• Ақпарат
  • 16 Маусым, 2021

ӨНЕР – ӨМІР ӨРНЕГІ

Мен 37 жыл бойы балаларды сурет әлеміне баулып, ұшы-қиыры түпсіз қиялдарына ерік беріп келе жатқан еңбек және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімімін. Осы уақыт аралығында ауыл, аудан, қала мектептерінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, тәжірибе жинақтадым. Бүгін сіздермен сол сурет, өнер әлеміне байланысты ой-толғамдарыммен бөлісуді жөн санадым. 

Бұрын оқушылардың ілім-білімімен қатар, олардың рухани жан дүниесіне, өнеріне көбірек мән берілетін. Олай дейтін себебім, сурет, еңбек пәндеріне көп сағаттар бөлінді. Бала өзге ауыр сабақтардан ойын бөліп, бір уақыт өзін еркін сезінуіне, ой-қиялына, қол шеберлігін дамытуына мүмкіндік алатын. Сабағыма келген балалардың жүзінен қуаныш лебі есіп тұрушы еді. 
Бейнелеу  пәнінің бір ерекшелігі, қатып қалған қағида, формулалар жоқ. Және онда жақсы оқитын да, нашар оқитын оқушының да қабілеті теңеседі. Үздік оқушы ұқыпты болады. Оның барлық құралдары түгел, тапсырмаңды қаз-қалпында орындап келеді. Ал, бірақ... нағыз сурет туындылары, еркін қиял, бояулардың батыл үндестігі көбіне өзге сабақтарға немқұрайлы, нашарлау деген оқушылардан туындап жатады. Себебі сурет мінезді білдіреді. 
Оқушының шығармашылығын баға­лаған кезде әр қырынан қараймын: қылқалам шеберлігінен бөлек, бояуларды сөйлетуіне, үндестіруіне, қиялының шарықтауына мән беремін. Әр баланың туындысы оның қолтаңбасын, ой-қиялын байқатады. Сурет келісті шықпаса да, ондағы берілген фантазия, мән, көңіл күйге назар аударамын. Бұл жағынан өнерде бағалық жүйеден көрі, қазіргі баллдық жүйе жақсы келетінін айтқым келеді. Ал бағаның баланың санасына әсері орасан зор екенін білесіздер... 
Бағаларының төмендігінен өзі құралып­тастардан қалып, олардың мазағы мен тұқыртуынан тұйықтала түскен, өз-өзіне сенімсіздеу оқушым болатын. Сыныпқа балалардың соңынан кіріп, көзге түспеуге тырысушы еді. Тоқсан соңында мен ол оқушының суреті беске тұрарлықтай болмаса да, жоғары баға қойдым. Сыныптағы барлық балалар, тіпті оқушымның өзі де таңғалды. Сол күннен бастап ол өзгере ­бастады. Сабаққа бүкіл затын түгендеп келетін болды. Мінезі ашыла түсті, өзге пәндерден жақсы баға ала бастады.  Бұл өзгерісті, әрине, құрдастары да байқады. Себебі балада өзіне деген сенім пайда болды. Мектепті үлгілі, белсенді түлек болып бітірді. Міне, қарапайым ғана сенім адамға қандай қанат бітіреді. 
Мұнымен айтайын дегенім, балаға өзін танытатын, еркін сезінетін, қанаттан­дыратын жеңіл пәндер керек. Бала өзінің бала екенін де бір сәтке сезінуі қажет. Қиын сабақтардың арасында оқушылардың қиялын дамытатын бейнелеу өнері, көркем еңбек секілді сағаттар оқушыға ауадай қажет. 
Қазіргі таңда осы пәндерді қажетсіз санап, мектеп сағаттарын азайтты, тіпті алып тастап, тек үйірме етіп қалдыру керек деген пікірлер де айтылуда. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңдағы пәндер өте ауыр. Бала ұдайы стресте жүреді. Мектеп пәндері, одан қалса қосымша ақылы сабақтарға барады. Сонда баланың балалық шағы қайда қалды? Ал өнерге бейімі бар балалар неге ескерусіз қалуы қажет?
2010-2011 жылдары жоғары сынып­тарға Өнер пәні енгізілген болатын. Өте керемет бастама еді. Осы пәнде балалар бұрын-соңды мектепте айтылмаған қазақ өнерімен, киносымен, театры және сахнасымен танысты. Жалпы мәдениет өмірінен: сөйлеу, жүру, киіну мәде­ниетінің қыр-сырларынан хабардар болды. Өкінішке қарай, бұл пәндер қолдау таппады. Ал қазіргі жастар, әсіресе осындай тәрбиелік мәні бар сабақтарға өте зәру. Мысалы, бүгінгі жастар, тіпті кейбір ересектер де театрға, мәдени, қоғамдық орындарға қалай киініп бару мәдениетін біле бермейді. Көркем әдеби кітап оқу тәлімі тоқтады,  нағыз өнер туындыларын көрмейтін болды. 
Қорыта айтқанда, тәрбие-тәлімі жат, мәдениеті басқа елдерге еліктеп, солардың ілім-білімін, оқыту-тәрбиелеу үрдісін көшіруге көштік. Қазақи болмысқа мүлде бөтен, өнері мен тәрбиесі тысқары қалған оқу бағдарламалары мен оқулықтарға бет бұрдық. Бұдан балалардың білім деңгейі арта түскен жоқ. 
Өнер адамды мәдениетке тәрбиелейді. Ал мәдениетсіз, тәрбиесіз алынған білім – білім емес. Оқу бағдарламаларын тек ауыр пәндермен ғана емес, арасына бір сағаттан болса да, баланың  шабытын оятатын, рухтандыратын пәндермен толықтырған, көбейткен жөн деп санаймын. 
Қазіргі жаһандық ақпараттық ағын заманында өнерге, мәдениетімізге орын қалмай, шетке ысырылып, оқу бағдарлама­ла­рынан алынып тасталудың аз-ақ алдында тұр. Бірақ өнер – өміршең. Өз алдына бөлек әлем. Өнерсіз – әлемнің мәні жоқ. Ал әлемге сұлулық сыйлаушы – өнер адамдары. Тек оларға әрқашан жеткілікті мән, баға берілмейтіндігі өкінішті... 

Дина Оразова,
64 мектеп-гимназия мұғалімі
Шымкент

6239 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы