• Мәдениет
  • 24 Маусым, 2021

Текестің көкке өрлеген тік қиясы...

 «Жетісу медиа» орталығының кезекті сапарымен Кеген-Райымбек аудандарында болып, өңірдің сұлулығына тамсанып қайттық. Елдің есінен кетпес әсерлі сәт – Көлсайдан бастау алып, Қайыңды мен Шоған сай, Ақкөл мен «Сафари Тау Шелек» демалыс аймағы, «Күркілдеуік» сарқырамасымен жалғасты. 

Көлсай – адамға қуаныш сыйлайтын, сұлулыққа құштарлығын арттыратын, жанға жайлы, емге дауа мекен. «Көлсай көлдері» мемлекеттік  ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Сағыныш Әзімов 2019 жылы 87 мың, былтыр елдегі пандемияға қарамастан 83 мыңнан аса турист келгенін тілге тиек етті. Біз барған күні адам қарасы өте көп болды.

Көркімен көз тартар Қайыңды көлі – қарағайлы мен жапырақты ормандармен жабылған Күнгей Алатауында орналасқан. Осы уақытқа дейін Қайыңдыға бір келмегенімізге өкініп қалдық. Талай шетеліңді он орап алатын ғажайыптың ғажайыбын атын естіп, білгенімізбен, арнайы ат басын бұрмағанымыз ашығын айтқанда ұят-ты. Мұны өзгелерге де сабақ болсын деген ниетпен айтып отырмыз. Қайыңды – сұранысқа ие көл. Сол маңдағы Саты, Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне септігін тигізіп отырғаны қуантты. Үйді кеңейтіп, қонақүй ашып алғандар қатары көп. Алдын ала хабарласып бармасаңыз, орын табыла қоймайды. Саты ауылындағы «Гүлбақыт» қонақүйінің иесі Гүлзия Сәрсенбаеваның жаңа сауылған сүттен тартылған кілегейі мен таба нанының дәмі таңдайымызда қалып қойды. Бала кездегі «Уазикті» осында көрдік. Сатыдан Қайыңдыға жеткізетін көліктің адам басына барып-қайтысына алатын бағасы екі мың теңге. Әрі қарай көлге дейін атпен барып-қайту бес мың теңге. Айналаңа көз тігіп, жаяу барсаңыз әрі демалыс, әрі денсаулыққа пайдалы. Атқосшылардың айтуынша, мұнда сексенге жуық ат бар. Әр ат күніне кем дегенде 20 мың теңге табыс табады. Ал бір үйден екі ат қосылса күніне 50 мың теңгеден кіріс кіреді деген сөз.

Іле Алатауы бөктерінде, Текес пен Құтырған өзендерінің түйіскен жерінде орналасқан «Сафари Тау Шелек» демалыс орны келушілерге құшағын ашып, бірден өзіне баурап алады. Басты мақсаты – экотуризмді дамыту, яғни табиғаттың шынайылығын сақтап, табиғатпен үйлесімді демалыс ұйымдастыру. Бұл аймақта «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін өсімдіктер болғандықтан автокөлік қозғалысына шектеу қойылған. Айналаны қоқыстан тазалау, өрттің алдын алу шаралары ұйымдастырылған. Маусымдық жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Жұмыс орны туристер легіне қарай қосылып отырады.

Табиғаты таңғажайып мекенде ағаштан тұрғызылған екі қабатты үй, 12 қанатты және 8 қанатты киіз үй тігілген.  Ауласындағы таза бұлақ суы, сарқырап аққан тау суы, дала толған жұпар аңқыған түрлі гүлдер жақсы әсер етіп, жаныңды жайландырады. Атпен серуен, балық аулау, аңшылық қай адамның болсын демалысын әсерлей түсері сөзсіз. Әріптесіміздің бірі «қалада түске дейін тамақ батпайтын еді, мұнда келгелі таңнан бері тамақты тоя жеп жүрмін» деп таңғалса, екіншісі «кеше сәл суықтап қалған едім, қазір бойымдағы ­ауруымнан құлан-таза айықтым, айналаның жұпар иісі керемет» деп кең тыныстайды. Ұйқыдан ояна сала, терезеңнің түбінен тау суының сарқыраған дауысын естігенде өмірдің ғажаптығына сүйсінесің. Арман аға бастап қызмет етіп жүрген азаматтардың іс-қимылдары көңілімізді риза етті.

Бір реті келгенде «Сафари Тау ­Шелек» демалыс орнының директоры Азат Саматұлын сөзге тарттық. «Бұл – менің балалық шағым өткен мекен. Туған жер кімге болсын ыстық. Сондықтан туған жерімді көркейтіп, этноауыл ашып, демалушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлағым келді. Аптасына орта есеппен 25-30 көлік, яғни 200-ге жуық адам келеді. Алдағы уақытта қазақ үйдің санын арттырып, демалыс аймағында жаса­ла­тын жұмыстарды жоспар бойынша кеңейте береміз. Қодас өсіруді қолға алмақ­пыз. Қырғызстаннан 50 қодас әкеліп, біртін­деп санын екі-үш мыңға жеткізсек деген ой бар. Әзірге олардың күтімі, өсіру тәсілі, жерсіндіруіне қатысты дайындық жұ­мыс­тары жүріп жатыр» деді ол. Демек, бұйыр­са көбімізге таңсық жануарды Іле Ала­тауының бөктерінен де көретін боламыз. 

«Шоған сай» демалыс аймағына бар­ғанда сол маңда Дінмұхамед Қонаев­тың саяжайы болғанын естідік. «Ақкөлде» өңірдің жігіттері ән салып, өлең оқып, сөзге шешендігімен, өнерге жақындығымен көзге түсті.

Жалпы Райымбек ауданында қайта құрылған үш жылдан бері оң өзгеріс көп. Аудан әкімдігі кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Абылай Бақытжанның айтуынша, бүгінгі таңда бұл маңда «Сафари Тау Шелек», «Қарасай» жайлауы, «Үшқақбақ», «Шоған сай», «Ақкөл» атты бес демалыс орны жұмыс істейді. Ішкі туризмді дамыту мақсатында атқарылар шаруа шаш етектен екенін, оның бәрі жоспарлы түрде қолға алынып, жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.  

«Текестің көкке өрлеген тік қиясы,

Сымынып сол маңайдың төресіндей» (І.Жансүгіров) демекші, жаздың демалыс күнін Текеске арнап, «Күркілдеуік» сарқырамасын көзбен көріп, жасыл желекке малынған аймақты артқа тастап, жылы шуақты көңіл күймен кері қайттық.

Бағдагүл Балаубаева         
«Ana tili»

1898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы