- Ақпарат
- 16 Маусым, 2021
АЛТЫН КӨПІР
«Тұран» университетінде «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты білім беру акциясы аясында онлайн-диктант қатысушыларын марапаттау рәсімі болып өтті. Аталмыш іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қоғамдық білім беру жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – барша азаматтардың назарын қазақ тілін үйренуге аудару, сауаттылық деңгейін көтеру, кәсіби салада және күнделікті өмірде сауатты сөйлеудің маңыздылығын насихаттау.
Бұл акцияға 500-ден астам адам қатысты. Диктант қорытындысы бойынша 13 «үздік» қатысушы анықталып, олар мақтау қағазымен марапатталды. Сондай-ақ жеңімпаздарға сыйға КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабы, ҚР Ұлттық кітапханасының VIP-билеттері және Алматы облысының 24 мұражайына тегін баруға мүмкіндік беретін М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының арнайы сыйлығы – «Алтын абонемент» сыйға берілді. Ал жұмыстары «жақсы» деп бағаланған қатысушылардың барлығы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғылыми кітапханасының абонементіне ие болды.
Қалған қатысушыларға сертификаттар мен «Тұран» университетінің фирмалық жейделері және акцияның серіктестерінен түрлі сыйлықтар табысталды. Олар: ҚР Ұлттық кітапханасынан, Жазушылар одағынан арнайы кітаптар, Ж.Жабаев атындағы Қалалық жасөспірімдер кітапханасынан сөздіктер, көркем және ғылыми еңбектер, сондай-ақ Қалалық кардиология орталығы маманының бір жыл мерзімдегі ақысыз скринингі мен кеңесі.
«Тіл – достықтың алтын көпірі» атты білім беру акциясы жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі шараға айналмақ. Университет келесі диктантты 2022 жылдың көктемінде өткізуді жоспарлап отыр.
Нұрлан Айбекұлы
8081 рет
көрсетілді0
пікір