• Мәдениет
  • 24 Маусым, 2021

НҰРҒИСА ДА ҚОЛЫНА ҚАРУ АЛҒАН

2021 жылдың 22 маусымында Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына 80 жыл болды...
Олардың жастық дәуірі сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Махаббат туралы жазар, оқыр шағында от пен оқ туралы, өлім туралы көбірек айтуға тура келген шығар, бәлкім. Қан майданда жолдасының өлім құшқанына куә болды, мүмкін, жалт еткен өмір сәулесінің қымбаттығын тереңірек ұғынды ма екен? «Жап-жарық күнді жанары қимай» кетіп бара жатқан талай боздақтың аңсар арманын өз жүректеріне жамап алып алға жылжи беруі де мүмкін ғой... Он жастан асқанында-ақ алақандай ауылын ән мен күйге бөлеген қазақтың дара саңлағы Нұрғиса Тілендиев те соғыс көрген шығармашыл тұлға. 

Ақын Сырбай Мәуленовтың:

Ауыр бомба алып соғып толқыны,

Жаттым өліп, тірілместей сол түні.

Ертеңгілік қарап едім, қалыпты –

Аспан тірі, дала тірі, көл тірі.

 

Қалыпты аспан көктен жерге құламай,

Шөгіпті бұлт, жерге қаққан сынадай.

Мен адаммын дедім-дағы тік тұрдым,

Жылағым кеп тұрса-дағы жыламай… – деген жыр жолдарындағы сезім күйі сол соғыстан аман қалған талайлардың жүрек сөзі секілденеді де тұрады.

Әйтпесе, туғанда маңдайына домбыра ұстау жазылған Нұрғисаның қолына қару алуы – кей-кейде сәйкеспейтіндей көрініп кететінін несіне жасырайық? Жоқ, бұл композитордың қаһармандығына шүбә келтіру емес, тағдыр жазуы дегеннің адам қанша айналып қашса-дағы құтылмайтынына мойынсұну ғой.

Хош, қазақтың жырауы Жамбыл: «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар» деген екен. Қан майданның оты мен оғынан Нұрғисаны сол қызыл жолбарыс та қорғап-қолдап жүрді ме екен?

Соғыс басталмай тұрып, Нұрғиса ­Ахмет Жұбановтың ұстаздығымен оқуға қабылданады. Мұнда ол дараланып, он екі жасында оркестрдің концертмейстрі, он төрт жасында оркестрдің бас дирижеріне көмек көрсетті. Оқуын сәтті әрі табысты аяқтап шыққаны үшін Ахмет Жұбанов шәкіртіне домбыра сыйға тартты. Бұл жәдігер-домбыра да музейде сақтаулы тұр. 

1943 жылы Нұрғиса өз еркімен майданға аттанады. 1943 жылдан 1945 жылдың 9 мамырына дейін Курск шайқасынан Берлин шайқасына дейін Отан қорғау жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жарақат алады. «Ерлігі үшін», «Берлинді басып алғаны үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталды. Бұл марапаттардың барлығы осы күні Н.Тілендиевтің мемориалдық музейінде сақтаулы тұр. Оқырман үшін айта кетейік, музей орналасқан үй 1979 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың арнайы тапсырмасы бойын­ша салынып, Қазақстанның ғылым мен мәдениет саласындағы көрнекті тұлғаларға берілген. Нұрғиса Тілендиевтің  музей-үйінде композитордың жеке өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын музыкалық аспаптар, кітаптар, фотосуреттер, дирижерлік таяқшасы, концерттік киімдері, қолданылған тұрмыстық заттары сақталған. Міне, сол жәдігерлердің ішінде Нұрғисаның Ахмет Жұбановқа жазған «Ардақты көке!» деп басталатын қос хаты туралы да дерек бар. Себебі Нұрғиса майдан даласынан туған-туыстарына ғана емес, өзінің ұстазы, қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі Ахмет Жұбановқа да хаттар жазып тұрған. Нұрғиса Тілендиев: «Жұбанов мені бәріне үйретті: халық я классикалық музыка болсын сүю және түсінуді, шығармашылыққа еңбек етіп, одан рақат табуды, қандай болса да өмірді сүюді үйретті. Мен осындай дәрежеге жеткенім үшін оған қарыздармын» деген екен.

Бұл хаттың біреуі туралы деректі газетімізге бұрынырақта марқұм, жазушы Алпысбай Шымырбайұлы мақала жазған болатын. Ол мақалада бірінші хаттың көшірмесі ҚР МОМ жанындағы «Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу орталығы» (мемориалды музей) қорынан алынғанын айтады.

1944 жылдың 13 қазанында жазған хатында Нұрғиса Тілендиев былай дейді:

«Фронттан ініңіз Нұрғисадан Сәлем! Көке!

Аман-есен денсаулықтың арқасында қызметіңізді істеп жүрген боларсыз. Сіздің денсаулығыңыздың жақсы болып, сіздің тәрбиелеп, оқытқан ұлдарыңыздың, қыздарыңыздың алтын саусақтарымен тартқан Домбырасының, Қобызының үндерінің, Бұлбұлдай сайрап мәртебелі болып өсуіне мен де тілектес. Мен газеттен оқыған едім – Қуан ағай, Захара, Сабырлар Прибалтик фронтында өздерінің концертін көрсетіп қайтты деп еді, үлкен успехпен келген болар. Біз деген кісінің қалын білмек болсаңыз өте жақсы. Жалғыз-ақ мамамнан хат алмай жүрмін. Сізден ең болмаса жауап та алмадым»

Сарғайған хаттың ішкі үшбұрыш бетіне: «Осы хатты алысымен хат жазуыңызды сұраймын. Менен Шаргарадскийге көп-көп сәлем! Қош болыңыз! Тлендиев» деп жазылған. Бұдан кейін үшбұрыш бүктеліп, оның оң жақтағы қиығына майдан поштасының қос мөрі басылған. Сол жақтағы екінші қиығында: «Каз. ССР. Г. Алма-Ата. ул. Пушкинская, № 45. Казгосфилармония. Ахмета Жубанову. Полевая почта 49941 «ж» Тлендиеву Нургиса» деген жазу бар.

Бұрын-соңды оқырманның көзіне түсе қоймаған екінші хатты Нұрғиса өз ұстазына 1944 жылдың 4 желтоқсанында «Полевая ­почта 49941 «ж» мекенжайынан жазған.

«Ардақты көке!

Фронттан Тілендиев Нұрғисадан

Қымбатты Гвардиялық жалынды сәлем!

Сәлем соңында сіздің денсаулы­ғыңыздың, істеген қызметтеріңіздің аман болуына тілектестігімді білдіремін» деп басталатын хатында майдангер Нұрғиса Берлиннен бір-ақ қайтатынын жазады.

Нұрғисаның майданнан жазған қос хатынан бөлек, музей-үйде қазақтың қабырғалы қаламгері Сәбит Мұқановтың Нұрғисаға жазған хаты да сақтаулы тұр. Н.Тілендиевтің мемориалдық музейінің жетекшісі ­Ернат Ысқақтың айтуынша, Нұрғисатануға қатысты жұмыстар музейдің ғылыми қызметкерлері тарапынан да жүргізіле бермек. Яғни болашақта тағы да бірқатар жәдігерлер туралы деректер оқырманға жетіп қалар.

2053 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы