• Әдебиет
  • 10 Маусым, 2021

Жеті күн, жеті жыл немесе адалдықтың үлгісі

Қайран, Қуағам-ай!..  Ақ адал, ақжүрек едің-ау... Көз алдыма елестеп, өкінішті ойлардың тасқыны көмейге кеп түйілгенде не айтарыңды білмей, тек елес бейнеге елегзіп, күні кешеге дейін көз алдымызда жарқылдап жүрген келбетін ғана місе тұтып, тосыла түсіп, мұңға батудан арыға қауметің бармай қалады екен. Көңілде қалған қалжыңы да, құлақта қалған дауысы да жаңа ғана жаңғырық салғандай боп бәрін еске түсіріп, куәгер күндердің бәрін қайыра әкеліп қамықтыра түсетіні-ай...

Жарқылдап жүрген жанның кенеттен ғайып болуы қисынсыз, әддісі әділетсіз секілді.

Кешеге дейін телефон құла­ғында «Қалыңыз қалай?» дегенімше, әдеттегісіндей «Алла!» деп ­жауап қататын Қуағаңның (қаламгер Қуанышбай Құрманғали ағаның)көңілді дауысы ауада қалқып тұрғандай боп елестейді.

Әлбетте, ары қарай кезекті әңгіме желісі ретімен сабақталып тарқатыла жөнелер еді. Арасында әзіл-қалжыңы да, ақыл сөзі де жарасым тауып, соңына қарай үнемі кітапқа көңілі құлап, ойын жеткізу үшін қайта оқып жататынын білетін мен: «Қуаға, көріп тұрмын үсте­ліңді, не жазып жатырсыз?» деймін әдейі қалыпты сауалымды қайталап.

«Көрсең сол... жазу керек боп тұр. Тапсырыс бар» деген еді сол жылы.

Айтуынша жазбасқа болмайды, «жазуым керек» дейді көңілді пейілмен сырына қызықтыра түсіп. Өтініш – «Жас Алаштан» («Ленжас»). Газеттің 100 жылдығына арналған айтулы жинақ шықпақ екен. Жас журналист Арай Сахариева деген қарындасы қолқа салыпты. «Соған орай, Оралхан Бөкейдің осы газеттегі қызметіне байланысты естелік жазып берсеңіз» депті. Ол Оралханның 1968-1974 жылдары газетте  істеген жеті жылы ғой.

Қуағаң өзі жастайынан жұмыс істеген «Ленжас» қой, бірден келісіпті.

Ағамыздың айтса орындамай қой­майтынын, қолға алған іске жауап­кершілікпен қарайтынын білем. Бұл қалыптасқан әдеті әрі әркезде айнымайтын адалдығы... адалдық болғанда қандай! Біткенше жаны жай таппайтын жан ұстанымы.

Сол тапсырмамен жеті күн бойы кітапханаға барғаны, Оралхан істеген жеті жылдың жеті тігіндісінің бір бетін қалдырмай қарап шыққаны өз парызына адалдықтың үлгісі демей гөр!

Онысына өзінің қуанышы тіпті керметтей толқулы еді. «Бітірдім!» деп қояды.

«Сөйтіп, ойламаған жерден жастық шақ – думанды дәуренмен қайта жүздесіп, бір жасап қалғандай күй кештім, – дейді, – Иә, содан елу жылдан бұрынғы өмір өткелдері ойға оралып, жастар газетіндегі тағдыр тоғыстырып-табыстырған, бір үйдің баласындай тату-тәтті тіршілік кешкен, жарыса жазып, ел-жұртымыздың бүгінгі жарқын болашағын аңсап, ақтарыла жүректегі сөзімізді  лапылдап жазған  қатарлас жігіттердің бейнесі көз алдымнан тізіліп өтті, – дейді, – Жастар ғана емес, жалпақ жұртшылықтың сүйікті газетінде қаламдары ұшталып, кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлері, айтулы азаматтары атанған ағаларым ­Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Қалдарбек ­Найманбаев, Әбіқұл Ибрагимов, Уақап Қыдырханов, Қарсыбай Қасымбеков, Рәшит Рахымбеков, Орысбай Әбділдаұлы, құрдастарым Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Кәрібай Ахметбеков, Серік Әбдірайымов, Болат Бодаубаев, Мерғали Ибраев, Құрманғазы Қараманұлы, інілерім Жақау Дәуренбеков, Сейітқазы ­Досымов, Серік Тұрғынбеков, Жанат Елшібек, қарындастарым Мағира Қожахметова, Жұмагүл ­Солтиева есімдері ел-жұртымызға белгілі. Бұлардың әрқайсысы хақында айтылар әңгіме, шертілер сыр жеткілікті. Ал басты әңгіме тек Оралхан туралы ғой, – деп бір тебіреніп  алған. Одан әрі әңгіме арасында «Өздерің газет беттерінен түспейді екенсіңдер ғой» деп те қойып,  ағынан жарылғаны тебірентіп, ой кешуіңді тереңдете түскен.

Ары қарай жасаған еңбегіне қараңыз. Не деген ыждағаттылық, не деген ықылыс.

Тіпті жеті күн талмай-талғай жасаған шаруасын айтсайшы.

Нағыз кәсіби жанкештілік.

«Лениншіл жастың»  сарғайған беттерінде сақталған жастар өмірінен  сан тарау тақырыпқа  сыр төккен  Оралханның очерк, эссе, новелаларын,  ауыл хикаяларын оқып  шолу жасап, оның журналистикадағы зор үлесін, өзіне тән қасқа жолын көрсете баяндау, жеті жылғы газеттегі еңбегін ерекше талдауы ерен еңбек екені сөзсіз.

Жеті күн, жеті жылдың әдемі түйіні – бұл дос еңбегін құрметтеудің ақ  адал ақиқаты.

Мұндай кеңдік, қасиет – адалдық­тың арқасы.

Осы қасиеті оның өзгешелігі еді, өмірді сүюдегі арқа сүйері болатын, адамдармен қатынастағы тілек-тірегі еді.

Бұл оның Оралханға ғана емес, ­достарына деген ақ адалдығы еді. Ал достарына деген адалдығы тіптен ерекше еді. Достарының туындыларын бірін қалдырмай талдап, талғап, толғап, танып жазудан жаңылмай өткен оның болмысы баршаны қайран ететін.

Адалдықты азаматтық парызым деп түсінген, көңілі сергек, кеуілі кең Қуағаңның соңғы жазбасы осылай өзінің жастық шағы өткен  «Ленин­шіл жасына» («Жас Алаш») арналып жазылған «Жалындап өткен жеті жыл» деген тақырыппен түйінделгені – тебірентіп, жабыққан көңілді жарылқап, өзекті өртеген күйінішті күйге бөлеп, жанды терең толғанысқа... түсірерін кім білген...

Әй, Өмір-ай...

Жақау Дәуренбеков

 

1899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы