• Cұхбаттар
  • 16 Маусым, 2021

ТОЛАССЫЗ ДАМУ ҮСТІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТ

– Қытайдан басқа да көрші елдер туралы жазу ойыңызда жоқ па?
– Егеменді ел ретінде ұтымды ішкі және сыртқы саясат жүргізу үшін жан-жағымыздағы елдерді ғана емес, әлемдегі қуатты мемлекеттерді жақыннан тануымыздың маңызы зор. Жаһанданған бүгінгі әлемде ара қашықтықтың рөлі ортайған, ғаламның кез келген түкпіріндегі оқиға бізді де айналып өтпейді. Ал Қытай болса, біздің алып көрші ғана емес, сонымен қатар қазір Америкадан кейінгі екінші экономика һәм екінші супердержава рөліне таласқан аса ықпалды мемлекет. Ілкіде «Қытай қатардағы мемлекет емес, Қытай – жеке-дара континент» деген сөз де бұл елдің адам ресурсы мен экономикалық күш-қуатын айқындаса керек. Қытайды егжей-тегжейлі зерттеп, ондағы саяси-экономикалық ахуалды бақылап отыру біз үшін ғана емес, кез келген өзге мемлекет үшін де пайдалы. Қытай туралы күнделік-жинағым Қазақстандағы Қытай зерттеулеріне тамшыдай болса да қосқан үлесім деп білемін. Қазір «Бүгінгі және ертеңгі Қытай, Шанхай дәптерінен: 2015-2020» атты кітабым Kitapal.kz және Qazyna дүкендері арқылы қалың оқырманға жол тартып жатыр. Болашақта Қытай туралы еңбектер көбейеді деген сенімдемін. Жаһан мемлекеттерін біліп-танығанды, шет тілдерін үйренгенді әрі саяхаттағанды ұнатқандықтан, өзге елдер турасында да кітап жазу жоспарымда бар. 
– «Мао Зедоң кезеңінде елдің партиялық басқару жүйесі соқыр сенімге құрылса, Қытайдың реформаторы атағымен белгілі Дың Сяопиң Қытайды рационалды, технократтық елге айналдыруға бел шешіп кірісті» депсіз. Әр басшының өз ұстанымы болатыны белгілі. Қазіргі басшы Си Жинпиңнің ұстанымы қандай?
– Си Жинпиң 2012 жылдың соңында ел тұтқасын ұстағанда Қытай Жапонияның алдына шығып, көлемі жөнінен әлемдегі екінші экономикаға айналған еді. Сәйкесінше, Қытай халқы мен басшылығының өзіне деген сенімі еселей артқан кезеңі болатын. Нәтижеде, сыртқы саясатта бұрынғыдай көлеңкеде қалып, бұғып келген Қытай саясаты Си Жинпиң тұсында ғаламат өзгеріске ұшырап, ел өз мүдделерін дипломатиямен де, қуатты әскері арқылы сес көрсету жолымен де қорғауға бет алады. 2013 жылы ­Назарбаев Университетінде жарияланған «Бір белдеу, бір жол» жобасы осы сенімділіктің жарқын көрінісі. Миллиардтаған доллар жұмсалған бұл инфрақұрылымдық жоба арқылы Қытай бірнеше мақсатты көздеп отыр. Олардың қатарында елдегі артық өндірілген тауарларға жаңа нарық табу, тың мұнай-газ кеніштеріне қол жеткізу, Азия мен Еуропада инфрақұрылымды жақсарту жолымен Қытаймен құрлықтық сауда-саттық, логистикалық байланысты еселей арттыру. Сондай-ақ Қытайды Еуразиялық державаға айналдыру арқылы әлемдегі ықпалын арттыру ниеті де байқалуда. Түптеп келгенде, Қытайдың әлемдегі әсер-ықпалы мен беделінің артуы Си Жинпиң басшылығы кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. 
– Қытай мен Қазақстанның алдағы ынтымақтастық деңгейін қалай бағамдар едіңіз?
– Қытай күн озған сайын толассыз даму үстіндегі алып мемлекет. 1.4 миллиардтық нарық. Жаңа технология жөнінен Батыс елдерінен қалыспайтын қуатты елге айналып отыр. Әлемдегі жетекші инновация орталықтарының бірі. Көршіміз Қытайдың экономикалық өсімі һәм ­саяси қуатының артуы біз үшін ғаламат мүмкіндік. ­Десек те, Қазақстан әлі де жүйелі түрде Қытайдың толық мүмкіндіктерін жеткілікті қолдана алмай келеді. Оған мұнай-газ тәрізді шикізат саласынан тыс Қазақстанның жеке кәсіпкерлеріне Қытай нарығына кіруге ақпараттық,  заңдық көмек көрсетудің жүйесі мен платформасы жасалмағаны себеп. Ал Қытай нарығына мемлекеттің қолдауынсыз кіру аса қиын, кедергілер көп. Қазақстан үкіметі еліміздің жеке шағын-орта кәсіпкерлеріне жан-жақты жәрдем беруі керек. Осы жолда қазір атқарылып жатқан шаруалар жеткіліксіз. Сонымен қатар Қытай  заңнамасының да шетел инвестицияларына, шетел компанияларына деген талаптары мен көлденең кедергілері көп. Қазақстан үкіметі осы жолда Қытай үкіметімен тығыз жұмыс істеп, аталмыш бөгесіндерді жоюға бар күшін жұмсауы керек. Сондай-ақ отандық бизнес те Қытайдың берер зор мүмкіндіктерін дер кезінде қолдану үшін алып елдің алып нарығына тауар экспорттауға ұмтылғаны жөн.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Нұрлайым БАТЫР

6513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы