• Тұлға
  • 02 Маусым, 2021

Әкейдің аманаты, Әлкейдің тапсырмасы

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның аса көрнекті дарынды ғалым екені баршаға мәлім. Ол КСРО-ның аумағына кеңінен таныс республикамыздың санаулы әдебиетші ғалымдарының бірі һәм бірегейі болатын. Ғалым 1954 жылдың мамыр айында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филология факультетінің Біріккен ғылыми кеңесінде «Қазақ көркем прозасындағы индустрияландыру мәселесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Сол кезде жиырма төрт жасқа да толмаған-ды. Талантты жас мұнан кейін сол жылдан бастап өзі түлеп ұшқан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына келіп (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ұзақ жыл ұстаздық етті. Қазақстанның орыс мектептерінің 9-10 сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын (белгілі ғалымдар Н.Смирнова, Х.Әдібаевтармен бірге) жазды. Өткен ғасырдың аяғына дейінгі уақыт аралығында ұзақ жылдар бойы үзбей басылып келген бұл оқулық  республиканың  орыс мектептерінің жоғары сынып оқушылары үшін қазақ әдебиеті жайлы бірден-бір негізгі оқу құралы бола білді. Сондай-ақ Шәмшиябану Қанышқызының профессор Х.Әдібаевпен бірігіп жазған республиканың филология факультеттерінің орыс бөлімдері үшін арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының  да өз тұрғысындағы рөлі ерекше болатын.

1971 жылы Ш.Сәтбаева «ХlX-XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-европа әдебиеттерінің байланысы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл кезде ол Қазақстан республикасы Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек ететін-ді. Ғалымның ұзақ жылдар бойғы дамылсыз атқарған ғылыми ізденістерге толы аталмыш диссертациясы тек республика көлемінде ғана емес, ел астанасы Мәскеуден бастап, қоғамдық ғылымдар саласындағы көптеген ғылыми ортада жылы қабылданды. Сөйтіп, әдебиеттер байланысын зерттейтін  әр алуан аймақта өмір кешіп жатқан осы саланың мамандары қазақ ғалымының – қазақтардың еуропалық ғылыми-мәдени ортамен байланысын ХVІІІ ғасырлардан бастайтынын пайымды көрсететін ғылыми тұжырымдардың  дәйектілігіне айрықша ден қоя білген-ді. Осы еңбектің негізінде ғалымның 1972 жылы Алматыда жарық көрген «Казахско-европейское литературные связи XlX и первой половины XX века» аталатын орыс тіліндегі монографиясын кітап дүкендерінен таба aлмаған кейбір адамдардың  сол еңбекті таныстарынан аттай қалап алатын достық базынасы да аталмыш жылдардағы көпшіліктің есінде.
Бұл, түптеп келгенде, өресі биік шынайы ғылыми еңбектің бағының жанғанын көрсететін сәттер еді. Бұл – ғылымдағы тың дүниелерге іңкәр зердесі биік жанкүйер оқырманның деңгейі биік туынды ­авторын алаламайтындығының басты көрінісі еді. Мұнан кейін Ш.Cәтбаева есімі мен еңбегін әдебиетші ғалымдар әулеті бұрынғыдан да жақынырақ тани түсті.Оның ұлы ғұлама Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың перзенті екеніне де сол кезден бастап көпшілік шындап назар аудара бастағаны да күмәнсіз. Ал ғалым болса тек европалық әдебиет пен орыс әдебиетінің Қазақстандағы бірден-бір білімпазы болып қана қоймай, қазақ өркениеті мен әдебиетінің шығыс халықтарымен, соның ішінде, әсіресе мұсылман ғұрпын тұтынатын ұлы жұрттардың асқақ ойлыларымен рухани байланысын бағамдататын «Казахская литература и Восток», «Шоқан Уәлиханов – филолог», «Чокан Валиханов и Русская литература», т.б. бірсыпыра еңбектерін кітап етіп жариялатты. Ш.Сәтбаеваның бұл туындылары, шын мәнісінде, әрбір есті қауымның, соның бірі қазақ жұртының әлемдік өркениеттің ұлы шұғыласынан шамасы жеткенінше тысқары қалмауға мүдделі болғанын өз дәрежесінде дәлелдеуіне тырысқан перзенттік парызын көрсететін-ді. Перзенттік  парыз дегеннен шығады, Шәмшиябану Қанышқызы кешегі кеңестік заманда барша шығармаларын халыққа зиянды деп келген ұлтымыздың өрен тұлғалары Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды ақын-жазушылары, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Халел Досмұхамедов тектес ғалым-ғұламалары ақтала бастаған кезеңде ерекше қайрат көрсетті. Ұлт мүддесі үшін өмірін сарп еткен ардагерлердің барлығының әдеби, ғылыми мұрасының толықтай ақталуына жан салып күрескен комиссияның құрамында бола жүріп, оның Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Шерияздан Елеукенов, Сейіт Қасқабасов, т.б. әріптес ғалымдармен күш біріктіре еңбек еткені де елдің есінде. 
Шәмшиябану Қанышқызы сол ақтал­ған арыстардың ішінен Шәкәрім Құдай­бердиев пен Ахмет Байтұрсыновтың ­шы­ғармашылығының поэтикалық асқақ биіктігі мен терең философиялық мән-ма­ғынасын қарапайым оқырманға да, өмірдің талай бұралаң жолдарын басынан кешкен қарияға да түсінікті бірнеше монографиялық еңбектерді қазақ, орыс тілдерінде өмірге келтірді  (Шәкәрім Құдайбердиев. Алматы: Білім қоғамы, 1990; Шәкәрім Құдайбердиев. Алматы: Рауан, 1991; Шакарим Кудайбердиев. Алматы: Ғылым, 1993). Екі автордың 1988, 1989 жылдары шыққан бір-бір томдық  бірегей туындыларына ұлтымыздың болмысы биік дана перзенттерінің шығармашылық өмірбаянын жан-жақты көрсете білген алғысөз жазды.
Ғалымның бұл саладағы сәтті ізденістері республика оқымыстылары мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің әр кездердегі баспасөз беттерінде, сондай-ақ ғалым өмірден өткеннен кейінгі Шәмшиябану Қанышқызының 80 жылдығына байланысты аталып өткен ғылыми конференция материалдарындағы Сейдалым  Тәнекеев,Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Аманжол Қошанов, Манаш Қозыбаев, Қанапия Ахметов, Оразай Батырбеков, Зәки Ахметов, Рымғали Нұрғалиев, Мұхамедрахым Жармұхамедов, Нағима Сағындықова, Бейбіт ­Мамыраев, Жұмат  Тілепов, Серікқазы Қорабай, Қымбат Әбділдақызы, Айгүл Ісмақова, Гүлзия Піралиева, Аманжол Қанапияұлы, Үміт Сағымбекова, Адольф Арцишевский, Светлана Ананьева, Алма Тусупова, Зәуре Тілеубердина, Күлтай Баязитқызы, Маргарита Маданова, Айман Ментебаева, Зия Мұқашев, Мұхит Салқынбай, Кәмия Сүндетқалиевалардың толғанысқа толы ғылыми талдау еңбектерінде кеңінен сөз болғаны баршаға аян.
Көрнекті ғалым Ш.Сәтбаеваның ғылыми еңбектерінің сан салалы екені кімге де болса мәлім. Оған ғылым жолында жүрген әріптестері  өмір бойы таңданып өтті деп, айтсақ артықтық етпес. Ал, енді аяулы ұстазымыздың өмірінің соңғы жылдарында Сәтбаевтар әулеті туралы жазған  шежірелік Һәм танымдық еңбектері, шынында да даңқты тұқымның рухына орнатылған жан сүйсінер, ел қуанар елеулі  ескерткіші болғандығына күмән жоқ.  Арғы-бергідегі зиялылар әулетінен шыққан кеңестік қоғамда әлемге мәшһүр қаламгер ­Мариэтта Шагинянның өздерінің әулеті, соның ішінде өз әкесінің рухани өмір жолынан мағлұмат беретін еңбектері секілді туындылар саусақпен санағандай бірлі-жарым ғана.
Әрине, Қаныш Имантайұлы сынды ұлтымыздың  біртуар ұлы – қазақ ғылымының, Қазақстан ғылымының атасы туралы көзге түсер еңбек жазған авторлардың бұл әулет туралы шамасы келгенінше сөз ететіні күмәнсіз. Осы ретте, Имантай Сәтбаев туралы Алексей Брагиннің  «Первый академик» атты деректі повесінде, Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты роман-эссесінде Сарыарқаны жайлаған қазақ жұртының  өткен ғасырлардағы өмірі, соның ішінде Сүйіндік, одан тарайтын Қаржас руының шежірелік таралымын бағамдай отырып, ел Сегізсері атаған Мұхамедханапия Бахрамұлы Шақшақовтың 1845 жылы Имантай өмірге келген шілдеханасының үлкен тойға ұласқан тұсында қадірлі қонағы болып, атұстар перзенттің өмірге келу қуанышында: «Дәрежесі бейне хан, Ер болып өссін балақан, ат қой десе балаға, есімі болсын – Иманжан; Жігіт болсын өнерлі, ел жұртына беделді. Қамқоры болсын халқының, ақылға дархан кемелді. Сөзімнің жоқ дүр қатасы, ғұмырлы болсын ботасы. Қабыл болар әлеумет, Ердің біздей батасы» (Медеу Сәрсеке. Қазақтың Қанышы, Алматы: Атамұра, 1999. 7-13 беттер), Сәтбай әулетінің, жалпы сол мерекеге қатысушылардың алдында жыр толғаған сәттерін толғана жазғандарын  айта кету орынды болмақ. Ал Шәмшиябану Қанышқызының  оқырман қауым ықыластана қабылдаған қастерлі әулет жайлы еңбегі өз кезеңінде үш кітап болып («Сәулелі әулет»,1996; «Свет очага», 1999; «Әбікей Сәтбаев», 2000) жарияланды. Бұл жарияланымдарда өз заманында Жүсіпбек ­Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұланнан бастап, сол кездегі қазақтың  XX ғасыр басындағы жасөспірім ­дарынды интеллигенциясының көбі  білім алған – қара шаңырағы Семей педагогикалық техникумының директоры Әбікей Сәтбаев, классик жазушымыз Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» суреттелетін Әбдікәрім Сәтбаев, ұлттық өркениетіміздің ғұламасы Әлкей Марғұлан, Қазақстанның Еңбек ері Шапық Шокин еңбектерінде сөз болатын Ғазиз Сәтбаев және т.б. кейінгі ұрпақтарының елге үлгі боларлық ізгі істері Сәтбай бабасынан таратылып ­баяндалады. Ата-бабасының сонау бірнеше ғасыр бұрынғы тарихи жылнамаларда есімдері  аталатын белгілі тұлғаларының атқарған істерін бұрынғы һәм кейінгі қазақ ­тарихына қатысты деректермен байланыстыра отырып бағамдайды. Және бұл жай Шәмшиябану Қанышқызының тек ілгеріде аталған үш кітабынан басқа еңбектерінде де сөз болады. Ғалым «Ода сыры» атты туындысында Имантай шілдеханасында жырланған Сегізсерінің бата сөзінің мәтінін (Ел аузындағы туындыны хатқа түсірген – ел мұрасының жанашыры Қаратай Биғожин. Өлең мәтіні ең алғаш рет «Орталық Қазақстан» газетінде (15.Xl.1986) жарияланып, 1993 жылғы «Ақ бата» жинағында басылғанын» жариялай отырып,қазіргі көпшілік оқырман жете біле бермейтін – жырдағы Керей Дәстем, Қожаберген жырау, Келден би, Ер Дәулен, Шөңке, Әнет би, Қыпшақ Қойлыбай, Найман Барлыбай, Сүйіндік Олжабай, Сыбан Шондай, Қарауыл Қанай, Тоқсан би, Зілқара, Шоң би, Балта Тұрсынбай билермен, жалпы ұлтқа мәлім Асан қайғы, Әз Жәнібек, Абылай хан, Әз Тәуке, Бөгенбай, Керей Есеней, Қобыланды батыр, Исатай, Махамбет, Бұқар жырау, Тәттімбет сынды азаматтардың ел тарихында атқарған қызметтеріне талдау жасайды.
Осы шығармалардың алғашқысы ­баспадан шыққанан кейін, ғалым өзінің бұл шаруаны неліктен  қолына алғандығын оқырманына төмендегіше түсіндіріп, «Жас Алаш» газетінде былайша ой бөліскен еді: «Бұл кітапты мен еріккеннен немесе зерттеуге тақырып табылмай қалғаннан жазғаным жоқ. Оның екі түрлі себебі болды. Бірінші, Мәскеу университетінің аспирантурасында оқып жүргенімде (1951-1954 ж.ж.) әкем ылғи жанына алып, ата-бабаларының тарихын айтып отырушы еді. Кейде «... балаларымның ішінде елдің жағдайын білетін Шәрипа шешең екеуің» деп қоятын. Осылайша, «елдің тарихын есіңнен шығарма» деп ескерткенін енді ғана түсініп жүрмін. Екінші, өзім пір тұтатын ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұлан әрдайым: «Шәкеша, екеуміз Сәтбаевтар туралы кітап жазайық, сен деректі материал жинай бер, аздап қол босағасын мен де кірісемін» деуші еді. Амал жоқ, қадірлі Әлекең бұл ойын орындай алмай кетті.
Қысқасы, «Сәулелі әулетті» жазғанда әкемнің аманатын, Әлкей ағамның тапсырмасын орындауға тырыстым» («Жас Алаш», 1999, 16 наурыз).
Шындығында, бұл үлкен жұмыс еді. Кез келген ұлы адамның перзенті даңқты ата-анасының аты мен абыройына лайық сол әулет жайлы еңбек жазып шыға алмайды. Ал Шәмшиябану апай осындай қастерлі шаруаны дер кезінде, ел күткендей дәрежеде атқарып шықты. Сөйтіп, Қанекең сынды ұлы тұлғаның перзентіне лайық азамат екенін бұл ісінде де қапысыз дәлелдей білді. Халқы да соған дән риза еді. Кезінде қазақ поэзиясының  асқар биіктерінің бірі – кешегі Хамит Ерғалиев пен мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов бастаған ондаған ақынның жыр арнауы соның бір дәлелі. Замандастары, шәкірттері де оның шығармашылық портретін жасауға  талаптанып бірсыпыра зерттеу, ғылыми мақалалар жазуда. Осыдан оншақты жыл бұрын кейінгі буын өкілі Айман ­Ментебаева ғалым мұрасы турасында диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды.
Ш.Сәтбаева дария шалқар білімін тек жоғары оқу орындары мен орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін жазылған оқулықтары арқылы ғана кейінгі буынды тәрбиелеп қоймай, елдің рухани биіктігін көрсететін ғылыми кадрларды  дайындауда да ересен қайрат еткен ұстаз-ғалым еді. Оның ғылыми жетекшілік, ғылыми кеңесшілік басшылығымен жиырмаға тарта ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары ­дайындалды. Ғалымның «Советская литература», «Вопросы литературы»,  «Советская тюркология» секілді елдік басылымдардан бастап сандаған энциклопедиялық кітаптар мен мерзімдік баспасөздегі, КСРО-ның Мәскеу, Ленинград (СПБ), Киев, Ташкент, Самарқанд, Бішкек, ­Алматы, тағы басқа қалаларындағы  ондаған ғылыми орталықтарында өткен елеулі конференциялардағы орасан көп материалдарына арнайы тоқталмай-ақ, оның өз атымен жеке-жеке еңбек ­болып жария­ланған монографиялары мен ғылыми, әдебитанымдық туындыларының көлемді-көлемді 31 (отыз бір) кітап болып шыққанын айтар болсақ, осының өзі-ақ талайларды ойландыратын жай. Оның үстіне ол қырыққа жуық кітаптың жауапты редакторы болды. Ол кітаптарда халқымыздың талай жылдар бойы сарғая күткен елдік мұралары орасан көп болушы еді. Осының барлығы,беріден қайырып, қорытып айтар болсақ, Ш.Сәтбаева сынды аса көрнекті ғалымның бүкіл еңбегі – ең алдымен, қазақ ұлтының әлемдік өркениетпен айқұшақ тауып жатқан бұрынғы һәм кейінгі бірегей тұлғаларын ұлтымыздың өзіне, одан әрмен көзі қарақты жалпақ әлемнің оң пейілді оқырманына таныту болатын. Ал ұлт үшін өмірін арнаған жанның әр кезде де есімі ескірмейтіні, абыройы аласармайтыны – көңілге медеу, жанға демеу бола бермек.

Жұмат Тілепов,
 Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор

2467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы