сутегі бомбаларын сынаған кезде Қорғаныс министрлігіне берілді. Бүгінгі күнге дейін ол жерге жібермейді. Тайлан деген жердің маңайында Тыштыбай бейіті дегенді естуім бар еді. Сол осы ағамыздың елі болуы ­керек. Ағамызды мәңгілік есте сақтау үшін Семейде, Алматыда көшелердің аттарын берсе құба-құп.             

Болатбек Нәсенов,
тарих ғылымының докторы

1550 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы