• Тіл
  • 27 Мамыр, 2021

...Бүлдіршіндерді уызына жарытпай жатқан кім?

«– Таңданамын, бауырым! – деп сөзін жалғады Грябов. – Бұл ақымақ әйел Ресейде он жылдан бері тұрса да бір ауыз орысша білмейді!.. Біздің кейбір ақсүйек қыздарымыз бұларға барып, сөйлесуді тез-ақ үйреніп алады, ал бұлар... құдай біледі!..
– Жарайды, қойсаңшы. Ұят емес пе... Неге сонша оған шүйліктің?». 
Бұл Чеховтың «Альбион қызы» атты әңгімесінен үзінді. Отанында он жылдан аса тұрғанымен, бір ауыз да сол елдің тілінде сөйлей алмайтын ағылшын әйелді әжуалаған шығармасы. Бәрі де табиғи. Жазушы сол кезеңдегі орыс қоғамының мұңын тап басып жеткізеді. Тілін құрметтемеген адамды ол қалай құрметтесін?.. 
Ал француз тілінде сөйлеу ол дәуірдің ақсүйектері үшін «сән» болатын. Дәл бүгінгі қазақтар арасында орыс тілінде сөйлеу «мәртебе» болғаны секілді... 
Әлқисса. Арман қуып келгенде Алматы бізді өгей тілде қарсы алды. Мектеп бітіру, жоғары оқу орнына тапсыру мақсатында қалаға алғаш қадам басу. Бәрі де басында ертегідегідей ғажап көрінген. Сұлу табиғат, сыршыл қала, сымбатты жандар мен... суық сөздер. Суық сөз деген артықтау болса да айту парыз, орыс тілі мен үшін суық. Суық болуының себебі – өгей. Өгей тіл өз ана тіліңдей бола ала ма? Дәл қазіргі қазақ қоғамында бұл сұрақтың екі түрлі жауабы бар. Бірі – иә. Екіншісі – жоқ.

Иә. Өгей тіл де өз тіліңдей жақын бола алады екен. Оны шаһардағы сансыз қазақтың мүдірмей өзге тілде сөйлеуінен көруге болады. Олар орыс тілін өз ана тілінен артық біледі. Ал қазақшаға келгенде шорқақ. Шорқақ болғаннан кейін де олар қазақ мәдениетінен тым алыс боп көрінеді. Қазақтың тілін білмей тұрып, оның жанын, көрген күнін, тартқан азабын түсіну қиын... 
Жоқ. Қазақ тіліне бейім шоғыр болса жоғарыдағы сұраққа жоқ деп жауап береді. Көбінесе, олар шет аймақтардан келгендер. Кезінде үлкен қалада орын алған ұлтсыздандыру саясатының салқыны тимегендер. Алматы секілді дамыған қалада «ұяттау» көрінгенімен, бұлар мейлінше қазақша сөйлеуге тырысады. 
Ұлттың тілін білмегендер ұлт қайғысын сезіне ала ма?.. Бір кездері сол тілді таратушылар қазаққа қандай қиянат көрсеткенін тарихтан білсе де, білмеген кейіп танытуының себебіне үңілгенде қарапайым тұжырым алға шығады: кім қай тілде сөйлесе сол тілде ойлайды. ­Басында балабақшадан бастап орысша оқығандар тілмен бірге, сол елдің болмысын да бойына сіңіріп алатын секілді. Бұрын мектептің жоқтығынан балаларын орысша оқытқан ұлт қаймақтарының өкінішін кітап­тардан оқығанбыз. Олар амалсыздан оқытқан шығар. Ал қазір көшеге шығып, қала орта­лығындағы, үй ауласындағы ойын алаңдарына барып бақылаңызшы. Бесіктен белі шық­паған бала­лар бір-біріне орыс тілінде тіл қатады. Трагедияны қолдан жасап жатқанын ата-аналар, мұғалімдер, жалпы қоғам се­зіне ме екен?.. Егер сезінбесе, не істемек керек?.. Қоғамды жайлаған нем­құрайлылықтан қалай арылуға ­болады?
«Айта айта Ал­тайды, Жамал апам қартайды» деген бар емес пе. Сол секілді, тіл мәселесі әбден жауыр болған ­та­қырып. Бірақ нағыз ­дабыл ­қа­ғатын кезге енді кел­ген секілдіміз. Тілді сақтауды ­балалардан бастау керек. Бір-біріне жалғасқан шынжыр секілді бәрі бір-бірімен байланысып жатыр: ата-ана, мұғалімдер, телеарна, интернет желісі. Бұлардың бәрі кішкентай ­балаларды тәр­биелеу құралы. Соларды түгел қазақи бағытқа бұрмай, тілдің болашағы жайлы сөз айтудың керегі шамалы. 
«...Егер тілім ертең болса құ­рымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ».
Дағыстанның даңқты ақыны Расул Ғамзатов шумақтары Сағи аудармасында мектеп қа­быр­ғасынан жү­­регімізге ұялап еді. «Тіл – ұлт­тың жаны» еке­нін бертін келе білсек те, ата-ана мен ұстаз шарапатының арқасында ана тілінің қасиетін бала кезден бойға сіңірдік. Кейде қазіргі қоғамға қарап, ана тілдің болашағы қалай болар екен деп алаңдайсың. «Уызына жарымаған» деп қазақ бекер айтпаса керек. Қазақтың болашағын, бүлдіршіндерді уызына жарытпай жатқан кім?.. Бұл сұрақты әркім өзіне қоюы керек шығар... 

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

3111 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы