• Тұлға
  • 24 Маусым, 2021

«Сіз қыран, құзар шыңға қонақтаған»

1975 жылдың егер жадым қателеспесе мизан (қазан) айы болатын. Қажығали екеуміз Ойылда (Көкжар) күтпеген жерден кездесе қалдық. Ол «Жұлдыз» журналының мен «Мәдениет және тұрмыс» журналының іссапарымен, ашығын айтқанда, басылымға жазылуды өзімізше насихаттау. Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі шағын кездесу ұйымдастырды, мектепте оқушылармен әңгімелестік. Қажекең тереңнен толғап сөйледі, тіпті 1863 жылы іргетасы қаланған Көкжар базары, оның тарихы, осы топырақтан шыққан ірі-ірі қоғам қайраткерлері, ақын- жазушылардың аты-жөнін, қызметін ағытты дерсің. Бұйра шашты, мұнтаздай киінген, сүліктей келбетті жігітке қыз-келіншектер құмарта қарады. Дөңгелек жүзді, орта бойлы, ақсұр өңді келіншек қолын көтеріп: 
– «Журналға қазір жазыламыз, және осы аудан көлемінде «Жұлдыз» ең кем дегенде, бес жүз данамен тарайтын болады. Мен өзім екі данасына жазыламын. Біреуін – малдағы әке-шешеме, біреуі – жеке өзіме» деді де: – Сіз жазушысыз ғой, сіздің «Жігіттің көз жасы» әңгімеңіз мені қатты толғандырған, қазір мен сол әңгімеден үзіңді оқып берейін, – деп орнынан тік тұрып, шығарманың едәуір бөлігін жатқа соқты... Сөз кезегі келгенде мен де жұрт алдына шығып, журнал жөнінде міңгірлеген болдым. Бірақ көптің көңілі Кажығалиға мүлдем ауып кеткенін іштей сездім де, аз-мұз «ішің күйсе, тұз жала» дегендей күйге түстім. Сол кездесуде, сол бойда, оқырман «Жұлдыздың» елу данасына қолма-қол жазылғанының куәсі болғанымды қайтерсің.

Қажекең 1932 жылы қапияда көз жұмған атақты әнші, сазгер Қызыл Тұрдалы баласы туралы кеңінен сөз етіп, бір өлеңінің сөзін жатқа айтып, кездесудің шырайын шығарды, сонан соң кездесуге қатысушылардың өтінішімен Қызылдың «Самғау» әнін келістіре шырқады:

Қыранмын, көкке шырқап самғайтұғын,

Топшым бар, қанша қақсам талмайтұғын.

Ала бұлт, қара бұлтпен қабаттасып,

Ән салам, күндіз-түні алмай тыным.

Ах-ау, ай,  алмай тыным.

Шақпақты тас секілді от шығарам,

Көмейден әнмен бірге шоқ шығарам.

Қай жерде сұлу бикеш, сән-салтанат,

Сол жерден табылармын, айтшы маған.

Ах-ау, ай, айтшы маған! – деп төгілдірді дейсің! Шанағы жарылған ескі домбыра Қажекеңнің қолына түскесін жасара, жайнап, сұңқылдай жөнелді. Әріптес досымның, әрі бір жылда дүниеге келген құрдасымның мына өнеріне таңдана-таңғалып басымды шайғай беріппін.

Содан бас салып, үйлеріне шақырғандар саны – біраз болып еді, Қажекең жаңағы ақсұр өңді келіншектің шақыруын құп алды. Жергілікті бір ақын бозбала (сірә, аудандық газеттің қызметкері болса керек) сол бойда жазушы ағасына арнап өлең де шығарып, оқып берді. Ол өлеңді мен қағазға түсіріп алғанмын:

Ей, ағажан,

Таланттың таланты – сіз екенсіз,

Жаңаның жаршысы, ескінің көзі екенсіз.

Тарихтың койнауына сүңгіп кеткен,

Тарихтың қатпары – өзі екенсіз!

Ей, ағажан,

Сапырып, сары қымыз ішкендеймін,

Сізбенен дарияға түскендеймін.

Сіз қыран құзар шыңға қонақтаған,

Мен жапалақ ұшатын түстен кейін.

Ей, ағажан,

Қаламыңыз сәйгүлік – топқа қосқан,

Талантсыз, ұшқындай оттан ұшқан.

Сіз жазсаңыз, теңдессіз бір шығарма,

Мен жарылып кетейін, қуаныштан...

Кездесу соңында Қажекең оқырман қауымға қомақты жақсы сөздерін айтып, игі тілектер тілеп, әнші, ақын Қызылдың «Ой,көк» әнін орындап берді. Жиналғандар ризашылықпен тарқасты. Содан ертеңіне ол жеңіл машинамен Жетікөл – Жекендіні басып өтіп, Қаратөбеге аттанды да, мен «Саралжын» совхозына соғып, Қобда арқылы Ақтөбе қаласына бет түзедім.

Қажекең жан-жақты білімді, ұшқыр ойлы, екі сөйлемейтін «Бір пішіп, бір кесетін» азамат екенін жалғыз мен ғана емес, онымен қарым-қатынаста болғандардың бәрі біледі, және құрметтеп, сыйлайды. Ол даурықпа сөзге мүлдем жоқ, аталы сөзді құптаушы еді. Біреудің сыртынан ғайбат сөз айтып, «біреу-міреуге» ермейтін. Тіке сөйлеп, тіке жүруді бойына да, ойына да сіңірген, аса сергек, өзіне-өзі сенімді, қырандай қырағы, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жарқылдаған алдаспан сияқты еді. Ол «ішкі есебім түгел» деп мүлгіп жүретіндерді ұнатпайтын. Сонымен бірге үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөйлесетін жаратылысы бөлек тұлға еді. Оның сөйлеген сөзінде де, айтқан әңгімесінде де, жазған шығармасында да «Басы бүтін, аяғы түтін» дейтін опақ-сопақ болмайтын. Бәрі – тап-тұйнақтай, бәрі – тап-таза, бәрі – сыңғырлаған хрусталдай еді. Оның киген-киімі де , жүріс-тұрысы да, сөйлеген сөзі де, тіпті замандастары ғана емес, кейінгі жастарға да үлгі боларлықтай еді.

Мен Қажекеңмен іштей де, сырттай да, араласып, құдай қосқан қосағы, пәк те, адал жары – Сұлуханның дастарқанынан талай мәрте дәм таттым. Екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып қанаттандырған – Ана бұл күнде немере, жиендерінің қызығы мен шыжығына бөленуде. Ол артық сөзі жоқ, салауатты бәйбіше деуге толық негізі бар – әйел заты. Сонда менің ойыма Қашаған Күрімжан баласының бір шумақ өлеңі әп-сәтте оралатын:

... Алла қосқан қосағың ойлы болса,

Ақ дастарқан жайылған тойлы болса.

Қажет кезде қолына қару ұстап,

Ұран отын жағудан тайынбаса...

Қажекем адам ретінде де, жазушы ретінде де, бөлек тұрпатты, бөлек пішінді, сараптал да, салиқалы, шешен де, көсем азамат еді. Оның жазушылық қарымы да мүлдем бөлек болатын. Оның жаңаша да, ескіше де ойлау қабілеті бір сарынды жалғыз аяқ сүрлеу жол емес, сан тараулы, сан сипаттағы, сан белестерді қиып өтетін күре жол еді. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген мұратты сөзге аса мән беретін. Одан соң кімнің сөзі екенін сұрамаппын, мына бір шумақты жиі-жиі әңгіме арасында айтушы еді:

... Тәуекелмен күн кештім,

Тәуекелмен үндестім.

Тәуекел деп жол жүріп,

Тәуекелмен тілдестім...

Бір күні Қажығалиға кіріп-шығайын деп есік алдына бара бергенімде Сұлуханды қарсы жолықтырып, тұра қалып, аман-есендік алысқаннан кейін Қажекеңді сұрап едім:

– «Мен қазір келемін, үйге кіре бер, ол өз бөл­ме­сінде» деді де жөнеп берді. Бөлмесіне кірсем, түтігіп кеткен Қажекең орнынан әзер тұрып менің ұсынған қолымды қысты да:

– Ой, Мәке, іздегенге сұраған деген, жақсы келдің, мен кеше кештен бері Сырыммен керілдесіп, келісе алмай отырмын. Түнімен көз шырымымды алмадым, – деді ол қиналып.

– Неге, ол шешен, ол батыр, ол би, кімнен болса да беті қайтып көрмеген тұлға, ол оңайлықпен көне салмас, – деп едім, Қажекең күліп жіберді де: – Солайы солай-ау, бірақ, мені әуре-сарсаңға салатын түрі бар, айтқанымды құлағына да ілмейді.

– Сонда не дейді ол, – дедім мен, жазылып жыртылған, жазылып жыртыла берген ақ қағаздарға көз қиығымды салып.

– Мен Сырымға: «Нұралы ханды тас-талқан етіп, шапқаныңды, романға бір тарау етіп кіргізейін» десем, ол:

- Кіргізбе, ол тарихтан белгілі, ол шынайы шындық және әбден айтыла-айтыла, жазыла-жазыла таптаурын болған шындық. Оны несіне қайталайсын, онымен абырой ала алмайсың, босқа уақытыңды өлтіріп, – дейді, – Ал роман кітап боп шыға қалса, кейбіреулер:

– Ойбай-ау, нағыз қажет оқиғаны жазбай, сырғып кеткені несі, бұл Қажығалидың. Әй, бәсе, әлі келмеген ғой. Керегінің өзі осы тұс еді ғой, ханды шауып, айды аспанға бір-ақ шығарғаны. Енді бұл шығармада қызығатын ештеңе қалмады, – деп өзеуремесе. Ал сен қалай ойлайсың?

– Меніңше, Сырымдікі дұрыс, ол анау-мынау емес, Алла тағала жарата салған, батырлығы мен даналығы, арманы мен қиялы астасқан, өміршеңдігі мен сүйіспеншілігі тоғысқан тұлға ғой. Оның сөзімен санасқанын дұрыс сияқты, – дедім мен де данышпансып.

– Ойланайын, жүр, жақсылап шай ішейік, – деді ол мені арқамнан қағып.

Мұхаммед пайғамбардың хадисінде:

– «Алла тағала өз пендесіне үш қару сыйлаған. Сөз қаруы, жүрек қаруы, білек қаруы, осы үш қаруды санасынан шеттетпей, өзінің мақсат-мұратына жұмсай алмаған пенденің жарық дүниедегі мүмкіндігі аз» делінген. Ойлап қарасам, Қажығали Мұханбетқали баласы – Пайғамбар айтқан осы үш қаруды өзінің саналы өміріндегі мақсат-мүддесіне, бүгінгі мен ертеңгі қат-қабат тіршілік дүниесіндегі арман-тілегіне, адал да аппақ пенде ретіндегі өз бойындағы талантты мен қабілетінің өз болмысына сай қызмет етуіне – орын-орынымен жұмсағанына әркім де куә бола алады.

Сөз қаруы: басқа шығармаларын былай қойғанда, Қазақ ұлты бар жерде ғасырдан-ғасырға аттап, өзінің бет-бейнесін әсте төмендетпейтін – рухы биік, абыройы жоғары – «Тар кезең» романы – автордың аты-жөнін ешқашан да көмес­кі­лемейді. Уақыт өткен сайын – жарық жұлдыздай ай­қындалып, жоғарылай беретіне мен кепілдік  бере аламын.

Жүрек қаруы: «Ақыл-ойды, болмыс-сананы жүрек билейді» дейді әл-Фараби. – Сондықтан жазушыға әр үлкен істі қолға аларда жүрек қаруына жүгінері сөзсіз. Ал Қажекең жігіттің сұлтаны бола тұра – оны жүрексіз деуге ешкімнің батылы бара қоймас. Атқа тақым салып, ұрандайтын шақ туса, «Тұлпар мініп, ту алған» азаматтың алдыңғы лебінде болары хақ еді...

Білек қаруы: Қолма-қол айқаста жүректі­лікпен қатар – білек қаруы – көп нәрсені шешетінін әркім ақ біледі. Құнан қойдың тоқпан жілігін бір ұрып сын­дыратын Қажекеңді екі-үш рет елдегі тойда көріп, ризашылығымды білдірген едім. Көкпар тартып, аударыспаққа түскен жігітті жер етпейтін білек қаруы. Ал Қажығалидың тәуекеліндей тәуекел өте сирек. Қапсағай, қайынқаптал, шалт қимылды ол талай рет топқа түскенін естігенмін де, көргенмін де. Ақын Сырбай Мәуленовтің мынадай өлең жолдары бар:

... Жігітті жер етпейтін – білек қару,

Шалт қимыл, еңкейгенде тіреп қалу.

«Аруақ» деп көтеріп-ап қарсыласын, –

Келтірмей беттесуге – лақтыру!

Білекті жалаңаштап, іске қосса,

Шығарып, қызыл тілді тіске басса.

Сыналар білек қару туды сәті, –

Шарт та, шұрт осындай бір бақталаста.

«Жігітке жеті өнер де аз» дейтін нақылды сараптасақ, қайран, Қажекем, кезінде өнердің оннан аса түрімен айналысқанын байқадық. Олар: дойбы, шахмат, теннис, футбол, шаңғы, волейбол, коньки, мылтықату, аударыспақ...

Бірде Байғанин ауданының «Алтай» совхозында іссапармен жүріп тойдың үстінен шықтым. Жігіттер кеу-кеулеген соң ортадағы тым шеңберлі ақ боз киіз үйге кірсем, төрде Қажекең отыр, үстінде көк мауыты шапан, қолында домбыра, басында үкілі бөрік. Екі жағында да сығылыса бір тізерлеген қыз-келіншек, жас жігіттер.

– Уай, іздегенге сұраған, қош келдің, – деп Қажекең маған ілтипатты сөзін айтты да, сол ­бойда алты қанат киіз үйдегілерге мені таныстырып жіберді. Жаңа түскен келін орнынан тұрып, сәлем салды. Мен де қарап қалмай, келіннің көрімдігін дастарқан үстіне тастадым да:

...Ей, ақ келін, ақ келін,

Сауысқандай сақ келін.

Босағаға бақ келін,

Егіз ұлды тап келін.

 

Ей, ақ келін, ақ келін,

Сауысқандай сақ келін.

Ата-енеңнін көңілін,

Өмір бойы тап келін, – деп тақпақтап жібердім. Бұл тақпағымды қошеметтеушілер саны біраз болған сыңайлы. Айтайын дегенім, осы тойда ғой, Қажекеңнің құнан қойдың тоқпан жілігін жалаңаш (орамал орамай) қолымен бір ұрып сындырып, он сом жүлде алатыны...

Уақыт зырлап өтіп барады. Қажекем, ­Михаил Шолоховтың айтқанындай: «Тоқсан бес пайызы өте жақсы, қалған бес пайызы жақсы болғанда ғана біз – жазушылар ғасырымызбен бір дәрежеде тұратын шығармалар туғыза алдық деп айта аламыз» деген сөзіне артығымен жауап берді де, өзі үн-түнсіз жарық дүниенің есігін қатты жауып, кете барды. Кеудеміз өксікке толып, оның қадір-қасиетін, оның талант-толайымын, оның азаматтық биігін білетіндер – тағдырға өкпелі адамдай бүк түсіп қала бердік. Дастарқанда кездескенде: «Оу, бидің шөпшегі, енді Жекен Жұмахановтың әңгімесін бастап жіберші» дейтін Қажекең құрдасым жоқ, тек үні құлағымда...

...Бәйгеден дара келген тарлан едің,

Қырандай қанатыңды жайған едің.

Есікті қатты жауып, кете бардың,

Шашаққа шаң жұқтырмас қайран ерім!

 

Өмірің өзекті еді, дарқан еді,

Атағын жайлап еді, байтақ елді.

Өзіңнен «бүгін» сөзін алып тастап,

Кешегі Қажекем деп айтам енді...

Марат МӘЖИТОВ,

жазушы

1444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы