• Ақпарат
  • 16 Маусым, 2021

ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУДАҒЫ РӨЛІНІҢ МАҢЫЗДЫ ЕКЕНІН ЖЕТКІЗДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен ­келген АҚШ-тың Ауғанстандағы ­татуластыру жөніндегі арнаулы өкілі Залмай Халилзадты арнайы қабылдады.

Кездесу барысында Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету бойынша Қазақстан мен Америка арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту барысы талқыланды. Сонымен қатар АҚШ пен НАТО әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы да сөз болды. Ауғанстан мемлекетінің тұрақтылығы мен әлеу­меттік-экономикалық дамуын қайта қалпына келтіру жөніндегі екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды үйлестіру мәселесі де қарастырылды.
Қазақстан Президенті америкалық дипломатқа ілтипат білдіріп, оның бұл сапарының елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты сақтау тұрғысынан маңызы зор екеніне тоқталды.
– Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында біз достыққа және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қатынастарды орната алдық. АҚШ – Қазақстаның сенімді серіктесі. Біздің әртүрлі бағыттар бойынша, соның ішінде, сауда және экономика салаларындағы белсенді ықпалдастығымыз жолға қойылған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуалды реттеу жөніндегі ынтымақтас­тықты Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызды бөлігі ретінде атап өтті. 
Президент Ауғанстанның, Ресей­дің, Қытайдың, Орталық Азия мемле­кеттерінің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен жүргізген келіссөздерінде ауған мәселесі үнемі ­назарда болатынын жеткізді.
Өз кезегінде Залмай Халилзад Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді. АҚШ-тың арнаулы өкілі Қазақстан Президентінің Ауғанстандағы тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға қосқан үлесін жоғары бағалады. ­Сонымен қатар еліміздің Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылықты сақтаудағы рөлінің маңызды екенін жеткізді. 

Думан НҰРТАЙҰЛЫ

7058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы