• Тіл
  • 04 Наурыз, 2009

Қазақ ететін де, мазақ ететін де – тіл

Қазақ ежелден бейбітшілік пен берекені, татулық пен бірлікті көксеген халықпыз. Ал, бүгінгі күні ұрпағымыздың жарқын да бақытты ғұмыр кешуін басты мақсат тұтудамыз. Сан ғасырлардан бері аңсаған тәуелсіздік таңы атып, қазақ халқының басына бақыт болып қонғалы да он сегізінші жылға кетіп барады. Осы уақыт аралығында ел экономикасы дұрысталып, әлеуметтік жағдайы жақсарып, болашаққа деген сенім артты. Алайда, мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің абыройы мен айбары ауылдан алыстамай, өз жерінде теперіш көріп, жетімсіреп жүр. Қазақ тілін заманы шетке тепті ме? Әлде өз қазағы шеттетті ме? Тілімізге заң жүзінде мемлекеттік мәртебе берілгенімен ол әлі күнге орыс тілінің жетегінде. Қазақ тілі өз биігіне, өз тұғырына көтеріле алмай отыр. Осы жерде мынаны да айта кетейік. Өткен тарих пен бүгінгі заманның ерекшеліктерін болашақ ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз. Бүгінгі болған оқиға – ертеңгі шежіре. Осы шежірені ертеңгі ұрпақтың қай тілде немесе қандай түсінікте қабылдайтыны бізге белгісіз. Себебі ана тілін, дана тілін білмейтін басшы-сымақтар, тіпті зиялы қауым өкілдері арамызда жеткілікті. Ана тілін білмеу – ұят. Осы тіл өлмесін, өшпесін деп өмір сүрген қаншама жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз ел мұраты жолында жан қиып кетті. Сан ғасырлық қазақтың тарихы жазылып, жырланып, айтылып келе жатқан тілге құрмет көрсетілмесе бұл дегеніңіз ата-баба қарғысына ұшырағанмен пара-пар. Жетпіс жыл кеңестік өкіметтің ұлтқа, тілге жүргізген саясатынан зәрезап болған халық тәуелсіздік алған жылдардан бастап ажырап қалған рухани, мәдени, әдеби құндылықтарымен қайта қауышты. Қазақтың марқасқалары аңсап кеткен бостандық таңы атты. Енді өз тілімізге өзіміз ие болатын уақыт жетті. Тілге байланысты жүргізіліп жатқан үгіт-насихат та аз емес. Мемлекеттен қаржы да бөлініп жатыр. Бірақ қандастарымыздың арасында да қазақ тіліне теріс қарайтындардың барлығы көңіл қынжылтады. Олардың тілге деген көзқарастарын өзгерту үшін бір нәрсе қажет. Ол – рухани сілкіну. Ел ішінде осы үрдіс орын алуы қажет. Осындай жағдайда ата-бабадан қалған мұраларға қызығушылық пайда бола бастайды. Кез келген ұлттың рухани мұралары өз тілінде жазылып, сол тілде дәріптеліп жатады. Демек адам рухани ояну арқылы тіліне деген құштарлығын арттыра алады. Сонымен қатар бойына ұлтының ізгі қасиеттерін қоса сіңдіре жүретіні еш күмәнсіз. Бұл екі нәрсені санасына ұялатқан ұрпақ ортақ шаңырақ астындағы рухани тұтастыққа, ұлттық патриотизмге бағыт алары сөзсіз. Ұлттық рухтың жаңғыруы, жаңа серпін алуы арқылы тілге деген көзқарас өзгереді. Жалпы, қазақты қазақ ететін де, мазақ ететін де қазақ тілі екенін ұмытпаған абзал. Өз тілімізді өзіміз құрметтесек, басқалар да санасады. Ал, өз тілімізге өзіміз мұрын шүйіре қарасақ өзгелердің мазағына ұшыраймыз. Нұржігіт Хайдар

3237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы