• Ақпарат
  • 16 Маусым, 2021

ҰЛТТЫҚ АТЫ-ЖӨН САУАТТЫ ЖОЛДЫ ТАҢДАЙДЫ

Таяуда «Литер» газетінен (09.06.2021) Қазақ «Уикипедиясындағы» әкімші, яғни елдің жаңа технологиясындағы мәлімет қорына жауапты тұлға Қайыр Рысбаевтың «Почему нельзя убирать русские окончания в казахских фамилиях?» атты ұлттық аты-жөн туралы пікірін оқып шықтым. Мұны басылым тілшісі Айша Құтыбаева (орыс тілінде «Кутубаева») жариялапты.

Бұған не айтуға болады? Меніңше, Қайыр мырза Отаны­мыздың рухани-танымдық «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», қоғамдық-саяси «Егемен Қазақстан», «Айқын», т.б. газеттерімен, «Абай», «Алаш айнасы», т.б. сайттарымен таныс емес. Оларды үзбей оқыса, ұлт аты-жөнінің тарихы туралы танымын арттырар еді. 
Сонымен қатар Қайырдың бір пікірі көңілімізден шықты. Ол: «Бұрын кісі есімдері қазіргіге қарағанда айрықша болатын» дейді. Бұл – дұрыс аңғару.


Бірақ біз: «Қайыр неге ұлт аты-жөні тарихына жіті үңілмеген? «Фамилия бізге патшалық және большевиктік Ресейдің арқасында келген» дегенге неге имандай сенеді?» деп, бүгінгі жастарға көп нәрсені үйрете алмағанымызға опынарымыз да анық.
Қазақта фамилия, ататек, аты-жөн әлімсақтан бар.
Оның 3 жүйесін көреміз:
1) Руының атымен атау. Мысалы: Қаракерей Қабанбай.
2) Кәсібімен атау. Мысалы: Молда Мұса.
3) Өз әкесінің атынан өрбіту. Мысалы: Ақайдың Қасені.
Жоғарыда атаған үш форма да ел тарихында алтын әріппен жазылып тұр.
Енді бүкіл ұлтты оят­қан ХХ ғасырға ке­лейік. Алаш зиялары, олар­дың шәкірттері қан­дай бағыт ұстанды? 1924 жылы 12-17 маусымда Орын­борда тұңғыш Білім­паздар сиезі (Первый съезд ученых казахов) өткен. Бұған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, ­Х.Дос­­мұхамедұлы сияқты титандар қатысқан. Осы жиын­ның қаулысында ұлттық фамилияға «-ұлы, -қызы» қосымшасын алайық деп, ортақ шешімге келген. 
Бір қызығы: бұл қо­сым­шаны әке атына ғана емес, ата-баба атына жалғауға да бо­латыны көрсетілген (қазақ дәстүрінде жасынан «Атамның баласымын» деп, бабасын көрсеткен). Сөйтіп, 20-жылдар баспасөзінен Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, тіпті Мағжан Жұмабайұлы (әкесі Бекен болса да), т.б. тұлғалардың фамилиясына көз үйренді. Олар кітаптарының мұқабасына да осы аты-жөнді жазды.
Зиялылар түгел репрессия­лан­ғаннан кейін қазақ халқы жаппай орыстанғанын, советтенгенін әлем біледі. Соған қарамай, бізде ұлттық негізді фамилиялар өмір сүре берді. Олар: Бауыржан Момышұлы (әскери батыр), Әлкей Марғұлан (ғалым), Шоқыр Бөлтекұлы (спортшы), Шона Смаханұлы (ақын), Балғабек Қыдырбекұлы (жазушы), ­Сайлау Батыршаұлы (дипломат).
Тәуелсіздік алғаннан кейін танымал жазушы, ­«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза фамилиясының «ов»-ын алып, елеулі үрдіс бастады. Содан бері Тәуелсіз Қазақстанда Әлкей Марғұлан мен Бауыржан Момышұлы фамилияларының формасы (2 нұсқа) қатар табиғи қолданылып келеді.
Қайыр Рысбаев «ұлттық қосымшасы бар азаматтар үйленгенде не болады?» деп қам жейді. Ештеңе де болмайды! Мысалы, ағылшынның Джонсоны – «Джонның ұлы» дегенді білдіреді. Солардың әйелі де ­Джонсон болып жүр ғой. Әрине, Смаханұлының келіндеріне «Смахан» фамилиясын алуын заңдастыру қиынға соқпас.
Бір ауыз сөз Қайырдың фамилиясы жөнінде. Бұл ініміз қазақ тілінде ­сауатты жазғысы келсе, ана тілімізде «рыс» деген сөз атымен жоқ. «Ырыс» деген сөз бар. Ол береке, молшылық, несібе деген тамаша ұғымды меңзейді. Сондықтан Қайыр мырза, фамилияңыздың тұпнұсқасын түзетіп алсаңыз, өзіңізге және ұрпағыңызға тағылымды болары анық.
Осы ретте Қайырдың аты сауатты жазылғанын атап өткіміз келеді. Өкінішке қарай, елімізде «Каиров», «Хаиырбаев», т.б. қате жазылып жүрген фамилиялар жетіп артылады.
Халқымыз: «Басталған істің қайырын берсін!» дейді. Біз ұлттық аты-жөнге байланысты осыны айтамыз. Сауатты, білікті болайық, замандастар!

Дихан Қамзабекұлы

11071 рет

көрсетілді

30

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы