• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

ТҰМАҒАНЫҢ ТОСЫН СЫЙЫ

Суретті түсірген Айтжан Мұрзанов

...1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Оған Фариза Оңғарсынова бастаған бір топ ақын-жазушылар, мәдениет, өнер қайраткерлері қатысты. Кешті жүргізу маған тапсырылды.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметінде жүрген кезімде Алматы қаласында екі рет екі апталық оқуда болдым. Біріншісі 1994 жылы наурыз айында, екіншісі 1996 жылы тамыз айында. Бұрынғы партия мектебінде өтетін қысқа мерзімді курстар сияқты. Тыңдаушылар негізінен облыстық, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері. Оқу бір мезгіл ғана жүргізіледі. Қалған уақытта қаладағы түрлі мәдени шараларға қатысуға да мүмкіндігіміз бар.

1994 жылы оқуымыздың бітер шағы наурыз мерекесіне сай келді. Осы ­мереке күні Алматыдағы опера және балет театры алдындағы Жамбыл ескерткіші жанында қалалық тіл басқармасы­ның ұйымдастыруымен ақындар мүшәй­расы өткізілді. Оған қаладағы ақындардың көпшілігі қатысты деуге болады. Арасында өлең жаза бастаған студент жастар, мектеп оқушылары да бар. Өлеңдерді сарапқа салатын алқа төрайымы ­Фариза Оңғарсынова осы жастар жағына көбірек көңіл бөлді. Бәлкім жастарды ынталандыру үшін тапсырма сондай болды ма бас жүлдеден кейінгілерін жастарға таратып жіберді. Мүшәйраға Алматыда тұратын белгілі ақын, жерлесіміз ­Базарбай Исаев екеуміз де қатысқанбыз. Біздің өлеңдеріміз ескерусіз қалды.

Мүшәйрада бас жүлде ақын Тұманбай Молдағалиев ағамызға берілді. Бас жүлде үлкен кілем екен. Жүлдесімен құттықтауға барған маған – Махмұтбай, кілемге еге бол, машинаға апарып сала бер. Үйге бірге қайтамыз, – деді. Осы кезде жанымда жүрген Базарбай «Мәке, Тұмағаңа айтсаңшы, кілемді мен де көтерісейін» деді.

Базарбайдың бұлай айтатын да жөні бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1991 жылдың қазан айында ақын Базарбай Исаевтың 50 жылдығын атап өтуге Қызылордаға Тұманбай Молдағалиев ағамыз ертіп келген. Сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Оңалбек Сәпиұлының ұйым­дастыруымен Базарбайдың мерейтойы­на байланысты кештер, кездесулер әуелі Қызылорда қаласы ірге­сіндегі Қазақстанның 50 жылдығы атындағы шаруашылықта одан кейін екі күн туған жері Жаңақорған ауданында жалғасын тапқан. Тұмағаңның қалауы бойынша сол кездегі облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы ақын Әскербек Рахымбекұлы екеуміз мерейтой иесімен бірге жүргенбіз.

Базарбайдың 50 жылдығына байланысты шаралар Жаңақорған ауданы орталығында, туған жері «Талап» ­ауылында, «Бірлік» шаруашылығында ұйымшылдықпен өткізілді. ­Аудан басшысы Ибрагим Әбибуллаев, халық ақыны Манап Көкенов бар­лық шараларда бірге жүрді. Тұмағаңды Базарбайдың туған ауылынан ­«Са­рыағаш» шипажайы­на шығарып салдық.

Тұмағаңа ақындар мүшәйрасынан алған «кілемін көтерісуге Базарбай ініңіз рұқсат сұрап тұр» деп едім, көңілдене күліп жіберді. «Рұқсат, рұқсат. Базарбай жақсы көретін інімнің бірі ғой. Үшеуміз үйге бірге қайтамыз» деді.

Наурыз мерекесі күні ғой. ­Тұма­ғаңның Аманкелді көшесіндегі үйінде көңілді отырдық. Күлтай жеңгеміздің мерекелік дастарқанынан қою шайын іштік. Тұмағаңа, отбасына жақсы тілектерімізді айттық. Тұмағаң да шешіліп, көңілді отырды. Жаңа өлеңдерін оқыды. Біраздан кейін Тұмағаң Базарбай екеумізге қарап:

– Осы сендер мүшәйрада не оқыдыңдар. Қайта тыңдап көрейінші, – деді.

Базарбай қалтасында тұрған өлеңін қайта оқып шықты.

– Өте жақсы! Жүлде алуға лайық өлең, – деді Тұмағаң.

– Ал, Махмұтбай, сен не оқыдың, қайта оқып көрші, – деді.

– Мен мүшәйрада небәрі үш шумақтық «Ана тілі» деген өлеңімді оқыдым. Өлең мәтіні төмендегідей еді, – дедім:

Асыл барлық асылдардан,

Ана тілі – анаң аты.

Бізге жеткен ғасырлардан,

Бабалардың аманаты.

 

Асыл барлық асылдардан,

Ана тілі – атаң аты.

Бізге жеткен ғасырлардан,

Аналардың махаббаты.

 

Ана тілі – ұлтың, анаң,

Халқымыздың ар-намысы.

«Жоғалтпа!» деп шырқыраған,

Бабалардың жан дауысы.

Өлеңді оқып болғанымда Тұмағаң орнынан ұшып түрегелді.

– Ойбай-ау, мынау классикалық өлең ғой. Жюри басшысы болған ­Фариза мынау өлеңді тыңдамаған да, мән бермеген де екен. Бас жүлде маған емес, саған тиесілі ғой. Жақсы өлеңге қиянат жасағым келмейді. Кілем де сенікі. Кетеріңде алып кетерсің! – деді.

Үйге кірер кезде кілемнің ­орауын жазып, Базарбай екеуміз жайып қойғанбыз.

Тұмағаң Күлтай жеңгемізді шақырып:

– Маған жүлде дұрыс берілмепті. Әділдігіне келгенде шын иесі Махмұтбай екен. Жаңа мүшәйрада оқыған өлеңін тыңдап, көзіміз жетті. Кілемді қайта ора, кетерінде беріп жібереміз, – деді.

Күлтай жеңгеміз де тілге келген жоқ. «Өздерің білесіңдер ғой» деп кілемді қайта орай бастады.

Біз Базарбай екеуміз орнымыздан ұшып түрегеліп, алғашында абыржып, не дерімізді де білмей қалдық. Сәл ес жиғаннан кейін екеулеп жүріп, Тұмағаңды кілемді қалдыруға әрең көндірдік.

Әрине, терең толғанысқа, тебіре­ніске толы тіл туралы Тұмағаңның толғау жырымен менің үш шумақтық қана өлеңім салыстыруға да келмейді. Бірақ ақиық ақынның ақжарма пейілі, адал көңіліне алғыс айтқаннан басқа амалымыз қалмады.

Есімізді жиып, енді осы тақырыпты әңгіме етпеуге тырыстық.

Осындай жағдай бір-екі жылдан кейін тағы да қайталанды.

1996 жылы тамыз айында аудан әкімдігінен Алматы қаласына екі апталық қысқа мерзімді курсқа келдім. 2-3 күн лекцияларды тыңдағаннан кейін, сәлем беріп шығу мақсатында кешкілік Тұмағаңның үйіне соқтым. Әдеттегідей Тұмағаң да, Күлтай жеңгеміз де қуана қарсы алды.

– Жақсы келдің! Ертең Ұзынағашта Жамбылдың 150 жылдығына байланысты облыстық ақындар айтысы өткізіледі. Айтыстың әділқазылар алқасының төрағасымын. Ертеңгі сағат 8.00-де жүреміз. Сені қазылар алқасының құрамына да енгізіп жіберемін, – деді Тұмағаң.

Ұзынағаштағы айтысқа таңертең Тұмағаңның үйінен екі машинамен жолға шықтық. Облыстық мәдениет басқармасын басқаратын қыз көлігін қазылар алқасының төрағасына қызмет етуге беріпті. Біз Тұмағаң екеуміз сонда отырдық. Тұмағаңның өз қызмет көлігіне Күлтай жеңгеміз бастаған отбасы мүшелері жайғасты.

Ұзынағаш жаһанға мәлім ­Жамбыл ақынның жатқан жері, Жамбыл ауданының орталығы. Алматыдан 35 шақырымдай ғана жер.

Белгіленген мерзімде аудандық Мәдениет үйінде айтыс басталып та кетті. Айтысты аудан әкімі ашты. Тұманбай ағамыз Жыр алыбы Жамбыл атасы жайлы толғанысқа толы толғау сөзін оқып берді. Айтыстың негізгі шарттарын, жүргізілу бағыттарын белгіледі. Мені «Сыр елінен келген ақын інім, әділқазылар алқасы құрамында болады» деп таныстырды.

Айтысқа отыз жасқа дейінге 32 ақын қосылған екен. 16 жұп. Алғашында айтыс ұзаққа созылатын болды-ау деп қобалжыған едік. Бірақ Тұмағаңның іскерлігі, жыр бағасын тамыршыдай тани білетін талғампаздығы көпке создыра қойған жоқ. Бір-екі қағыстан кейін-ақ бағасын бағамдап, тоқтатуға ықпал жасады. Бұған жиналған көпшілік те, ақындардың өздері де ризашылық танытты. Әділ­қазылар төрағасы бас-аяғы екі сағат­тың көлемінде айтысты да аяқтап, жүлделерді беріп те үлгерді.

Айтыс жүлдегерлеріне белгіленген жүлде де қомақты екен. Оған қоса барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Жүлде алғандар да, алмағандар да шынайы ризашылық танытты.

Айтысты ұйымдастырушылардың әділқазылар алқасына жасаған сый-құрметтері де жоғары болды. Қазылар алқасының төрағасы Тұманбай ағаға фабрикадан арнайы тапсырыспен тігілген көздің жауын алатындай қызыл қоңыр ерекше шапан кигізілді. Алқа мүшесі, белгілі ғалым академик Өмірзақ Айтбаеқа да жақсы шапан жабылды. Қалған барлық алқа мүшелеріне Жамбыл Жабаевтың суреті салынып фабрикадан шыққан кілемшелер тапсырылды. Алқа құрамында болған маған да бір кілемше берілді.

Айтыстан кейінгі концертте негізінен Жамбылдың өзі шығарған әндері мен күйлері орындалды. Әсіресе, әсем киінген үш қыз қосыла шырқаған Жамбыл атамыздың «Угай-ай» әнінің әсері айрықша болды. Жиылған жұрт сілтідей тынып, тебірене толқып тыңдады. Үкідей үлбіреген үш қыздың үні құлағымның түбінде қалып қойғандай болды. Елге келген соң да ойыма жиі оралып, іштей ыңылдап айтып жүретінді шығардым.

Айтысқа қатысушылар мен ­қо­нақтарға аудан орталығының сырт жағына орналасқан оқушылар ­ла­герінің асханасында банкет берілді. Мұнда да алғашқы сөз Тұманбай ағамызға берілді. Тұмағаң бүгінгі айтысты ұйымдастырушыларға ­шынайы алғысын білдіріп, айтысқа қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі. Бұдан кейін тілек білдірушілер кезегімен сөйлеп жатқан. Үш-төрт тілек айтушыдан кейін Тұманбай аға қайта сөз сұрады.

– Кешіріңіздер, тағы бірер сөз ­айтуыма тура келіп тұр, – деді Тұмағаң. – Осында Сыр елінен келген ақын інім отыр. Көп жылдардан бері сыйласамыз. Жақынымдай болып кеткен жан. Айтысқа да өзім арнайы ертіп келдім. Әрі бәріміздің де ортақ қонағымыз. Жаңағы киген шапанымды осы ініме әрі қонағымызға сыйлағым келіп отыр, – деді Тұмағаң.

Мен үшін мына жағдай тым тосындау болды. Алғашында абыржыңқырап та қалдым. Дереу есімді жиып, орнымнан тұрдым.

– Тұмаға, үлкен рақмет. Мен үшін бүгінгі шараға алып келіп, қатыс­тырғаныңыз да үлкен мәртебе. Оған қоса қазылар алқасының мүшесі болып сыйлық та алдым. Осыған қанағат еткім келіп тұр, – дедім.

Облыстық мәдениет басқармасын басқаратын қыз қасымда отырған. ­Шошып кетті.

– Ойбай, аға! Енді сөйлемеңіз. Бізде сыйлықтан бас тарту деген болмайды. Олай етсеңіз, ағаның ұсыныс, тілегін сыйламағандық болады, – деді.

Мына сөзге мен де шошып, кәдім­гідей қысылыңқырап қалдым.

Бұдан әрі Тұмағаң қызды шақы­рып, қызыл қоңыр шапанды қолына ұстатты.

– Қарағым, мына шапанды жаныңда отырған ағаңа, қонағымызға өз қолыңмен кигіз, – деді.

Қыз аға ұсынысын тез, шапшаң орындады.

Алматыға келген көлігімізбен Тұмағаң, академик Өмірзақ Айтбаев үшеуміз бірге қайттық. Қалаға жақындаған кезде Тұмағаңа ұсыныс айттым.

– Тұмаға, Өмекеңнің қатысуымен мейрамханалардың біріне барып, шапанымды атап өтсем қайтеді? – дедім.

– Кейінге қалдырайық, – деп Тұмағаң келісімін берген жоқ. Шамасы мені шығындалмасын деген болуы керек.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ

 

1050 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы