• Тарих
  • 10 Маусым, 2021

АЛАШОРДАШЫЛ

«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» немесе «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ!» дейтініміз бар. Қай-қайсысы да тегеурін бермейтін адуын уақытқа байланысты айтылып қалған нақылдар ғой. Қарбалас па, әлде жанталас па екен, алмасып жатқан күн мен түн алды-артымызға қаратар емес. Ерекше құрметтейтін ұстазым – Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаевтың өмірден көшкеніне тұтастай бір жыл өтіп кеткенін байқамай да қалыппын.
Көпжасар Нәрібайұлымен аумалы-төкпелі 1991 жылы танысқан болатынмын. Ол тәуелсіз Қазақстанның бас университеті – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ректоры. Алғаш кездескеннен-ақ байқағаным, айналасындағыларды жылылықпен өзіне тартып тұратын ерекше қасиеті бар екен. Бірінші тіл қатысқаннан кейін Көпжасар аға мен үшін ұстаз, сенімді дос, қамқор аға, адамгершілік пен құрметтің қайталанбас үлгісіне айналды. Сол кездің өзінде ірі мемлекеттік және саяси қайраткер бола тұра данагөй, адал және қарапайымдылығымен бірге өзінің азаматтық терең позициясын қорғайтын сәттерде қайсарлық пен қайраттылық танытушы еді.

Оның өмір жолдарына назар салар болсақ, номенклатуралық лауазымы және карьерлік өсу жолдары – бәрі де КСРО-да қалыптасып қалған ресми ережелерден бірде-бір мәрте ауытқымаған. Иә, бір қарағанда солай болып көрінуі мүмкін. Бірақ тағдыр жолында шыңға шығу да, биіктен құлдилау да кездеседі. Тағдырдың байлауы, беймәлім сыртқы күш оны сенімінен, мақсатынан, бағытынан және өмірлік көзқарасынан тайдыра алмады. Қандай қиындық кездессе де ол туған елінің, Отанының ­патриоты, білім мен ғылым жүйесінің шебер ұйымдастырушысы, тумысынан педагог және жастардың жанашыры болып қала берді.

Ол өзінің ғылыми қуатын, білімі мен тәжірибесін, ұйымдастырушылық дарынын тәуелсіз мемлекетіміздің қиын жылдарындағы қазақстандық жоғары білім жүйесін қалыптастыруға жұмсады. Егемен еліміздің тізгінін ұстаған Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серіктесі бола білді.

Көпжасар аға білім беру саласына, әсіресе ғылыми зерттеу жұмыстарының бастауы, Қазақстанның болашағы – жоғары білім беру ісіне ерекше мән берді. Тәуелсіз мемлекетіміздің осы саласында қалыптасқан проблемаларды шешуге және өзгелермен бәсекеде көш алдында болуға өзінің саналы ғұмырын арнады. Өйткені ол өз еліміздегі және бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі жоғары білім беру мектебі жүйесінің табыстары мен жетістіктерін, кемшіліктері мен түйіндерін, бұл саланы қарышты дамытудың жолдарын жетік білетін. Оның озық ақыл-ойы, білім беру мәселелеріне тұрақты көзқарасы және шығармашылық ізденістері педагогикадағы ұшы-қиырсыз жолда адастырмайтын сара жол болды. Соның арқасында Көпжасар Нәрібайұлы қызмет сатыларының бір де бірін жіберместен жоғары білім орнының ұстаздығынан министрге дейінгі шыңға көтерілді.

Орталық басқару институттары мен білім беру саласындағы Көпжасар Нәрібайұлының абырой-беделінің көмегімен Қазақ мемлекеттік университетіне Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің есімі берілді. Университетке Қазақстанның Ұлттық автономдық университеті мәртебесін алуға шексіз қызмет еткен де Көпжасар ағамыз. Соның нәтижесінде өз алдына республикалық бюджеттен қаржыландырылатын университеттің профессор ұстаздар құрамы үшін қос жалақы белгіленді.

 Университеттің ерекше мәртебесі, студенттердің білімін бағалаудың алғаш рет енгізілген рейтингтік жүйесі, барлық мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларында жүргізілген білім беру реформасы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық және Еуразиялық университеттер Қауымдастығына қабылданған ең тұңғыш қазақстандық жоғары оқу орны болуына мүмкіндік берді. Сол арқылы әлемнің 150-ден астам университетінің өкілдерімен байланыс және ынтымақтастық орнатылып, ҚазҰУ-дің мәртебесі әлемдік деңгейге көтерілді.

Көпжасар Нәрібайұлының өмірі мен қызметі еліміздің мүддесіне арналды. Құрметке де үлкен абыройға да лайықты. Оның елге жасаған қызметі мен жеке тұлға ретіндегі азаматтық іс-қимылы туралы ұзақ әңгіме қозғауға да болар еді. Оның барлығы да мемлекеттік марапаттармен, мадақтамалармен және арнайы атақтармен аталды. Дегенмен, Көпжасар Нәрібайұлының өзім мақтан тұтатын, бас иетін, құрмет тұтатын басқа қырлары туралы баяндағанды жөн көрдім.

Оның ең басты қасиеті – мінез-құлқының қарапайымдылығы, атақ-даңқына қарамастан өзін өзгелермен қатар қоя білуі және кез келген адаммен тіл табыса білетіндігі. «Жауын жерді ширатар, қайғы ерді ширатар» демекші, 1986 жылғы желтоқсанның ызғары санасы – зерек, ақылы – ерек жігіттеріміз бен қыздарымызға оңай тимеді. Жоғары ар-ұждан мен адамгершілік және ұлтжандылықты бойына жиған Көпжасар Нәрібайұлы Мәскеудің айтағына ермеді, бірде-бір студентті немесе оқытушыны оқудан шығаруға немесе жұмыстан босатуға бұйрық шығарған жоқ. Сол кезеңде бұл үлкен ерлік болатын. Көпжасар аға сондай сын сағаты соққанда өзінің шынайы бейнесін, отаншылдығын және ұлтқа деген жанашырлығын көрсетті.

86-ның желтоқсанынан кейін оған қазақ жастары үшін шектен тыс ерекше жағдай жасап, жоғары оқу орындарында студенттердің ұлттық құрамында тепе-теңдік сақтамаған ұлтшыл деген айып тағылып, министр лауазымын босатуға мәжбүр етті. Шындығына келгенде қазақ жастары ғана оқуы керек, өзге ұлттың жастары жоғары оқу орнынан аулақ жүрсін деген кері пиғыл онда жоқ еді. Өзі коммунист және ар-ұятты жоғары қоятын азаматқа мұндай жала ауыр тиді. Сондықтан өзіне тағылған айыпты мойындамады. Өзінің ар-ұжданын арашалап алу үшін күресті. Нақақ жала екенін барлық деңгейде дәлелдеді. Көпжасар Нәрібайұлы айтқандай, қазақ студенттерінің үлес салмағын халықтың санына шақпай, оқуға түсетін талапкерлердің жас топтарына сәйкестендіру қажет болатын. Мәселен, 1980 жылдары жыл сайын орта мектепті бітірушілер саны 200 мыңға жуық болатын. Олардың 58-60 пайызы қазақ балалары. Республика бойынша қазақ студенттерінің үлесі 53 пайыз болды. Осындай бұлтартпас мәліметтерді келтіре отырып, Көпжасар Нәрібайұлы сол жылдары оқуға түскен жастардың ұлттық құрамына мұқият талдау жүргізді. Ұлты орыс 10 абитуриенттің 7-і, ал 10 қазақ абитуриенттің тең жартысы ғана оқуға түскен. Мұнымен қоса, олардың әлеуметтік жағдайларына шолу жасап, қазақ жастарына өзгеше қамқорлық көрсетіліп жатпағанын дәлелдеді.

Көпжасар Нәрібайұлының мұндай «ерекше мұқияттылығы» ресми Мәскеуге, Қазақстанның жаңа басшылығына ұнамады. Республика билігінде шиыршық атқан жағдайды сезінген ол министрліктен босату жөнінде өз еркімен арыз жазып берді. Өзінің шыншылдығы мен бірбеткейлігі үшін зардап шекті, бірақ оған өкінбеді. Әрине, уақыт өте келе бәрібір шындық үстемдік құрды, бәрі өз орнына келді.

Министрліктен соң Көпжасар Нәрібайұлы Қазақ КСР Ғылым Академиясы жүйесінде жетекші ғылыми қызметкер, Экономика институтының Халық шаруашылығын басқару проб­лемалары бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бұл кезең Көпжасар аға үшін өткенді екшеп електен өткізген, болашақты безбенге салған уақыт болды. Республика, қазақ ұлты нәубетке ұшырай жаздады, экономика дағдарыста, «ұлы держава» атанған Кеңес Одағының іргесі шайқалды, күйреуге айналды.

Ел болашағы – қазақ жастарының жанашыры болған, олардың келешегін ойлаған Көпжасар Нәрібайұлы осы кезеңдерде болашақ экономистер үшін қазақ тілінде бірқатар оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазуға отырды. Бұл үлкен мұхиттардағы мұзтауларды жарғандай ерлікпен тең болатын. Көпшілігіміздің есімізде болар, КСРО кезінде ұлттық топтарда да дәрістердің бірқатары орыс тілінде оқылатын. Өйткені қазақ тілінде оқу құралдары болған жоқ. Сондықтан ұлттық топтардың студенттері мәтіндерді өз беттерінше орыс тілінен қазақ тіліне ­аударды. Ал экономикалық терминдердің тіпті қазақша баламасы болған жоқ. Осы жоқтың орнын алғашқылардың бірі болып Көпжасар аға толтырды. Алғашқы педагог-ғалымдардың бірі болып, есепке алу және басқару жөнінде ана тілімізде ғылыми еңбек және оқу құралын жарыққа шығарды.

Көпжасар Нәрібаевтың 1966 жылғы еңбектерінде тұңғыш рет есепке алу ­теориясы, есепке алу және басқаруды механикаландыру мен автоматтандырудың принциптері, тексеру мен бақылау негіздері, АСБ-ды ұйымдастыру және басқа бірқатар экономикалық проблемалар туралы қазақ тілінде жазған болатын. Көпжасар Нәрібайұлының жазғандарынан қазақ оқырманы, студент, оқытушы ғылыми терминдермен, экономикалық, техникалық, фундаменталдық және қолданбалы ғылымның түрлі бөлімдері бойынша көптеген экономикалық санаттармен алғаш рет танысып, соларды күні бүгінге дейін қолданып келеді. Тіл жанашыры Көпжасар аға сол жұмыстарды тоталитарлық коммунистік режим өз күшінде тұрған кезде жасады. Мәскеу Одақ құрамындағы ұлттық республикаларға үнемі қатаң бақылау мен қадағалау орнатып қойса да профессор Көпжасар Нәрібайұлы қазақ тілінде 10-нан аса кітап, 5 брошюра және 70-тен аса мақала шығарды.

Көпжасар ағаның мен үшін ұлағаты ұшан-теңіз. Ол маған мемлекеттік қызмет қақпасын ашып, ақ тілеулі батасын берді. 1987 жылы А.А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін үздік дипломмен бітірген мені жолдамамен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жіберді. Бұл желтоқсанның ызғарлы желі әлі сейілмеген, елде, оның ішінде жоғары оқу орындарында басылмаған әңгіме болатын.

Сондықтан Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны маған есігін ашпады. Бейресми түрде түсіндіргендеріне қарағанда КОКП ОК Саяси бюросының шешімі бойынша жергілікті ұлт өкілдерін, Қазақстанның оңтүстік өңірлерде туғандарды жұмысқа алмау жөнінде нұсқау болған. Мені тіпті мектепке ­математика пәнінің мұғалімдігіне де алған жоқ. Өйткені педагогика мен психология пәндерін өтпегенмін, сондықтан мектепте сабақ беруге болмайды, оқушылардың мінез-құлқына кері әсер етеді екенмін. Осылай деп шығарып салды.

Алматыда үш ай жұмыссыз жүріп қал­ған соң Ленинградқа қайтуыма тура келді. Институт кафедрасында үш-төрт жылдай жұмыс істей жүріп, аспирантураны бітіріп алдым, кандидаттық диссертация қорғадым.

1991 жыл болатын. 1987 жылы өзіміздің Алматының «оңтүстіктенсің» деп қабылдамағаны көңілде қалып қойған. Бірақ, кім «битке өкпелеп тонын отқа тастайды». Көңілім алаң, ел жаққа қарап елегзи беремін. КСРО-ның іргесі сөгілді. Таңдауыма екі жол қалды, бірі – Ленинградта, кафедрада оқытушы болып, басқа мемлекеттің азаматтығын алу. Екіншісі – туған елге, Қазақстанға оралу. Әкем Құламқадыр Мамытбековтың аманаты, өсиеті есіме оралды. Ол қазақ тілінде көсемшелік орамдар бар екенін ең алғаш дәлелдеген профессор, филология ғылымының кандидаты. Алайда бұл ереже қазақ тілінің бірде бір ғылыми және оқу курсына енгізілген жоқ. Кейбір филологтар мен лингвистер мойындамай келеді.

Әкем «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп көп айтатын. Әке өсиетіне сүйеніп, елге оралуға бекіндім. Сәті түсіп, дәл осы кезеңде мен Көпжасар Нәрібайұлымен жақын таныстым. Бір сағаттай отырып, қызықты әңгіме-дүкен құрдық. Кездесу қорытындысында қолданбалы математика және механика факультетінің кибернетика кафедрасына ассистент болып қабылдандым. Содан бастап екеуміздің арамыздағы әріптестік, достық қарым-қатынас оның өмірінің соңына дейін үзілген жоқ. Әлі де оның рухымен тілдесіп отырамын.

Көпжасар ағаның не байқағанын қайдам, мені, 27 жасар ассистентті университеттің ғылыми кеңесінің құрамына қосты. Одан соң тағы да Көпжасар Нәрібайұлының қолдауымен физика-математика және техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін тағайындау жөніндегі диссертациялық кеңестің ең жас мүшесі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың орынбасары – ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы болдым.

Ғылми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға да уақыт таптым, өз мамандығым бойынша докторлық диссертациямды қорғауға дайындалдым. Бірақ отбасында, ата-баба рухымен қалыптасқан қағида бойынша одан бас тарттым. Бәрі бірдей ғылым докторы бола берсе елді, оның экономикасын, стратегиялық жоспарлардың келешегін кім кемелге келтіреді деп ойладым. Жан-жағыңның бәрі ғылым докторлары. Әке аманатын арқаланып, ­диссертациямды отқа салып жібердім. Жеңілденіп қалғандай болдым. Небәрі 30 жастамын. Күнделікті қызметімде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Зұлхайыр Аймұхаметұлы Мансуров көп көмектесті, қолдады. Әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ.

1996 жылдың маусым айында Көпжасар Нәрібайұлы кездесуге шақырды. Әңгіменің төркіні – жұмыста тәжірибе жинадың, енді бұдан әрі лауазымдық жоғарылауға ұмтылу керек. Ағаның батасымен Қазақстан ­Республикасы Үкіметінің Аппаратына жұмысқа қабылданып, білім жүйесіне жетекшілік еттім. Қазір Қазақстан ­Республикасы Парламенті Сенатының депутатымын, еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органында жұмыс істеп жүрмін. Мен өмірлік жолымда Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев сияқты тамаша Адамды кездестірген тағдырыма ризамын.

К.Нәрібайұлы өмірден озғанда ең қымбат жанды жоғалтып алғандай күй кештім. Оның берген ақыл-кеңесі, маған деген ықыласы, ерекше қамқорлығы арқасында мемлекетке қызмет ету жолында биік шыңдарға жеттім. Ол жай ғана қолдау көрсетіп қоймай, еңбекпен, ақыл-оймен кез келген биіктерді бағындыруды үйретті. «Асығушы болма, маңдайыңа жазғаны уақыты келгенде орындалады» деуші еді. Ұстаздың осы аманаты үнемі алдымнан шығып келеді. Біреудің артынан тас лақтырмадық. Өз пәнім бойынша студенттерімді ылғи да қолтығынан демеп, әріптестерімді қолдаумен болдым. Көпжасар Нәрібайұлы солай үйретті, сондай қасиеттерімен үлгі болды.

Көпжасар Нәрібайұлы туралы есімдегілерді қорытындылай отырып, мынаны атап өткім келеді. Ол халықтың ұлы, ұлтының перзенті бола білді. Тумысынан педагог, тәрбиеші, өмір мектебінің ұлы ұстазы, тек қана құрметке лайық тұлға. Көпжасар аға менің жадымда қарапайым, ойшыл, зиялы, қажырлы және қайратты, рухы биік, ұлт тағдырына бейжай қарай алмайтын нағыз қазақы тұлға ретінде қалды.

Көпжасар Нәрібайұлы басшылық жасап, еңбегі сіңген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оның атында дәрісхана ашу – баршамыздың елдігімізге, азаматтығымызға сын. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы даму сатысында алашордашылардың озық идеяларын жалғастырушыларға құрмет және жаңа заман жастары үшін отаншылдықтың үлгісі болары сөзсіз.

Еділ МАМЫТБЕКОВ,

ҚР Парламенті Сенатының

депутаты

1476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы