• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

КҮМІС ҚҰМАН ОТТА ТҰР НЕМЕСЕ БІЗДІҢ КУРСТАҒЫ БІРЕУ (штрихтар)

Біздің курс ерекше еді. Біздің курс­тан кімдер шықпады? Оқуға түспей жатып, атағы алты қырдың астынан естіліп келген Ұлықбек Есдәулет, «Арадағы» әзіл-оспақты түгел жатқа айтып, заман ер-тоқымын түзеген кезде ақындар сайысын бұзып-жарып, халық ақыны атанған Қонысбай Әбіл, оңашада әңгіме жазып, жұлдыз шыға сыбызғысын сыңсытқан сырбаз Дидахмет Әшімхан, «Бай-қуатты болайық» деп жалқау қазақтың көңілін бұзған Нұртілеу Иманғалиұлы, «Қан мен терге» төккен арам терді» жазып, жалақысыз далада қалған лингвист-ақын Байбота Қошым-Ноғай, жер мен көктің байланысын зерттеп отырғанда есікті тықылдатқан декан Қожакеевке: «Мазамды алмаңыз, шығармашылықпен айналысып жатырмын» деп, маңдайшадағы электронды жазумен жауап берген фантаст Жүніс Сахиев, өлең жазса да өрекпімей өздерін құпия ұстаған Бекен Шоланов пен Қанеш Қанафин, «Макар Чудраны» жатқа айтып, Қонаевты жүз метр жерден көріп, шежіре шерткен Ораз Қауғабай, «Расписание өзгерді» деп өзгелерді қалдырып, өзі лекцияға тартып кеткен Жанат Тұрғанбеков, Санкт-Петербург университетіне ауысып кетіп, серіліктің сан түрлі тәсілдерін үйреніп қайтқан Әбдімүтәл Әлібеков, даусы алты қырдың астынан естілген ел еркесі Жәнібек Кәрменов те біздің курстас еді.

Біздің курстан кімдер шықпады?

Бірінші курста-ақ Сағат Әшімбаевтың көзіне түсіп, Бальзакты зар еңіреткен сыншы Жанұзақ Аязбек, журфакты бітіріп, аудандық айықтырғыштың бастығы боп, қонағын салқын жер – торлы терезеге бір түнетіп алған Әбдіғани Қасымбеков, «Өзгелер туралы ой айта алмаймын» деп жүріп, бір күнде Оралхан туралы эссе жазып тастаған Жеңіс Бақадыр, қос профессордың бірі – студент кезінде-ақ халықаралық деңгейдегі аспаз атанып, кейін Түркістан университетінен түлек ұшырған Сейдолла Садықов пен СХИ-дің электрофагына барып жүріп токқа түсіп қалған бейкүнә, кейін Мәскеуден ­мекенжайын тапқан Серікқали Байменше, ақшасын шашып, жұртты тойындырып жүретін «бай баласы» Төрегелді Байтасов пен іліп түсер Мырзашөл «меценаты» Мылтықбай Ерімбет, «Советтік шекараға» еңбегі сіңіп, Мұқағали мұрасына бас ие боп қалған Батық Мәжитұлы мен гүл иіскеп, гитар шертпесе ұйқысы келмейтін ақын-сазгер Сайлаубай Тойлыбай, журфакті бітіріп, шахматтан сабақ жүргізіп, Карпов­тың жолына түскен Мақұлбек Малдарбек, қысқы каникулдан кейін «Ағам өсесің деді» деп, үш размер кең пальто киіп кеп, сантиметрлеп бойын санаған Сейтқұл Оспанов, «Мен совет құрылысы бөлімінде істеймін ғой» деп, түскі үзілісте теннис ойнауға шықпайтын «Жетісудың» ардагері Марат Әбдіхалықов, партбюро мүшесі боп маңына кісі жолай алмас коммунист, кейін мешіттің меншігіне өткен дәрежелі имам Орынбек Жолдыбай...

Гүлдей үлбіреген қыздарымыз қандай еді.

Анна Снегинадай жаны нәзік ­Райхан Ахметова мен журналға әңгіме жолдаса тақырыбын ұмытып кетер Бақыт Мерекенова, «Қазақстан пионерінің» қаламақысына көзімізді қызықтырған Гүлсім Мұқышева, журфакті бітіріп, КСК-ны бір шыбықпен айдаған ­Жанат Әлмағанбетова, Әшірбекпен бірге «Мақташы» газетіне штаттан тыс тілші болып, балаң көңілдің «Балбырауынын» бірге шерткен Гүлсара Қабыланова мен ­«Бахова» дегенде ұшып тұрып, ­Мархабаевты селк еткізген Үмітхан, бірінші курста оқып жүріп, армян тектес Тоқтармен бір қайықта жүзген Роза Нарымбетова, Қыз Жібектей қиылып тұратын Төлеу Майнгенова...

Айта берсе көп-ақ.

Төлеубала, Гауһар, Сейтқұл, Дидахмет, Әбдіғани, Әбдіразақ, Төрекелді, екі ­Жанат, Сембай, Тұрсынбек, Нұртілеу секілді әруаққа айналған курстастарымыздың алдында бас иеміз.

Бүгін осылардың арасынан бір жыл бұрын бәрімізге қол бұлғап кеткен «біртүрлі» болмыс Әшірбек Аманкелдиев туралы сыр шертпекпін. Бес жыл бойына бір кісімен бір үстелдің басында отырып жарқылдап ас ішпеген аса сақ Әшірдің құпия сырларын қайдан білесің десе, бір жыл, бір ай, бір күнде туған құрдас көңіл бәрін де барлап жүреді екен. Өзі жоқ құрдастың басқан ізі көз алдыға көлеңдеп, кей кездері сағынады екенсің.

 ***

Өткен ғасырдың 72-жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түскендер бір-бірінің жүрек дүрсіліне құлақ қойып, күндер өте келе бір-бірін тайға таңба басқандай тани бастады. «КазГУ жаққа елеңдеп, СХИ жақтан сақтанған» (Жарасқанның эпиграммасы) мен де осы үйірге жыл аяғында қосылдым. Қорам деген жерде түшкіріп, темекі де тергенім жоқ. Келген бетте сұңғақ бойлы, кең маңдайлы, тәмпіш танау, кісіге тыжырына қараған «сарыауыз балапан» жігіт «Қай жылғысың?» деді күдікті көзқараспен. Тыжырынбай жауап бердім. Бір жыл, бір ай, бір күнде туыппыз. «Әлі көреміз, құрдастыққа жарайсың ба, жоқ па?» деді күдігі сейілмей. Бұл – мектепті алтын медальмен бітіруге сәл-пәл ғана балы жетпей қалған Әшірбек Аманкелдиев екен. Сабақ десе, жанын береді. Журфакта көбіне шығармашылық бірінші орынды, сабақ екінші орынды иемденеді ғой. Сабаққа дайындалып, көз ілгенде кітапты көкірегіне басып жатады екен. Семинарда жауап бергенде «Европаны елес кезіп жүр» деп тақ-тақ етеді. Сәл ұмытып қалса, «Ағай, басынан бастап айтайыншы» дейді. «Қарағым-ау, сенен басқа 24 студентім бар, бәрі басынан бастап айтса осы жерге түнейміз ғой» дейді оқытушы. Әсіресе сынақ кездері жағы сопайып, жүдеп кетеді. Әр есікке құлақ түріп, кім қалай дайындалып жатыр екен деп сырттай барлау жүргізеді. Білімге деген құштарлық осы. Оқуға түскесін куратор курспен танысып, сөз аяғында «Кімде қандай сұрақ бар?» деп сұрау салғанда Әшірбек орнынан ұшып тұрып: «Ағай, аспирантураға қалай түсуге болады?» депті ерекше екпінмен. Көкірегін ыс басқан запастағы полковник Қайыркен Әбдірахманов қақырына бір түкірініп ап: «Әуелі оқуды бітіріп алсайшы» дейді тағы бір «Беломордың» ұшын умаждап тұрып. Сонан біраз уақыт кейіпкеріміздің «кличкасы» «Аспирант» боп жүрді.

Бала зерек. Айтқанды қағып алады. Тірлікке мәттақам. Есептен жаңылмайды. Азық-түлік дүкеніне барғанда шот қағып тұрған сатушыдан бұрын санды дөңгелентіп тастап, сатушының аузын аштырады. Таразының кілт-кілт еткен қызыл сызығынан әсте көзін алмайды. Әшірбектің алдында ешкім де коррупцияға бара алмайды. Бөлмелесі Төрекелді Байтасовқа: «Кәртөшкенің қабығын қалың ғып аршыпсың, бұны тек пышақтың жүзімен қыру керек еді, бүгін сен тамақты аз жейсің» десе, «бай баласы» шаптығып, жекпе-жекке шақырыпты. Мұндай фактілер аз емес. Мен бір рет түс әлетінде бөлмесіне бас сұғып едім, кеткенше зықым шықты. «Тамақты даусын шығармай шайна, коридорда кетіп бара жатқандар естіп қап бізге қарай бұрылады» дейді екіленіп. Оу, онсыз да сыртқы есік пен ішкі есік тарс бекітулі емес пе?

Әшірбектің алдында артық сөз айтуға болмайды. Фактіні дұрыс пайдаланбасаң бірден қағып тастайды. Профессор ­Амандосов журналистиканың ең қысқа жанры – хабар жазуда фактіні тиімді пайдалануды тәптіштеп түсіндіріп жатқанда: «Ағай, сөйлеу үшін де факті керек қой» дегені. «Сен сөйлеген сөзіңдегі фактілерді қағазға тиянақты түсіре алсаң жақсы хабар шығады, 20 жол хабармен әлемді жалт қаратуға болады. Біздің көп журналистер ауызбен айтып, қолмен істей алмайды, яғни «ауызбен орақ орады деді» профессор. Сонан әліге дейін «Сөйлеу үшін факті керек» деп кейіпкеріміздің тосын тұжырымын отырған жерде алға тартамыз.

Алгебра мен геометрияны, физика мен химияны шыр айналдырады. Менделеевпен бірге жүріп, маңдайына алма түсіп, жердің тартылыс күшін амалсыз дәлелдеген Ньютонмен алма бақтың саясында бірге жатқан секілді.

– Сен неге пединститутқа түспедің? – деп едім, ексіммен екілене қарады.

– Журфакты жарытам деп келдің бе, жарытсаң СХИ-ді неге жарытпадың, жарым?! (жарым сөзі – Тәшкеннің түбінде өскендердің жергілікті диалектісі).

Журфакті қызыл дипломмен бітіруге сәл-пәл қалды, әйтеуір бір нәрсе қолбайлау болды. Әйтпесе, «Аспиранттың» аты ерттеулі тұр еді. Кейін Мәскеудің Жоғары комсомол мектебін бітіріп, баспасөзге араласты. «Неге комсомол жолына түспедің?» деп едім, «Ақшасы жоқ, құр әшейін адамды алдау ғой» деді фактіні еңіретіп алға тартып.

«Білім және еңбекте» (кейін «Зерде» болды) жұмыс істеді, ғылыми мақалалар жазды, социализмнің «мен» деген біраз өкілдерімен сырлы сұхбат жүргізіп, жұртшылықты жалт қаратты. А.Асқаров, Е.Әуелбеков, К.Салықов секілді партия сұңғылаларын тікелей әңгімеге тартып, оқырманның айызын қандырды. Кейін бәрі талан-таражға түскен кезде «Зердеге» зерделі көңіл, игі ниетпен ие боп қалды.

Кәсіпке адал, қолы таза еді. Штирлицтей аса сақ, компьютердей ар жағынды көріп тұратын. Кісіге сене бермейтін, тірлікке бәрін дәлелдеп барып кірісетін. ­Баспа ашып, кітап шығарды, тарихқа жүгініп, жолы болмай жүргендердің еңбегін жария етті. Албан шежіресін шығарып, мұқабаға Райымбек батырдың суретін қойса, біреу аттандап келіп, көңілі көншімей кереғар сөз айтыпты.

– Мынау Райымбекке ұқсамайды ғой...

– Райымбекті көріп пе едің? – деп баспа директорының бетіне шұқшия қарапты. Әлгі кешірім сұрап, қашып құтылыпты.

Кейіннен «Алматы ақшамында» ­саяси шолушы болды, интернеттің иін қандырып, орталық баспасөздің шаңына көмілді. Сирия мен Ауғанстан, Америка мен Ұлыбританияны шыр айналдырды, Путин мен Трамптың тірлігіне бірге оқыған курстасындай баға беріп, байлам жасады.

Бір күні: «Әшір, бір келіншек «Осы кісі Сирияда тұра ма?» деп сұрады десем, қопандап қалды. «Тезірек таныстырсайшы, Сирияға апарып қыдыртам деп алдап кетейін» деді алпыс екі тамырынан бір зуыл жүгіріп өтіп. Қопаңдауы құлшынысқа ұласқалы тұр. Осылай жібитін кезі де жоқ емес, бұлтартпайтын фактілер де аз емес. Жібісе шемішке майдай еріп кетеді. Әлі есімде, екінші курстың ақырында группамыз түгел опера театрына «Аққу көлін» тамашалауға бардық. Әшірбек аяқ ұшымен билеп жүрген аққу-қызды ә дегеннен жақтырмады.

– Мынау бұзылған қыз ғой, адамға қарап талтая береді, – деді мені бір түртіп қап.

– Бидің ережесі осылай ғой...

– Балет бітіп, қыз қол бұлғап кетіп бара жатқанда:

– Мына жарым маған қарап қол бұлғап бара жатыр ғой, – деді селкеу көңілмен.

– Биші қыз көрермендер алдына шығып иіліп, аяқ ұшымен аққу боп қалқып, сахнаны тастап бара жатқанда тағы сөйледі.

– Қағаздай екен, – деді көзбен шығарып сап.

– Сенің жүретін қызың бар емес пе?

– Алыста жүр ғой... – деп, бір нәрсесі қалып қойғандай артына бұрылып, тағы бір қарады.

Бұл – өнер құдіреті, Әшірбектің жас жүрегін ұршықша иірген ұрғашының сезім сиқыры.

«Сөйлеу үшін факті керек» деген сөзі курстың көкірегінде мөр боп басылып қалды. 3-курстағы бір тайталаста желкем жақтан сытыла берген Мылтықбайға: «Бір факті айтсам артынды қысып қаласың ғой» дегені шыныдай шытынап. Мылтықбай жым болды. 4-курста тағы бір жерде өрекпіп кеткен Мылтықбайға «Бір факті айтсам... қысып қаласын ғой»  деді жақтырмай қарап. Пендеде күнә көп, Мылташтың тағы да жүні жығылды. Ал енді, 5-курсты бітірерде, қолға ­тиюге аз-кем қалған дипломның буымен масайраған Мылтықбайға: «Бір факті айтсам ... қысып қаласын ғой» дегенде, анау да терісіне симай: «Айтшы, ал, айтшы» деді айғақтың артын күтіп. «Сен 1-курста, Гауһар Исаеваның әкесі өліп, 50 тиыннан жинағанда, 25 тиынды бермей кеткенсің» деді қылмыс пен жазаның датасын дәл айтып. «Е-е-е, сол ма?» деп Мылтықбай мерзімі өтіп кеткен жеңіл қылмысты естіп, бойы жеңілдеп қалды. Бірақ Әшірбек ер-азаматқа «Бойыңда өтелмеген қарызың бар» деген кінә артқан көңілмен қарады. Әйтсе де, Мылтықбайды жақын тұтып, ағынан жарылып ақтарылатын. Өйткені табан тиген топырақ пен бірге жұтқан ауа, «шешеңнің...» деп басталған жергілікті диалектіні айтқанда екеуінің де жаны еріп кететін.

– Осы сен, Әшеке, қашанғы бір қызбен хат алысасың? Үш жыл болды, главпочтаны аңдығаныңа. Конвертке де обал емес пе? – дейді Мылтықбай өмірдің ұңғыл-шұңғылын түгел қамтып.

– Иә, апта сайын 5 тиын желге ұшып жатыр, – дейді Әшірбек күрсініп.

– Қалада не көп, қыз көп. Біреуін айналдырмайсың ба?

– Екі күн ойланайын. Жауабын сосын берем.

Екі күннен кейін Әшірбек Мылтық­байды оңаша шығарып ап, жан-жағына күдіктене қарап, сөз бастайды.

– Мен қорытындысын айтайын. Кооперативный техникум жақтың қызы болса, қарастырсайшы. Олар басқалардай емес, тиын-тебеннің қадірін біледі ғой, – дейді алабұртып.

Мылташ мүлт кетіпті.

– Мен сені сынап көрейін деп едім. Сен де өзім сияқты екенсің ғой, – деп жөнеп кетіпті.

Сол күннен бастап Мылтықбайға сенбейтін болды.

Тауып айтып, дәл тигізетін, жүре келе қисық сөздің шебері атанды. Тіршілік күйбеңі жалықтырған бір күні қисық сөз естігім кеп телефон шалдым.

– Не істеп жатырсың?

– Ононизммен айналысып жатырмын.

– Сондай жолға түсті деп естіп едім.

– Он екі мүшем – өзімнің жекеменшігім. Қазір бәрі жекеменшік емес пе? Менікі заңды, заңсыз жекеменшіктерді көрмейсің бе? – Суық көңі­лін саясатқа әкеп тіреп, қоғамның бағасын дәл беріп отыр.

Университет бітір­ге­німіздің 25 жылдығына шибөрідей тарап кеткендерден ақша жинап, касса ұстап, Дидахмет Әшімханұлына келсе, «Мен сендермен жартылай оқып, шығып кеттім ғой, ақша бермей-ақ қояйын» депті Дидаш. «Дидеке, бере бер, жартысына дейін отырып, шығып кетесің» деп әмиянын ашқызып, ақшасын санап алыпты.

Табиғатында төмен етектіге кірбің көзбен қарайтын. Сейітқұл (Оспанов) биофактің бір қызымен таныстым деп қуанып келіп еді, «Ана ыржақай қыз ба, күліп сөйлейтін қыздарға сенуге болмайды, сені пайдаланып-пайдаланып, алдап кетеді. Олар гүл өсіреді ғой» деп Сейітқұлды айнытып жіберді. Кейде өз тәжірибесін де бөліседі. «Оқитын жеріңді қыздарға ешқашан айтпа. Олар басына іс түскенде сені тауып алады. Мен көбіне танысқан қыздарға милиция мектебінде оқимын деймін, сонда маңыңа жолай алмайды» деп сарыауыз Сейітқұл мен сенгіш Төрекелдіге лұғат айтады. Мен үйленгелі жүрген қызымды таныстырып едім, «Таңдаған тазға жолығады» деді көңілі толмай. Ар жағында әйел затына деген шынжыры ағытылмаған құрсаулы көңіл тұр.

Өмірде бір-ақ ұрғашыны сүйіп өтті, шын махаббаттың қызыл гүлін жан-тәнімен иіскеп өтті. Ол – жан-жары Сәуле. Сәуле де 72-жылы журфакқа тапсырған екен, еркегің бір көргеннен көңілі дір етіп, сауал тастаған.

 – Қарындас, қай жылғысың?

– 1955, – дейді ауылдан келген қыз ағы­нан жарылып.

– Енді, 1855 емес шығар, – деді датаның төбесінен ұрған түбіт мұрт бір селкеулік тауып.

Сонан... «сабақ үйретем» деп қасынан шықпайды. Тарихқа келгенде:

– Бірінші орыс революциясы қай жылы болды? – дейді қызды тағы да төбесінен қойып қап.

– Білмеймін. Мен тарихты 1917 жылдан бермен қарай білемін, – дейді Атыраудың атырылып тұрған қызы жасқанбай.

– Онда тарихтан құлайсың, – дейді бір жағынан жанашыр көңілін алға сап.

Айтқандай-ақ, Сәуле тарихтан «құлап», елге қайтты. «Келесі жылы түсе­сің, жақсылап дайындалып кел» деп қызға тұңғыш рет гүл ұсынып, пойызға шы­ғарып салды. Тепловоз шыңғырып, вагон қозғалғанда қыз терезеден қарап тұрды, түбіт мұрт бес саусағын жазып, қол бұлғады. Қол бұлғау соңы үшбу хат жазуға ұласып, ұрын бару көбейді. Сәуле тарихпен ерегіскенде Атырау пединс­титутының тарих факультетіне түсіп, тарих ғылым­дарының докторы, профессор атанды.

Бес жыл хат жазысу кезінде жігіттің сүйгеніне деген жан сезімін көрдім. Алғашқы хаттарын маған көрсетіп алатын. Бір бет хатты үш рет көшіріп жазатын. «Сен бәрібір лекция жазбайсың ғой» деп торкөз парақты менің «Общая тетрадымнан» жұлып алады. Ең бірінші хатында «Сәуле!!!» деп үш леп белгісін қойыпты. «Мынауың не, қыздың жүрегін жарып өлтірейін деп пе едің? – деймін. – Екеуі де жетеді, біреуін алып таста». «Алыста жүр, сескеніп жүрсін дегенім ғой, жарым» деп уәж айтады. Бір хатында «сабақты С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің талаптарына сай оқып жүрмін, Түменбаев лекциядан көп қашады» деп сілтепті. «Мұның не, сөзді көбейтіп, досыңның бетіне күйе жағып? Ішіңе сыймай бара жатса, «сабақ ойдағыдай жүріп жатыр, анау лекцияда көп көрінбейді» демейсің бе?» «Мен фактіні бұлтартпай жеткізіп тұрмын» дейді айтқанынан қайтпай. Кейінгі хаттарын көрсетпейтін болды, сірә, дыңылдатып сезім пернелерін шерте бастаса керек. Жатарда ыңылдап ән айтып, түнде сөйлейді дегенді естідік. Диплом алғасын некесі қиылды, Шеге боп домбырамызды шертіп, қасында жүрдік. Ақ махаббаттың куәсі – өмірге Айгүл келді. Қыз болса да Әшірбектің қара қағазы қалың екінші данасы секілді.

Жанынан шығаруға жоқ, жаттанды зердесі күшті еді. Оқуды бітірерде:

– Сен неге тақырып алып, кандидаттық қорғамайсың? –дедім.

– Әуелі бір басым екеу болсын, – деді үйленгенді қызық көріп.

Өзіне-өзі келгесін тағы айттым.

– Әуелі әйелдің көңілін аулайын да, – деді ант берген солдаттай нық сөйлеп.

– Ғылым докторы болсаң, ректор, проректор, ең кемі – колледждің директоры болар едің. Оқуға бала түсірер едік...

– Парамен ұстатқың кеп жүр ғой, жарым, – деді селкеу көңіл, сенімсіз көзқараспен қарап.

Бұл – жан-жарынан өзге ешкімге өрекпіп, өзегі талмайтын кезі еді. Қайта құру да осы кезде басталды.

Өмірден өтерінен бір жыл бұрын Сейітқұлды еске алу кешіне Астанаға алып бардым. Әңгіме жол қысқартады. Ол шежіреге қанық, ру, тайпа, жүз тарихына қатты ден қоятын. Пойыз үстінде қай жазушы мен қай курстастың қай жүз, қандай рудан шыққанын тайға таңба басқандай ғып айтып, орын-орнына қойып берді.

 – Әшір, 1984 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесімін. Осының бір де біреуін білмейді екенмін. Басым да ауыра бастады.

– Сенде бас бар ма, жарым, – деп төтесінен бір-ақ қайырды.

Көз қысымым көтеріліп, бір түйір дәрі ішіп едім, жер-жебіріме жетті.

– Бұл – химия. Ішіңе барғасын Менделеевтің периодтық системасына айналады. Сосын өлесің! – деді ежірейіп.

– Әшір, өлімнің расписаниесін аспандағы кісі жасайды. Ол да алфавитке қарайтын шығар.

Бір нүктеге шұқшиып, ойланып қалды.

Алфавиттің орнын ауыстыра алмайсың...

Еске алу кешін екеуміз кезек жүргіздік, жұрт риза болды. «Қазақ әдебиетіне» «Алматыдан Сейтқұлды іздеп келген досы Әшірбек» деп жазып едім, «Ризамын!» деп бес саусағын тіп-тік қып қолын ұсынды.

Ең соңғы кездесуде айтқаны:

– Осы сен неге жер үйге көшпейсің? Қырық жыл тұрдың ғой бір үйде?

– Бері кел, – деп үй қабырғасындағы ескерткіш тақталарды көрсеттім. – Бұл үйде... Әлкей Марғұлан, Асқар Тоқпанов, Нәйлә Базанова, Серікболсын Әбділдин, Мұхтар Әлиев, Асанбай Асқаров тұрған. Кейін маған да осындай тақта орнатпайсындар ма?

– Жоспарлап жүр екенсің ғой, жарым, – деді қабағын шытып.

Иә, бұл соңғы кездесу, ең соңғы диалог екен. Әшірбек 65 жасқа екі ай қалғанда аяқ астынан ақ кемеге мініп, аттанып кетті. Понти Пилат секілді алған бетінен қайтпай кетті.

«Әкемізден айырылып қалдық» деген Айгүл жазған қалта телефондағы жыбырлаған жазуға сенген жоқпын. Басқа оймен әдейі жазғызып отыр ма деп те ойладым. «Анықтау керек. Қазір жағдай мәз емес. Қаржы жинау үшін де қимылсыз қалуы мүмкін. Қазір адамдардан бәрін күтуге болады». Артынша сұрау салған ызбарлы үндер естіле бастады. Бірінші боп Әбдімүтәлдің әбіржіген даусы шықты. Індет Әшірбекті де нысанаға алған екен. Әйтпесе саңқылдап жүрген сұңқар емес пе? Ажалдан ешкім де қашып құтыла алмайды.

Айгүл мен Сәуле барда, бәріміз барда Әшірбектің басқан ізі сөз болып, қимыл-қозғалысы айтылмай қалмайды, «Әй, Әшірбек, Әшірбек» дейміз болмысы бөлек азаматтың қылықтарын еске алып. Өмір соқпағын тек өз заңымен ғана жүріп өткен құрдас еске түскенде жастық шақ, студенттік ирелең жолдар қайта жаңғырып, көз алдыға келеді.

Әшірбек әуенге елжірей қоймайтын. Көгілдір экраннан Пугачева мен Галкинді көрсе, «Бұзылғандар ғой!» деп бұрылып кететін. Ал жіби қалса, пойыздағы әйтпесе дала қосындағы титандай тік тұрып ысып, тұлабойы босап, сезімге шын берілетін. Бәрі де есте.

...Қысқы каникулда Сәуле Атыраудан Алматыға қонаққа келді. Мал ­сойып, сүйген қызын таныстырмақ ниетпен әулетін түгел жатақханаға жинады. Жігітің асып-сасып әбігерге түсіп, жан дүниесі қатты толқыды.

– Сен осы, Абай мен Тоғжанның алғашқы кездесуі туралы көп айтасың ғой. «Абай жолы» деген кітапты тауып берші, оқып көрейін, – деді қинала қабақ шытып.

Айтқанын екі етпедім. Екі жарым бетті астын сызып екі күн оқыды.

– Осының бәрі рас па? – деді сенер-сенбесін білмей.

– Қызың келгесін көз жеткізесің...

Маған да тату жолдас ретінде қайта-қайта ескерту жасады: «Бір жаққа қаңғып кетіп жүрме, жарым, жолдасы ұқыпты екен деп ойлап қалсын» деген соң Шеге боп домбырамды шертіп, қыз кеткенше қасында жүрдім. Сәуле үш күн қонақ болды. Кетерінде «Келесі хатыңда есіміңнің соңына «ң» деген әріпті қосып жаза салшы, бір әріптен ештеңең кетпес» деп едім, күлімсіреп бас изеді.

Әшірбек сүйіктісін шығарып салған күні, бөлмелестері Сейтқұл мен Төрекелді онша түсіне қоймаса да, бұрын естілмеген бір әуенге салыпты. Нотаға бағынбайтын, бірақ жүректен шыққан сырлы әуен. «Күміс құман-ай, Отта тұрған-ай, Айналайын көзіңнен, Ашып-жұмған-ай!» деп махаббат деген әлемде қалқып жүрді.

– Сүймесе ит өлген жерден іздеп келе ме, бірақ кеткен шығынды ойласам ұйқым келмейді, – деп өз-өзінен сөйлеп жүр.

– Махаббат шығынсыз болмайды. ­Махаббат үшін адам шығыны да болады. Бір-бірін дуэльге шақырғандар да бар емес пе?

Ол селк ете қалды.

– Бұл – біздің қазаққа келмейтін іс-әрекет. Кітаптан оқығаныңды айтасың да жүресің, жарым...

 Ұзамай хат келді. «Сәлеммен, Сәулең» деген сөзді көргенде жігітің жанып кетті.

– Шын сүйетіндігін ақыры мойындаттым ғой, – деп көз қиығын үшбу хатқа қайта-қайта салды да, «Күміс құман-ай, Отта тұрған-ай» деп әндете жөнелді. Әуенге елтіп жатып көз жұмды.

Сол күні тырп етпей ұйықтады...

***

Әредік «Әшірбектің әнін айтып жатыр» дейміз теледидарды қосып қалғанда көгілдір экранға үңіліп. Жарықтық, қонаққа жиі барып, мейманды ­сирек шақыратын. Үй алғанда ма, әлде... әйтеуір, жастық шақтың қолайлы бір сәтінде, Сейтқұл екеумізге үйіне келетін күніміздің датасын қайта-қайта ескертті. «Келмейтін болсаңдар, кемінде бір күн бұрын айтыңдар, қазанға етті де аз саламыз, біз өзі ысырапқа ұрынған елміз ғой, үнемшілдік керек» деп жер-жебірімізге жетті. Ар жағынан Сәуленің даусы естіліп, жұбайының сөзін тақпақ айтқандай қайталап тұр. Сол жолы Әшір терісіне сыймай ағытылып, көңілі босап, әнге ­басты. Ән шіркінге келе қоймайтын, нотаға да бағына бермейтін жарықшақ даусымен әуен іздеді. «Қонақ қойдан жуас», біз амалсыз қосылдық. Әшірбек солист боп, әредік «олай емес, былай» деп әуенді үзіп тастап ақыл айтып, әйтеуір әннің ақырына жеттік. Сол ән қандай ән еді? Тағы да:

Күміс құман-ай,

Отта тұрған-ай.

Айналайын көзіңнен,

Ашып-жұмған-ай, – деп айналасына, әсіресе жан-жарына жоңғар көзімен рахаттана қарады. Сәуле – әнші, домбыраға қосылып құйқылжытып жібереді. Отбасында шырқалған әнді биікке самғатып, мәз боп отыр. Бұл – Әшірбектің өмірге деген махаббаты, қосағына көрсеткен ашық-жарқын көңілі екен. Әркез «Еркек ымырт жабылмай жатып ашылуға болмайды» дейтін айналасына жақтырмай қарап. Самаладай жанған шам астында, достарының құшағында отырып, көңіл сандығын ашқан бір сәтін өзі жоқта айтып қоямыз. Еркек көңілмен елжіреп отырып салған ән құлағымыздан кетпейді.

...Күміс құман отта тұр.

Айналасында Сәуле мен Айгүл жүр...

Әшірбек, сенде арман жоқ!

...Алыстан ат дүбірі естілгендей болды.

«Төлеген мінген ақбоз ат, ер-тоқымсыз бос келед...» «Иең қайда, ақбоз ат?!» – дейді Жайықтың қызы жыламсырап.

Келес толқып ағып жатыр... 

Жыл өтті.

Қара ту түңліктен төмен сырғып ­барады... 

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы