• Cұхбаттар
  • 16 Маусым, 2021

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: ОРЫС МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАЙТА ЖАЗУ КЕРЕК

«ЖАЛЫН» ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАРТАУЫНДАЙ ЕДІ

– Өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиет пен өнердің һәм мәдениет пен руханияттың тамылжыған, заманның толған ұршық­тай үйіріліп тұрған кезінде сіздер журналис­тикаға келдіңіздер. Сол дәуір журналис­те­рінің біразы тілшілік қадамды университет табалдырығына дейін-ақ, яғни мектеп қабыр­ғасынан бастаған. Міне, сол уақытта газет-журналдардың беті еңбек пен еңбек адамы туралы мақалаларға, радио-телеар­на­лардың толқындары хабарларға толып, тасып жатты. Осы күнгі белгілі журналис­тердің дені жасөспірім, бозбала кезінен жас тілші ретінде танылған. Ал сіздің алғашқы баспалдағыңыз қалай басталып еді? 
– Мен 5 жасымнан бастап «Батырлар жырын» оқып өстім. Сондықтан болар, оқу-жазуға ынталы, әдебиетке құштар болдым. Үшінші класта оқып жүргенде-ақ өзіміз тұратын Миялы ауданының Орталық кітапханасына жазылдым. Кітапханашы Лайық апай біздің көршіміз еді. Сабақтан бос кезімде, каникулда кітапханаға өзі ертіп әкетеді. Жаңа кітап түссе, бірінші болып маған береді. Сөйтіп жүріп кітапхананың тең жартысын оқып тауыстым. Төртінші класқа өткенде әкем Мұқыр ауылдық кеңестің төрағасы болып сайланды да, біз сол жерге қоныс аудардық. Жетінші класта оқып жүргенде болу керек, облыстық, аудандық газеттерде еңбек еткен Қайыржан Сағиев деген журналист мені мектепке іздеп келді. «Сені бір тілші ағай шақырып жатыр» дегенге жүгіріп шықсам, Қайыржан ағай мектеп ауласындағы шағын стадионда күтіп отыр екен. «Каникулда не істейсің?» деп сұрады. «Білмеймін... Үйде болатын шығармын...». «Онда сен былай жаса, жазғы каникулда аудандық газеттің редакциясына кел. Газеттің қалай шығатынын көресің. Онсыз да өзің мақала, хабар жазып жүрген жас тілшісің. Тәжірибе жинақта» деді. Балалары көп кісі еді, соған қарамастан мені өзімен бірге ертіп алып кетіп, үйіне тұрғызды. 
...Ол жылдары біздің ауылда жоғары кластың оқушылары жаз бойы совхоздың шаруашылығына көмектесіп, шабындықта жүретін. Өзге кластастарым шөп шауып, трактор тіркемесіне мініп-түсіп шөп жинап жүргенде мен аудандық газеттің тілшісі ретінде жас көмекшілер туралы, еңбек адамдары жайлы суреттеме, мақала, репортаждар жазып тұрдым. 
Расында, сол жазда мен үлкен тәжірибеден өттім. Оған дейін де мектептегі қабырға газетін өзгелердікінен мазмұнды жасауға барымды салатынмын. Аудандық газеттегі үш айлық тәжірибеден кейін мен өзім де кластағы жазу-сызуға икемі бар деген достарымды жұмылдырып, біреуіне ауылдағы еңбек озатынан сұхбат алғызып, енді біріне ауылдың шаруашылық істері ­туралы мақала жазғызып, тағы біреуіне ауыл мәдениеті туралы жазғызып, оны өзім қорытып, стилін жөндеп отырдым. Солайша біздің кластың қабырға газеті басқалардыкіне қарағанда көлемді болып қана қоймай, өз класымыз бен мектебіміздің деңгейінен асып, ауылға дейін қамтыған жақсы газет болып шығып тұрды. 
Үлкен журналистикаға қадам ­баспай тұрып аудандық газет ісіне аралас­қандықтан болар, мен баспа­сөз­дің, газеттің оқырмандар арасын­дағы тар­тым­дылығын арттыру үшін бас редак­тор­дың ықпалы, ұйымдас­ты­рушылығы жоғары болуы керек екендігін сезіндім, түсіндім. 
– Сіз журналистикадағы еңбек ­жо­­лыңызды сол заманғы оқушылардың үлкен трибунасы «Қазақстан пионерінен» бастадыңыз. Сол бір сәтті баспалдақ өзіңізді іргелі басылымда, бірнеше баспасөздің ­басын қосқан мекемеде, ірі баспада басшы болуға дейін жеткізді. Сол кездің мектеп оқушылары «Қазақстан пионерінің» әрбір санын жақсы досындай асыға күтетін. 
– Ол уақытта «Қазақстан пионері» балалар басылымы болғанымен үлкен қаламгерлердің шағын ордасындай еді. Өз басым Фариза апайдың редакторлығының тұсында қызмет еттім. Фариза қазақ балалар журналистикасын қалыптастырған редактор. Сол заманғы айбынды ақын-жазушылар Әбу, Хамит, Мұқағали, Шерхан, Қадыр, Тахауи секілді ағайлар «Қарындасымыз» деп құрметтеп, апайды арнайы іздеп келіп, пікірлесіп отыратын. Апай ағаларымен әңгімелесіп те үлгереді, жұмысты басқарып та үлгереді. 
Фариза апайға дейін ол ­газетте ­Сансызбай Сарғасқаев, Сейдахмет Бердіқұлов секілді ірі тұлғалар басшылық жасаған. Біз Күләш Ахметова, Мәди ­Айымбетов, Сайлаубай Жұбатыров, Ұлықбек Есдәулетов, Тұрысбек Сәукетаев, Гүлсім Мұқышева, балалар ақыны Ескен Елубаевтармен қызметтес болдық. 
– «Қазақстан пионері» балалар басы­лымы болса-дағы сол заманғы уақыт­тың тынысына қарай өз деңгейінде ­қо­ғамдық, халықаралық, кейде тіпті, саяси құбылыстарға да өскелең ұрпақтың көзімен, танымымен бағалай білуді мақсат етіп, әртүрлі пікірталастар ұйымдастыратын. Есімде, «Егер де менің 300 сомым болса...», 1978 жылы ­Кубада өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік ХІ-ші фестивалінің құр­метіне орай ұйымдастырылған «Жар­қырайды Гавананың оттары» және сол кездегі әлемдік саясатқа қатысты «Тарт қолыңды Вьетнамнан!» деп аталатын оқушылардың пікірсайысына біз де атсалыстық... Сіздер, өзіңіз сол уақытта тасқындаған балаң мақалаларды, әңгіме, өлеңдерді газетке дайындау ісінің ба­сы-қасында жүрдіңіздер. Ағылған хаттарды қалай игеріп, жұмысты қалай үлгердіңіздер? 
– Иә, ол кездегі оқушылар өте белсенді, жан-жақты, білімге құштар, бір-біріне бауыр, дос, пионерлік антқа адал балалар еді. Жан-жақтан келген хаттарда оқушылар өз мектебіндегі жаңалықтарды, достарына, табиғатқа қандай жанашыр екенін, тіпті класындағы балалардың «5» алғанына қуанып, оны газетке мақала етіп жазып жіберетін. Таза, пәк көңілден шыққан әңгіме, өлеңдері таңғы шықтай мөп-мөлдір.

Сол жылдары редакция фантастикалық әңгіменің тақырыбын ұсынып, оқырман­дарымызға «Кім қандай әңгіме жазады?», «Қай оқушының шығармасы артық болып шығады?» деп ортаға салып, кішкентай ­авторларымызды жұмылдырдық. Сол тақырып газет бетінде бірнеше ай бойы жүрді. Бүгін, мәселен, павлодарлық оқушы жазса, келесі әңгімені Алматыдан бір бала, одан кейін басқасы жалғастырып әкететін. Күн сайын ұлдар мен қыздардан қап-қап, құшақ-құшақ хат аламыз. Оларды хат бөліміндегі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Айнаш апайымыз тақырыбына, мазмұнына қарай жіктеп, бөлім-бөлімдерге таратады. Жарағанын өңдеп газетке басамыз, жарамағанының өзін қағыс қалдырмаймыз. Әр хатқа жеке-дара жауап хат жолдаймыз. Қазір мұндай жоқ қой... 
– Сіз балалар басылымынан кейін Қазақ теледидарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» жастар альманағында қызмет еттіңіз. Жас маман ретінде журналистикадағы алдыңғы толқыннан кімді ұстаз тұттыңыз? 
– Мен журналистикада екі үлкен мектептен өттім. Біріншісі «Қазақстан пионері» болса, екіншісі «Жалын» журналы. О-о-о, ол кезде «Жалын» альманағы жастардың, жас ақын-жазушылардың жанартауы еді. 20 мен 30-дың арасындағы қыз-жігіттер, студенттердің осы альманахта өлеңдері мен әңгімелері жарияланса қаламгерліктің шыңына шыққандай шаттанатын. Редакторымыз Мұхтар Шаханов жас таланттарды баурап, баулып, қамқорлап, шығармасында жылт еткен жақсылығы болса оны өзі жазғандай арындап жүретін. Фариза – балалар журналистикасының іргесін нығайтса, Мұхтар Шаханов – жастар творчествосының, журналистиканың шамырқанып, шиыршық атып тұруын қалайтын, талап ететін. Әсіресе жазу стилистикасына ерекше мән береді. Алыстан орағытып, көп сөздікке салынып, құрмалас сөйлемі сүйретілген дүниелерді ұнатпайтын. Барынша нақпа-нақ жазып, айтарыңды бұлталақтамай кесіп сөйлеуді жақсы көретін. Өзің де білесің, ол кісінің, негізінен, өлеңдері нақтылыққа құралады. Ал, енді бұл екеуінен «Ана тілі» газетін қалай бөліп жарамын! Газетке басшылыққа келгенде оған дейін жинаған тәжірибемді, бар білігімді салып, қазақ тілі, қазақ баспасөзі қазақ оқырмандарының ортасынан асып, Қазақстан аумағында емін-еркін қанат жайса деген оймен, мақсатпен жұмыс бастағанмын. Өйткені бұл кезде заманның бағыты өзгеріп, қазақ тіліне деген көзқарас екіұдай күй кеше бастаған... 

«АНА ТІЛІ» БОЗАЛА ТАҢНЫҢ ШЫРЫЛДАҒАН  БОЗТОРҒАЙЫ

– Одақ тарқап, тәуелсіздікпен бірге ілесе келген нарықтық қатынас қоғамға дендеп ене бастады. Соның салдарынан елдің әл-ауқаты ептеп әлсірегенімен, рухы түсе қойған жоқ. 90-шы жылдардың басын ала шыққан көптеген газеттердің арасынан «Ана тілін» жұртшылық жылы қабылдады... Сіз басылымға Бас ­редактор болып келгенде апталығымызды қай тұсынан нығайтып, қалай дамытуды ойластыра келдіңіз?
– Бұл кез қоғамның басқа салаларымен қатар баспасөз нарығы да әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың тырнағына іліге бастаған уақыт. Халықтың бір бөлігі көнкөрісті ойлап, бір шоғыры кәсіптің көзін іздеп қарманып жатқан. «Егемен Қазақстан» газеті ғана мемлекеттік бюджеттің арқасында тұрақты шығып тұрды. Қалғандары қалт-құлт күнелтуге көшкен. Бір номері шықса, екі номеріне шама жетпей, қызметкелерге төлеуге ақша таппай, газет басшылары дағдарды. Бұрыннан шығып келе жатқан іргелі газеттер болмаса, жаңа шыққандары жабылып та қалды. Ал «Ана тілі» оқырмандарына үзбей жетіп тұрған...
Бұл кезде орыстілді басылымдар­дың мазмұны да, бағыты да нарыққа икемделіп құбылып жатқан, әрі өз елімізде ғана емес, Ресейде шығатын газеттер біздің елдің баспасөз нарығында кәдімгідей орын тепті. Қазақ газеттері де амал-айласын табуға қарекет етпесе болмайтын еді. 
Бір қиыншылықтың бір жақсы­лығы болады. Ел де, мемлекет те экономикалық қыспаққа түсе бастаған кезде әлеуметтік ахуалды түзетуге қазақтың мұнайы дәл сол кезде көп септігін тигізіп еді. Жаңадан мұнай көздері ашылып, одан түскен қаржының елдің игілігіне жұмсалуы «Ана тілі» газетіне де шарапатын тигізді деп ойлаймын. Газеттің бұрынғы ырғағынан жаңылмай, тұрақты шығып тұруына сол кездегі мұнай саласының тізгінін ұстаған азаматтардың, атап айтқанда, Бақытқожа Ізмұхамбетов, Балтабек Қуандықов, Меңдеш Салықов секілді достарымның тарапынан көп қолдау, демеу болды. 
Солайша, «Ана тілінің» ел алдындағы беделін одан әрі нығайту үшін, мемлекет пен Үкімет алдындағы ықпалын арттыру үшін, оқырмандар қатарын одан әрі көбейту жолында газет бетінде қазақ тілінің статусын мемлекеттік қолданыс деңгейіне жеткізу қажеттігін әрбір нөмір сайын қадап, қадағалап, айтып отыру керек деп ойладым. Менің басты мақсатым осы болды. Өйткені бұл кезде барлық деңгейде де қазақ тіліне деген көзқарас әлсіреп, оның қолданыс аясы ұйқылы-ояу, манаураған күйге түсе бастаған. 
Бірақ баспасөз айналасын­дағылардың қоғамдағы кейбір адамдардан «Ана тілі» газетінің бағыты басқа жаққа бұрылып кетті, мазмұнын өзгертті деген әңгімелері көбейді. Оның үстіне, газеттің жанынан шыққан «Алтын дәрия», «Евразия» секілді қосымшаларды жұртшылық газеттің бет-бейнесін, келбетін өзгертті деп қабылдап қалды. Бірақ менің мақсатым, айтып отырмын ғой, баспасөзді нарық пен қоғамның талабына икемдеу еді. 
– «Ана тілі» тәуелсіздік тумай тұрып бір жарым жыл бұрын бозала таңнан шырылдаған бозторғайдай тіл мен елдің тақырыбын тыңнан көтерген. Тілтану мен елтану, бүркеуі жаңадан ғана ашыла бастаған түрктану, яғни әрі қарай кеулей берсек, түбі тектануға дейін сабақтап, кейін келе қоғамдық санаға да сөз арнай бастаған. Келбеті, жолы кілт өзгергенін жұртшылықтың кіді қабылдағаны рас қой... Өйткені бұл басылым осы бағытымен-ақ ана тіліміздің беделін, қадір-қасиетін асырып келе жатқандай емес пе еді. 
– Менің ойымша, «Ана тілі» өзінің негізгі мақсатынан айныған жоқ. Тіл мәселесі, қазақ тілін қоғамда қолдану, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру, қай этностың өкілі болса да Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін ұлтаралық қарым-қатынас дәрежесіне жеткізіп, одан әрі жоғары деңгейде қолдану мәселесін насихаттау. Оқырман қауым «Алтын дәрия» мен «Евразияны» көргенде тосылып қалды. Сол қосымшаларды тосырқаған қалыпта газеттің кешегі мазмұнынан айырылғысы келмеді. Ал бірақ газет те экономиканың, қоғамның басқа салалары секілді нарыққа сай икемделгіш болуы қажеттігі ескерілмеді. «Алтын дәрия» «Ана тілінің» өсіп-өркендеу жолын кесуге мүмкіндігі жоқ болатын. 
– Мүмкіндігі жоқ болатын?..
– «Алтын дәрия» «Ана тілінің» өсіп-өркендеуіне көптеген материалдық үлесін қосты деп ойлаймын. Солайша апталықтың оқырмандарының қолына үзіліссіз жетіп тұруы, әрі оның күні бүгінге дейін белді, беделді газет болып алдыңғы қатарда келе жатуының бір себебі, мұнайшылардың сол кездегі жасаған қандай да бір көмек-қолдауының арқасы екендігін дау туғыза қоймайтын мәселе деп санаймын. «Алтын дәрия» мен «Евразия» қосымшалары сол үшін қажет болды.
– Газеттің бағыты мен мазмұнын өзгертуге мықтап бекіндіңіз, стилін өзгерту жөнінде қандай принцип ұстандыңыз? 
– Мен газетке сұхбатты орнықтыруды ойладым. Өйткені елімізде оқырман қауым, кейінгі ұрпақ тануға, білуге тиісті көптеген қайраткерлер, тұлғалар бар. Міне, сол кісілер кешегі, бүгінгі қоғамды дамытуға үлес қосқан адамдар. Соларды әрі насихаттап, әрі арғы-бергі өмірбаянынан мағлұмат, тәлім-тәрбие алып, көпке үлгі ету үшін сұхбаттың орны бөлек. Сондай адамдармен сұхбат «Ана тілі» газетінде жариялануға лайық деп санадым. 
– Иә, сол кездегі алғашқы медиамагнат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сұхбаты жарияланды. Айтыңызшы, сізді баураған «Атамұраның» даңқы ма, әлде қаламдасқа деген көңіл нарқы ма?
– Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сұхбатымен бастау себебім, бұл жігіт сол кездегі нарықтық қатынастардың талабына шұғыл икемделіп, қоғамның қажеттілігіне, елдің мүддесіне орай рухани кәсіп бастаған, әрі сол заманда жаңа өсіп келе жатқан жас зиялылардың бірегейі. Мұхтардың өзі журналистика саласында біліктілігін танытып қана қоймай, жаңа қалыптасып келе жатқан баспа, кітап өндірісі саласын дер кезінде қолға алды. Себебі сұхбат беруші газеттің кейіпкері. Менің газетке алып келген жаңалығымның бірі осы деуге болады. 
– Жаңалық демекші... Кеңес кезіндегі газеттердің дені, негізінен, партия мен комсомолдың орталық комитетінің органы болатын. Ұраны «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!». Ал «Ана тілі» газеті жаңа үрдіс бастап «Туған тіл – қыдырың, туған жер – тұғырың» деген мақсатты айдарлап, айқындады. «Ана тілі» газетінің алғашқы қызметкерлері ұжым болып қабылдаған осы айқындауыш біраз жыл газеттің бірінші бетін бедерлеп, басылымның бүткіл мұратын ­танытты. Сіздің редакторлығыңыздың тұсында ол өзгеріп, Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзін өзі қойған қолтаңбасымен газеттің оң жақ жоғарғы тұсына қондырдыңыз. Міне, 20 жылдан асты. Газеттің әрбір нөмірімен бірге Ахмет Байтұрсынұлының сол сөзі бірінші болып көзге шалынады. Сіз оны неге қалап алдыңыз? 
– Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының бізге де, бізден кейінгілерге де арнап, ылғи да ойымызда жүрсін деп айтып кеткен сөзі. Бұ сөз «Ана тілі» газетінің маңдайында тұруы керек, тұрмаса болмайды! Себебі, расында, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. 
Қазақ тілінің проблемасы, оның қолдану аясының тарлығы күні кеше басталған жоқ. Кемі бір ғасырдан бері жырлап, қалпына келтіре алмай келе жатқан арманымыз. Әуелі патша өкіметі, одан кейін Кеңес Үкіметі өктемдік жасады дедік. Енді келіп, ана тілімізді қолдану өзіміздің қолымыздан келмей жатыр. Менің газет басшылығына келген күннен бастап айтып, күн сайын, әрбір нөмір сайын қайта-қайта жазу керек деп жүргенім осы. Солай емес пе! Тіліміз жоғалса өзіміз де жоғаламыз ғой. Маңдайшадағы бұл жазуға көзі түскен адам осыны ескеріп, тілімізді жоғалтпауға, яғни өзімізді жоғалтпауға жұмыс істеуі керек, барын салуы керек. 
– Мереке аға, ниет дұрыс қой, сіз уақытында халықты, қоғамды қайрау үшін, тілді сақтау үшін жанашырлықпен жазғызып қойдыңыз. Осы жазуды көрген адам сескеніп, райынан дереу қайтып, қас-қағымда қазақша сөйлеп кетсе, қанекей! Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының «Байқаңдаршы!» деп бір рет айтқан бұл сөзін ұрпағым ұзақ жылдар аузынан тастамайтын ұранға айналдырып алсын демеген шығар. Осы сөзді оқи-оқи әуелі көңілімізге, одан кейін өмірімізге сіңіп, шын мәнінде сөзіміз де, өзіміз де... Құдай сақтасын... Сөздің қуаты қатты ғой, қиын ғой. Мына бір тәмсілді өзіңіз де білесіз, ертеде бір әйел баласына «Жер тартқыр»-ды жағы тынбай айта береді екен. Күндердің күнінде ойнап жүрген баланың аяғының астындағы жер жарылып, бала белуарынан түсіп кетеді де, жер қысып шырқыратады. Жан баласы шығара алмаған. Сонда ауылдың бір ақсақалы «Қарағым келін, айта беретін едің, әлгі сөзіңді, тағы бір қайталашы, баланың жаны қиналмасын» дегенде, анасы қиналса да қан жылап тұрып айтқанында баланы жер тартып кеткен екен. Айтуға да, жазуға да ауыр... Осы бір тәмсілді қаперде ұстай отырып, маңдайшаны өзгертсек қайтеді? Жиырма жылдан бері бұл сөз өзінің рөлін, қызметін атқарып болған жоқ па, қалай ойлайсыз?.. Оның орнына тілді дамытуға бас­тайтын, шақыратын, рухымызды көтеретін жақсы сөздерді жазсақ-шы. Менің ойыма ылғи Мәшһүр Жүсіптің «Дүниедегі ең асыл – араб тілі, одан кейін – түрк тілі, түрк тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген сөзі оралады. Мәселен, оны ыңғайластырып «Дүниедегі асыл тілдің гауһары – қазақ тілі» деп таңбаласақ кім сөгеді. Ақиқатында алғашқы нұсқа қайырлы-дүр... 
– Ұлылардың сөзін өзгертуге болмайды. Ол солай қалуы керек. Ахмет Байтұрсынұлы бұл арада «Тілі жоғалады» деген сөзге басымдық беріп тұр, «Өзі жоғалады» деген сөзге емес. Тілді жоғалтпау қай-қайсымыздың да міндетіміз болып бара жатыр. Күні ертең табиғаттағы, атмосферадағы апаттар секілді үлкен проблемаға айналып кетуі мүмкін. Есімізді жиып, қазірден бастайық. Бүгінгі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бір сөзінде ­«Бастауыш клас­тарды түгел қазақша оқыту керек» дегенді айтып қалды. Сол іске асса күшті болар еді. 
– «Ана тілі» оған тіреу бола ала ма, қалай ойлайсыз? 
– Алғашқыда тілге деген ықылас жақсырақ еді. «Ана тілінің» жаңа ашылған кезі ғой. Сол кезде төменнен бастап жоғарыға дейін «Ана тілімен» санасатындай көзқарас болатын. Мен сондай бір ықыластың азая бастаған тұсына тап келдім. Бұл жөнінен «Ана тілі» Үкіметке тіреу бола алмайтындай, бүгінгі басшы қазақ тіліне «болмасын» деп ойлайтын адам ба! Жаны ашымайды дейсің бе?.. Тілге деген көзқарасты ел болып, Үкімет қолдап көтермесек болмайды. 
Қазақ тілінің мәселесін бір ғана «Ана тілінің» мойнына артып қойған жөн емес. Оған «Қазақ газеттері», жалпы бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары болып жұмылып, бірауызды болып көтеруіміз ­керек. Кезінде бүкіл басылымдарды бір қолға біріктіріп, газет-журналдарды нығайтсақ ­деген ой осы мақсаттан туындаған. 

«Ана тілінің» атынан ұлттық мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізсем деген ой көкейде қалып қойды


 
– «Қазақ газеттері» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігін басқар­дыңыз. Бұл сырттай қарағанда сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министр­лігінің Алматыдағы шағын үлгісі сияқты көрінді. Бұл да нарықтың талабына орай жасалған қажеттілік пе еді?
– Ол кез біздің экономикамыздың тұралап тұрған уақыты еді ғой. Бұл ахуал өзді-өзі шығып жатқан газет-журналдарға ауыр тиді. Қаншама жылдық тарихы бар басылымдарға, таралымды көбейтуде дағдарысқа ұшырамауына септігіміз тисе деп ойладық. Ол үшін басылымдардың басын бір жерге біріктіру тиімдірек болды. Ешкімге жалтақтамай, әр газет өз бағытына сәйкес айтарын айтып, жазарын жазса деп ойладық. Бұдан басқа мақсат болған жоқ. Бұл, енді, осыдан жиырма жыл бұрынғы шаруа ғой. Бүгін бұған басқаша қараймын. 
– Сол уақытта дәл осыны орындай алмадым-ау деп өкінген, түйін болып іште қалған, іске аспай қалған нақты қай жоспарыңызды айтар едіңіз? 
– Тіл туралы ғой. Ана тілі – қазақ тілі, оның қолданысы туралы өткір-өткір мәселелер көтеріп, қазақ тілі жөнінде «Ана тілінің» атынан ұлттық мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізсем деген ой көкейде қалып қойды. Бұл меніңше әлі де өзекті мәселе. Сондай-ақ, орыс мектептеріне қазақ тілін оқытудың бағдарламасын күшейтіп, қайтадан жазу керек. 
Тіл мәселесіне келгенде мына жағдай есіме түседі. Қазақ руханиятының ордалары, Ұлттық кітапхананы, Ғылым Академиясын, Абай атындағы опера және балет театрын, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрін ұйымдастырған Темірбек Жүргеновтың тілге жанашырлығын үлгі етуге әбден лайық. Ол кісі Ұлттық музыкаға қатысты бір жиналыс өткізіп жатса керек. Сол жиналысқа қатысып отырғандардың ішінде Евгений Брусиловский мен Қарағандыдан келген Соколов ­деген композитордан басқасының бәрі қазақ. ­Жиналыс қазақша өтіп жатыр. Бір кезде ­Соколов «Кешіріңіз, мен түсінбей отырмын. Орысша айтпас па екенсіз?» дегенде өзі қызуқанды адам, Темірбек Жүргенов үстелдегі портфелін қос қолдап ұстап көтеріп, қайтадан сарт еткізіп қойғанда жұрттың бәрі шошып кетіпті. «Сіз қазақ музыкасын зерттеймін деп отырсыз. Қазақ тілін түсінбесеңіз қалай зерттейсіз?!» деп, әрі қарай қазақша жүргізе берген екен. 
Бүгінгі біздің қоғамдағы орыс ұлтының өкілдері дәл сол кездегідей талап қоймайтын болған. Өйткені олар Қазақстан Республикасында Мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін ­мойындап біліп отыр. Ел алдына шығып қазақша сөйлегендердің сөзін бөліп, талап ету кешегі күннің еншісіне кетіп барады. ­Солай ғой! 
Осы күні көптің алдында қазақша сөйлеймін дегендер ешкімнен қорықпайды, тек өздерінен өздері қорқады. 
Мен бұл сөздің екі түрлі мағынасы барын айтып отырмын. Біріншісі, бұған дейін кейбір шенеуніктер «Қазақша айтсам, кейбіреу түсінбей қалады немесе басқалар орысша сөйлеп жатқанда мен де қалыспайын» деп өз-өзін қор санаса, ал өзгелері «Қазақша сөйлесем мені ешкім тыңдамай қала ма» деп өз-өзінен қуыстанады. Енді біреулері екі сөздің басын қоса алмай «Күлкіге қалам ба» деп қорқады. Сөйте-сөйте, қазақшаға келгенде тілдері «қысқарып», сөз таба алмайды. Ал егер, өзегінен айырылмаған, тілдің мәйегінен арылмаған адам болса ешкімге жалтақтамас еді. Тілге жалтақ адам, әдетте батылсыз келеді. Батылсыз адам қайтіп батып сөйлесін! Оған бала бастан дағдылану керек. 
– Сіз шығарған «Бала Би» журналының бір мақсаты тілге баулу емес пе?
– Өте дұрыс айтасың. Қазақта «Болар ­баланы» үлкендердің қатарына қалқайып ілесе бастағаннан бастап сөз билігіне, ел билігіне араластырған. Талай мәрте көпшіліктің алдына тайсалмай шыққан «Бала Билер» ақсақал-қарасақалдарды сөзіне тоқтатқан. Ол, біріншіден, сөздің мәніне, істің ақ-қарасына жетіктігінен болса, екіншіден, адамның зердесіне қона кететіндей орынды, қанатты сөздерімен тоқтата білген. Заман өзгерді, техника озды дегенмен, тілдің өзегі орнында ғой. Қоғамға сай сөйлесе қазақ тілі кез келген дәрежеде қызмет ете алады. Біздің «Бала Би» журналымыз жас балаларды тілге баулу, жақсы, орынды сөйлей білуге үйрету мақсатында ашылған. Онда кешегі Баба Билер мен Дана Билердің, батыр-баһадүрлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бала күндергі айтқан сөздеріне де орын беріледі. 
– ...және «Таң – Шолпан» журналын шығарып жатырсыздар...
– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ташкентте Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтер шығарған «Таң» және «Шолпан» журналдарының бүгінгі «Таң – Шолпан» болып шыққан нұсқасы. Шет жағасын өзің де білесің... «Таң – Шолпанның» арғы түбі «Жалын» журналынан. Әбе-ағаң, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ақылымен, ұсынысымен осындай атпен шығардық. 
– Әбдіжәміл аға «Ана тіліне» жиі келіп тұрушы еді ғой... 
– Сол кезде жасы жетпістен асса да әдебиет, сөз деген киелі нәрселерге аса мұқият, сергек жан. Шаршамай, талмай өз аяғымен іздеп келіп жүретін. Бүгінде жасы 97-ге келді. Әлі де өткен-кеткеннен әңгіме, естелік айтқанда еш жаңылыспайды. 

 ӨЛМЕСЕ, ҚАЙДА КЕТТІ, ҚАЙДА, АҒАЛАР?.. 

– «Ана тілі» – «Ана тілі» болғалы сөз қадірлеушілер, сөз зергерлері күн сайын болмаса да, апта құрғатпай редакцияның төрін толтырып жүретін. Өздері қартайса да қазақтың сөз өнеріне деген ықыласы қартаймаған абыздардың кейбірінің өзін көріп, сөзін құлағымыз шалып қалып жатады. Бір жолы «Ана тіліне» келген академик Зейнолла Қабдоловты көргендер қаумалап, қауқылдасып жатты. «Аға, қалыңыз қалай?». «Хал осы, «Нар қартайса ботасына ілеседі», жүрміз ғой Мерекелердің соңында» дегені бар. Сырбаз Қабдоловтың сыры ма, шыны ма? 
– ...Ә-ә-ә... 
Зекең болмысы да, оқымыстылығы да, азаматтығы да өзгеше адам еді ғой. Бір кісінің бетіне жел болып тимейтін, бір кісіге қатты сөз айтпайтын адам еді. Иә, жек көргенін де білдірмейтін адамға. Ылғи тек кісіні мақтайтын. Мен іштей ренжіп қалатынмын. «Неге осы мақтай береді» деп... Сөйтсем, ол кісі қасында отырған адамның сағын сындырмайын деп мақтайды екен ғой. Сосын, мерейін үстем ету үшін... Кім болса да. Өйткені кім болса да ол Зейнолла Қабдоловпен сөйлесіп отыр ғой. Өстіп-өстіп олар да өтті ғой өмірден... 
– 1985 жылы Ғабит Мүсірепов дүние салғанда Олжас Сүлейменовтің «Қазақ әдебиетінің күрек тісі сынды» дегені қаперімде... Өткен ғасырдың орта тұсы, ­расында, Қазақ совет әдебиеті ірі өкілдерінің төрт көзі түгел болмаса-дағы, Жазушылар одағының төрт құбыласын толтырып тұратын еді ғой. Заңғарлар қазақ әдебиетінің қамалындай еді. Өзіміздің қадірменді қаламдастарымыздан басқа, тіпті орысшасынан қазақы леп сезіліп тұратын Дмитрий Снегин, «Қазақ жүрегіндегі жақсы естелік маған аса қымбат» деген Иван Щеголихин, одан беріде «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын...» деген Герольд Бельгер сынды зергерлер әдебиеттің алыптары еді ғой. Жас жазушы ретінде сіз олардың бірінің болмаса, бірінің сөзін тыңдадыңыз. Қай жазушы көкейіңізде көбірек қалды? 
– Қазақты қазақтан кейін, Абайдан кейін жақсы білетін Герольд Бельгер деп ойлаймын. Ол кісі еңбекқорлықтың үлгісі болып өткен адам. Өзі өмірден аттанғанша қолынан қаламы түскен жоқ. Бір күн қағаз жазбай, ана тілі – неміс тілінен бірер сөз оқымай күні өткен емес. Автобиографиясында мынадай сөз бар: «1934 жылы 28-ші қазанда Энгельс қаласында таңғы сағат 805 -те дүниеге келдім» дейді. Мұндай дәлдікті ол қайдан біледі?.. Әкесі де күнделік жазған адам, содан білген болуы керек. Әйтпесе, шар еткен шарана цифрды қайдан көріп жатсын?.. Қанында бар дегенмен, ол кісінің бойындағы асқан ыждағаттылық адамды таңғалдырады. Сонау екінші кластан бас­тап, күні кешегі көзі жұмылған 2009 жылға дейінгі жазған күнделігінде жанынан қосқан бір мысқал өтірік бар деп ойламаймын. Бір мәселелерге қатысты көзқарасы, біреулер туралы пікірінде болса, егер, жаңсақтық болған шығар, әйтпесе, ол кісінің дәлдігіндей дәлдік бірде-бір қазақ жазушысында жоқ деп ойлаймын. Дәл Гер-ағаң секілді күнделікті қылаудай қалтқысыз жазған бірден-бір қазақ жазушысы жоқ. Әрі, өзінің шығармасын түгелдей бір әрпіне дейін қағыс қалдырмастан қағазға түсірген қаламгер кемде-кем. Міне, «Ана тілінің» нағыз сұхбат кейіпкерлері осындай тұлғалар ғой. 
– 90-шы жылдардың басында «Ана тілінде» Герольд Бельгердің «Калинин көшесінде тұра­ты­ныма намыстанамын» деген Қонысбек Қожам­жарұлына берген сұхбаты жарияланған. Жаң­ғыртып жаңа сұхбат алудың сәті түспеді, иә... 
– Сәті түспеді ғой...
– Сәті демекші, Мереке аға, өзіңізбен осы сұхбатты сәуір айының орта шеніне белгілеген едік. Бірақ сол күні кешегі ­талантты ақын «Есенғали Раушановты соңғы сапарға аттандыруға қатысуға бара жатыр едім» дедіңіз... Реті бүгін ғана келді... Орайы келіп тұрғанда көптен бері Есенғали ағаға қатысты сізден сұрасам деп жүрген бір сауалым көкейімде жүр еді, рұқсат па?..
– ...Айта ғой... Сұрай ғой...
– Сіздің «Бұл жігіттің жап-жас болып ешқашан қателеспейтінінен қорқамын» дегеніңізді құлағым шалған. Үзеңгілес ініңіз туралы неге бұлай пікір түйдіңіз? 
– Есенғалиды – Есенғали қылып тұрған бір қасиеті – ол не жазса да, нендей бір істі қолға алса да жан-жақты, терең зерделемей, тексермей іс бастамайтын. Сондықтан да оның жазған мақалаларынан, өлеңдерінен оған қосқан деректер мен дәйектерден селкеу таба алмайсың. Тіршілікте жас болып, пенде болып қателеспейді. Басқалар сияқты аңғалдық, аңқаулық, шалалық жоқ ол жігітте. Істеймін деген тірлігін уысында жинап жүретін. Ер азамат, оның үстіне жас жігіт бірде болмаса бірде сүрінеді ғой. Есенғали тіпті сөзіне де сақ еді. Біліп айтатын, тауып айтатын. Кейбіреулер мән бермеген мәселені егжей-тегжейлі бүге-шігесіне дейін мұқият қадағалайды. Айналасындағы дос-жарандар, қаламгерлер оның Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын басынан аяғына дейін, аяғынан басына дейін жатқа айтатынына бас шайқайды. Өзің білесің, құстар туралы көп сериялы мақалалары анау-мынау орнитологтар мен құсбегілердің өздері сабақ алатындай танымдық терең мақалалар жазды. Ақын ағалары мен замандастары туралы жазған эсселерінің өзі шығармашылық мектеп қой. Жазушылықтың, қаламгерліктің өзіне лайықты бір шыңына шыққан жігіт, «Жазушы» баспасын да лайықты басқарды. 

ЖУРНАЛИСТИКА ҺӘМ ЖАЗУШЫЛЫҚ АЛЫС ЕМЕС, АҒАЙЫНДАС 

– Сіз туралы замандастарыңыз «Мереке жақсы жазушы болатын еді. Журналистика оның қаламын кішкене тайдырып жіберді» деген пікір айтады. Егер, сол сөз рас болса, шынымен жазушылықтан неге тайқыдыңыз?
– Мен жазушылықтан тайқығаным жоқ, тайқу мүмкін емес. Жазушылықты журналистикадан бөліп қарауға болмайды деп ойлаймын. Эрнест Хемингуэй жазушылықты журналистикадан бастаған. Бірақ кейін ­танымал қаламгер болып қалыптасқан соң журналистермен арасы, қарым-қатынасы мәз болмаған. Себебі журналистер Эрнест ­Хемингуэй туралы, оның шығармашылығы, басқа да қырлары жайында жазылған мақалалардың мүлт кеткен тұстары үшін журналистерді жақтыртпайды екен. Ал, әлемдегі жазушылардың көпшілігі қазіргі Еуропа мен Американың белгілі қаламгерлері француз Фредерик Бегбедер, америкалық Чак Паланик, Брет Истон Эллис, Чарльз Буковскийлердің әртүрлі газет, журналдарда өз бағандары болған. Сосын... Жыл сайын кітап шығарып жатпаған соң сені жазушылықты тастап кетті деп ойлайды. Ол олай емес. Өз басым жазушы екенмін деп төпелетіп жаза беруге қарсымын. Әдебиетте елең еткізерлік бірдеңе айта алмасаң, әдебиетте лайықты орның болмаса, онда жазушымын деп не керек? Болар-болмас нәрсені кітап қылып шығара беруге қарсымын. Мен, мысалы, күнде бір кітап шығаруға мүмкіндігі жететін адаммын. Бірақ мен бармаймын ондайға. Егер өзімнің көңілімнен шығатын дүние болмаса. 
– Әдебиет әлеміндегі ұстазыңыз кім?
– Әбіш Кекілбаев. 
– Өзіңіз ашқан «Өлке» баспасы бүгінде көпке танымал. Бүгінгі таңда кешегі баспа нарығы бәсеңдеп, есесіне аудиокітаптар, IT-цифрлық кітаптар қаулап келеді. Осы орайда «Өлкенің» баспа-полиграфия әлеуеті электронды бағдарламалық кітап нарығына қайтсе деңгейлесе алады? Ол үшін мамандарыңыз нендей әрекет жасап жатыр?
– Бүгінде кітап шығып жатыр. Бірақ оның халыққа жетуі, ел арасына таралуы алаңдатып отыр... Әсіресе мектеп кітапханалары жұтаң.
Иә, рас ақпараттық IT-цифрлық кітаптар, аудиокітаптар өтімді болып тұрғанымен, түптің-түбінде кітаптың дәуірі қайта келеді. Тіпті аудиокітап пен полиграфиялық нұсқа қайтсе де қатар жүреді. Себебі, ойлап қараңызшы, қандай да бір қайраткер, саяси тұлғадан қалған цитатаны пайдаланғысы келсе аудиокітапқа жүгіне ме, жоқ қарапайым кітапқа жүгіре ме? Арғы заманғы жыраулардың да, бергі заманғы Абайдың да сөзі кітапта. Соларды кітаптан алмағанда қайдан алады? Аудионы ауадан кім аулап отырады? Сондықтан баспа өндірісі тоқырап қалмақ емес. Баспа-полиграфиялық өнімдерден бірден бас тартуға болмайды. Кітап шығаруға «Өлкеге» тапсырыс берушілер де, «Өлкеден» тапсырыс алушылар да үзілмейді. 
– «Өлкеден» шығарылған тұңғыш кітап қалай аталады, авторы кім? 
– 2000 жылы Халифа Алтайдың «Атажұрттан Анадолыға дейін» деген кітабы шықты. Күні бүгінге дейін Абай, Мұхтар, Махамбеттерден бастап барлық қазақ жазушыларының шығармалары «Жасөспірімдер кітапханасы» сериясымен басылып шықты. Ақын-жазушыларымыздың кітаптарын да бастық. Соңғы жаңалығымыз «1001 түн» кітабы, оның Қалмақан Әбдіқадыров аударған тамаша нұсқасы 7 том болып «Өлке» баспасынан жарық көрді. 
– Әңгімеміздің әлқиссасы «Ана тілінің» алғашқы уығын қадаған дерлік Ахаңның, ­Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен өрбітіп едік. Енді тамамдауға келгенде қайраткер, тілші – ғалымның мына сөзіне сүйенейік: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Мектеп қабырғасында жүргенімде «Журналист» журналынан латыш журналисі Альбертас Лауринчюкастың сұхбатынан оқыған: «Журналистика – тамырын тереңге, тәжін – күнге созған алып ағаш» деген сөзі жадымда жатталып қалды. Айтыңызшы, сіз өзіңіз газетті қалай бағалайсыз, журналистиканы не деп танисыз? 
– Газет, оның ішінде қазақ газеттері қазіргі заманның жылнамашысы, тарихшысы. Тарихқа ең алдымен түрен салатын – журналистер. Қаламгерлердің ел мен жер туралы, халқымыздың әдебиеті мен өнері жайлы, ерекше тұлғалары хақында бүгін жазған зерттеулері, эссе-очерктері соңыра талай-талай тарихшыларға мың жылдық азық болады.

Әңгімелескен 
Раушан Төленқызы

9014 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы