• Тұлға
  • 27 Мамыр, 2021

БЕДЕЛ БИІГІ

(Ұлттық Ғылым академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

 

Өзінің саналы ғұмырын ғылымға, оның ішінде тіл біліміне арнаған Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, филология ғылы­мының докторы, профессор Кәкен Аханұлы Аханов (1928-1978) қазақтың тіл ғылымы мен түркітануға елеулі үлес қосқан ірі тұлға. 

Жалпы тіл білімі, қазақ тілінің лексикологиясы мен грамматикасы бойынша ғалымның қаламы­нан туған қазақ тіл білімінің өзекті салаларын қаузаған еңбектері қазақ ғылымы үшін сүбелі үлес болып отырғаны шындық. Ол түреннен жол салған, ғалымға тән болжампаздық қасиеті басым, зерттеу объектісі етіп алған мәселелерде ауқымдылық пен әралуандықты қамтитын көкжиегі кең ғалым екені елге белгілі болатын. Өзекті өртеп, арамыздан тым ерте кеткен, бірақ 50 жылдық ғұмырында керемет мұра қалдырған ғалымдар қатарына академик К.Ахановты да қосуға әбден болады. Ғалымның тіл білімінің үлкен бір саласы бойынша салмақты ой айтып, тұшымды тұжырым жасаған танымал ғалым ретінде халқы хан көтеріп, ғылыми орта ерен еңбегін ерекше бағалап, Ұлттық ғылым академиясының мүшелігіне сайлаған, санаулы академиктердің бірі де К.Аханов болатын.
Ғалымның негізгі еңбектерінің қатарында тіл білімінің негізгі ұғымдары мен терминдері қарастырылған және оның басты-басты теориялық мәселелері баяндалған «Тіл білімінің негіздері» еңбегінің орны ерекше. Тіл білімінде терең зерттеуді қажет ететін теориялық тұжырымдар туралы, қазақ тілі мен түркі тілдерінің материалдары негізінде жазылған оқулықтың болашақ тілші-мамандардың кәдесіне жарап келе жатқаны дәлелдеуді қажет етпейді. Тілдің шығуы, тілдердің жасалуы мен дамуы туралы пайымдаулары ғылыми ортаны елең еткізгені де рас, сондай-ақ тілдің шығуы туралы мәселенің қойылысынан бастап, ол туралы тарихи мәлімет, тілдердің даму заңдылықтары жалпы және лингвистикалық заңдар тұрғысынан қаралып, олардың қарым-қатынасы мен өзара әсерін зерделеген зерттеу жұмыстарының жемісі ретінде ұсынылған құнды еңбек өзіндік жоғары бағасын алғаны да белгілі.
«Қазақ тіліндегі омонимдер» атты еңбегінде мағыналары әртүрлі сөздер туралы, олардың жасалу жолы мен өзіндік ерекшеліктеріне ­байланысты тұжырымдық ойлары ғалымның зеректігін, пайымдылығын байқатты. 
Ғалымның «Грамматика теориясының негіздері» атты зерделеу жұмысында күрделі сөз бен сөз тіркесін бір-бірінен ажыратуды лексикология мен грамматиканың қарастыратын мәселелері екенін ерекше атап, олардың өзіндік орнын анықтау туралы айтқан ойларын тілші ғалымдар одан әрі дамытқаны белгілі. Бұл жөнінде атақты ғалым, профессор Анар Салқынбайдың: «К.Аханов көрсетілген зерттеуінде жалпы тіл біліміндегі қалыптасқан негізгі теорияларға сүйене отырып, күрделі сөздердің басты белгілерін «семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық» деп көрсетеді. Сөйтіп, ғалым күрделі сөздің негізгі айырмашылығы мен ерекшелігін морфологиялық және синтаксистік тұтастықтан іздейді. Бұл дәстүрлі құрылымдық тіл білімінің негізгі ғылыми жетістіктерінің бірі еді» деген пікірімен толық келісуге болады.
Аға буын өкілдерінің бойынан табылатын ерекше қасиеттері ретінде олардың ғылымның сан-саласын зерттеумен қатар, шебер ұйымдастырушылық пен білікті басшылықты қоса атқара білгендігін ерекше айтуға болады.
Бойындағы бар мүмкіндікті ұтымды іске асыра алған академик қатардағы оқытушыдан Алматы шет тілдері педагогтік институтының (қазіргі Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) ректорлығына дейін көтерілгені айтқанымызды айқындай түсері анық. Шынында да, ғылым мен әкімшілік қызметті қиыннан қиыстыра қатар атқару екінің бірінің қолынан келер шаруа емес екені де түсінікті.
Әсіресе, аз уақыт ішінде әлем тілдерін меңгертуге бағытталған жоғары оқу орнының тізгінін ұстаған кезде академик К.Ахановтың Алаш ардақтысы Халел Досмұхаммедұлының: «Қазақ тілін жақсы сөйлеп тұрып, орысша сөйлесең – сүйініш, қазақ тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең – күйініш» деген тұжырымын терең сезініп, шет тілі мамандарының өзінің ана тілін жетік меңгеру керектігіне көп көңіл бөлгені көптің есінде. Өзекті өртеген сұм ажал аталған міндеттерді толық іске асыруға мүмкіндік бермеді... Алайда академиктің ана тіліне басымдық бере отырып, өзге тілдерді меңгерту ісін жаңадан тағайындалған ректор, тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Рақыш Әміров жалғастырып, шет тілдер институтында қазақ тілінің мерейін арттыруға өлшеусіз еңбек сіңіргені «көзбен көріп, қолмен ұстаған» дегендей, сол институттың түлегі әрі қызметкері ретінде толық айтуға құқымыз бар. Шет тілдері мен орыс тілінің ғана үні естілетін институтта қазақ тілінің қос саңлақ ғалымы ректорлық қызмет еткенде, қазақ тілінің де үні естіле бастады. Қазақ бөлімі студенттерінің арасында болмаса, кафедра, деканат, ректорат мәжілістері тек орысша жүргізіліп, қазақ тілі қалыста қала беретіні қалыпты жағдай болатын. Әрине, ректор қазақша сөйлеген соң ректорат та, ғылыми кеңес мәжілісі де қазақша жүргізіліп, іс-қағаздары да мемлекеттік тілде айналымға түсе бастағанына куә болған едік. Қазақ тілі, түрік тілдері мамандықтары бойынша аспирантура ашылып, қазақ тілі мен шет тілдерін салыстыра-салғастыра зерттеуге кең өріс ашылды. Осылайша, шет тілдері институтын «қазақша сөйлеткен» қос ректорға деген халық қошеметі бүгінгі күнге дейін сейілген емес.
Академик К.Аханов артында ұстаз ісін жалғас­тырар ізбасар шәкірттер дайындауға да ерекше көңіл бөлген ғалым. Оның теориялық грамматика саласындағы идеяларын одан әрі жалғастырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген академик Сейілбек Исаевқа студенттік кезінде ғылыми жұмыстарына басшылық етіп, үлкен ғылымға жол ашқандардың бірі Кәкен Аханұлы екенін біреу білсе, біреу білмес.
Көпшілік ғалымның парасат-пайымын, адамгершілігін, адалдығы мен шыншылдығын, терең ғалым екенін тебірене еске алады. «Ол кішіпейілдігі мен атынан емес, «атағынан ат үркетін» дәрежесіне қарамай, менмендіктен ада қасиетімен жұртты өзіне тарта білетін еді» дейді әріптестері. Реті келгенде айта кетейік, академик Мырзатай Серғалиев ғалымның өзі туралы асыра мақтағанды мақұл көрмейтінін, әр нәрсенің әділ шешілуіне атсалысып жүретінін еске ала отырып, сонау өткен ғасырдың 70-жылдары пәтер мәселесі «күйіп тұрған» кездің өзінде ректорға қайта-қайта кіріп жүріп, қисынын келтіріп тұрғын үй кілтін алуға зор көмек бергенін, әрі өзі сияқты жас мамандардың жағдайын жасауда алдына жан салмайтыны туралы айтқаны әлі есімізде.
«Кейбіреулер бұл өмірге өзін қалдырғысы келсе, кейбіреулер ізін қалдыруды мақсат тұтады» деуші еді жарықтық ұстазым, академик Шора Сарыбаев. Міне, сондай «ізін қалдыратындар» қатарының алдыңғы тобына академик К.Ахановты ойланбастан қосуға әбден болады. «Өмір бізден өтіп кетсе, Жұрт еңбектен ескерсін» деп Аалы Тоқамбаевтың айтқаны, сөз етіп отырған академикке арналғандай көрінеді маған.
ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы Фаузия Оразбаева: «Профессор К.Аханов нағыз ізденімпаз, еңбекқор ғалым еді. Ол өзі объекті етіп алған тілдік құбылыстардың қай-қайсысын болсын түбегейлі де терең біліммен, білгірлікпен жан-жақты зерттеп, анық-қанығына көзі жетпейінше, ұшқары пікір айтудан ойын да, бойын да аулақ ұстайтын. Бұл жайт, әсіресе ғалымның жалпы тіл білімін зерттеп, қарастыратын еңбектерінен ерекше байқалады» дей келе, ғалымның артында қалған бай мұрасы қайыра елекке толық ілікпей, елеусіз қалып келе жатқаны жанымызға батады. Егер ғылым әлемі нағыз еңбекқор, табанды, талапшыл, талғампаз ғалымдар еңбегінен құралуға тиіс дейтін болсақ, Кәкен Ахановтың зерттеушілік әлемі бүгінгі ұрпақ зердесіне қайта ілігіп, талқысына қайта түсуге лайық, ертеңгі күннің қатал емтихандарына толық жауап берер тұтас дүние екеніне еш шүбә келтірмейтініне назар аудартқан еді. 
Біз де айтылған пікірлерге толық қосыла отырып, тілші-ғалымдар арасында бедел биігіне көтерілген, ерекше орны бар тіл білімінің негіздері туралы толғамды тұжырымдар жасап, қазақ тіл білімінің теориялық негіздерін зерделеген ғалымға қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайтынын айтқымыз келеді. Тіл білімінің білгірі, терең зерттеушілік қабілетімен, талайларды таңғалдырып, қысқа ғұмырында артына өлшеусіз еңбектер қалдырған академик Кәкен Аханов туралы өзі отыз жылға жуық қызмет еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ректорлық лауазымында болған Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті еске алу шараларын ұйымдастыруға бастамашылдық танытып, еңбектерін қайта басып шығаруды ойластырса, нұр үстіне нұр болар еді. Ғалымның тағылымдық, ұлағатты ұстаздық өнегесін жастарға үлгі ете білсек, ғылым мен білімді таңдаған жас ұрпаққа тигізер тәрбиелік мәні арта түсері анық.

Айдарды
жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, 
филология ғылымының 
докторы, 
профессор

3622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы