• Руханият
  • 02 Маусым, 2021

Қазақта ес болса, ауылды сақтауы керек

Ауыл десе елең етпейтін қазақ кемде-кем болар. Ауыл қазақ үшін қасиетті мекен. Ауыл қазақы тәрбиенің қайнар көзі, дәстүр мен ділдің ордасы.
Әнебір жылдары ауыл тұрғындарының қалалық жерлерге үдере көшуі байқалған. Сол көш бүгінде сирексіген секілді. Бұған, әрине, сүйініш білдіресің. 
Ауыл даланың қорғаны емес пе? Бәріміз жапа-тармағай қаланың «етегіне» тығыла берсек, дала қаңырап қалмай ма? Даланың иесіз қалғаны – жердің азып-тозғаны. Жер жүдемесін деңіз. Жер мен ел егіз. Жер қорланса, елің де сорлайды. Оның беті әрмен! 

Демек, қазақта ес болса, ауылды сақтауы керек. Сақтау аз, бүгінгі заманның талабына сай көркейтіп, гүлдендіруіміз керек. Жарықтық Бейімбет аға Майлин: «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деп жайдан-жай айтты дейсіз бе... Мақал-мәтелге айналып кеткен бұл сөздің астарында терең шындық бар. Ауыл деген – қазақ. «Ауылдың жағдайы жақсы болса, қазақтың да төрт құбыласы тең» деп тұр ғой Биағаң.
Таяуда ел жаққа барып қайттық. Жолай Сыр өңіріндегі Жанкент аталатын ауылдың үстінен өттік. Осы елді мекеннің сырт кейпінің өзі сүйсінтті. Кезінде шаңы бұрқырап жатқан, көріксіздеу кеңшар орталығы болатын. Қазір қарасаң көзің тояды. Ауыл іші жасыл желекке ­малынып тұр. Ауылдың іргесіндегі арықтан толып-­толыса ­дария суы ағып жатыр. Тақтайдай жол. Төңірегі тап-тұйнақтай екі қабатты ақшаңқан мектеп ғимараты мен мұндалайды. «Осындай көз тартар ауылда тұрып жатқан бауырларымыз бақытты болар» дедік ішімізден. 
Біз болған ­Қаза­лы ауданын­дағы қолға алынған игі­лікті шараларды айтып кеткеніміз жөн болар. Мысалы, адам үшін ең қажет ауыз су ауылдағы үйлердің өзіне дейін жет­кі­зілген. Бұрын қалай еді? Жұрт суды бұлақ басынан не ауыл жиегінде ағып жатқан каналдан тасып, әуре-сарсаңға тү­сетін. Қазір ол кө­рініс көзден бұлбұл ұшқан. Аудан ор­та­лығындағы үйлер тегіс газға қосылған. Енді газды ауылдағы үйлерге жеткізу жайы ойластырылуда. Осының бәрі жақсылық. 
Дегенмен, еліміздегі ауылдардың бәрі тегіс жақсы жағдайда күн кешіп отыр деп айта алмаспыз. Бір ғана мысал. Біздің редакцияға Алматы облысы Іле ауданына қарасты Междуреченск селосындағы Шабыт аталатын ықшам ауданның тұрғындары жиі телефон соғады. Ықшам аудан деген аты болмаса, бұл кәдімгідей ауқымды ауылдардың қатарында. Жаңа ауыл. Іргесі бұдан он бес жылдай бұрын қаланған. Үш жүздей үй бар. Осы ауылда түйткілді мәселелер жетіп-артылады. Ауылдың жартысы он жылдай сусыз отырды. Былтыр ғана сумен қамтылды. Мұны да ретке келтірген тұрғындардың өздері. Алдыңғы жылы ауыл шетіне газ тартылған. Қазір сол міз бақпаған қалпында тұр. Жылжитын түрі жоқ. Мектепті бастап еді, ол да аяқсыз қалды. Автобус қатынасы болған, ол да ақырында тоқтады. Тұрғындар осыларды айтып шыр-пыр болады. Бірақ оған құлақ асып жатқан ауылдың да, ауданның да әкімі жоқ. «Болмайды» демейді, «болады» дейді. Сөйтіп, жұртты уәдеге тойдырып жүр. 
Әкім демекші, биыл ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтпек. Оң бастама деп ойлаймыз. Яғни ауыл басшысын ауыл тұрғындарының өздері таңдайды. Біздіңше, бұл ауыл адамдарына беріліп отырған жақсы мүмкіндік. Сондықтан маңыз­ды істе қате­лес­пеген дұрыс. Өйткені ауылдың өркендеуі, онда тұрып жатқан үлкен-кішінің көңілдерінің жайлы болуы көп ретте ауыл әкімінің іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, ауылға, ауылдастарына деген жанашыр, қамқор қасиеттеріне де байланысты. Ауылына қарап та әкіміне баға беруге болады. Олай болса әкімді сайларда рушылдыққа, тамыр-таныстыққа, ағайынгершілікке жол бермей, еліне, жеріне, жаны ашитын, қолынан іс келетін, жүрегі де, қолы да таза азаматтардың жауапты қызметтің тізгінін ұстауына баса мән берген жөн. Осылай болған жағдайда ғана туған ауылдың түтіні түзу шығып, өсіп, көркейе алады. 
Ауыл үшін бүгінгі таңда ең қажеттісі – жұмыс орындарын ашу. Бұл да шешілмейтін мәселе емес. Көзін табуға болады. Әкімнің қабілет-қарымы байқалатын тұс осы жер. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, ауылда екі қолға бір күрек табылса ешкімнің де қалаға беттегісі келмейтіні анық. 
Ауыл – алтын ұямыз. Қастерлі қара шаңырақ. Оның өркениет легінен шет қалмай, жаңғырып, жақсаруы – бәрімізге мерей.

Нұрперзент Домбай 
«Ana tili» 

3652 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы