• Тұлға
  • 16 Маусым, 2021

НАМЫСШЫЛ ХАНЗИПА

Ханзипа Бәлдікқызы ғұмырын журналистикаға арнаған әріптесіміз. Сонау бір жылдары Қостанай өңіріндегі Лисаков және Рудный қалаларында қазақ радиосын ашып, қандастарымызды ана тілін қадірлеуге, ата-бабамыздан мирас боп келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға үндеген қайраткер ретінде есімі қалың жұртшылыққа жақсы таныс. 
Қазіргі таңда ол елордамыз Нұр-Сұлтан шаһарында тұрады. Аяулы ана, сүйікті әже. Бұл кісімен жүздесіп, сырласудың өзі бір ғанибет. Сөз саптасынан, жүзіндегі нұрлы шуақтан ұлтын шексіз сүйетіндігі, әйел затына тән мейірбандылықтың лебі сезіліп тұрады. Әлі күнге дейін қолына қалам алып, көңілде жүрген көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп жүргені. 

 

Ол 1937 жылы қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келді. Елге құрметті, жұртшылыққа қайырымы мол шаңырақта тәрбиеленді. Әкесі Бәлдік Байтоғайұлы туған жерін гүлдендіруге айтарлықтай үлес қосты. 
Текті азамат ақындығымен де елге танымал-ды. Оның жазған өлеңдерін көпшілік жатқа айтатын. Әншілігі өз алдына бөлек әңгіме. 
Ханзипа Бәлдікқызының баспасөз саласында жемісті қызмет атқарғандығын Торғай және Қостанай өңірінің талғампаз халқы жақсы біледі. Апамыз әңгімелескен кезімізде Лисаков және Рудный қалала­рында бұрын тек қана орыс тілінде хабар таратқан радиолардан қазақша бөлім ашқанын ерекше ықыласпен айтып берді. 
Апамыз қызмет атқарған 1982-1993 жыл­дары өзге ұлт өкілдері басым қалалар­дағы радиоларда қазақ редакцияла­рын ашу ерлікпен пара-пар іс еді. Бұл шаһарларда қазақтың саны өте аз болатын. Ары кеткенде 4 пайыздан аспайтын. Өңірдің өзінде ұлтымыздың саны ауыз толтырып айтарлықтай емес еді. Сол кездегі тіліміздің мүшкіл халі кеуде­сінде намысы бар бауырларымызды толғандырмай қоймайды. 
Алғашқы тұсаукесер хабарын «Радио тыңдаушылармен танысу» деп атағаны әлі есімде. Оған шаһардың құрметті азаматы, қаланың іргетасын қаласқандардың бірі Мағзұм Жандарбеков пен осындағы бауырымыз, бір рудник басшысы шақырылды. Қос азамат журналистің бастамасына жылы лебіздерін жеткізді.
Осылайша шаһарда тұңғыш рет қалалық радио қазақ тілінде сөйлей бастады. Бұл жергілікті ағайындардың еңсесін көтеріп, мемлекеттік тілдің абырой-беделін асқақтата түсті. Алайда Лисаковта ешкім де әпкеміздің қайсарлық пен батылдық танытып, бүкіл қазақ жастарына өнеге боларлық мұндай қадам жасайды деп мүлде ойлаған жоқ-ты.
Әрине, қай жұмысты қолға алсаң да ол әбден қалыптасып кеткенше қиын­дық тудыратыны ақиқат. Хабарға қатысу­шы­лар­ға өзі аударып берген сөздерін бірнеше рет оқытып, әбден жаттық­тыратын. Со­дан соң ғана монтаж жасап, эфирге шығаратын. 
Кейін әлгі қандастарымыз радиодан өздерін тыңдаған кезде таңғалғандарын жасырмай: «Сөйлеп тұрған шынымен мен бе?» деп бұған ризашылығын білдіріп жататын. Ал радионың редакторы, орыс жігіті Василий Аверкин тілшінің тиянақтылығына, еңбекқорлығына тәнті болып: «Біздің Ханзипа Бәлдікқызы екінші Алтынсарин» деп арасында қалжыңдап та қоятын.
Мына бір жайды тілге тиек етпесем болмас. Мұның алдында радиодан берілетін хабарлар тек қана орыс тілінде басталып, сол тілде аяқталатын. Ал, енді қазақ редакциясы қосылған соң, ол мемлекеттік тілде басталуы керек емес пе?
Бұрын әбден қалыптасқан дағдыдан бірден бас тарту оңай ма? Ханзипа апамыз эфирге шығар алдында диктор әріптесіне бұдан былай облыстық, республикалық радиолардағыдай күнделікті хабар мем­лекеттік тілде басталатындығын айтқан кезде ол таңырқап: «Тыңдармандар мұны түсінбейді, өйткені тұрғындардың басым көпшілігі өзге ұлттың өкілдері» деді.
Апамыздың жауабы да дайын-ды. Сондықтан өзінің өжет мінезіне басып: «Сіз қателесесіз, әңгіме тұрғындардың басым көптігінде емес, гәп олардың қай елде тұрып жатқандығында» деп өз ойын ашық білдірді.
Редактор яғни орыс жігіті мұндай түсінбестікті бастан кешпегендіктен, оны нақтылау үшін қалалық партия комитетіне жүгінгенді жөн көрді. Онда отырғандар да ақымақ емес қой. Алдағы уақытта хабар тек мемлекеттік тілде басталатындығын әріптестеріне ұғындырды. 
Осы жерде ол бес жылдан аса жемісті қызмет атқарды. Лисаковтықтардың тұрақты қазақ тілінде берілген хабарларға құлағы да, бойы да үйренді. Ханзипа Кәкімжанова қалалық партия комитеті тарапынан еңбегі жоғары бағаланып, суреті шаһардың құрмет тақтасына ілінді. 
Уақыт сынаптай сырғып өте берді. Бір күні өзі бұрыннан жазған мақалалары мен басқа да көпшілікке рухани азық ­болар шығармалары жарық көрген, өзін әу ­бастан қанаттандырып, қиялын қияндарға шарықтатқан аймақтағы жалғыз ана тілінде шығатын, бұл күндері «Қостанай таңы» деп аталатын газет редакциясына меншікті тілші болып қызметке шақырылды. Ондағы әріптестерінің ұсынысын қуана қабылдады. 
Алайда қаншама қажыр-қайратын жұмсаған қазақ редакциясының жабылып қалмауын ойлағандықтан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Корневке арнайы жолығып, облыстық газетке қызметке барғалы жатқанын, өзі бастаған игі істің жалғасын тапқанын қалайтынын айтты. 
Ол кісі тәжірибелі, талай жерде ­жауапты лауазымда болған адам ғой. Әріп­тесіміздің сөзін байыппен тың­даған соң мұның еш алаңдамауын, радио­­ның қазақ редакциясы жұмысын тоқтат­пай­тындығын білдірді. Қала басшысы уәдесіне берік екендігін танытты. Ең бас­тысы қазақ тіліндегі радио әлі күнге дейін хабарын үздіксіз жалғастырып жатыр. Ана тілін қадірлейтін кадрлар да табылды.
Өңірдегі кезінде ұлтымыздың бетке ұстар Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин, Сырбай Мәуленов, Сейіт ­Кенжеахметов секілді тұлғалардың жарқын ізі қалған, кіл қазақ жігіттері мен қыздары жұмыс істейтін басылымдағы журналистік қызметі де сәтті басталды. Меншікті тілші ретінде жазған дүниелері бірінен кейін бірі шығып жатты. 
Алайда мұның алдында енді ­Лисаковтан шалғай емес кеншілер шаһары Рудныйдағы орыс тілінде ­хабар беретін қалалық радионы қазақша сөйлетсем деген мақсат тұрды. Алайда ол да қаншама тынымсыз ізденісті, жүріп-тұруды қажет еткені даусыз. Осындағы ұлтжанды бір топ кешегі қанды майданды бастан кешкен ардагерлер мен қадірменді ақсақалдардың «Жергілікті радиодан қазақ тіліндегі хабарларды да тыңдағымыз келеді» деген қолдары қойылып, өтініштері жазылған қағазды алып осы шаһар басшысы Мужилевскийге алып барды. 
Бұл ана тілін ардақтайтын белсенді кісілердің тілегі арқау болған хат келесі басшыға жіберілді. Ол жерден де «Қазақ радиосын жүргізетін адамға штат жоқ» деген жауап алды. 
Сол кезде облыстық радиода бір бос орын бар екендігін естіген бұл жанына болашақта қолынан іс келіп, сенімді ақтайды-ау деген маманды ертіп алып, Қостанайдан бірақ шықты. Екі ара ұзақ емес, ә дегенше білікті басшы Нұрхан Ислямиевтің қабылдауында болды. 
Ол өзінің ұлтын сүйетін, Торғай өңірінде қандастарының құрметіне бөленген, нағыз руханияттың жанашыры болатын. Бұларды жылы қарсы алып, келген шаруасын білген соң Рудныйдағы радиодан қазақ бөліміне тілші алу жөнінде бұйрыққа қол қойды. 
Нұрекеңнің алдынан алғыстарын ­жаудыра шыққан бұлар келген жақтарына жеткенше асықты. Бұл шаһарда да қазақ­тың тілі асқақтайтындығына сенімді еді. 
Келе салып бұйрықты редактордың қолына ұстатты. Әрине, мұндағыларға бұл күтпеген әрі тосын жай еді. Шамасы олардың да бұл орыннан үміті болса керек. Әлгі қазақ редакциясына арнайы бұйрықпен алынған замандасымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ол намысты қолдан бермей негізгі жұмысын ұршықша үйіріп алып кетті.
Апамыздың ғұмырлық серігі Әулие­хан Қостанай облысының Қамысты ауданының тумасы еді. Жұбайы Лисаковта қазақ редакциясын ашар кезде қасынан табылып, оны қолдады. Рухани жағынан дем беріп отырды. 
Оның бір ерекше қасиеті өтірік айтуға, мақтангершілікке, екіжүзділікке, жағымпаздыққа мүлдем жаны қас-ты. Сүйген жары өзінің «Аманат әңгіме» деп аталатын кітабын отағасына арнады. 
Адам баласын кісілігі үшін бағалайтын қазақ қызы шебер журналист қана болған жоқ, жазушылығымен де танылып, осы кезге дейін оның қаламынан «Зобалаң заман іздері-ай», «Аманат әңгіме», «Өжет әйел», «Өткен күннен белгі бар», «Мөлдір тамшылар», балаларға арналған «Әженің әңгімелері» деп аталатын айтары мол, тәлім-тәрбиелік мәні жоғары кітаптар өмірге келді. 
Ханзипа Бәлдікқызы қолы бос кездері ән шығарып, қалың жұртшылыққа рухани нәр сыйлайды. Әуесқой сазгердің қасиетті мекен Қызбелге арнаған «Туған өлкем» туындысын жерлестері ерекше ықыласпен орындайды. Сондай-ақ бүлдіршіндер оның «Бақытты балалар», «Жас дәурен» әндерін ерекше сүйіп тыңдайды. 
Биыл Қазақ радиосына 100 жыл ­толады. Бұл бүкіл қазақ халқына ортақ қуаныш. Қазіргі таңда апамыз қаншама күш-қайратын жұмсап, ашқан екі қала­дағы қазақ радиосы саңқылдап тұрғанын естігенде оның көңілін қуаныш кернейді. 

Оразалы Жақсанов
Қостанай

1240 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы