• Тұлға
  • 16 Маусым, 2021

ӘМБЕБАП ӘМИНА

2014 жылдың қыркүйек айында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Халің қалай, қарт Жұлдыз?» тақырыбымен көлемді сын мақала жарияланды. Авторы – Әмина Құрманғалиқызы. Журналдың 1 жылдық сандарында жарық көрген роман, хикая, әңгімелерді талдап, сараптама ­жасапты. Ірілі-ұсақты туынды­лардың жетістіктері мен кемшіліктерін нақтылы дәлел, айғақтармен ­нанымды көрсетіпті. Журналда жарық көрген шығармаларды назардан тыс қал­дырмайтын «Жұлдыздың» тұрақты оқырманымын. Сыншы пікірі шынайылығымен ойымнан шыққаны сондай оған дән ризашылығымды білдіру үшін қоңырау шалып, осынау әділ бағасы үшін рақмет айтуды естен шығар­мадым. Екеуміз салғаннан-ақ ашық-жарқын сөйлесіп кеттік. Осылай екі-үш рет сөйлескеннен кейін кездесіп жете  таныстық. Таныстығымыз сырласуға ұласты.

 

Әминаның әдебиетке келуі жарқ ­еткен бір ғажап құбылыс секілді болғаны рас. Осы сын мақаласынан кейін ол өз оқырмандарын тауып та, таңдандырып та үлгерді. «Бұл қайдан шыққан адам? Осы уақытқа дейін неге көрінбеген? Қалай аяқ ас­тынан пайда бола қалды?» деген сұрақ­тармен Әминаға қоңырау соғушылар көбейді.
...Әминаның алғашқы балапан жырлары 8-сыныпта оқып жүргенде-ақ қанат қағып газет беттерінен көріне бастайды.
Кейін өлең жабыққанда мұңын шаға­тын сырласына, егізінің сыңы­рандай досына айналды.
Жүрекке жүрседағы жүгін артып,
Өлең, сенің басқадан құның артық.
Наданның анау-мынау бақытынан,
Оңашада ой кешкен мұңым артық, – деуі де сондықтан болар. Өлеңдерінің тақырыбы: әке, ана, жастар, туған жер, табиғат, Отан, Абайға, Жамбылға, Мұх­тар­ға, Фаризаға, Асанәлі Әшімовке тағы бас­­қаларға арнаған өлеңдері өз алдына бір төбе.
Әминаның табиғатты жырлаған қайсы өлеңін алып қарасаң да көз алдыңа жанды суреттер елестейді. «Күз» өлеңінен үзінді келтірсек.
Әлдеқайда асыққан дала құйын 
Атой беріп әр жерден шаңдатады.
Тышқан алған мысықтай түртіп ойнап,
Боз қаңбақты боз құйын аунатады.
Кілегейлі мұз қатып кірпігіне
Іштен тынып күрсініп көл жатады.
«Баяғыда ... Көктемде» өлеңінде метафо­раны шебер қолданып сөзден сурет салады.
Қара мақпал – қара түн 
Қалықтай жайып қанатын
Қалғып кеткен ғаламды
Құшағына алатын.
Қыз-қызғалдақ қылмаңдап,
Қырдың төсін жабатын.
Шырмауық шытып қабағын
Аяғынан шалатын.
Жырдан өзіне таңғажайып ескерт­кіш орнатып кеткен Мұқағали десек қателесе қалмаспыз. Сол мұзбалақ ақынға Әмина Құрманғалиқызы: «Шіркін-ай!», «Ақын рухымен тілдесу», «Табысу», «Түс», «Әй, Мұқа, Мұқағали...» өлеңдерін арнайды. 
1986 жылы тұңғыш рет айтысқа қатысып, облыстан бірінші орын қанжығасына байланған Әмина Шығыс Қазақстан, ­Керекуде өткен республикалық айтыстарда жүлделі орындарды иеленді. Он жыл айтысқа қатысып айтыс ақыны ретінде де танылады.
Әминаның қолма-қол суырып салып айтып, қарсыласының кемшілігін дөп басып ұрымтал тұстан соққы беретін ерекшелігі басым. Ол Есенқұлмен қалай айтысқаны туралы былай әңгімелейді.
«Алматыға айтысқа келген ақындар қонақүйдің бір бөлмесіне жиналдық. Бір кезде Есенқұл: Әсияны-Әсеке, Әлияны-Әлеке дейміз. Осы сізді қалай дейміз? – деп менің Әмина атымды жаман сөзге бұрды. Дереу былай дедім: 
– Есенқұл, осы болар шыққан жерім,
Бетінен Әминаның ыққан жерің,
Менің атым азар болса осынау шығар
Біле білсең ол сенің шыққан жерің
Есенқұл, бұны білмеу ұят емес пе,
Жақсы сөз жанға түйген хат емес пе,
«Әмина» араб сөзі құранда бар
Пайғамбардың шешесінің аты емес пе? – дегенде отырғандар ду етіп көтеріп кетті: Есенқұл да қарқылдай күліп: – Әй,сен опасный қатын екенсің, – дейді жеңілгенін мойындап...
Әмина Қажығали Мұхамбет­қали­ұлы­мен біраз қызу пікірталасқа түскені оқырман қауымға белгілі. Бірақ артынан бір-бірін түсініп әрі құрметтеп дос ретінде қарым-қатынаста болады.
Бірде Әмина қоңырау шалса, Қажекең көзіне ота жасатып, ауруханада жатқанын айтады. Әмина тағы да қолма- қол:
Әдебиеттен сын кетсе безбен кетер,
Хас сыншы сүрінерде сөзден кетер.
Қажеке, Әминаға байқап соқтық,
Әминаға тиіскендер көзден кетер, – депті. Қажекең қарқ-қарқ күліп, қайта айтуын өтініпті. Әминаның бұлай дегені алдында ғана Еркін Жаппаспен сөзге келіп қалады. Бір-екі күннен кейін: «Еркін көзіне ота жасатып жұмысқа келмеді» дегенді естиді. Соны айтқаны екен.
Әмина Асанәлі Әшімов туралы бірнеше рет  жазған. Бірақ Асекең тарапынан не дұрыс, не бұрыс деген жауап болмайды. Бірде театрда өткен бір жиында Асекең отырғанын көрген Әмина былай деп хат жазып жібереді.
Асанәлі дегенде Асанәлі
Тірі Құдай өзіңді жасады елің.
Сіз туралы бес рет жазсамдағы
Жақсы-жаман бір мезірет жасамадың.
Қарапайым халыққа бұрылуға
Бағдаттың құшағынан босамадың.
Жартастағы шерідей ыңыранған
Мінезі қалай өзі осы ағаның, – депті.
Әмина үнемі алдыңғы шептен көрінді. Ұлан-ғайыр қазақ даласының бір пұш­пағында орналасқан кішкентай ауылдан қанағатын тапты. Бұл туралы ұстазы – Сайраш Әбішоваға жазған хатында былай дейді: «Осынау сұмдыққа толы цивилизациядан қағаберіс қалған жаны да, жүрегі де таза, пәк қалпында қалған аңқау да адал адамдар арасында мен өзімді бақытты сезіндім. Өйткені менің бойымдағы ана тілге, әдебиетке деген құштарлық осы жерде өз қанағатын тапты».
Уақыт зымырап өтіп жатты. Ұл-қыздары мектеп бітіріп, Алматыдағы жоғарғы оқу орындарына түсіп, ата-анадан жырақтады. Айтпақшы, Әминаның өмірлік серігі ­Марат мінезге бай, адамгершілігі мол ­сабырлы жан. Әминаның қиындығы мол жұмысына түсіністікпен, құрметпен қарады. Әминаның сөзін жерге тастаған емес. Өзі спортпен шұғылданады. Ақсуат ауданынан шыққан тұңғыш зілтемір көтеруден спорт шебері. Балаларының қамы үшін Марат пен Әмина Алматыға көшіп келеді. Алматы қалалық білім жетілдіру институтында әдіскер боп бірнеше айдай қызмет істейді. Жұмыс қолайына жақпаған соң №131 мектепке 5 сағатпен орналасады.
– Қазақ тілі мұғалімдері көп, – дейді директор. Мықты болсаң ғана аламын.
– Мықтымын, – дейді Әмина сенімді сөйлеп.
– Ендеше, біреулерден 5 сағатты тартып әпере тұрамын. 
Сол мектепте өзінің мықтылығын дәлелдеп 30 сағатқа қол жеткізеді. Институтты бітіргенде өзіне дәріс берген Қайым ұстазы: «Аспирантураға қал. ­Сенен мық­ты әдебиетші шығады», – десе, екінші ұстазы Қуандық Мәшһүр Жүсіпұлы: «Сенен әдебиет сыншысы шығады» деп Әминаның болашағынан үлкен үміт күте­тіндерін білдірген. Әмина қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі боламын деп мектепте жүргенде-ақ алдына биік мақсат қойған.
Әмина мақсатына жеткен ұстаз. Мақсатына жету үшін жанкешті еңбек еткен дарынды ұстаз. №131 мектепте істеп жүргенде екі сабағына қатар қатысқан директор орынбасарына: Мен мұндай мұғалімді бірінші рет көрдім. Қайдан келген екен, біліңдерші дегені мұғалімнің ерендігіне таңырқағаны әрі ризашылығын білдіргені. Ақжарқын, ­турашыл, қарапайым, сезімтал, ақынжанды, жаны ашығыш Әмина әділдікті сүйеді. Әділдік үшін күресуге тура келген жағдайда күреседі де. №131 мектеп директорының үстінен арыз жазылып қудалауға түседі. Қудалауды ұйымдастырушы қалалық оқу басқармасының қызметкері қазақ тілі мұғалімдерін бір-бірлеп кіргізіп жеке сөйлеседі. «Ешкімнен ақша алып жатқанын көргенім жоқ. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген ұлағатты сөз бар. Қаңтарда жұмыссыз қалғанымда жұмысқа қабылдады. Дирек­торға қарсы қол қоймаймын» деп жоға­рыдан келген басшы екен деп қыңбай, турасын айтады. Үйіне финполиция келгенде де қол қоймай жібереді. Мұғалімдер жік-жікке бөлініп, береке қашады. Әминаның бұнда қалғысы келмейді. Іле ауданы Көкқайнар ауылындағы орта мектепке орналасады. Мектеп отбасын баспанамен де қамтамасыз етеді.
Терең теориялық білім, бай тәжірибе, бастан кешкендері, көрген-білгендері зейнетке шыққаннан кейін көркем шығарма жазуға итермеледі. Көкірегіне түйген ­дайын сюжеттері бірінен кейін бірі жарыққа шығып жатты. 2012 жылы «Біз де қайттық өмірдің  базарынан» атты кітабын, 2013 жылы «Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын» тақырыбындағы тарихи-көркем шежіресін жазған екінші кітабын жарыққа шығарды. Сөйтіп қолына біржола қалам алды. 
Екінші кітабына енген «Қазтай ата»,  «Жұмағұл ата», «Әлпеш ана», т.б. прозалық шығармаларында өмірде болған, әрқилы кезеңде ғұмыр кешкен жеке адамдардың басына түскен ауыртпалықтарды суреттей келе халық тартқан қасіретті көрсетеді. Шежіре деген аты ғана. Адам тағдырын арқау еткен кілең деректі хикаяттар.
Әминаның екі жылда 30-дан астам сын мақалалары жарық көрді. Б.Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» романын алғаш жоғары бағалаған Әмина болды. Басқа сыншылар, қаламгерлер үн қосып роман мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұдан кейін Ә.Кекілбаевтың, Н.Оразалиннің, Ғ.Жайлыбайдың, С.Нарымбетовтің, Ж.Шаштайұлының, Н.Дәутайұлының шығармашылықтарына сын сараптама жасады. «Сынның да естісі бар, есері бар» мақаласында жалпы сын туралы пікір білдірсе, «Абайға абай болайық» сын мақаласында Абай өлеңдерін орынсыз түзетулерге сын айтты. «Әуезов тілінің бояулары» мақаласында жазушының өзіне ғана тән  көркемдік ерекшеліктері сөз болады. «Еркіндік тиді екен деп» сын мақаласында М.Әуезовті түзетушілерді, Ғ.Мүсіреповті жазушы емес дегендерді сынайды. «Қазіргі қазақ мәдениетінің айнасы қандай?» сын мақаласында тележүргізушілердің тіл мәдениетінің жұтаңдығын, кей журналистердің тілдік олқылықтарын, әншілердің ән сөзіне мән бермейтін жауапсыздықтарын сынайды. «Айтыс қайда барасың?» мақаласында қазіргі айтыс өнеріндегі кемшіліктерді көрсете білді. Әмина сатирик те. Оның сатиралық шығарма (әңгіме) жазудың шебері екенін біреу білсе, біреу білмес. «Сырттай айтыс», «Айғыр асаба», «Жанкешті»,«Жүрексінбесең болғаны» т.б. сатиралық әңгімелері жоғарыдағы айтқанымызға дәлел. 
Әмина Құрманғалиқызы – эссе­шіл қаламгер. Оның Есмұқан Обаевқа, Төрткен Кененқызына, Меруерт Өтекешоваға, Тұманбай Мол­да­ға­лиевқа, Даулет Тұрлыхановқа, Күләш Ахметоваға, Асанәлі Әшімовке арнаған эсселері бар.
Әминаның өз тәжірибесінен жинақ­талған түс жорулары бар. Бұл түс жорулары «Семей таңына», «Алатауға», «Ана тіліне» шықты. Әминаның аян түстері көп-ақ. Соның бір-екеуін келтіре кетсек артық болмас. Оқушы кезінде түсінде М.Әуезов күлімсіреп бір жарқыраған күміс қасық береді. Қасық – ырыздық. «Әдебиет – бүкіл өмірімнің ырыздығы болар» деп жорыпты. Бұл рас болды.
2009 жылы Әминаның түсіне М.Әуезов екінші рет кіреді. Күлімсірей қарап қаламсап береді. «Жаз» дегені деп жорыды. Әмина Құрманғалиқызы жақсы жар, мейірімді ана. Өмірлік қосағы Марат екеуі Медет, Даулет есімді ұлдары мен Меруерт, Марал есімді қыздарын бағып-қағып тәрбиелеп өсіріп жеткізді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Әсел, Әлия есімді келіндері бар. Енді немерелеріне қамқорлық жасауда.
Әмина Құрманғалиқызы 2019 жылы «Әулет пен нәубет» тақырыбындағы прозалық шығармалар жинағы үшін «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығына ие болды. Сатиралық шығармалар жинағы жарық көрді. Өмірден ерте кеткен сүйікті қызы Меруертке арнаған өлеңдер жинағын «Жарығым-ай» деп атады. Әмина Құрманғалиқызы қай жанрда қалам тартса да оқырмандарының айызын қандыра жазады. Оның қаламынан туған поэзиялық, прозалық шығармалары да, сатиралық әңгімелері мен сындары да оқырманын тапқан, көңілдерінен орын алған құнды дүниелер, Қаламгердің шығармаларын оқығандар бұл ойымызды тірілтетіні рас. Әминаға мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

929 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы