• Әдебиет
  • 02 Маусым, 2021

Сағыныш сапары...

немесе жарты ғасыр шамасында шыны шишадан табылған бір шумақ өлең

Шіркін, Шығыс! Саған қарап қанша көз боталады. Арайлы күн шапағына боянып, жұлдызды түн құшағындағы ұйқыдан оянып, еңбек таңына құлшына кірісетін алып сенің құдіретіңе не жетеді? Тіршілік тылсымын сақаба тәуіпшідей білген кемеңгер Гете неге Шығысқа бет бұрды?  Адамзаттың қыран тұмсық, арыстан жал асқан ақылманы т­аразы басын тең ұстамай ­Батысты неліктен  оның алдына жығып берді? Құрлықтар, тағдырлар мен мұхиттар сапырылысып жатқан менің де жаным алай-түлей. «Дүниенің теріскейі тарылып, Батыс батпаққа батып, Оңтүстік те ыдырап құрдымға кетіп, патшалардың алтын тағы құлап жатқан мына шақта Шығысқа ұмтыл. Қаймағы бұзылмаған әлемнің самалымен сергіп, өміріңді жаңартып қайта жаса». Бұл батыл мойындау кімді болса да қияға жетелеп, тебірентіп, ой теңізін кешкізеді...
Мәскеу мен мен. Қала мен Дала! ­Сапар сазы әлдилейді. Құс ұйқы үлкен шаһардың Қазан вокзалы. Ұдайы қарбаласып жататын қаланың басты бекеттерінің бірі. Таң шығысқа кететіндерді шығарып салып, ке­ле­тіндерді қарсы алып әбігерге түсіп жатады. 
Пысылдап, гүжілдеп тұрған ­жолаушылар пойызына ың-шыңсыз отырып жайлы жайғассақ та жүрек байғұс байыз таппай алып ұшады. Біз төртеуміз: КСРО Жазушылар одағының байырғы кеңесшісі Тәкен Әлімқұлов, тәржіман Виктор Урин, келіншегі Наташа және мен. Қазақ сатирасының аға сардары Асқар Тоқмағамбетовтың арнайы шақыруымен Қызылордаға кетіп бара жатырмыз.
Әуелгіде орман-тоғайы көп кішігірім бекеттерге тоқтап, кібіртіктеп келе жатқан электровоз Алтынордаға опа бермеген жермен ұзақ жүріп, Еділден өткенде бауырын жазғандай көсіліп сала берді.

Сырдың суы...

Ұшы-қиырсыз кең дала алып сазта­бақтай (тек күйтабақ емес) шыр көбелек айналып қалып жатыр. Зыңылдап бас айналатындай. Жер ­танабы қанша қуырылса да әлі жол алыс. ­Анда-санда саңылау-саңылаудан самал соғып, Сыр сәлемін жеткізетіндей. Боз жусанның кермек иісі кеңсірікті жарып жіберетіндей аңқиды. Бұлың-бұлың сағым бұлдырайды. Жаздың бас айы орталаса да көктем әлі реңкін бермепті. Жаратылыс жайнап тұр. Түз табиғатының балбырап тұрған тұсы екен. Таң толықсып атып, керенаулап күн батады.
Аралға жеткенде боз айғыр солығын басып, біраз уақыт аялдады. Кішкентай кенттің іргесін теуіп, кейін қайтатын  толқындардың бұрынғы тегеуріні жоқ. Жойқын теңіз іштей күңіреніп, жаралы жыртқыштай ыңырсып жатқандай. Ой пышырап берекесі кетті.
Осы өңірдің қызғалдақ қызы бойжетіп, Роза Бағланова біздің елге келін болып түсті. (Кеңес Одағының батыры Садық Әбжаппаровтың қолына қондырған құсы). Көп жыл өткенде әйгілі әнші ірі қайраткерлік танытып, теңіз тағдыры талқыға түскенде суырылып шығып, ақиқатты ашына айтты. Шындықты шыңғыртып бетке ­басты: «...Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, бірақ бұны тоқтату мүмкін емес. Қазақ елінің жерінде не бар? Семейде – полигон (сынақжай). Байқоңырда – космодром (ғарыш айлағы). Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? – деді ол туған халқына жаны ашып. – Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді». Роза Бағланованың тасқа басылған бұл сөзі оның азаматтық ұстанымын көрсетеді. «Мен ол жерлерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелердің көзі жоқ, таңдайсыз туып жатыр, басында шашы жоқ, аяқ-қолы жоқ балалар туып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек?». Халық қасіреті оңай ма?
Жол-жөнекей келеңсіз көріністер көзге шыққан сүйелдей көрініп келеді. Қоршаған ортаға бүйтіп тоғышарлық тұтынушылық пиғылмен қарай беруге болмайды, әрине. Ғазиз ана табиғатқа қиянат мүттайым мезгілдің мінберінен көп айтылады әлі...
Вокзал басында бізді Асекеңнің өзі күтіп алды. Кездесуге Жаңақорғаннан айтыскер ақын Манап Көкенов те келіпті. Қуанышты қауышу біртүрлі толқытты.
Келер күні В.Уриннің өзеуреп айтысамын деуіне де кешіріммен қараудың сыры бауырмалдық пен қонақжайлыққа саяды. Сөз сайысы орысшаға аударылып, қазақшаға тәржімеленді. Екі ортада дәне­­керлікке мен жүрдім. М.Көкеновтың «Орыс ақынымен айтысы» (мұрағатта болуы ықтимал). Мәдениеттер достығы жарас­қандай еді.
Сол сапарда Сырдарияны көрудің де сәті түсті. Ұлы дария өмір жырын шертіп, асыға-аптыға ағып жатты.
...Мен бұрын Қазақияға астана болған Қызылорда қаласын жақсы білемін деп айта алмаймын. Құмдауыт табан жолдар (тротуар) сиықсыз көрінді. Тал-дарақтар да аз сықылды.
Ана бір жолы Мәскеуге кетіп бара жатқанда хабарласқанымда Зейнолла ағай (Шүкіров) жігіттерін жіберіп, қарсы алып шығарып салған еді. Әлдене толы қорап купеге орналастырылды.
– Бұл не?
– Балық.
– Оны қайтемін?
– Елдің тұз-дәмі, бірге оқитын қыз-жігіттеріңізге дастарқан жайғанда Арал балығынан да дәм ауыз тисін. Бұл ағаның тапсырмасы.
Онсыз да Қызылорданың маған ыстық тартатыны бар.

Сәмбітал сыңсығанда

Қазақ жазының қызығы да, шыжығы да көп. Әсіресе қалың малшы қауым арқа-басы кеңіп, жайлауға шығып, жаратылыспен жарастықты ғұмыр кешіп емен-жарқын болып жатады. Сондай емін-еркін өмірді көшпелілер ұрпағы біз ғана емес, басқалар да аңсайды. Сырдағы қырға жеткенше біраз жер бар. Қызылкөпірден өткенше мен Шаянда қалып, Тәкең Созаққа қарай өтпекші болып уағдаласқамыз. Екі мүшелдей кіші болсам да жасты замандасындай санап, көп сөйлемейтін ағамыздың иі жұмсарып:
– Сен Қаратауды онша білмейді екен­сің? Бір апта бойы бірге ­аралаймыз, – ­деген соң мен де көнбеске шарам қалмады. Бабатаға келіп, күтіп отырған кеңшардың Бас құрылысшысы, Тәкеңнің немере інісі Тұран Парманқұловтың үйіне түсіп бой сергіді.
Шынында, білмейтінім рас. Әйтпесе, көктем сайын Қаратау күнгейінің арнасынан ­асып-тасып, ­сасып айран ботқасы шығып, ­Әбу ­Насыр әл-Фарабидің атамекені Отырарға қарай Інжударияға құюға асығатын кішігірім өзендер мен бұлақтарының өзінің аты қызық, тіпті қорқынышты: Жолбарысты, Аю, Қарабас (сірә, басы қара зор жыртқыш болуы кәдік), Арыстанды, Шаян, Шошқабұлақ, Қошқар-Ата, Жыланды, Құлан. Мен сол өзендер өрнектеген өлкеде туып-өстім.
Теріскей де маған тылсым. Бақырлы, Күмісті, Алтынтау (бұлақ), Таскөмірсай,  (Д.И.Менделеев кестесінен түсіп қалған сарқыттай). Есекбұлақ, Құрттыбұлақ, Жылыбұлақ, т.б. бұлақтар, мөлдір су көздері. Сол сырлы әлем еріксіз қызық­тырды. «Тас түскен жеріне ауыр». 30 мың қойы, үш мың ірі қара, 700-800 жылқысы бар «Жартытөбе» кеңшары шаруасы шалқы­ғандай шаруашылық. Егін де салады. Енді жекешелендірудің жетістіргені шамалы. Досан-Қарабас пен Жетімтауға жақын Құлыншақтың Отаны Аққолтық – «Жартытөбенің» бір бөлімшесі. Қазақ әдебиетінде Құлыншақ Кемелұлындай қасіретті тұлға жоқ. Жетпістен асқанда қажылықтан қайтып келе жатып, қатты сырқаттанып алыс жол үстінде қайтыс болып, денесі Қара теңізге тасталыпты. Оған туған жердің бір уыс топырағы да бұйырмаған.
Жарық дүниемен қоштасарда ақын:
Адамзат келер-кетер жүзге келер,
Адамды үйде өлсе де түзге көмер.
Құдая иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда мені іздеп келер, – деп арызданып, бір шумақ өлеңмен еліне аманатын айтыпты.
Жалпы бұл аймақта әңгіме-әфсана, құйқылжыған күй мен әуез бояуларына толы ән мен жыр көп. Халық лиро-эпостары, батырлар жыры мен дастандар оқиғасының Баба Ата, Шашты Әзізге соғып өтпейтіні аз. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген нақылға айналған сөзі бекер ме? Нұралының діни дастаны «Сауда ишанның» оқиғалары өтетін аудан орталығы Шолаққорған да тиіп тұр.
Саңлақ сал-серілер, құдіретті күй­шілер мен қазақ қанаты – сәйгүлік­тер, тұлпарлар мен арғымақтар туралы тамылжыта жазған үлкен жазушы Тәкен Әлімқұлов жайында қысқа қайыруға жатпайды, ұзақ толғайтын тұлға.
Құйысқан қайта көтерілді. ­Жата-жата жалыққан соң, алдын ала айтып дайындаған болу керек, қос ат келтірілді. Маған тигені  дөнен шығар күрең төбел жүрісі жайсыз, лоқылдақ болып шықты. Ол бесті жиренге жайғасты. Менің бөктерімдегі қоржынның екі басы тоқ. Көптен атқа мінбегендіктен тақым қажалып, қанша қиналсам да шыдадым.
Бағытымыз оңтүстіктегі Үсіктас пен Қарасу жақ, Үшбас өзенін бойлап құлдилап келеміз. Солымызда – әрең бүтін түтетім ақырында иесіз қалған шипалы Қызылкөл. Оң қапталда – қалбар бағыр ну қамыстан жолбарыс аулап, аң қағып, басып өтетін қыз Назымның жайлауы Көсегенің көк жоны.
Қос аттылы екі әуейі күндіз тал-дарақ­тардың көлеңкесін саялап, түнде бейтаныс кез келген малшының үйіне қонып шығамыз. Бұл 1968 жылғы маусымның жиырмалары болатын. Әлі шіліңгір шілде түспеген шақ. Бозторғайдың шырын шырылы. Жусан мен жалбыз жұпары. Кәусар бұлақтың сыңғыры. Дала құрақтың құлағын қайшылап тұрған сыбдыры. Дала мен таудың тамаша табиғаты. Әдебиеттің М.Горький атындағы тәлімгері маған бәрі таңсық.
Сәскеде Сәмбіталдың көлеңкесіне дастарқан жайылды. Қазы-қарта туралып, бауырсақ қойылды. Таңғы тәбетті ашты.
Шығармашылық жұмыста орасан тәжірибесі бар қабырғалы қаламгер әдебиет туралы көп айтпайды. Тиіп-қашып, оны-мұны суыртпақтап сұрағым келеді. Үнемі ой үстінде жүрген адамның шырқын бұзуға аяймын. Тығырыққа тірелсем де мен де үнсіздікке көштім.
– Түркістан жақтағы Келіншектау аңызын білесің бе?
– Иә. Естігенмін.
– Мынау соның басқа нұсқасындай хикая. Ертеде, өте ертеде Сырдың бұлғақтап өскен сұлуы қыр жігітімен көңіл қосып, сөз байласады. Бірақ әкесі оның жалғыздығы мен жарлы-жақыбай екенін айтып қызға ырық бермейді. Махаббат күйігінен қыз мәжнүнталға, апайтөс жігіт жартасқа айналып кетеді. Сәмбіталдың сәл жел тербесе сыңситыны содан деседі. Ол іле-шала өз өлеңін оқыды.
Менің де сөз қозғағым келіп сауал тастадым.
– Қасым Аманжоловтың кеңесімен замандасыңыз Тахауи Ахтанов прозаға ауысты. Ол бұл жанрды жатсынбай көркем ойға олжа салды. Бердібек Соқпақбаев бір жыр жинағынан кейін («Бұлақ») қара сөздің қаймағын қалқыды. Сіз көркемдік кестесі өзгеше әңгімелер туғызып, бірнеше хикаят беріп, роман жазған адамсыз. Осы өлеңді мүлде қойсаңыз қайтеді?
– Шолақ ойлайсыңдар. М.Горький жазуға отырарда үнемі бір-екі шумақ өлең жазуды дағды еткен. Алғаш ауызданған дүниені қалай қиып кетемін. Азар болса орташа ақындар арасында жүрермін. Алдан кім шығыпты? Одан да бір шумақты қағазға шиыршықтап салып, анау кекіліктер қақылықтап балапанын өргізіп, жартас жықпыл-жықпылына жасырған құрлы жоқсың ба, сол биікке апарып қой. 
Мен Керегетас баурайындағы өше бастаған «Ноғайлы жолының» қандай сыры барын сұрағым келіп еді, теріс айналған ағаны көріп тілімді тістедім.
Жаппарқұлда жан бар ма? Айтты. Орындалды. Біз теңіз бен мұхиттан алыс жатқан елміз. Сұрапыл дауылда апатқа ұшыраған кемедегі жанкешті жолаушы бөтелкеге аманат-хат ­жазып тастайтынын қиял-ғажайып кітаптардан білетін едім. Және ол шыны адасып жүріп-жүріп пәлен уақыттан кейін таныстары мен туған-туыстарының қолына тиіп жататын. Алайда қазақ ондайды дәр етпеген. Қу мекиенде қалғанда не болады?
Түс қайта сапарымыз қайта жал­ғасты. Үсіктас жотасының желке­сінде отырмыз.
– Мен саған кіндік кесіп, қаным там­ған жерді көрсетемін, – деп Созақ пен Шаян (қазіргі Бәйдібек) аудандарының шекарасындағы бір шоқыны меңзеді. Үсіктастың үстінде. Одан онша қалың емес. Қарайлай бердім артыма.
...Көктем еді. Жорж (Георгий) Аршакен бастаған тракторшылар тобы Көбетай тепсеңіндегі тұқым себуді аяқтап, Үсік­тасқа ауысты. Біз келгенше дала қосы қорықшы Қайсар қарттың үйінің қасына тігіліпті. Бригададағы ең жасы мен. Қолбаламын. Қап-қап тыңайтқыш пен тұқымды арқалап түсіремін. Тұқымсепкішке тиеймін. Егіс науқаны аяқталып келеді. ­Аршакен болса тың және тыңайған жерлерді игеруге келген қашқан-пысқандардан қалып, Арыстанды-Қаратасты жерсініп, судай сіңіп, тастай батқандардың сойынан. Кеңшар директоры Н.К.Бурмистров екеуі (кекіл шашы желбіреп, домбыра құшақтап жүретін інілерім, қарындастарыммен бірге оқыған кішкентай шикіл қыз, кейіннен қазақтың әншісі болған Татьяна Бурмистрованың әкесі) қазақшаға судай. Селдетіп жаңбыр жауды. Нұрлы нөсер. Сәл толаста Қайсар қарт бізге бас сұғып мені ертіп алды. Біраз жерге дейін ертіп келіп, ескі қорымның шетіне тізерлеп отырып, өткен-кеткен бабалар рухына ұзақ Құран бағыштады. Сонан соң былай шыға беріп, мені тоқтатып, құлағыма құйып жатыр.
– Бұл Қамбар сай. Біле жүріңдер! Қара­ қасқа атты Қамбар батыр осында жерленді деседі. Кім біледі? Солай да шығар.
Халық ауыз әдебиетінің теңдессіз асқан біл­гірі академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов те лағыл лебізінде соған сілтемей ме?
«Сәл бұрынғы шежіресін еске алсақ, бұл Қаратаудың басынан иісі қазақ баласына мәлім сонада көшкен бір «көш келетін». Содан бері қарай Қаратаудың теріскейі мен түстігі аңыз-әңгімеге, дастан-хикаяға толы дерсіз... Қара қасқа атты Қамбардың да тұлпарын жосылтып, құмайын жүгіртіп, қыранын шүйген көлдері қазіргі Созақ ауданындағы Ақжар, Қаракөл, Үсіктас  маңы. Сондықтан да қазақтың әлденеше батыр жырларының бірінің туған жері, бірінің соғыс салған, тағы бірінің мерзімді мекен еткен тұрағы осы Қаратаудың арғы-бергі сілемдері ­болады».
Сол Үсіктас! Тағы да қош енді. Құстар қайырылып келгенше. Бүркітті, Есекбұлақ, Құрттыбұлақ арқылы қайтып барамыз. Алдымызда – Баба Түкті Шашты Әзіз. Әрісінде – Құмкент. Сағынышты сапар-ай!..
Т.Т. (Тобықтай түйін): ауыл азаматтары Көкжал Жанысбай мен Бақытжан Беркімбаев жарты ғасыр шамасы өткенде тапқан шыны шишаны ашып қарағанда ішінде бір шумақ өлең бар екен:
Үш бастың өзенін өрлеп едік,
Коньяк ішіп осынау жерге келдік.
Аңсаған, сағынышым, шыда-шыным,
Білерсің бұл өмірге кім ғашығын.
(Тәкен Әлімқұлов)

Аян-Сейітхан Нысаналин

1974 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы