• Тіл
  • 10 Маусым, 2021

ӨЗ ЖАНЫНАН БЕЗГЕНДЕР

Сөз жоқ, елімізде ұлттық құндылықтарға бетбұрыс бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қай кезде де ұлттық құндылықтар, оның ішінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің маңызы, мәртебесі жөнінде әрдайым есте жүрер есті сөз айтып келеді. 

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» деді Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Бұдан артық қалай айту керек? 
«Түркістан» халықаралық саяси апталығы «Министрлер газет-журнал оқи ма?» (№13, 1 сәуір, 2021 жыл) деген тақырыппен тоғыз министрді сауалнамаға тартыпты. Сауалнамаға қызметтік рәсімге орай негізінен баспасөз хатшылары жауап берген. Соның ішінде тоғыз министрдің үшеуі ғана «Ана тілін» жаздырып алатын көрінеді. Басым көпшілігі заманауи басылымдарды парақтайтынын айтыпты. Ұлттық емес, заманауи басылымдар дейді. Ол қандай басылым екенін?... ­Заманауи деген сөз қазір сәнге айналып барады. Ұлттық мәселелерді айналып өтудің төте жолы тәрізді көрінеді. Кейбір министрліктер газеттерді өзінің жұмысына қатысты ақпараттар үшін қарайтынын айтады. Сұрақтан құтылудың ұтымды жолдары болар, болмаса, ұлттық басылымдарды қағаз күйінде қолына маркер алып оқитындары жоқтың қасы. Біздің іздегеніміз «Ана тілі» еді. Өкінішке қарай, атынан ат үркетін министрлеріңіз бұл басылымды біле бермейді. Жұмыс күнін ұлттық басылымдарды, оның ішінде «Ана тілін» парақтаумен бастап, тіпті сұхбат та беріп жіберетін Мемлекет басшысының үлгісін ұстанса болмай ма екен? Алдағы уақытта осы тақырыпты бір індетіп зерттеп көрсек деген ой да қылаң берді. Өткенде ҚР Парламенті Сенатында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» атты тақырыпта парламенттік тыңдау өтті. Сол жиында Ұлықбек Есдәулет ұлық сөз айтты. Сондағы ақынымыздың ақжарылқап сөзі мынау: «Бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды. Тілдің заңын ойдағыдай түземей жатып, тілдің қамын жеу – бос әурешілік. 
...Осы жерде менің есіме бір оқиға түседі. Сонау бір жылы түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайы кезінде Түркияның мәдениет министрі Намық Кемаль Зейбекпен дидарласып, сұхбаттасудың сәті түсті. Ол кісі қазақша сәлемдескен соң, «Сіз қазақша білесіз бе?» деп сұрап едім: «Мен қазақ тілін Қазақстанның кейбір министрлерінен жақсы білемін» деп жауап берген еді. Одан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Үкіметіміз неше рет ауысты. Ал біздің кейбір министрлердің, көптеген мемлекеттік мекемелер басшыларының қазақшасы әлі сол шалапұшық күйінде.
Сонда Президент айтып, жазып отырған мемлекеттік тілді білудің парызы мен міндетінің мемлекеттік қызметкерлерге, лауазымды, шенді-шекпенділерге қатысы болмағаны ма?» деп көпшіліктің көкейіндегі сұрақты алға тартып еді ақын.
Гегель: «өз туған тілін менсінбегендер өз ұлтын күнде өлтіреді» депті. «Адам мемлекетте емес, тілде өмір сүреді» деген екен француз философы Эмиль Сварон. Кейде өзіміз айта алмайтын сөздерді өзгелердің айтуында тыңдап күн көрудің өзі де бір ғанибет. Демек, өз тілінде сөйлеген мемлекетте мағына, мазмұн болады деген сөз ғой. Солай болған күнде оның адамдары да өзін рухани бай, ұлы мұраттарға ұмтылу жолында жүргендігін сезінетіні сөзсіз. Жүсіпбек Аймауытов: «Мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын» дейді. Демек, өз оқығандарымызды айтып отыр ғой. «Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен, оқығандар себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағыныш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады» дейді Халел Досмұхамедұлы. Демек, оқыған, мәдениетті қазақтың қазақ болуы қиын десек, екі ұлының ойы бір-бірімен үндесіп жатқан жоқ па? Ал, енді, қараңызшы, бүгінгі оқығандар өз ұлтына қызмет етіп жатыр ма? Бұрын мен қазіргі оқығандардың арасында не өзгешелік бар? Тағы да Аймауытов айтқандай, «күн көру тәсілін сырттан жұқтырып үйрене беруге болады, рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды». Демек, рух – өзің, өз мәдениетің ғой. Сен «Болашақта», басқада оқы өз еліңе, өз тіліңе, мәдениетіңе қызмет етпеген білімнің кімге керегі бар? Мұндайда ол білімді емес, біліксіз, парасатты емес, популист болып шықпай ма? Мемлекет басшысының өзі ­басты жау – білімсіздік, популизм деп отырған жоқ па? Түрлі жиындарға көп қатысамын. Бәрі оқығандар. Бірақ өз тілінде сөйлемейді. Баяндамасын, басқасын бас салып орысша жасайды. Айтпағымыз, оқығанның бәрі мәдениетті, тәрбиелі деуге бола ма? «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек» деген ұлы баба сөзі қайда қалды? Өзгеден үйренуге болады, бірақ өзіңді оның көлеңкесі санауға бола ма? Сол оқығандар біз жоғарыда келтірген тұлғалар сөзінің неше атасын оқып жүр. Неге селт етпейді, шіркіндер? Әлде өзгенің өнегесі, оқуы өтіп кеткен бе? Түсініксіз, түсініксіз, өте түсініксіз.  
Өз тілінде сөйлеген шенеунік қана өз халқымен тіл табыса алады. Бұл әлмисақтан белгілі жай. Өз тілінде сөйлеген адам ғана сұлу көрінеді. Ең көркем кісі – өз тілінде сөйлейтін кісі. Ал шешен сөйлеген адамды тыңдау бір ғанибет. Өмір таңғалмайтын нәрсеге таңғалумен өтіп барады. Әйтсе де тағы бір нәрсеге таңғаласың. Орыс тілінсіз өмір сүру мүмкін емес кешегі заманда облыстық, аудандық партия комитеті бірінші хатшыларының (бүгінгі әкімдер) бір атап айтар қасиеті өз тілінде сөйлейтін. Жәй сөйлеп қана қоймай, шешен сөйлейтін. Сөздің, тілдің құдіретті болғаны сонша, елді сөзбен ұстап, мәселені сөзбен шешетін, яғни тілмен. 
Мемлекет басшысы таққа отырған күннен көп ұзамай «қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп елең еткізді. Бірақ әлі күнге байқағанымыздай, сол жанын ойламай, жанынан безгендер көбейіп барады. Қандай жиналыс, жиын болсын, кейде бірауыз сөзбен қазақша ырымын жасайды, кейде оған да пысқырмайды, сол баяғы орысша көсіледі. 
Ертеректе атақты қойшыны емдеп жүрген дәрігері: «Ата сізге ет жеуге болмайды» депті. Сөйтсе, атасы: «Қарағым, сен емдей бер, мен жей берейін» дейтін көрінеді. Солай боп тұр-ау шамасы. «Ауруды ойлап тапқан мен, бірақ ауыртқан мен емес» депті Жаратқан. Демек, ауруды емес, алдымен адамды емдеуді ойламаса болмас. 

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

 

3323 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы