• Әдебиет
  • 16 Маусым, 2021

КҮНДІ АЛАҚАНЫҢМЕН ЖАБА АЛМАЙСЫҢ

(Соңы. Басы өткен санда)

БАС ИДЕОЛОГТЫҢ БҰЙРЫҒЫ

Бүкiл ғұмырымды журналистикаға арнаған мен «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») пен «Егеменнiң» шаңырағы астында қырық жылға жақын уақытымның қалай өтiп кеткенiн сезбей де қалғандаймын. ­Талай қасқалар мен жайсаңдар ­сапында адал тер төккенiме қуанамын, әйтеуiр. Алдыңғы буын ағаларымыз: «бiздiң тұсымызда былай болған едi», «әне бiр дүниенi бергiзбей қойды ғой», «мына материалды бүйттi емес пе» деп естелiк айта бастағанда, жасыратын несi бар, жақтырмай тыңдайтынбыз. Сөйтсек, бәрi бекер, атүстi жүрдiм-бардым қараушылық екен. Мiне, бiз де естелiк жазып, өткендi жаңғыртып айтар белеске көтерiлгенге ұқсаймыз. 
Қазiргi компьютер дәуiрiнiң жазармандары қорғасын жұтқан заманның қиямет-қайымын қайдан бiлсiн?! Бiр әріпті, әйтпесе бiр сөздi түзеу үшiн сөндiрiлген линотип мәшинесiн қайтадан, ең кемiнде жарты сағат, немесе қырық минут қыздыру керектiгiн қайдан түсiнсiн?! Ал егер газеттiң тұтас бiр бетiн, я болмаса 4-5 бағанасын түн жарымында бұзып, қайта беттелсе ше? Катастрофа! Газет болған соң, ондай жағдайлар арагiдiк болып тұрады. Айғай-шуға жiбермей, баспаханамен арадағы кикiлжiңдi Үлкен үйдiң өзi ың-шыңсыз реттейтiн. Шiркiн, сол кездегi ауызды да аштырмайтын, дауысты да көтергiзбейтiн тәртiп пен жүйенiң күштiлiгiн айтсаңызшы! Әрине, бұл өткендi көксеу емес. Қалың оқырманға қалтасынан тиын-тебенiн шығарып жазылған газетiн дер кезiнде қолына ұстату мақсатынан туған қатаң тәртiптiң бұзылмайтындығы. Сондықтан да газеттiң шығу графигi ең бiрiншi кезекте тұратын.
Осындай бiр кестенiң, яғни газет шығару графигiнiң бұзылғаны жөнiндегi үлкен оқиғаны бүге-шiгесiне дейiн айтудың ретi келiп тұр. Әрi бұл жайт осы жазып отырған тақырып аясына тiкелей қатысты. 1979 жылғы наурыздың соңғы күндерiнiң бiрi-тiн. Бүкiл газет-журналдар Алматыдағы көк базардың iргесiндегi тоғыз қабатты ғимаратта болғандықтан олардың не iстеп, не қойып жатқанын сезiп, аңғарып отырасың. Оның үстiне отызға тарта басылымдар авторларының денi осы тоғыз қабатта отыр. Не жазып, не ойлап жүргенiн Баспасөз үйiнiң дәлiздерiнде, лифтiде, ортақ асханада ұбақ-шұбақ кезекте тұрғанда журналист ағайындардың өздерi сыр ғып бөлiседi. Шығып бара жатқан нөмiрлер беттелетiн газеттер мен журналдар цехтары iргелес жайғасқан. Қажет кезiнде верстканы басына барып сығалап көресiз. Өйткенi бәрi де жүзтаныстар. Шет қақпайды. 
Сөйтiп, газет-журналдардың академик Қаныш Сәтбаевтың 80 жылдығына арнап берiп жатқан дүниелерiмен алдын ала шет-жағын бiлiп алғанбыз. «Лениншiл жас» «Тұғыры биiк тұлға», «Ленинская смена» (қазiргi «Экспресс К») «Академик ­Сатпаев» деген шапкалармен арнаулы беттер ­дайындап жатса, «Бiлiм және еңбек» (қазiргi «Зерде») журналы тұтас нөмiр арнауда. Өзге үлкендi-кiшiлi басылымдар да хал-қадерiнше әзiрленген тәрiздi.
Айнымас көршiлер «Казправда» мен бiздiң «СҚ»-да күнiлгерiден қам жасағанбыз-ды. Редакторымыз Сапар ­Байжанов тиiстi бөлiмге, шамасы бiр ай бұрын тапсырманы әдеттегi жоспарлау үстiнде шегелеп тапсырған. Арнайы блок дайындалды. Академик-геолог А.Абдулиннiң үлкен мақаласы, белгiлi фотожурналист Р.Дүйсенғалиев түсiрген Қаныш Сәтбаевтың әйгiлi суретi – асыл тастарды қолына ұстап қарап отырған портретiн екi бағанаға көрнектi етiп орналастырғанбыз. Бiрақ… Аяқ астынан барлығының да тас-талқаны шықты. ЦК-ға жиналысқа барып келген редактордың бiрiншi орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы менiң бөлмемнiң есiгiн айқара ашқан күйi: 
– Елшiбеков маған кiршi, – дедi қатқыл үнмен.
Салқын көктемнiң ызғары бет әлпетiнен ап-анық байқалады. Ұзын жұп-жұмсақ елтiрi плащының түймелерi тегiс ағытылыпты. Басында кең жиектi қара шляпа. Орнымнан ұшып тұрған бойы соңынан iлестiм. Жол-жөнекей болғандықтан кабинетiмнiң есiгiн тарта салған сияқты. Қабылдау бөлмесiне кiрiсiмен секретарша Халида апайға тапсырма бердi: 
– Кәнi, маған Әдетов, Шиманбаев, Әбдiқұлов келсiншi, – дедi үнемi жiгiттердi фамилияларымен атайтын ғадетiмен.
Әлгiндегiге қарағанда жүрегiм орнына түскендей. «Не болса да көппен бiрге көретiн болдым. Жалғыз емес секiлдiмiн». Шақырылғандардың бастары құралғанша, бастығымыз екеуiмiз аз-кем үнсiз отырдық. 
Iле Қыдырбекұлы қысқа-қысқа қайырды: 
– Сәтбаевтың 80 жылдығын дабырайтпайтын болдық. 
– Неге? – дедi шыдамсызданған насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Бекболат Әдетов. – Дұрыс емес қой. 
– Жоғарғы жақ солай шешiп отыр. Мә, мына Абдулиннiң материалын 350 жолға дейiн жақсылап қысқартып жiбер. Екiншi бетке шағын подвал ғана беретiн болдық. – Бәкең үстелiнiң үстiнде жатқан материалды Бекболатқа ұстатты.
– Обал болды-ау. Несi қалады мынадан. 
– Қалай қысқартсаң, олай қысқарт. Бұйрық солай.
– Ал, Жанат, көркемдеу бөлiмiнiң бастығы ретiнде саған берiлетiн тапсырма: Мына суреттi бүйтiп шынтағына дейiн кесiп, макетке бiр колонкаға түсiрiп орналастыр. – Орнынан түрегелiп плащының iшкi қалтасынан Сәтбаевтың фотосын алды. Суретшi Жанұзақты иегiмен жанына шақырған. – Жаңа ЦК-ға көрсетiп, бекiтiп алғыздым. Жан-жағын ақ қағазбен желiмдеп, көмкерiп цинкографияға қайта заказ берiңдер. 
– Бәке, композициясы бұзылады ғой. Асыл тастарды тамашалап отырған сәтi әдемi көрiнбей ме? – дедi суретшi ойында ештеңе жоқ.
Қыдырбекұлы шарт кеттi: 
– Мен не айтып тұрмын сендерге. Орталық Комитеттiң нұсқауы дедiм емес пе. Жөндеп тыңдаңдар. Бiр жерiнен шиi шығып, түн ортасында үйлерiңнен көтерiп жүрмейiк.
– Типография бiле ме? – дедi бiр бүйiрден әңгiмеге қыстырылған жауапты хатшының орынбасары Совет Шиманбаев екi көзiн уқалап. 
– Бәрi де хабардар. Сол үшiн шақырып отырмын ғой сенi де. Отдел баспахананың директоры Тiлеулесовке әлгiнде звондап, бұйрық бердi. Совет, сен тек жiгiттерiңдi қадағалап, шетiнен ескертiп шық. Тура қазiр корректорларыңа хабарлас, «бет бұзылды» деп текке байбалам салып жүрмесiн. Линотипистерге, кезекшiлерге, техредке түгел құлағдар ет. Түсiндiңдер ме? Жауапты да, маңызды мезетте бiрдеңе жiберiп алмаңдар, қарақтарым. Қазiр Сапар келген соң, оған ЦК-дағы әңгiменi өзiм бөлек жеткiзем. Ал сендер алаңдамай жұмыстарыңды iстей берiңдер.
Елпiлдеген бiз бастықтың бөлмесiнен салымыз суға кеткендей, екi иығымыз салбырап шықтық. Алай-дүлей көңiлiмiз су сепкендей басылған. Ұнжырғамыз түскенi соншалық, көмейiмiзге кептелген сөзiмiздi де iшке бүгiп, сыртқа шығара алмағанбыз. Әр жүрекке құлақ түрсең – еститiнiң: 
– Сәтбаевтың мерейтойын да дұрыстап атай алмаймыз ба? 
– Кiм-көрiнгендi далитып берiп жатырмыз емес пе? Қаныштың қасында олар кiм едi? 
– Мұны жасап отырғандар кiмдер болды екен? Үлкен үй дейдi. Қонаевтың өзi бiле ме, мұны? 
Күптi де, күңгiрт сауалдар: 
– Неге? Неге? Неге?..
Сонымен, ғұлама ғалым, Лениндiк сыйлықтың лауреаты, әйгiлi академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 80 жылдығы аталмай, елеусiз өте шықты. Тiптi республика жұртшылығы алып тұлғаның туған күнiн бiлмей де қалған. Партиялық қос басылым «СҚ» мен «КП» ғана сүзгiден өткiзiлген ғалымдар. А.Абдулин мен А.Қошановтың бiр-бiр жартыкеш шағын мақалаларын жариялап, басқа газет-журналдарда әзiрленген тұтас беттер мен блоктар таратылып, қорғасындары шаштырылып жiберiлдi. Әрине, жоғары жақтың күшiмен. 
Тура осы күндердегi жағдай жайында, «Лениншiл жаста» не болғаны жөнiнде белгiлi журнаист, сол кезде осы газетте қызмет iстеген Жанболат Аупбаев «Өмiрге таңдана қара!» атты кiтабында былай деп жазады: 
«Сейдахмет Бердiқұловпен мен ­«Ленинская смена» газетiнде жұмыс iстеп жүргенiмде жақсы таныс-бiлiс болдым, – дейтiн журналист Юрий ­Шапорев. – Кейiн «Литературная газетаның» Қазақстандағы меншiктi тiлшiсi қызметiн атқарғанымда да онымен арадағы байланысымды үзгенiм жоқ. Содан соң тағы да «Ленинская сменаға» жауапты хатшы болып келiп, ол кiсi басшылық еткен «Лениншiл ­жаспен» тығыз қарым-қатынаста болдым. Сонда байқағаным оның өз халқының намысы дегенде жүрегiн жұлып беретiн азамат екендiгi. Сәкеңнiң бойындағы бұл қасиеттi мен тоқырау жылдары деп аталатын әмiршiлдiктiң дәуiрi жүрiп тұрған кездегi, содан кейiнгi Қазақстандағы кiшi 37-шi жыл болуға сәл-ақ қалған 1986-ның бұрқасыны тұсындағы сын сәттерде анық танып, бiлдiм. Дәлел керек пе, айтайын.
1979 жылғы наурыз айында Орталық Комитеттiң насихат және үгiт бөлiмiне газет-журнал редакторлары мен орынбасарлары шұғыл түрде шақырылдық. Мәжiлiстiң соңында бөлiм меңгерушiсi Шестаков сәл қипақтап тұрды да елеусiздеу етiп газеттердiң академик Сәтбаевтың 80 жылдығына арнап бет ұйымдастырып жатқанынан хабардар екенiн, бұл датаны дабырайтып көрсетудiң керегi жоқтығын, тек партиялық екi газет қана ғалым туралы бiр-екi материалмен шықса, соның өзi жеткiлiктi болатынын ескертiп өттi. Сол сәтте менiң жанымда отырған Сейдахмет Бердiқұлов: «Мұны кiмнiң бұйрығы, кiмнiң нұсқауы деп бiлемiз?» дедi. Күтпеген жерден қойылған бұл сұраққа не деп жауап берерiн бiлмеген Шестаков бiр қызарып, бiр бозарып тұрды да: «Бас идеологтың» дедi сес көрсеткен сыңаймен. «Лениншiл жастың» редакторы оған ыққан жоқ. Қайта: «Қазiр бет қатталуға жақын. Ендi барып ондағы материалдарды алмастырсам, редакция қызметкерлерi не дейдi? Ертең, сонда мақала жаздырып алған авторларға не бетiмдi айтам?» деп одан әрмен қадала түстi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, әдiлеттi сауалға әдiлетсiздiк көрсетiлдi. Сұрақ жауапсыз қалды. Кейiн оның осы сөзi өзiне оңай тимегенiн естiп-бiлдiм… («Ностальгия» очеркi, 114-115-беттер, «Елорда» баспасы, 2004 жыл).
Мiнеки, ақиқатты ашқан ақиқи оқиға. Балғабек ағаның «Сапарға өзiм жеткiзем» деп бiзден бүгiп қалған әңгiме­сiнiң қалтарысында кiмнiң тұрғанын аңдағандаймыз. Ол – бас идеологтың тап өзi болып шықты. 

ОН ЖЫЛДАН КЕЙIН ОРАЛҒАН ОЛЖА

20 желтоқсан 2005 жыл. Күндегi әдетi­мiзше Жанболат, Самат үшеумiз жұмыс­тың аяғына таман редакция асханасынан бiр-екi кесе шай iшемiз. Верстка созылып кетсе, бiраздан кейiн iшiмiз шұрқырап, өзегiмiз тала бастағаны сезiледi. Әрi күнұзаққы типың-типың еңсеңдi езiп, ұнжырғаңды түсiредi-ай. Жүрек жалғап алған кiсi сергек те, ширақ жүредi. Маңдай жiпсiген сәтте әңгiме де ширатыла бередi емес пе. Осындай қысыр әңгiме Сәтбаев төңiрегiне ойысқанда Жанболат елп ете қалды: 
– Жәке, мына менiң өз басымнан өттi ғой. Барлығы да күнi кешегiдей есiмде. Құдайға шүкiр, әзiрге ақылымыз орнында секiлдi. Жаңағы сөзiңiзге орай өзiм куә болған жайды айтайын. Жастар газетiнен «Қазақстан коммунисi» журналына ауысқам, бөлiм меңгерушiсi боп. Бiрде алдағы нөмiрдi жоспарлау үстiнде бас редакторымыз, Орталық комитеттiң хатшылығынан келген Кәкең – Кәкiмжан Қазыбаев алдағы айларда академик Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығы қарсаңында нендей материалдар берiп, кiмдердi сөйлетсек екен дедi. Журнал қызметкерлерi шетiнен пiкiрлерiн ортаға салған.
Осы кезде ай-шайға қарамай орнынан түрегелiп, бастықтың кабинетiнен шығып кеткен редактордың орынбасары, Төкең – Төлеубай Ыдырысов ағамыз көп кiдiрмей, жымыңдап сөйлей кiрдi: 
Бәрiмiз аңырап қалдық. Замандас әрiптесi ретiнде жауапты хатшымыз Әбиболла Ахметов қағытып жатты: 
– Сiздi шыдамай бiр жерге кеттi ме десем?
– Мына бiр дүниенiң менiң тартпамда жатқанына тура он жыл болды. Академик Евней Букетовтiң Қанекең туралы мақаласы. Көзi тiрiсiнде бiздiң журнал үшiн арнайы жазған-ды. Сәтбаевтың 80 жылдығында шығып бара жатқан жерiнен жоғарыдан пәрмен болып, алғызып тастаған… 
– Кәне, – дедi Кәкең тағатсыздана бүкiл назарын аудара, әрi қолын ұсына. – Қазiр басқа уақыт қой. Өзiм шағын аннотация жазып, ешқайда жарияланбаған мақаланы қаз-қалпында басайық. Төке-ау, мынауыңыз он жылдан кейiн оралған олжа ғой. Бұдан артық қандай материал керек.
– Иә, тағдыр дегендi қойсаңызшы. Өз кәсiбiне адал да, аса ұқыпты ұстазымыз Төлеубай ағаның арқасында әйгiлi академик хақында әйгiлi академик жазған мақала он жыл суырмада «сүрленгеннен» соң, 1989 жылы журналдың наурыз нөмiрiнде осылай жарық көрген едi. «Асылды ешқашан тот баспайды» дегендi атамыз қазақ бекерге айтпаған шығар. Ал бiр кездегi «Ленжаста» өзiм ұйымдастырған Қаныш ағаның 80 жылдығына арналған «Тұғыры биiк тұлға» деген ортақ шапкамен берiлген арнаулы бет, яғни академик Әлкей Марғұланның, Армения және Тәжiкстан Ғылым академияларының президенттерiнiң материалдары шықпай қалды. Қатталып, дайындалған беттiң версткасы кешкiсiн шашылып тасталды. Ол жөнiнде кейiнiрек ашық жазғанымды өзiңiз жақсы бiлесiз.

ДҮНИЕМОЙЫНДАҒАН ДАҢҚ

Бiрде – шөл, бiрде – көл қазағымның мiнезi-ай!.. Басқаша не дейiн? Өзiң көрiп, өзiң куә болған жайт. Әдiлетсiздiктi де, дақпыртты да жасайтын екi аяқты пенденiң өздерi. Айналып келiп қоғамды кiнәлаймыз. Әлмисақтан жеткен салбөксе аксиома. Күштi екенiңiздi бiлейiн, дәлелдеп берiңiзшi. Күмәнданасыз. Күңгiрт ойларға шомасыз. Дәрменсiз күйде қол сiлтейсiз амалсыздан. Көңiлге сыймаған жағдаяттардың бiразын түртiп қойыппыз. Ендеше, бiрге үңiлейiк…
Өткеннен бейхабар редакторымыз Көрiк Дүйсеев: 
– Жiгiттер, академик Қаныш Сәтбаев­тың 90 жылдығы келе жатыр.Соған әзiрленiңдер. Орталық Комитетте болдым,  жақсылап көрсетiп берiңдер деп ескерттi, – дедi бүкiл бөлiм меңгерушiлерiн жинап. 
– Бұдан он жыл бұрын «көрсетiп бермеңдер» деп бұйырып едi, – дедiк бәрiмiз де жапырылып. 
– О кез басқа болатын. Қазiр жария­лылық, демократия дәуiрi, – дедi бастығымыз мысқыл ұшқынын сезе қойып. – Сәке, өзiңiз жiгiттерден комиссия құрып ертерек жоспарын ойластыра берiңiз… 
Ертеңiне жiгiттердiң бiразын өзiне жинаған редактордың бiрiншi орынбасары Сарбас Ақтаев жеке-жеке шегелеп тапсырманы жүктеген. 
– Сонымен қай күнге беремiз, – дедi бөлiм меңгерушiсi Сабыржан Шүкiров алақанындағы бiр жапырақ қағазына тұқшиып. – Қанекеңнiң туған күнi 12 апрель көрiнедi. Календарьға қарасам, ескiше 31 март деп көрсетiптi.
– Иә, бiлемiн. О жағын да келiстiк жоғары жақпен. 31-шi мартқа бiр сұхбатпен шығамыз. Ал 12 апрельде газеттiң тұтасқа жуық нөмiрiн арнайтын болдық. 
– Жарайды. Түсiндiк. 
…Iле-шала «Қаныш Сәтбаевтың туғанына 90 жыл толуы қарсаңында» деген айдар аясында үшiншi беттiң үстiңгi жағына (баяғыдай, он жыл бұрынғыдай етекке емес) КСРО Геология министрiнiң орынбасары, Лениндiк және КСРО Мемлекеттiк сыйлықтарының лауреаты Е.М.Селифоновпен сұхбат шықты. Сәтбаевтың үлкен суретi қоса берiлген «Даладан дарыған дарқандық» деп аталатын бұл әңгiмеде әйгiлi тұлғаның орасан зор еңбегi жан-жақты сөз болады. («СҚ», №76. 30 март, 1989 жыл).
Жоғарыда мезгегендей, iштарлық жасамай, Қанекеңнiң бүкiл лауазымы мен атақ-даңқы андатпада төмендегiдей толық берiлген: Көрнектi геолог-ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президентi, КСРО Ғылым академиясының академигi, Лениндiк және КСРО Мемлекеттiк сыйлықтарының лауреаты, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты, КОКП съездерiнiң делегаты, төрт мәрте Ленин орденiнiң иесi. Әрине, бұлардың қатарында республикалық атақ-дәрежелер қаншама!
Он нөмiр өткен соң газеттiң бiрiншi, екiншi және үшiншi беттерi «Елiнiң ерен тұлғалы алғыр ұлы, Ұрпаққа үлгi болған әрбiр қыры» деген өлең жолдарымен берiлген ортақ шапкамен жарық көрдi. Мұнда ұлы ғалым – Қаныш Сәтбаев бейнесi әр қырынан жарқыратып көрсетiлген. Өскен ортасы, жастық шағы, ғылыми жолы, ұстаздық еңбегi, қайраткерлiк, азаматтық асыл қасиеттерi жөнiнде ­материалдар мен фотолар топтастырылған. Авторлары өңкей ығайлар мен сығайлар. Академиктер А.Абдулин, Г.Щерба, мүше-корреспонденттер П.Тәжiбаева, Б.Ерзакович, ақын-жазушылар ­Х.Ерға­лиев, М.Сәрсекеев, т.б. («СҚ», №86. 12 апрель, 1989 жыл).
Iшкi айқармада жарияланған дүлдүл ақын Хамит Ерғалиев көк әлемiнде жүзген «Сәтбаев планетасын» жырға қосқан «Ғарыштағы Қаныш» балладасын былайша түйiндейдi: 
Мыстан аяз, үскiрiк мысық беттi,
Тырнаса да бет-қолын үсiтпептi. 
Күреңiтiп күн көзi тұтылғанда,
Күлiп жатып аяулым ұшып кеттi.

Құдайлығын тiрiде құндайды Алып, 
Бұл дүниеде қалыпты кiм байланып, –
Данышпанның талайы тасқа айналса, 
Бiздiң ағай ұшып жүр Күндi айналып!.. 
Осылайша жыр төгiлiп, осылайша сыр ағытылған. Тек Құдайдың көзi түзу болсын. Парықсыздың пендешiлiгi, iшмерездiң iлмегi, жалақордың пәлесi, күншiлдiң күйесi жұқпағай. Өйткенi ақты қараға айналдыру оп-оңай. Ал қара дақты ағарту – қияметтiң қияметi… 
Қаныш Сәтбаевтың келесi белесi – ғасырлық тойын ЮНЕСКО шеңберiнде бүкiл әлем атап өттi. Газеттер мен журналдар жалғыз-жарым мақаламен шектелмей, жыл бойына, тұрақты түрде жазғаны, тұтас нөмiрлер арнағаны баршаға мәлiм, оны қайталап мезi еткiм келмейдi. Дабылдатты. Дүрiлдеттi. Бәрi де жөн-жосығымен.
Әлемге мәшһүр есiмге, дүние мойын­даған даңққа ешқашан тозаң түспейдi екен. Менiң көзiм соған анық жеттi.

ӨЗ ОРНЫНА ҚОНАЕВТЫ ҰСЫНҒАН

Адамды өсiретiн де, өшiретiн де һәм өлтiретiн де – сөз. Марқайтатын да, мерейлендiретiн де һәм мерт ететiн де – сөз. Жарқырататын да, жаралайтын да һәм жазалайтын да – сөз. 
Оның түрi де көп. Қаңқу сөз, сыпсың өсек, күйдiргi жала, бықсық лепес… Қаузап қоздырушылар мен өрбiтiп өршiтетiндердiң денi – жағымпаздар, жарамсақтар, жандайшаптар. Сөз құрығын сiлтеушiлердiң сiлемiн жүрегi жоқ зұлымдар мен iшiне ине айналмайтын қарау қызғаншақтар құрайды. Олардың «аулайтыны» – ғұламалар мен данышпандар, таланттар мен дарындар, бiлiмдiлер мен қабiлеттiлер. Басқаларды қайтсiн. 
Бiр ғажабы, олар ұлт таңдамайды-ау. Мысал керек пе. Ондап, жүздеп тауып бере аламын. Ала өкпе боп жiнiкпеңiз. Қол астыңыздағы Қадыр Мырза Әлiнiң «Жазмышын» парақтаңыз. Екi көзiңiзден жас парлап отырып оқитыныңызға еш шүбәм жоқ. Талай-талай тағдырлардың ­бастан кешкен хикметтерiн, жантүршiгерлiк жағдаяттары жайында естiп бiлесiз. Жай танысып қана қоймайсыз. Ойланасыз, күйзелесiз. Күңiренесiз. Қол ұшын созуға дәрменсiз екенiңiз және аян. «Бәрi сөзден басталады» деген ғой қасиеттi Iнжiлде. ­Демек, қандай сөз. Мiне, бар гәп осында. 
Осы ретте тым әрiге бармай-ақ қояйын. Дүдәмал деректердi қопсытудың қажетi шамалы. Өзiм ес бiлгелi естiгенiм мен көргенiмнiң өзi әңгiме тұздығына жетiп жатыр. Тағдыр тәлкегiне түсiп, өмiр соққыларын жеген жампоз жанкештiлердiң жанымызда жүргенiн ұмыта алмаған шығармыз. Сiз де, бiз де. Тiзбелемей-ақ қадау-қадау тұлғалардың аты-жөндерiн айтсақ та, бiраз кептiң пердесi сыпырылары сөзсiз. Ендеше, әйгiлi дала академигi Нұрмолда Алдабергеновтен бастап жанарыңызға көлбеңдетiп көрiңiзшi. Мұқағали Мақатаев, Шәмшi Қалдаяқов, Евней Букетов, Мейiрман Нұрекеев, Амангелдi Сембин, Мұрат Көккөзов, ­Заманбек Нұрқадiлов…
Ал төменде тiлге тиек етiп отырған Қаныш аға төңiрегiнде де қаншама қаңқу сөздi өз құлағымызбен естiдiк. Соның бiр-екеуiн еске түсiргендi жөн көрдiм. 1990 жылдың суық күзiнде баспасөзге жазылу науқанына байланысты Солтүстiк Қазақстан облысына iссапармен бардым. Қаһарлы қыс тым ерте түсiптi. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. Ақтүтек сырғыма жол сорабын көрсетпейдi. «СҚ»-ның облыстағы көзi мен құлағы саналатын меншiктi тiлшiмiз, марқұм Амандық Әбжанов, Қазақ радиосының Қызылжардағы тiлшiсi Жарасбай Сүлейменов үшеуiмiз күн қабағына қарайламай бiраз аудандарды бiрге араладық. Бескөл, Мамлют, Жамбыл, Сергеев секiлдi аудандардың ондаған елдi мекендерiнде, мектептерде оқырмандармен жүздестiк. Кездесу кештерiнде «Социалистiк Қазақстанның» болашақта жарияласақ деген, елең еткiзер әрi өте қызықты дүниелерi турасында қадап айтуға тура келдi. Редакция қоржынында жатқан атақты ақын-жазушыларымыздың көркем туындылары жөнiнде, онымен қатар көрнектi мемлекет қайраткерi, респуб­ликаның бұрынғы басшысы Димекеңнiң жазып жатқан естелiк мемуарынан үзiндi жарияламақ ойымыздың барын бiлдiрдiм. Бiр емес, бiрнеше кездесуде. Бiрақ… Иә, жиналған жұрттың денi Қонаев есiмiн естiгенде селт етпеген… Неге? Қалайша? Оқыр­мандар қатарын қайтсек көбейтемiз? Кү­мәндi сауалға қайтарылған жауаптың сиқы ма, бұл? Тiптi залда отырғандардың бiрi: 
– Қонаев бiздiң облысқа не iстеп едi, осы? Айтыңызшы, – дедi салқын үнмен дүңк еткiзiп.
Текетiреске бармадым. Ызғырық демi анық байқалады… 
Сыртқа күмiлжи шыққанымда қаламдас әрiптестерiм де әлдеқандай әңгiменiң ұшығын сездiрген-дi. 
– Бұ жақты аңғарған шығарсыз. Оңтүстiк емес, Димекеңдi көп айта бермеңiз… Жақтырмайтындар бар. Оның несiн қазбалаймыз.
Сәл осындай кейiпке бұның алдында, үш-төрт жыл бұрын, ұмытпасам 1987 жылы күзде Павлодар өңiрiнде iссапарда жүргенiмде тап болғаным бар. Шарбақты ауданында клубқа жиналғандардың арасынан жасы тоқтаған егде ақсақал: 
– Қарағым, балам. Жоғарыда жүр екенсiң, маған мынаны түсiндiрiп бершi. Менiң түбiм Баянауылдан. Қонаев жолдас осы Қаныш Сәтбаевты неге жақсы көрмейдi? Аты-жөнiн ататқызбай қойды ғой. Қазиттерiң о кiсi туралы мүлдем жазбайды… 
Күтпеген сауал. Қапелiмде ештеңе дей алмағаным да, аузыма сөз түспегенi де ­жасырын емес. Әр нәрсенiң басын бiр ­шалып, қасымдағы меншiктi тiлшiмiз Байтұяқ ­Жанымбетовке қарай берiппiн. Орнынан ұшып түрегелген ол: 
– Ақсақал, жұрт арасындағы өсек-аяңға сене бермеңiз, – деген менiң сөзiмдi жалғап.
…Уақыт – зымыран. Ыңғайсыз күйге түсiрген көңiлдегi түйткiлге араға жылдар салып жауап тапқандаймын. Нақты дерек. Күмән бұлтын сейiлтер мәселеге қатысты жағдайды ұлы тұлғалардың өз ауыздарынан естiгенiңiз жөн болар. Сонымен… 
Қ.И.Сәтбаевтың А-ның жалпы жиналысына жазған хаты: «Қазақ КСР-i А-ның өрiсi мен алға даму iсiнiң қиындығын ескерiп, кексе тартқан жасымды (бұл кезде ол небәрi 53 жаста – М.С.), әмбе денсаулығымның төмендеп жүргенiн ойлап, мен бұған дейiн де жоғарғы орындарға… президент мiндетiнен босату туралы тiлек бiлдiргем-дi. 
…Осы жағдайларды еске алып, Қазақ КСР А-ның жалпы жиналысынан менi президент мiндетiнен босатып, геологиялық iлiммен алаңсыз шұғылдануға мүмкiндiк туғызылуын сұраймын.
Өз тарапымнан президент мiндетiн атқаруға ұсынылып отырған Димаш Ахметұлы Қонаев жолдастың кандидатурасын қолдап, бұл қызметтi ол сәттi атқара алады деп сенiм бiлдiремiн. Ол – кен қазу iсiн жетiк бiлетiн iрi маман, Қазақстанның ауыр өндiрiсiн дамыту мәселесiн терең түсiнедi, оның мемлекеттiк және ғылыми-өндiрiстiк жұмыстарды атқарудағы тәжiрибесi, мықты денсаулығы мен жiгер-қайраты, әсiресе жалындаған жастығы… академияның сан салалы iсi мен биiк мұратына табанды түрде өрiс берiп, жаңа биiктерге көтерерiне кепiл болады деп сенемiн…»
Академик Қ.И.Сәтбаев. 9 сәуiр, 1952 жыл. Ленинград». (Медеу Сәрсеке «Қазақ­тың Қанышы», роман-эссе. 492-бет.).
Қыран қиығы қияндағыны шалады. Бұлтартпас баға – жаңа ғана танысқан академиктiң өз хаты. 
Нағыз көрегендiк емес пе!
Көрегендiк демекшi, республиканың орталығын Сарыарқа төсiне ауыстыру ­идеясын осыдан қырық-елу жыл бұрын алғаш рет айтқан Қаныш аға көрiнедi: Бұл жөнiнде белгiлi жазушы, академикпен талай мәрте әңгiмелескен Қалмұхан Исабаев Алматымен телефон арқылы сөйлескенiмде, сөз арасында: (6 қаңтар 2006 жыл) «Қанекең үнемi «Ақмола – тоғыз жолдың торабында, әрi ел кiндiгi. Стратегиялық маңызы өте зор» деп отыратын. Қалағаң осындай пiкiрдi атақты қоғам қайраткерi, ғалым Нұртас Оңдасыновтың өз аузынан естiгенiн де сыр етiп шерткен едi. 
Иә, ұлылар ойы әманда уақыттан озып, өзара тоғысып жатса керек.

«ТӨБЕМНЕН ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ...»

Дүние дөңгелегiнiң одан кейiн қалай айналғаны жөнiнде қырық жылдан соң, Дiнмұхамед аға егжей-тегжейлi жазады. Көп жұмбақтың, талай құпияның бетiн өз мемуарында ашық айтады. Қаныш басына үйiрiлген қара бұлттың қайдан төнгенiн, суық желдiң сыпсыңы не деп ызылдағанын анық бiлесiз. Ендеше, Димекеңнiң естелiгiне құлақ түрiңiз. Бiраз жайдың жай-жапсарына әбден қанық болу үшiн әңгiме желiсiн үзiп-жұлмай ұсынғанды жөн көрдiк.
«…1951 жылғы желтоқсан. Ойламаған жерден Шаяхметов шақыртты. Әңгiменi алыстан орағытып бастады. Мал қыстатудың жайы, соған байланысты қолға алынбақ шаралар туралы айта бастады. Оған пәлендей мән бере қоймадым. Қытымыр қыс қай басшыны ойландырмайды. Мал аяғымен жайылудан қалса, жем-шөп жетпей жатса, аспан түбi тесiлгендей үстiн-үстiн қар жауып, ел ағасының ойы он саққа кетiп, ұйқысы шала боп жүргенiнде дау жоқ. Бiрақ жүз сексен градусқа кiлт бұрылып, әңгiме тақырыбын басқа жаққа бұрып жiбердi. 
– Өзiңiзге белгiлi, – дедi Жұмекең әлденеге көңiлi толмағандай қабағы түйiлiп, – соңғы жылдары Орталық Комитеттiң бiр емес, екi бiрдей хатшысын Қазақстан тарихын көрсетуде iрi-iрi саяси қателiктерге ұрынғаны үшiн орындарынан босаттық. 
Қазақ КСР тарихы Орталық Комитеттiң идеология мәселелерiмен шұғылданатын хатшысының жалпы редакциясымен жарық көрген-дi. Осыдан бiр жыл бұрын – 1950 жылдың 26 желтоқсанында: «Правда» газетi «Қазақстан тарихи мәселелерiн маркстiк-лениндiк тұрғыдан көрсетейiк» деген тақырыппен мақала жариялап, онда тарих ғылымындағы, соның iшiнде Кенесары Қасымов қозғалысын бағалауда жiберген елеулi қателiк атап көрсетiлген-дi. Шаяхметов соны мегзеп отыр едi.
Жұмекең аз-кем үнсiздiктен соң былай дедi:
– Орталық Комитет өзiнiң сегiзiншi пленумында «Республика партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жағдайы және оны жақсарту шаралары туралы» мәселе қарады. Iлгерi басқанымыз шамалы. Әсiресе Ғылым академиясындағы жағдай алаңдатады. Ол ол ма, Академия президиумы және оның президентi Сәтбаев шара қолданып, қателiктi түземек түгiлi, қоғамдық сынға құлақ асқан да жоқ. Түк болмағандай, қаннен-қаперсiз. Академия бетiмен кеттi, ескiнiң сарқыншақтары етек алып, феодалдық-бай көзқарастары қайта қаулады, кадр iрiктеуде, жершiлдiк бел алып, тамыр-таныстық, сыбайластық меңдедi, естiген құлақ таңқалғандай мемлекеттiң қыруар қаржысы тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеттi. Президенттiң көмекшiсi Оспанов пен iс басқарушысы Садықов сұғанақтық жасап, елеулi тәртiп бұзушылыққа барды. Оған Академия президиумы көз жұма қарап отыр. Олардың үстiнен қылмысты iс қозғалды. Оның үстiне Сәтбаев, кезiнде Алашорда үкiметiнiң сөзiн сөйлеп, намысын жыртқан адам. Қызметiндегi, мiне, осындай елеулi-елеулi кемшiлiктерi үшiн Сәтбаевты орнынан алу жөнiнде Бюро шешiм қабылдады. 
Мына тосын хабарды естiгенде төбемнен жай түскендей болды. Мен Қаныш ағаны аса iрi геолог-ғалым, ұйымдастырушы ретiнде бiлетiнiм және аса зор құрметпен қарайтынмын. Ендi, мiне, күтпеген жерден орнынан алынды деп отыр. 
Шаяхметов аз-кем үнсiз қалды. Қалай қарар екен деген ой болса керек, иегiн көтерiп, көз қиығын тастайды. Мен күдiгiмдi жасырмадым. 
– Күтпеген хабар екен, – дедiм.
Ол естiмеген кiсiдей:
– Орталық Комитеттiң Бюросы ақылдаса келiп, өзiңiздi республика Ғылым академиясының президенттiгiне ұсынуды жөн деп тапты. Сiз бұған қалай қарайсыз? – деп сұрады. 
Мен жұлып алғандай: 
– Сенiм көрсеткендерiңiз үшiн рақмет, бiрақ мен бас тартамын, – дедiм салған жерден. 
Жұмекең менен мұндай «тоң» мiнездi күтпесе керек. Салыңқы қабақпен әңгiмемiз осымен бiттi дегендей ыңғай байқатты. Мен үн-түнсiз кабинеттен шығып кете бардым. 
Арада екi ай өткенде Орталық Комитетке шақыртып, Шаяхметовке апарды. Екеумiздiң арамызда бұдан бұрын бұл тақырыпта әңгiме болмағандай сыңай танытқан Жұмекең домбыраның құлақ күйiн қайта келтiрiп, баяғысын бастан-аяқ түгел қайталап айтып жатқанда Орталық Комитеттiң екiншi хатшысы үстiмiзге кiрдi. Бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай, Шаяхметовтың бағытына шаң жұқтырмай төрт қолымен бiрдей қолдап отырды. Әңгiме ұзап аяқталды, мен екеуiнiң уәжiне жығылдым. Жиырма күннен кейiн Мәскеуге келдiм, БК (б) П Орталық Комитетiнiң ғылым бөлiмiнiң меңгерушiсi А.А.Ждановпен арадағы сұхбат та тым ұзаққа созылды. Ол Сәтбаевты талай жерге апарып тастады, маған құлақ сарсылтқандай ақыл айтты, ғылым саласының нендей қиындықтары бар, неге назар аударып, қандай қателiктерден iргенi аулақ сала жүрген мақұл дегендi жiпке тiзгендей санап шығып, сақтандырумен болды. Қазақ: «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» дейдi. Әдiлiн айтпасаң, сенiң кiсiлiгiңнен не пайда. Ждановтың Қанекең жайындағы ағат пiкiрлерiне өз топшылауларым мен тиянақты пiкiрiмдi қарсы қойып бақтым. Ол кез пiкiр қайшылығына назар аударудан гөрi үстемдiгi жүрiп тұрған кiсiнiң сөзi өктемдеу келетiн кез ғой. Сонда да болса сыналап отырып, кейбiр тұста пiкiрiн өзгертуге тырыстым. Пiкiр алмасу осы ыңғайда өрбiп, ұзақты күнге ұласқан-ды. 
1952 жылы сәуiр айының 16-17-сi күндерi Қазақ КСР Ғылым академия­сының жалпы жиналысының сессиясы болып өттi. Сессияның бiрiншi күнi Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшелерi М.П.Русаковтың және А.Қ.Жұбановтың, сондай-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесi Қ.Жұмалиевтiң атақтарынан айыру мәселесiн қарады. 
Жоғарыда жазғанымдай, М.П.Русаков Қазақстан геология ғылымының ­дамуына зор үлес қосқан адам. Оған: «КСР Одағына қарсы бағытталған әрекеттерi үшiн» деген айып тағылды. Жазықсыз жалаға ұшырағандардың қандай қасiрет шеккенiн қайталап еске салудың өзi де азап. Әдебиет пен өнердiң талмас тарландары А.Қ.Жұбанов пен Қ.Жұмалиев «Қазақ КСР Ғылым академиясынан байланысын үзгенi» үшiн қуғынға ұшырап, запа шектi.
Тарихқа төрелiк айту қиын. Бiрақ шымбайға батқан күнi кешегi зiлзала жайлы өз көзқарасымды бiлдiре кету парыз. Оны бұған дейiн – жоғары деңгейде тиiстi адамдарға айтқанмын. Әлi де сол пiкiрiмнен таймаймын. Қазақтың жоғарыда есiмi аталған азаматтарының айдың күнi аманында тағдыр тәлкегiне түсуiне Орталық Комитет басшылары тiкелей жауапты, бұл солардың нұсқауымен жасалған және оның идеология жөнiндегi хатшысы М.Сужиковтың бақылауымен жүзеге асырылған шаралар едi. Екi елi ауызға төрт елi қақпақ қойған, бiр көзiң бiр көзiңе жау болған зар заманда мен былай деп едiм деу, кеудемсоқтық боп шығар едi. Ол кезде әлi академиктiң ауылы алыс болатын және буырқанған ағынға қарсы қасқайып тұра алмағаным рас. Әйтсе де, оның жала екенiне, асыл азаматтардың жазықсыз екенiне күмәнiм жоқ тұғын, ерте ме, кеш пе, әйтеуiр ақ-қарасы айырылып, әдiлетсiз шешiмнiң бұзылатынына шәк келтiрмеп едiм. Ақиқат – ағын суды да тоқтатады деген сөз рас, ақыры уақыт салған жараның емi табылды, ол әрине, оңайға түскен жоқ, аты аталған тамаша ғалымдарымыздың атақтары қайтарылып, «кiр шалған» абырой-беделiн көтердiк. Таза алтынды тазартпас болар дегенге жығылсақ та, халық ара түскен әдiл iстiң басы-қасында жүрiп, iстiң барынша әдiл әрi тез шешiлуiне тiкелей араласқанымды айтсам, артық ұпай жинағалы ұмтылып отыр деп ойламассыздар…» (Д.Қонаев. «Ақиқаттан аттауға болмайды». Естелiк-эссе. «Санат» баспасы, 1994 ж. 129-132 беттер).
Әр нәрсенiң байыбына тереңiрек бойламай, ұшқары ой түю – ағаттық. Қисын­сыз қауесеттiң, жазықсыз пiкiрдiң абырой әпермесi де анық. Ерте ме, кеш пе жалғандықтың жалпақ әлемге әшкере болары және аян. Қазақтың қадiрмендi ақсақалына айналған данагөй Димекеңнiң ағынан жарыла шерткен сыры күрмеуi қиын түйткiлдер түйiнiн тарқатып, күңгiрт көңiлдердiң бұлттарын сейiлтерi де даусыз. 
Уақыт сағаты соққанда ақиқат дауысы одан бетер дабылды естiлсе керек.

КӨШЕ АТЫН ҚИМАҒАН

Өзара қоңсы қонған келеңсiздiк пен кереғарлық қаныңды қайнатып, төзiмiңдi тоздырып қана қоймай, қол-аяғыңды жiпсiз байлап, аузыңды аштырмай, дәрменсiз күйге де түсiредi екен. Тура осындай мезеттi бастан кешкен «егемендiк» журналистердiң пұшайман халiн сөзбен жеткiзу қиын. Себебi, демократия мен плюрализмнiң жасыл шамы жарқырап тұрса да, iшiңе сыймаған сөздi ақтарып төге алмағанбыз. 
Павлодарлық журналист Ғалым Омар­хан­ның небәрi он жолдық хабары бәрiмiздi де маңдайымыздан «сақ» еткiзiп, үнiмiздi шықпастай тұралатқаны жасырын емес. Хабардың дәнегi: «Павлодар облыстық мәслихат депутаттарының тоқсан пайызы қарсы қол көтерiп, өздерiнiң жерлестерi, әлемге әйгiлi геолог, академик Қаныш Сәтбаевқа көше атын бермей қойды!». Не демексiң? Күйесiң. Күңiренесiң. Күлесiң.
Ауыздағы құлыптың алынғалы қа-ша-а-н! Сонда да ештеңе айта алмағанбыз. Көптiң аты – көп. Өзiңе, көзiңе, сөзiңе қарамайды. Қолын көтередi де үнiңдi өшiре салады. 
– Өз жерiңде, өз үйiңде отырып-ақ тiрiдей өлтiру, – дедi ызаға булыққан Сүлеймен Мәмет.
– Империядан қалған салқындық. асырлық тоң оңай жiбiмейдi, – дедi Әдiл Дүйсенбек шамырқанып. 
– Заңды да бұзу керек. Әйтпесе, осылай иектегенi – иектеген, – дедi Нұрхан Мыңбай назалана. 
– Жарайды жiгiттер, – дедi Ержұман Смайыл сабырға шақырып. – Жоспарлауға көшейiк, кәне. Бәрiн де уақыт өз-өз орнына қояды әлi. 
Бұлғақ сезiмдерiн сабырға жеңдiрген жiгiттер еңселерiн лезде тiктеп алған. Павлодарлық депутаттар мен ономастика мекемелерi қызметкерлерiнiң келеңсiз iс-әрекеттерiне қайранмын. Қанекеңнiң есiмiмен өзi түлеп ұшқан өңiрде – Керекуде бiр көше аталмаса… Мейлi, аталмасын. Одан келiп-кетер еш пәле жоқ. Орыс па, орман ба? Мейлi, ойындағысын iстесiн. Бiрақ. Ұлы есiмдi бұлайша ешкiм де төмендете алмайды. Өйткенi әйгiлi Шалкиiз жырау: «Көрiнгеннiң бәрi бiрдей кiсi емес» демеп пе едi. Ашынғанда сол қарайған қарақшыларға көзiн шұқып айтар парадокс деректер:
– Ғарышта 1979 жылы ашылған «Сәтбаев планетасы» жүзiп жүр.
– Қаныш ағаның iзi мен қайласының мәңгi өшпес таңбасы қалған Жезқазғанның серiктес қаласы – Сәтбаев шаһары аталады. 
– Қазақстанның инженерлер мен техникалық мамандар әзiрлейтiн бiлiм ордасы Сәтбаев есiмiнде. 
– Алматының қақ төрiнде Қаныш ағаның алып ескерткiшi асқақтайды. 
– Ғылыми-зерттеу институттары мен мектептер, елдi мекендер мен шахталар, даңғылдар мен көшелер, наградалар мен сыйлықтар… тағы-тағылар. Бұлардың қатарына ұлан-байтақ елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жүрген Қаныш есiмдi ұландарды қосыңыз. 
Мерейiң өсiп, көңiлiң марқаймай ма?!
Дәп солай.

ХХ ҒАСЫРДЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығын ЮНЕСКО шеңберiнде бүкiл әлем атап өттi. Тәуелсiз Қазақстан тарихындағы айтулы датаға байланысты, оған әзiрлiк барысында 1998 жылы 25 қарашада Павлодарда жұртшылық өкiлдерi алдында сөйлеген сөзiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай дедi: 
«Ғалымның өмiрi қиыншылыққа толы болды. Өздерiңiзге мәлiм, дарындыларды үнемi қуғындап, кемеңгерлерiмiзге сенiмсiздiк көрсеткен қоғамда өмiр сүрдiк. Қ.И.Сәтбаевтың басынан кешкен түрлi сүргiндер, жазалаулар, ең аяғы ұлы еңбегiнiң лайықты бағасын алмау себебi де осында. Сондықтан да бiз келешек ұрпаққа ұлағат ету үшiн оның ғылыми еңбектерiн, асыл сөздерiн, ғұмыр жолын кеңiрек насихаттауымыз керек, жас жеткiншектер бiздiң халықтан осындай алып тұлға туғандығын бiлуге тиiс…» деген уәжi өткен өмiрiмiзде орын алған сол бiр өкiнiштi кезеңнiң шынайы сипатын, көңiлде түйткiл туғызған көп жайтты түсiндiрсе керек. Ұлы ғалымның мерейтойына әзiрлiк жөнiндегi арнайы мәжiлiстi Елбасы былайша түйiндедi: «Менiң кәмiл сенген ойымша, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – кешегi Кеңес Одағының ұлы адамдарының бiрi ғана емес, жылнамаға көшпек ХХ ғасырдың ұлы тұлғасы. Данышпан перзентiмiз Одақ көлемiндегi ең озық геология мектебiн берiк қалап кеттi. Қазақ қауымынан мұндай биiк деңгейге көтерiлген одан өзге жанды мен бiлмеймiн!..».
Мұнаралы биiк баға. Елiмен, қазағымен бiрге жасай берер тұлға көзi тiрiсiнде-ақ бар даңққа, қызық пен құрметке бөленгенi мәлiм. Бiр мезгiл Күн көзiн торлаған бұлттарды жадырата сейiлткендей ақиқат лебiзi көңiлдi күмбiрлеткен. Тiл ұшына жетiп келгенi ғұлама ғалымның түпатасы бiрге туысар Бұқар жыраудың таң самалындай лекiген лағыл жырлары: 
Әлемдi түгел көрсе де,
Алтын үйге кiрсе де.
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мiнсе де –
Қызыққа тоймас адамзат!

«СӘТБАЕВ КӨШЕСIМЕН ЖҮРIП КЕЛЕМIЗ...»

…Павлодардың iргесiндегi «Мойылды» шипажайында тағы да демалдық. Екi аптадай ем қабылдап, шипалы батпаққа түсiп, еңсемiз көтерiлгендей. 
Көңiл – сергек, ой – ұшқыр. Күн сенбi. 2005 жылғы қыркүйек айының үшiншi жұлдызы. Астанаға қайтатын уақытымыз жетiп, кешкi пойызға iлiгу үшiн жекеменшiк таксиге алдын-ала келiскенбiз. Керекудiң түнгi оттары самаладай жарқырайды. Қызылды-жасылды, әлем-жәлем көше­лердiң бiрiнен өтiп, бiрiне бұрылып, кезектi бiр үлкен көшеге түскенiмiзде жанымда отырған Жанна: 
– Мынау қай көше, – деп сұрады жүргiзушiден.
– Сәтбаев көшесiмен жүрiп келемiз, – дедi жайраңдаған шофер. – Бұрынғы ­Дзержинский көшесi ғой...
Мен елең ете қалдым. Даусым да ерекше шыққанға ұқсайды. 
– Қаныш Сәтбаев атындағы көше ме?.. Қанды қол жендет, темiр Феликс ақыры кетiптi-ау... Бұған да шүкiр...
Өз ойымды өзiм тiзгiндей алсамшы. Әлем-тапырық. Iштей күбiрлеймiн.
«Күндi алақаныңмен жаба алмайсың» дегендi дана бабаларымыз бекерден-бекер айтпаған-ау… 
Ерте ме, кеш пе. Уақыт – құдiрет бәрiн де реттесе керек.

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» 
әдеби сыйлығының лауреаты

2520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы