• Тұлға
  • 16 Маусым, 2021

СОЛ САҒЫНЫШ ӨШПЕЙДІ...

«Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Қыркүйектің аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр...»
Біз университетке оқуға түскендегі бақытты бір шағымызды еске алсам, махаббат жыршысы атанған жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романының осы бір алғашқы жолдары ойға оралады. 
Бүгінде «Абитуриент-77» деп аталатын топта бірігіп жүрген достарымыз сол жылы студент атанған едік. Қыркүйектің соңғы күндерінде №5 жатақханадан орын алып, жан-жағымызға қарай бастағанда жаз бойы сынақта бірге жүрген жолдастарымыздан бөлек тағы да бес-алты қыз-жігіттің қатарымызға қосылғанын байқадық. Олар дайындық курсынан келгендер болып шықты. Солардың бірі Серік Рәсілов екен.

 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бес жігіт 513-бөлмеге орналастық: Жезқазғанан – Дәулет Мақашев, Қызылордадан – ­Айтбай Сәулебеков, Жамбыл облысының ­Луговойынан – Басқар Битанов, Меркесінен – Серік Рәсілов және Ақтөбеден – мен бәріміз бір үйдің баласындай болып алғашқы күннен тіл табыса кеттік. 
Біз оқуға түскен Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика факультетінің атағы жер жарған ұстаздары – профессор Темірбек Қожакеев бастаған Қайыржан Бекқожин, Зейнолла Тұрарбеков, Тауман Амандосов, Қабижан Құсайынов, Әбілфайыз Ыдырысов, Файзолла Оразаев, Рахым ­Сатаев, Дандай Ысқақов, кураторларымыз Қайыркен Әбдірахманов, Намазалы ­Омашов, тағы басқаларының бізге ұсынар тәлімі мен тағылымы молдығы алғашқы күннен-ақ білінді. Содан да болар, біз өзіміз үшін алыстан аңсап келген әдемі әлемнің құпияларын білуге құныға ұмтылғандай едік...   
Журналистика факультетінің студенттеріне дәріс берушілер қатарында бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарып жүрген елге танымал, тәжірибелі қалам иелері де болды. Сондай ұстаздарымыздың бірі Нұрмахан ­Оразбеков Қазақ ақпараттық агенттігінде бас редактор болып қызмет атқарып жүрген кезінде өз саласы бойынша мамандыққа ­баулу сабағын жүргізді. Оның басты мақсаты – белгілі бір оқиғаны қысқа әрі нұсқа, сондай-ақ оқырман назарын аударатындай қызғылықты етіп баяндауға дағдылану. 
Бірде Нұрмахан аға бір тақырыпты өзі желілеп айтып шықты да, бәріміздің алдымызға хабар әзірлеу міндетін қойды. Өзімізше кілең сен тұр, мен атайын жүйріктер, кірісіп кеттік. Жақсы бағалаудан бәріміз де дәмеліміз. Қиналып жатқан ешкім жоқ, көпшілігіміз жедел жазып тастадық.
Оқытушы асықпай барлық жазбаларды оқып шықты. Студенттер бір-бірімізге қарап қоямыз. Бір кезде ол кісінің «Серік Рәсілов!» деген даусы шықты. «Өте тамаша! – деді ол. – Ең бастысы, хабарлануға тиісті жайдың тетігін дұрыс тапқансың. Алғашқы сөйлеміңмен оқырманды қақпанға түсіріп тұрсың. Ол енді ары қарай не болады деп құмарланып оқи бастайтын болады! Осылай жазу керек!».
Әншейінде ешкімнің алдына түсе беруге құмарлығы жоқ, қарапайым қалпымен көпшіліктің ортасында жүргенді дұрыс көретін Серіктің шығармашылық ішкі қуатының молдығын көрсететін жай еді бұл. Соны ұлағаты мол ұстаз қапысыз таныпты...      
Серіктің шығармашылық жан-жақты жетіле түсуіне қолайлы бір әсер еткен тағы бір жайды да айтпай кетуге болмас. 
Бес жыл студенттік өмірдің орта тұсынан өтіп, қалам қарымы бір арнаға түсе бастаған біздің болашақ журналистер енді отбасын құру қамына кірісе бастайды.
Сол екінші курсты бітіруге тақағанда Серік өзіміздің журфактың аруы, Қызылорданың қызы Балқиямен бас қосты. Мамыр мейрамында тобымызды жазбай Серіктің туған ауылы Меркеге, Қызыл ту ауылына жол тарттық. Қарапайым еңбек адамдары Мырзақасым әкей мен Ажаркүл шешемізді қуантып, бір мәз болдық.
Одан келгесін көп ұзатпай Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінің банкет залында тойды жалғастырдық.
Ендігі мәселе – жас жұбайларға пәтер табу. Бастапқыда орыс ағайындардың қол астынан «қамқорлық» көргенмен, жас отаудың жиілеп келе беретін қонағы олардың жиі қоныс аударуына себеп болды. Сондай күндердің бірінде Секең Жазушылар одағының саяжайы беткейінен бір-ақ шықты. 
Анау-мынау емес, қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленовтің үйі. Қоршалған үлкен ғимарат, алдында сарайы бар. ­Аулада неше түрлі жеміс ағаштары. Таза ауа, ­рақат. Сырағаңның бұл жаққа беттегенін сол кезде байқамаппыз. Ал ақынның зайыбы – Гүлжамал апамыз ­анда-санда келіп, пісіп тұрған өнімдерден алып кетеді. 
Одан кейін осы қатардағы Ілияс Есенбер­лин­нің саяжайына қоныс аударды бұлар. Біз әдеттегідей демалыс күндері осында келіп, аунап-қунап кетеміз. Керемет жазушының осындағы кітаптарын тамашалаймыз. 
Бір күні жексенбіде Ілияс аға келіп қалды. Сәлемдестік, жөнімізді айтып жатырмыз. Сол арада Балқияның дастарқаны да ­жайылып, шай құйыла бастады. «Ал қай жердің баласысың?» деді бір кезде жазушы маған бұрылып. «Ақтөбенің Шалқарынанмын». «Мен ол жерде соғыстан кейін болғанмын. Бер­шүгірде шахты директоры болып қызмет еткенмін» деп ағынан жарылып, біраз әңгіме айтты жазушы. Арамызда ортақ тақырыптың табылғанына Серік те қуанып отыр.  
Саяжайда тұрғанында Серіктің отбасы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев сынды әдебиет алыптарының көршілері ретінде ол үйлермен де етене араласты. 
Міне, қазақтың ұлы ақын-жазушыларының ортасында олардың бір баласындай болған досыма осы әдемі ахуал әсер етпеді деп ойлайсыз ба? 
Жоғары курсқа көшкен жылы ма екен, Серік республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынды. Бұл енді журфактың студенттері үшін іште бұғып жатқан бір арман. Талабы қатал, талантты қиядан танитын сырбаз редактор Сейдахмет Бердіқұловтың сынынан сүрінбей өткен досымыз көп ұзамай жастар басылымы бетінен өз қолтаңбасын көрсете бастады. Комсомол тұрмысы деп аталатын негізгі бөлімде еңбек жолын бастаған ол түске дейін университетте лекцияда отырса, түс ауа қазіргі Жібек жолы көшесіндегі еңселі, көп қабатты Баспасөз үйіне қарай асыға басып бара жататын. 
Сол уақыттарда комсомол конференциялары қызу өтіп жатты. Ол кездің өлшемімен алсақ, бұл – өте маңызды шара. Онда комсомолдың басшы органдары сайланады, атқарылған шаруаларға сын тұрғысынан талдау жасалып, алдағы міндеттер белгіленеді. Сондықтан да басылымдарда, оның ішінде жастар газетінде аталған науқан кеңінен қамтылады. 
Бір күні Серік Алматы қаласындағы бір аудандық конференцияға қатысып, есеп жазу жөнінде маған өтініш білдірді. Дос тапсырмасын мүмкіндігінше толыққанды орындауға тырыстым. Өзгешелеу форма іздеп, жастар жиынындағы тосын жайларға көбірек ­назар ­аудардым. Ол кезде қолмен қағазға жаза береміз. Түске дейінгі сабақ үстінде мақаламды бітіріп, қолына ұстаттым. Бірер күнде жазғаным газетке жарқ ете қалды. «Алдағы айдың басында қаламақыңды аласың!» деп досым мәз...
Серік досымның ақкөңіл, аңқаулығы да бар еді. Университетті бітіріп, қолға диплом алғаннан кейін сол уақыттағы тәртіп бойынша қызметке тұрған жерімізден факультетке анықтама қағаз жіберуіміз керек. Бастапқыда Секең де өзіміз сияқты бұл шаруаға оншалықты мән бере қоймаса керек. 
Бір күні қызмет телефоны шар ете қалады. Көтерсе – деканымыз Темірбек Қожакеевтің даусы. «Маған Рәсілов керек!» дейді арғы беттегі адам нығыздап. Оның кім екенін біліп қалған бұл «Мен, мен ғой, ағай!» дейді сасқалақтап. «Сен болсаң, қызметке тұрып алып, Қожакеевті ұмытайын деген екенсің... Анау анықтамаңды неге тапсырмайсың? Әлде өзім барып алайын ба? «Жетісудағы» Битановқа да сәлем айт! Әйтпесе...» деп телефон тұтқасын қоя салады ол.
Содан Серік жүгіріп, төменгі қабатта облыстық «Жетісу» газетіне қызметке тұрған тағы бір досымыз Басқар Битановтың бөлмесінен бір-ақ шығады. Жанталасып жеткені бар болсын, Басекең терезеге мойнын бұрып, телефонмен қарқ-қарқ күліп, басқа біреумен сөйлесіп жатады. Бұған қарамайды да. Секең шыдай алмай, қайта-қайта ымдап, телефонды таста, маңызды шаруа бар дегенді білдіреді. Оған Басқар ма көне қоятын? 
Әбден шаршатып барып, телефон тұтқасын орнына қойып, «Ал, не болды, не шаруа?» дейді маңғазсып. Содан Секең деканмен болған бүкіл «әңгімені» жанығып қайтадан айта бастайды. Соның бәрін асықпай тыңдап алған Басекең: «Әй, Рәсілов, бүгін асықпа, ертең алып келерсің!» дейді Қожакеевтің даусына айнытпай салып...
Серік алпыс жасқа толғанда белгілі жазушы Сәбит Дүйсенбиев «Алматы ақшамы» газеті бетінде «Сегіз қырлы Секең» деген тамаша толғанысын жариялады. Әдетте жолдасың туралы ағыңнан жарылып айтқың келгенімен, онымен бәлен жыл қатар келе жатқаның да, бірге жүріп-тұрғаныңның өзі де аздық етуі мүмкін. 
Ал Сәбит пен Серікті бір-біріне жақында­тып, достастырған журфактың №5 жатақханасы екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұл былай болып еді.
Бірінші курсты бітіргеннен соң жазғы өндірістік тәжірибемізді өткізіп, демалғаннан кейін Қостанай даласына барып, қыркүйек айында ауылшаруашылығы жұмыстарына қатыстық. Енді екінші курсқа келгенімізде Серік екеумізге бастапқыда жатақханадан орын тимей қалды да, бірер ай пәтер жалдап жүрдік. Қысқа қарай бәрібір сәті түсті. Өзімізден бір курс жоғары оқитын үш жігіттің қатарына келіп қосылдық.
Бәрі де таныс, тонның ішкі бауындай дерлік сыйлас азаматтар. Көшбасшымыз ақын Жайлаубай Қазиев, бізден он шақты жас үлкендігі бар. Одан кейінгі Дүрәлі Дүйсебаев, ең жасы Сәбит Дүйсенбиев.
Сәбиттің «Жалын» журналында «Тәтті алма» деген әдемі әңгімесі шығып, атағы дүрілдеп тұрған кезі болуы керек.
Сәбит пен Серіктің қай тақырыпта да сөздері жарасып, әрі-беріден соң бірін-бірі іздеп жүретіндей күйге жетті. Көп ұзамай екеуі де шаңырақ көтеріп, енді отбасылық жылы қарым-қатынас одан әрі жалғаса түсті.     
Жатақхананың сол 205-бөлмесінде басталған қос талантты жігіттің достығы өмір бойы жалғасып келе жатқан еді... 
Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігіміздің тұғыры нығая бастаған тұста Серік Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы болып тағайындалды. Шыңжаң өңірі мен Баян-өлгей аймағы, Қытай мен Моңғолия елдерінің қазақтары алаң көңілмен атамекенге ат басын бұра бастаған кез еді бұл. Бұған дейін «Лениншіл жастың» үлкен мектебінен өтіп, содан кейін бизнеске де ден қоя араласқан Секеңнің шығармашылық ортаға қайта оралуы туралы жаңалықты оның қалам қуатын жақсы білетін әріптестері қуана қарсы алды.
«Атажұрт» баспасы іске кіріскен аз ғана уақыт ішінде оқырман қауым сырттағы қандас қаламгерлеріміздің туындылары арқылы Ер Жәнібек, Зуқа батыр, Оспан батырлардың тұлғаларын тереңдеп ұғынды, қыр астында қамыққан қандастарымыздың арғы-бергі тіршілігі туралы көп жайға қанық болды. 2014 жылы осы баспадан жарық көрген «Өзбек­стандағы қазақ ақындарының өлеңдері» жинағы да жұртшылық жүрегіне жылылық құйған жәдігер іспетті қабылданды.  
Серіктің әр мақаласынан өзіне тән стиль байқалып тұрушы еді. 2015 жылы жазған бір дүниесі «Ұлт рухын шекарамен бөлмейік» деп аталыпты.  
Ол «Қасиет тұнған қара жердің төсінде он бес миллионнан астам қазақ бармыз. Оның он миллиондайы атажұртта отырмыз. Қалған үштен бір бөлігі жұмыр жердің әр пұшпағында, шекара сыртында өмір сүруде» деп басталады.
Одан әрі: «Шекара атаулының екі беті бары белгілі дедік. Өзіміз қазанында қайнап келген бергі беттегінің бәрі де бізге түсінікті. Тура алақандағыдай. Ал, арғы бет туралы не білеміз? Қазақ қай жерде жүрсе де оның түп-тамыры, тілі мен мәдениеті бір екендігін бәріміз мойындағанымызбен, біз мойындауға тиіс тағы бір ақиқат бар. Ол – арғы беттегі қандастарымыздың жандүниесін түсінуіміз әлі де төмен екендігі» деп бір тебіренеді. 
Негізінде Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» сынды журналист еңбегі көп ескеріле бермейтіні бар кейде. Ал Серік досымыздың Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін Тұңғыш Президент қол қойған Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталуын оның еңбегінің көрінуі, бағаланғаны деп қуандық кезінде.  
Оның өмірдегі өзгеше бір бақыт биігіне шыққан сәті – Мерейінің дүниеге келуі еді. «Ленжастықтар» есімін қойған сол үміт күткен перзенті бүгінде үлкен азамат болды, әкесіне немере сүйгізді.  
...Осыдан он жыл бұрын «Дүниежүзі қазақ­та­рының қауымдастығы» баспасынан Серік Рәсіловтің құрастыруымен оның дара қолтаңбасын айқын танытатын «Сан ғасыр­лық сағыныш» деген үлкен жинақ жарық көріп еді.
Не жазса да жүрекпен жазатын, айналасын­дағы адамдарға деген нәзік сезімдерді аялай білетін асыл досымыз былтыр осы уақытта алыс сапарға жол шегіп, сондай сөнбес сағынышты енді біздің жүрегімізге орнатып кетті...

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Ақпарат саласының үздігі
Ақтөбе облысы

1334 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы