• Тұлға
  • 16 Маусым, 2021

ҚОҢЫР КҮЙ

Серік Рәсіловты ойлағанда, ең алдымен, сексенінші жылдардағы «Лениншіл жас» еске түседі. Қандай көркем күндер еді. Көк базардағы тоғыз қабатты еңселі ғимараттың жетінші қабатының түндігі өзгелерден өзгеше желпілдеп жататын. Себебі мұнда таралымы жарты миллионға жуық  «Лениншіл жас» орналасқан. Сол тұстағы маңайына максималистерге көбірек орын беретін ең романтикалық, әсершіл басылым сол еді. Мұнда қызмет істейтіндердің әрқайсысы да алды елге танылып қалған бір-бір биік. Дей тұрғанмен де, ол кезде елге танылып, жұлдыз бола қалайын ­деген ой болмайтын. Уақыт өзі танытып жататын. ­Ресми басылымдарға қарағанда «Лениншіл жастың» жүйріктері ел аузында көбірек жүретін. Солардың бірі біздің Секең еді.

 

Студент кезінен-ақ баспасөздің ірі өкілдерінің ­назарына қатарластарынан бұрынырақ іліккен ол есігінен сығалай алмайтын, әркімге арман басылымның тілшісі болып шыға келді. Іңкәр ізденістер іргелі ізденістерге ұласып жүре берді. Серікке тән қасиет ол, ең алдымен, тым әсершілдіктен (ассоциативтік сарыннан), романтикалық қалыптан, көзсіз еліктеуден алыс болды. Ол өзін өзі жазуға дайындап келгендей көрінетін. Содан болар өте қарапайым, таңдап, талғап жазды. Жасына қарамай жазуынан қария сөз, қария сөйлем құрауға деген талпыныс айқын аңғарылатын. Оның басты ерекшелігі ол баспасөзге сөз қадірін біліп, өз ұстанымымен келді. Содан да болар, алғашқы қадамын шаруа-жастар, жұмысшы-жастар бөлімінде бастаған Секең,  ауыл баласы бұл тақырыптарды ұршықтай үйіріп әкетті. Қаламының қарымын, ішкі қуат тегеурінінің молдығын алғашқы аяқ алысынан-ақ байқатты. Қай тақырыпта да бауырын жазып, көсіле шапты. Әрине, басқа басқа, өнерді түсініп, біліп жазудың жөні бөлек. Сол тұста атағы жер жарып, жалынан сипатпай тұрған әйгілі тараздық трио туралы жазған «Пырақ мінген үш жігіт» атты эссесі елді елең еткізді.
Заман өзгеріп, нарық келген тұста оқырмандардың Серіктен көз жазып қалғанына біздің де қоса қабат өкінген кездеріміз болған. Егер баспасөзге  әу бастан бекзат бітіммен келген біздің Секең сол бағытын ұстанғанда талай биіктерді еншілер еді. Ол қоңыр әуенге құрылған қоңыр тіршілікті жаны сүйген қаламгер еді. Тірі болғанда сөз жоқ қоңыр сөздің қоңыр қозысы болар еді. Өзіндік көзқарасы, адамгершілік ұстанымы айқын, кісі баласына тек қана жақсылық ойлайтын, жүрегі сәбидей таза оның бекзат, зипа болмысы осындай ойға ден қойғызады. Себебі оның бір қайнауын ішінде пісіріп жүретін дүниелері ­барын сезетінбіз. Оның  осы қасиетін ерте танып, қызметке тартқан ұстаздары да мықты еді. Әсіресе газет бетінен жылт еткен бір жақсы дүние көрсе балаша қуанатын бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұловтың да дуалы аузына ерте іліккендердің бірі осы Серік еді.
«Ат айналып қазығын табады». Секең егемендіктің елең-алаң тұсында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы болып, сүйікті ісіне қайта оралды. Алыстағы ағайындарымыздың тағдыры, тұрмыс-тіршілігі турасындағы еңбектердің жарық көруіне құлшына кірісіп, көп кітаптарға редакторлық етіп, ұлт үшін ұлық істің бел ортасынан табылды. «Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдер жинағы», «Сан ғасырлық сағыныш» атты ұжымдық жұмыстарға шығармашылық басшылық жасады. Сондай-ақ «Ұлт рухын шекарамен бөлмейік» атты бітімі бөлек мақала жазды.
Серік Рәсілов адамгершілікке негізделген өмір сүрді. Тұла бойы тұнған мейірім еді. Қамшының қос өріміндей қатар өрілген кісілігі мен кішілігіне шексіз қарапайымдылығы зор мазмұн, мағына сыйғызып тұратын. Онымен кездескен сәттер кісіні бір қоңыр күй тыңдағандай әсерде қалдыратын. Өмірді өзінен де артық сүйіп, бауырларының, отбасының бақытын бәрінен де биік қойып, отанасы Балқиясымен бақуатты ғұмыр кешкен, Мерейінің мерейі үшін отқа да, суға да түсуге дайын дара, дарқан достың жарқын жүзін қара жер жасырғалы да жыл толыпты.
Бір нәрсе анық. Мұндай жанның жатқан жері жарық болады.

Қали Сәрсенбай

1621 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы