• Тарих
  • 16 Маусым, 2021

ЫЗҒАРЛЫ КҮН

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына Г.Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызып, өздерінің талап-тілектерін жоғарыға жеткізу үшін сол кездегі Брежнев алаңына (қазір Республика алаңы) бейбіт шеруге шықты. Алаңнан күштеп қуылып, қарсылыққа тап болғандықтан, келесі күні бір-бірінен естіп, топ-тобымен, лек-легімен жиналды.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сол кездегі Алматы энергоқұрылыс техникумының студенті, 16 жастағы бозбала Қайырбек Қасенғазин.

Сәл кейінге шегініс жасасақ.
Камуфляж. Шекарашының киімі. Ауыл баласына қаладағы жездесі сыйға тартқан. 1986 жылы оныншы сыныпты бітіріп, арманына қанат байлап, Алматыдағы қара шаңырақ Абай атындағы педагогикалық институттың география факультетіне құжатын тапсырады. Түсе алмады. Ауылға қайтуға намыс жібермей, Жандосов пен ­Береговой көшелерінің қиылысындағы Алматы энергоқұрылыс техникумын бетке алды. Емтихансыз қабылданып, қыркүйектің 1-інен бастап мақта теруге Мақтаралға әкетеді. Ол жақта екі жарым ай жүріп, қарашаның 15-16-сында оқуға келіп, техникумның төменгі жағындағы №3 жатақханаға орналасады.
Қазір Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі аталатын білім ордасында ол кезде қазақ тобы болмаған. 16 жастағы жас өрен біліп тұрғанын жеткізе алмай, тілін талай тістеді. Есепті шемішкеше шаққанымен, тіл жоқ. Мектепте алгебра пәнінен сабақ берген мұғалімі Шәкен Қалиеваның еңбегі ұшан-теңіз. Тақтаға шығып, есепті сартылдатып шығаратын оқушыға ұстаздары «шығарып жатқан есебіңді түсіндіріп, айтып тұруың керек» деген талап қояды. Ондайда тілін жұтып қойғандай, үнсіз қалады. Ақыр аяғында есепті білгенімен, орысша сөйлей алмайтынын түсінген мұғалім үш деген бағаны қонжитады. Күн солай өтіп жатады. 


 Ал жүрегіне жара салған 1986 жылдың 18 желтоқсаны ұмытылмастай есінде қалды. Кейіпкеріміздің әңгімесін тыңдайық.
«16-17-сінде Айнабұлақта тұратын әпке-жездемнің үйінде болдым. Олар өзара күбірлесіп жүрді. Аса мән бермедім. 18-і таңертең ерте сабаққа бардым. Сыртқы есіктен кіреберісте жоғары курстың студенттері жиналып жатыр. «Брежнев алаңына барамыз. Қонаевтың орнына Колбинді қойыпты...» деді. Осы сөз намысты қайрап, ашу-ыза тудырды. Өз жерімізде де басшы болатын адам табылатын еді ғой. Жиналғандарға қосылып, 32-інші автобусқа отырдық. Жанымда бірге оқитын екі жігіт бар. Бірі Сарқыт Қайыркенов, екіншісінің есімі есімде қалмапты. Болат па, Марат па... Лық толған автобус алаңға жетпей тоқтап, ары қарай жүрмейтінін айтты. Топырлап түсіп, алаңға барсақ, қырғын. Тура майдан алаңындай. Үкімет үйі қоршауға алынған. Бір-бірімен иық тірескен, арасы бес-алты метрден үш қатар солдаттар тұр. Ал сыртында жүргендері қаншама. Топталып алып, әндетіп, алдыға қарай жүреміз. Бізді күшпен кейін шегіндіреді. Шегіндірген кезде аяқ астында тапталып, ыңырсып жатқандар көп болды. Сапер күрек қолданды. Қалқан. Біздің қолымызда дым жоқ. Жерден бурчатка алып, соны солдаттарға лақтырдық. Арасында екі қазақ милиционер жүгіріп келіп, «кетіп қалмаңдар, тарамаңдар, бірақ байқаңдар, ұсталып қалмаңдар» дейді. Біздің көзімізше, Ташкенттен бір дивизия курсанттар келді. Оларға бәрібір, сенің кім екеніңе қарамайды. 
Жедел жәрдем келді. Жанымыз­дағылар: «Оларға тиіспеңдер» деп өткізіп жіберді. Бір кезде милицияның көлігі төңкеріліп, отқа оранды. Белсенді болып жүргендердің көбі әскерден келген жігіттер. Біз балаңбыз. Топқа қо­сылып алып, жүгіріп жүрміз. 
Мен сол кезде қазақ қыздарының қайсарлығына риза болдым. Өңдерінде қорқыныш дегеннің ізі жоқ. «Алға! Қайтпаңдар!» деп айғайлап жүр. Ол жігіттерге кәдімгідей рух береді, әрі қыздар айғайлап тұрғанда намысың да жібермейді. 
Сағат 11-дің кезінде солдаттар біздің топты қоршап, әсіресе маған қатты шүйлікті. «Менде несі бар бұлардың, мұнысы несі?» деп ойлап қоямын. Артынан білдім, менің үстімде шекарашы әскерилердің алабажақ киімі болған, ауылда жүргенде жездем сыйлап, оны оныншы сыныпта да киіп жүретінмін. Сол киім мені ұстап берген екен. Маған айтқандары: «17-сі күні дәл сондай алабажақ киім киген біреу Колбинге қарап, трапециядан атты» деді. Сол жерде камуфляж киген адам мен, сондықтан мені ұстаған. 
Қолды қайырып, дедектетіп, ұрып-соғып, қазіргі қалалық әкімдіктің жанына алып барды. Адамдарды қақаған аязда отырғызып қойыпты. Біз де соларға қосылдық. Екі қолды айқастырып желкеге қойып, басыңды төмен салбыратып, мұздай қарда тізерлеп отырасың. Тізеден өткен суық жаныңды шығарады. Аяз қарып барады. Басыңды сәл көтеріп, аяғыңды қозғалтып, қимылдайын десең, дубинкамен ұрады. Солай 1,5-2 сағаттай тізерлеп отырдық. Шетінен машинаға тиеп әкетіп жатыр.
Бір кезде мені дедектетіп, бір папах киген тергеушінің алдына апарды. Ол кезде атақ-дәрежесін де білмеймін. Орысшасының бірін ұқсам, бірін ұқпаймын. «Не понимаю» деп қоямын. «Саған аудармашы керек пе, не?» деп, қолындағы арматурамен екі көздің ортасынан ұрған кезде көзімнің оты жарқ ете қалды. Бет-ауыздан дым қалмады. Көгеріп, ісіп кеткен. Көз жұмулы, сығырайып бір көзіңді әрең ашасың. Бұйрық беріп, көлікке әкеліп қамады. Ішінде жеті-cегіз адам отыр. Менен кейін тағы екі жігіт пен бір қызды әкелді. Ересектеу кісі келген еді, бәріміз бізді құтқарып қала ма деп, үміттене қараймыз. Жоқ, ол кісі қайтадан шығып кетті. Іштегі жігіттер қазақ милиционерлерге «мына қыз баланы түсіріп кетсеңдерші» деген еді, құдайға қарағандар екен, бір бағдаршамға тоқтағанда: «тезірек түсіп кет» деп қызды босатты.
Қаланы онша білмеймін, қазір ойласам, Масанчидегі департамент, қазіргі ІІД екен. Соған апарды. Машинадан «бегом» деп жүгіртіп жібереді. Түскен бетте арсылдаған оншақты итті көргенде «қайда келдік, не болды, қандай жағдайға ұшырадық?» дедік. Ондай қаптаған итті тек кинодан көресің. Темір баспалдақпен төмен түсіп, онымызды бір камераға апарып қамады. Бір-біріміздің аты-жөнімізді сұрап, сен кімсің, қайдансың деп танысып едік, бәрін ұмытып қалыппын. Сұрастыра келе, «сен ішіміздегі ең жасы екенсің. Енді ана жақтағы болып жатқан сұмдықтың бәрін біздің мойнымызға іледі. Біз кеттік, бітті. Ал сен былай істе, қатыстым деген сөз аузыңнан шық­пасын» деп ақыл айтып жатыр. 
Тергеу басталды.
– Қалай болды?
– №32 автобуспен келе жатқанда автобус тоқтап қалды. Досымның туған күні еді (Шын мәнінде мектепте бірге оқыған Самат деген досымның 18 желтоқсан туған күні болатын). Соған сыйлық алайын деп, ЦУМ-ға бара жатқанмын.
– Сонда таң атпай бара жатырсың ба?
– Иә, таң атпай бара жаттым, мен қайдан білейін. Бара жатқанда, автобус тоқтап, елдің бәрі түскеннен кейін мен де еріксіз түстім. Сол кезде ұстап алды.
Ол кезде ЦУМ-нан басқа баратын жер жоқ. Осы жауабымнан танбадым. КГБ қанша рет шақырды, бәріне айтатыным осы. 
Бәлкім, ол жауап та маған көмектеспес еді. Менің бағыма орай Семейдің бір тергеушісі кездесті. Аты-жөнін білмеймін. Кейін сол кісі маған көмектесіп еді деп, іздесем де болатын еді. Сол күйі қалды... 
Сол күні алдында ғана тергеуден шыққанмын. Ұлты өзге әйел мәдениетті түрде сұрап, мен білген орысшам мен қазақшаны араластырып, жауап бергенмін. Көп уақыт өтпей, қайтадан шақырды. 
Кабинетке кірсем, шашы аппақ үлкен кісі отыр.
– Жап-жас бала екенсің, қай жерденсің, балам? – деді.
– Семейденмін.
– Семейдің қай жеріненсің?
Дәл осы сұрақты қойғанда үміт оты пайда болды.
– Ақсуаттанмын.
– Аа, айналайын, мен Көкпектінікі боламын, – деді. 
Сөйтсем, істі қарап отырып, Семей дегенді көреді, 16 жас деп менің жасым жазылып тұр, сосын қайта шақыртқан екен. 
– Алматыда кімің бар, біреу бар ма?
– Иә, апа-жездем бар.
– Телефон нөмірін білесің бе?
– Иә.
Сол жерде бірден менің көзімше үйге телефон шалып, «мына балаларыңызды тезірек түннен қалдырмай алып кетіңіздер, таңға қалса кеш болады, ешқандай көмектесе алмаймыз» деді. 
Түнгі он бір жарым кезі. Апа-жездем таксимен келіп, менің түрімді көріп шошып кетті. Бұтымда түрменің киімі, «мынауың не?» дейді. Үстімде киім жоқ. Камуфляжды кәмпескелеген. Етігімді кіреберісте табанына ­фамилия­м­ды ­жазып өткізгенмін. Айтпақшы, тергеудің арасында басқа камераға апарып, сол күні мені әбден тепкіледі. Олар басқа бір қылмыспен бұрыннан отырған болуы керек. Кеуделері толған жазу. Әлгінің бірі «Сен болды, кеттің, сотталасың, саған керегі жоқ» деп, джинси шалбарды тартып алғандай алып, маған өзінің кең балақ шалбарын берді. Апамның шошып жүргені сол. Бір білетінім, кейін апа-жездемді біраз әурелеген екен. 
Бір аптадан кейін сабаққа бардым. Беттің ісігі әлі қайтпаған. Мұғалімдер «қайда болдың?» деп жақтырмай қарайды. Алаңға бірге барған қасымдағылардың айтуынша, оларды тиеп алып, Ақжарға апарып тастаған. Жыртық-жыртық киіммен түнделетіп, жаяу жатақханаға келген. 
Арада екі-үш өткеннен кейін, сабақта отырған кезде «Қасенғазин деген кім?» деп біреу келді. Қауіпсіздік комитетінен екен. «Сен алаңда болғансың» деп күнде мазалайды. Бір-екі рет комитеттің прокуратурасына да бардым. Сөйтсем, мені қамаған кезде жатақхананың пропускасын алып қалған екен. Аяқ астынан оқудан шықсын деген бұйрық шықты. Жиналыста ең алдымен менің аты-жөнімді атады. Комсомол билетімді алды. Мұны кәдімгідей уайымдап жүрдім. Үш адам оқудан шығарылды, кейбіріне қатаң сөгіс берілді, кейбірі жатақханадан қуылды. Сонымен, желтоқсанның 30-31-інде ауылға келдім. Әкем: «Үкіметке қарсы шықтың. Атыма кір келтірдің» деп қатты ренжіді. Ұзақ жыл мектеп директоры болған, қызмет істеген адам еді. Ол кезде «бұзақылар, маскүнем, на­ша­қорлар алаңға шықты» деп жатты ғой». 
Қайырбек 2018 жылы ақталыпты. Онда да жақын адамдар қолұшын берген. Әйтпесе, мән бермей жүре береді екен.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазіргі таңда Желтоқсан оқиғасына қатысты бірнеше ұйым бар екен. «Осылар әрқайсысы әр жаққа тартпай, бірігіп, бір одақ болып жұмыс істесе. Ұйымды құрғандағы мақсат оқиға ма, көтеріліс пе – мәртебесін анықтап, желтоқсаншылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларына қолғабыс тигізу ғой. Осы мақсат іске асып жатса құба-құп» дейді Қайырбек. 
Оның сөзіне қосыламыз. Ел үшін жасалынған ерлік іс ескерусіз қалмауы керек. Әрі ол әділ бағасын алуы тиіс. 

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

2156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы