• Тұлға
  • 27 Мамыр, 2021

ЖОЛДАРДА ЖАРҚЫН ІЗДЕР БАР

Қазақстанның белгілі химик-ғалымы, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, бірнеше халықаралық академиялардың мүшесі Мүбәрак Ермағанбетұлы Ермағанбетовпен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде он шақты жыл бірге қызмет істедім. Ол 2008 жылы осы оқу орнына бірінші проректор болып келген күннен арамыздағы сыпайы қарым-қатынас, әдемі сыйластық әлі күнге үзілген емес. «Жақсы адамның жақсылығы түсінде, ­жаман адамның жамандығы ішінде тұрады» дегендей, Мүбәрак Ермағанбетұлының жылы жүзінен, салиқалы сөздерінен, киім киіс, жүріс-тұрысының өзінен-ақ оның мәдениетті, салмақты азамат екені бірден аңғарылып тұратын еді. Алғашқы күннен-ақ ол маған жақсы әсер қалдырған. Мен ол кезде ­тарих факультетінің деканы едім, кейін оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор болдым. Жұмыс барысымен Мүбәрак ағамен күнде кездесіп, университеттегі оқу-тәрбие жұмыстары бойынша түйінді мәселелерді бірігіп шешетінбіз. Осындайда оның байсалдылығы мен сабырлылығы, ішкі мәдениеті, оған қоса біліктілігі мен іске деген жауапкершілігі айқын сезіліп тұратын. Қандай да бір қиын мәселеге тап келіп, жүйкеміз жұқарып отырғанда да Мүбәрак Ермағанбетұлы асықпай-саспай, он ойланып, жүз толғанып, ақылға салып, сол мәселенің лайықты шешімін табуына мұрындық болып отырар еді. 

М.Ермағанбетовтың бойындағы кісілік пен кішілік, ізгілік пен мәдениеттілік, оны басқалардан ерекшелендіріп тұратынын да іштей сезініп жүрдім. Міне, осы қасиеттерімен ол университеттің барлық ұжымына жақты, көпшіліктің сый-құрметіне бөленді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ол ректордан кейінгі екінші басшы ретінде табанды ұйымдастырушылық жұмыстарды жүзеге асырды. Сол кездегі ректор С.Пірәлиевпен бірге университетте ­республикада бірінші болып «Магистратура және PhD докторантура» институтын ашуға тікелей басшылық етті және көптеген ғылыми-педа­гогикалық жобалардың бастамашысы болды, университеттің ғылыми зертханалары заманауи жабдықтармен жабдықталды. Магистратура мен PhD докторантурада оқу үдерісі жаңаша ұйымдастырылып, оған инновациялық технологиялар кеңінен енгізілді. 
Мүбәрак Ермағанбетұлы, ең алдымен, ғылымның адамы. «Ғылымда кең даңғыл жоқ, сондықтан оның сәулетті шыңына шаршап-шалдығудан қорықпайтын, оның тасты соқпақтарымен тырмысып, өрлей беретін адам ғана шыға алады» депті өз кезінде К.Маркс. Бұл сөздің маңызы әлі де зор. Шын мәнінде, шалғай ауылдан шыққан қарапайым қазақтың қара баласы – даналар айтқан ғылымның ауыр бейнетіне мойымай, оның бейнетіне ұмтыла білді. «Ғылымды үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт, жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмауы керек» деп ғұлама-ғалым әл-Фараби айтқандай, сол талапты, талантты ауыл баласы ғылымды ермек үшін емес, жүрек таңдауымен қалап, оның барлық қиындықтары мен ауыртпалықтарына төзе білді. Бір кездері «Біздің қазақ ғылым мен техникаға икемсіз» деген ұшқары пікір ел аузында жүретіні есімізде. Сөйтіп жүргенде техника ғылымдарымен қатар, жаратылыс­тану ғылымдары саласында да жарқ еткен жарық жұлдыздар шоғыры пайда болды. «Қазақ химияға көп қызықпайды, олардан жақсы химик шықпайды» деп жүргенде, бұл бағытта да Мемлекет сыйлығына ие болып, халықаралық деңгейде танылған химиктер жұлдызы жарқырады. Олардың арасында, әрине, Мүбәрак ағамыздың да өзіндік орны бар екенін айта кетуге тиіспіз. 
Мүбәрак Ермағанбетов 1951 жылы 21 мамырда Қостанай облысындағы Аманкелді ауданының Алакөл ­ауылында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1968 жылы Аманкелді ауданының орта мектебін бітірген соң, еңбек жолын өзі туған Алакөл ауылындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастайды.
1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түскен ол университет қабырғасында есімдері Қазақстанға, тіпті бұрынғы Одақ көлемінде танымал болған Б.Бірімжанов, А.Козловский, М.Усанович, Е.Әзербаев, Т.Чумбалов, О.Сонгина, А.Шәріпханов, Б.Жұбанов, Е.Шәйқұтдінов, Е.Ерғожин сынды белгілі ғалымдардан дәріс алды. 
ҚазМУ-дің «Органикалық химия» кафедрасында «Органикалық заттар синтезі» мамандығы бойынша маманданудан өткен ол Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, көрнекті химик, органик-ғалым А.Ш.Шәріпхановтың жетекшілігімен дипломдық жұмысын қорғау барысында винилгетероциклді қосылыстар негізінде 8 жаңа химиялық затты синтездеп алып, оларға толық сипаттама береді. Бұл студент үшін үлкен жаңалық болатын. 
Осыдан-ақ жас маманның ғылыми-зерттеу жұмысына бейімділігін байқаған химия факультетінің деканы Батырбек Бірімжанов және химия ғылымының кандидаты, жас та болса көзге іліне бастаған ­доцент Ораз Кұрманәлиев жас түлекке химия факультетінде жаңадан ашылған «Жоғары молекулалық қосылыстар ­химиясы» ­кафедрасына жұмысқа қалуға кеңес береді. Сөйтіп, Мүбәрак Ермағанбетұлы 1976 жылы аталмыш кафедраға стажер-зерттеуші болып қалдырылып, болашақ ғылыми жетекшісі – химия ғылымының докторы, профессор Е.Шәйқұтдіновтің ғылыми ­тобына қосылады. 
Ару қала Алматыда қалу қарапайым ауыл баласы үшін үлкен мүмкіндік және ғылым жолындағы алғашқы баспалдақ еді. 
Мүбәрак Ермағанбетұлының ғылымға деген ерекше қызығушылығы академик, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ірі ғалым Е.Шәйқұтдіновтың тікелей ықпалымен қалыптасты десек, асыра айтқандығымыз емес. Профессор Е.Шәйқұтдінов химия факультетінде сол жылдары тың жоба – стереоизомер­лік винилгетероциклді қосылыстарды радикалдық полимерлеу жұмыстарын бастаған болатын. Органикалық синтездің қыры мен сырын біршама меңгерген М.Ермағанбетовті де бұл саладағы ұстаздарының зерттеулері қызықтырып, өзіне тарта түсті. Ол екі жылда «инемен құдық қазғандай» қиындығы мол ғылым жолына төселіп, винилэтинилпиперидолдардың әртүрлі ортада радикалдық полимерлену заңдылықтарын зерттеуге кірісіп кетті. Бұл жылдары тәлімгер ұстазы Ораз Шабанбайұлымен бірлесе отырып гетероциклді винилацетилен туын­дыларының жоғары жылдамдықпен радикалдық полимерлеуге қатысатынын анықтап және осы процеске пиперидол­дардың ацетилендік байланыс емес, тек қос байланыс арқылы ғана түсетінін химия саласында ең бірінші болып дәлелдеп берді.
1978 жылы Мүбәрак Ермағанбетұлы Қазақ политехникалық институтының «Жалпы химия» кафедрасына инженер қызметіне ауысып, ғылыми жұмысын одан әрі жалғастырды әрі аспирантураға түсті. Аспирант кезінде екінші және үшінші ароматты винилгетероциклді спирттер негізінде әртүрлі қасиетке ие, суда ерігіш полимерлер мен сополимерлерді синтездеп, олардың макромолекула түзу заңдылықтарын егжей-тегжейлі зерттеді. 
Химия ғылымын дамыту жолындағы қиындығы мен қызығы мол ізденістерінің нәтижесінде кандидаттық диссертациясын 1983 жылдың қазанында А.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының диссертациялық кеңесінде ойдағыдай қорғап шықты. Диссертациялық жұмыстың жетекші ұйымы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті химия факультетінің «Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы» кафедрасы болатын. Кафедра профессоры Кеңес Одағы көлемінде полимерлеу үдерісінің ірі маманы, белгілі ғалым В.Зубов өзінің ресми пікірінде диссертациялық жұмысқа өте жоғары баға берді. 
Одан кейін Мүбәрак Ермағанбетұлы ғылыми жұмыстармен қатар, ұстаздық қызметпен де белсене айналысты. Өзі қызмет істеген политехникалық институттың алғашында металлургия, химиялық технология, соңынан мұнай және газ институттарында қатардағы оқытушыдан профессорға дейінгі баспалдақтардан өтті. 
1993 жылдың мамыр айында Қытай Халық Республикасының бірнеше қалаларында (Пекин, Үрімші, Цзян-су, Шанхай) орналасқан ірі мұнай өңдеу ­зауыттары мен жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, өзінің білімін одан әрі жетілдірді.
Еліміздегі техникалық университеттер арасындағы көшбасшы саналатын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 1995 жылы «Химиялық технология» факультетінің құрамында «Жоғары молекулалық қосы­лыстардың химиялық ­технологиясы» кафедрасының ашылуына ұстазы Ерен­ғайып Мәлікұлымен бірге Мүбарак аға да көп еңбек сіңірді. Сол жылы осы жаңа ашылған кафедраның бірінші меңгерушісі болып сайланды. 
М.Ермағанбетов Еуропалық одақтың «ТЕМПУС-ТАСИС» Халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша Лаквилла университеті (Италия), Лондон университеттік колледжі (Ұлыбритания) және Қазақ ұлттық техникалық уни­верси­тетінің арасындағы байланыстың ҚазҰТУ бойынша үйлестірушісі Е.Шәй­құтдіновтың көмекшісі ретінде халықаралық жобаның орындалуына белсене атсалысты. Нәтижесінде өзі басқарып отырған кафедраның бірнеше студенттері мен оқытушылары үш жыл қатарынан (1996-1998) Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерінде оқып білімдерін жетілдірді, ал кафедра компьютерлік ­сыныптармен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. 
Осы жылдары М.Ермағанбетов ұстаз­­дықпен және кафедра жұмысымен қатар, ғылыми зерттеулерін де жемісті жалғас­тырды. Академик Еренғайып Мәлікұлының басшылығымен – гете­роциклдік стероизомерлердің полимерлену мен сополимерлену заңды­лықтарын терең зерттеді. Ортаның сутектік көрсеткішінің ерекше әсерінің, ері­тіндінің иондық күшінің және жалпы еріткіштер табиғатының бірқатар гетероциклді мономерлердің радикалдық полимерленуіне әсерін алғаш ашты.
Бірнеше жылғы ғылыми ізденістерінің нәтижелерін қорытындылай келіп, 2001 жылы наурыз айында химия ғылымының докторы атағын алуға арналған ғылыми жұмысын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі докторлық диссертациялық кеңесте ойдағыдай қорғап шықты. 2002 жылы ҚР Жоғарғы аттестациялық комиссиясы профессор атағын берді.
2004 жылы Қазақстан Жоғарғы мектебі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2006 жылы толық мүшесі, 2010 жылы Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары акаде­мия­сының академигі болып сайланды. 
2008 жылдың сәуір айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры болып тағайындалды. ҚазҰТУ-де 14 жыл кафедра меңгерушісі болған кезеңде жоғары білім ордаларындағы оқу ісін ұйымдастыру саласында жинаған аса бай тәжірибесі оған проректорлық қызметін ұтымды атқаруға игі ықпалын тигізген еді. Кезінде С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Ғабдуллин, С.Сейфуллин, М.Әуезов сынды Алаштың зиялылары еңбек еткен, Қазақстанның педагогтар даярлайтын қара шаңырағына айналған еліміздің ең алғашқы оқу орны саналатын ұлттық педагогикалық университеттің озық дәстүрлерін, жеткен жетістіктерін сақтай отырып, сол жақсы үрдістерді жалғастыруға күш салды.
Университеттің күнделікті және болашақтағы нысанасы іспетті «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары» және «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2011-2020 жылдарға арналған даму ­стратегиясы» атты құжаттар проректор Мүбәрак Ермағанбетұлының тікелей басшылы­ғымен әзірленіп қолданысқа енді. 
Профессор М.Ермағанбетов 2009 жылы штаб пәтерлері Мәскеу ­(Ресей), Сан-Диего (АҚШ) қалаларында орналас­қан Халықаралық шығармашылық академия­сының академигі болып сайланды. Академия мүшелерінің қатарында Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничий, атақты сәулетші З.Церетели, Кырғыз елінің экс-президенті А.Ақаев, әйгілі жазушы Ш.Айтматов және Қазақстанның бірнеше физиктері мен химиктері бар.  
2017 жылдың қазан айында жаңа форматтағы Алматы университетінің ректоры болып тағайындалды. Жоғары мектеп саласының талантты ұйымдастырушысы, тәжірибелі менеджері ретінде бұл жерде де өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, оқу-тәрбие үдерісін жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. 
Академик М.Ермағанбетовтың қала­мынан 200-ге жуық ғылыми еңбек пен оқу-әдістемелік әдебиеттер туды. Оның ішінде 2 монография, 3 оқулық, 5 оқу құралы, 30-ға жуық оқу-әдістемелік нұс­қаулық, 24 өнертапқыштық куәлік, патенттер бар.
Мүбәрак Ермағанбетұлы адал еңбегімен, адами асыл қасиетімен, бай да байсалды мінезімен, өз жұмысына аса зор жауапкершілігімен қай ұжымда болса да сыйлы, ардақты азамат. Оның ел игілігі үшін жасаған адал еңбегі елеусіз қалған емес. 2003 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университететінің «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен, ал 2009 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері», 2017 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалімен және еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Ғалым-ұстазға Қостанай облысы Амангелді ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. 
Мүбәрак Ермағанбетұлы ұлағатты ұстаз, танымал ғалым, қоғам қайраткері ғана емес, өнегелі ұл-қыз өсіріп отырған берекелі отбасының отағасы. Жолдасы Гүлжан екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты ата-ана. Үлкен ұлы ­Жандос Ермағанбетов көп жылдар бойы кеден қызметінде еңбек етсе, қазір Қазақстан Республикасы Бәсекелістікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент директоры. Қызы Жазира Мүбәрак – Еуразия банкінде басқарма бастығының орынбасары, экономика ғылымының кандидаты, кенжесі Айдос Центр Кредит банкінің бас маманы. 
Мүбәрак аға қазақтың тілін, ұлттық салт-дәстүрін құрметтейтін азамат. Оның студенттерді ұлттық әдет-ғұ­­рыпқа, салт-дәстүрге, мәдениет пен ру­­ханиятқа тәрбиелеу жөніндегі еңбегі ерен. Техникалық оқу орнында қызмет істеген жылдарында дәрістердің қазақша өткізілуіне, оқулықтар мен оқу құрал­да­рының қазақша жазылуына ерекше үлес қосқаны осы сөзіміздің дәлелі.

Ғабит Кенжебаев, 
тарих ғылымының докторы, 
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

1967 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы