• Білім және ғылым
  • 24 Маусым, 2021

ШЕТТІЛДІК БІЛІМ БЕРУДІҢ ШЕБЕРІ

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Қазақ ғылымының дамуына қомақты үлес қосып, тіл білімі (оның ішінде шетел филологиясы) саласының өркендеуіне ерекше еңбек етіп келе жатқан, ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Салима Сағиқызы Құнанбаеваның тағлымдық тұлғасы өзгелерге үлгі-өнеге ретінде көрсетуге әбден лайық.

Академик С.Құнанбаеваның есімі естіле қалғанда, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қатар айтылатындығының өзіндік себебі де жоқ емес. Елу жылдан астам уақыт табан аудармастан өзі түлеп ұшқан жоғары оқу орнында мінсіз қызмет атқарып, оның ішінде ширек ғасырға жуық ректор лауазымын абырой биігінен көрініп басқарып келе жатқан отандық жоғары білім мен ғылымның өз өкілі ретінде таныған тұлғаны осылай қабылдаудың өзі де жарасымды көрінеді.

Қатардағы аспиранттан ҰҒА академигіне дейін, қатардағы оқытушыдан айтулы уни­верситеттің ректоры дәрежесіне көтерілуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін, осындай жетістікке қаншама қажырлы еңбектің, шығармашылық күштің, кемел келешекке деген сенімділіктің, кәсібилік пен діттегеніне жетпей қоймайтын қайсар қасиетінің нәтижесінде ғана қол жеткізгенін жұртшылық жақсы біледі. Ғалымдық пен әкімдікті ұтымды ұштастыра білген Салима Сағиқызы бүгінгі таңда көрнекті ғалым атануымен қатар, елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы бірегей жоғары оқу орнының басшысы ретінде, қазақстандық ғылымды әлемдік кеңістікке кіріктіруде және жоғары білім сапасын Болон үдерісінде қажетті деңгейге қамтамасыз етудегі қарымды еңбегі көңіл қуантады.

 «Айтылымдардың лексика-грамматикалық жағынан бедерленуін оқыту әдістемесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясынан бастау алған ғылымдағы алғашқы қадамнан бастап, бүгінгі күні шет тілдік білім берудің теориялық-практикалық мәнін ашып, елімізге белгілі тілші-әдіскер ғалым атануы – ғылымға деген құштарлықтың жарқын белгісі болса керек.

 «Қазақ көркем мәтініндегі қарқындылық қатынас» атты докторлық диссертациялық еңбегі талай жылғы қазақтың көркем прозасындағы қарқындылық қатынастарының таптастырылуы сипатталған ілгері жұмыстың нәтижесі болды. Қарқындылық жағдаяттар, олардың типтері мен типологиясы анықталып, мәтін мағынасындағы қарқындылықтың қалыптасуы тілдік материалдармен дәйектеліп, терең талдау жасалғаны ғылыми ортадан жоғары бағасын алғаны белгілі.

Тіл білімінің теориялық мәселелерін қарас­тырумен қатар, шет тілдерін оқытудың жаңа формасы мен прогрессивті технологиясын қарастырып, қазақ-ағылшын тілдерінің салыстырмалы грамматикасының көкейкесті мәселелеріне арналған 100-ден астам ғылыми еңбектердің, 30-ға жуық оқулықтар мен моно­графиялық еңбектердің авторы академик С.Құнанбаеваның шет тілдік білім берудегі озық ойлары өз алдына бір әңгіме.

Ғалымның ғылыми ойдың кеніші іспеттес, іргелі зерттеудегі ғылыми жаңашылдық пен зерделеудегі оймақтай оқшау ойлары, тынымсыз ізденістері, түкпілікті шешім қабылдауда, тиянақтылыққа дағдыланған академиктің шеттілдік білімді дамытудағы орнын ерекше айтуға тиіспіз.

Шетелдік білім беру тілдік және әдістемелік сипатта қарастырылатын мәселелердің бірі. Оны бөле-жара қарауға болмайды. Академик С.Құнанбаева ғалым ретінде филология саласының көкейкесті мәселелерімен шұғылданудан бастау алған білімін, шет тілдерін үйрету әдіснама ілімімен заңды жалғастыра, жемісті еңбек етіп келеді. Әдіснама ілімі ғалымды шетел тілдерін оқытуда бірге қарастырылатын психолингвистика, әлеуметтік-лингвистика мен педагогика сияқты ғылым салаларын бірлікте зерттеуге талпындырды. Пәнаралық мазмұндағы ғылыми мәселелер жиынтығы шетелдік білім беру методологиясының негіздерін терең зерттеуге үлкен жол ашты. Когнитивті-лингводидактикалық зерделеулер деңгейлеп оқыту әдістемесінің негізін қалады деп сенімді түрде айтуға болады. Қазіргі шеттілдік білім берудің теориясы мен практикасына арналған монографиялық еңбекте шет тілін оқыту әдістемесінің әлеуметтік тарихи тұрғыдан дамуы негізделіп, қазіргі шеттілдік білім беруді жаңғыртуды негіздейтін әлеуметтік білім беру факторларына терең талдау жасалынып, шет тілдік білім берудің қазіргі әдіснамасы мен ­теориясы әдіснамалық категориялардың жаңаша талқылануында зерделенген. Қазірге шеттілдік білім беру парадигмасының компоненттік әдіснамалық бірлігінің концептуалдық негізі жасалып, мәдениетаралық қатысым теориясындағы қарым-қатынасты үлгілеудің теориялық-практикалық негіздері ұсынылған.

Ұйымдастыру тәжірибесі, биік кәсібилік пен таңдаған іске адалдық академиялық және әкімшілік қызметте зор табысқа жетеледі. ­Салима Сағиқызы өзінің алдында ректор болған тұлғалардың жоғары білім сапасын қамтамасыз етудегі тұжырымдарын ескере отырып, одан әрі дамыта түсті. Тілші-ғалымдардың шет тілдері университетіне ректор болып тағайындалуы – мемлекеттік тіл мен шет тілдерін оқып-үйретуді жақсы жолға қоюға мүмкіндік тудырғанын айта кеткеніміз абзал.

 1998 жалдан бастап Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің тізгінін ұстаған Салима Сағиқызы университеттің атағын алыс-жақын мемлекеттерге мәлім еткенін көпшілік жақсы біледі. Оның айқын дәлеліндей әлемдік алпауыт мемлекеттердің 100-ден аса университеттерімен келісімшарт жасасып, профессорлық-оқыту­шылық құрам және студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға жол ашып отырғанын айтуға болады.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің тілдер және мәдениет бойынша Базалық ұйымының белсенді мүшесі ретінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдер университеті өзгелерге үлгі болар көптілдік білімді дамытудағы еселі еңбектері әлемдік деңгейде бағалана бастады. Сондай-ақ академик С.Құнанбаева Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдерде лингвистика, аударма ісі мен мәдениетаралық коммуникацияның мықты маманы ретінде танылғаны тағы шындық.

Ғалымның әлемдік танымалдылығы сөз болғанда, осы бір оқиға есіме түсе кетеді. Мәскеу қаласында әлемдік халықаралық қатынастар мен көптілділікке мамандану бойынша көкейкесті мәселелерге арналған халықаралық форум өткізілген болатын. ­«Аттарынан емес, атақтарынан ат үркетін» әлемдік дипломатия мен шет тілдерін меңгертудің мықты ­мамандары, атап айтқанда, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінің ректоры А.В.Торкунов, Мәскеу мемлекеттік лингвистика университетінің ректоры И.И.Халеева, Ресей халықтар достығы университетінің ректоры (сол кездегі Ресей Федерациясының Білім министрі) В.М.Филиппов сияқты танымал тұлғалар қатысқан халықаралық ғылыми жиында қазақстандық делегацияны бастап барған С.Құнанбаеваның ұтымды ұсыныстары мен халықаралық мамандықтар бойынша кәсіби маман даярлаудағы ұстанатын ұстанымдары туралы құнды пікірлеріне әлемдік ғылыми жиынға жиналғандардың қол соққанына куә болған едік. Әлемнің әрбір түкпірінен келген қонақтармен қазақтың ғалым-қайраткер қызының ағылшын тілінде емін-еркін көсілгенін көріп, мақтаныш сезіміне бөленген едік. Реті келгенде айта кетейік, осындай оқиға 1998 жылы Түркияда өткен халықаралық конференцияда орын алған еді. Халықаралық жиынның мінберінен сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сол кездегі директоры Көбей Құсайынұлы – ағылшын тілінде, ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаева – француз тілінде және осы жолдардың авторы – неміс тілінде баяндамалар жасап, конференция қатысушылардың сұрағына сол елдің тілінде тіл қатқаны, қазақ деген халыққа құрметтің, қошеметтің көрсетілгені әлі есімізден шығар емес. Бұл айтылғандар көп тіл білген көптік етпейтіндігін білдірсе керек. Осындайда ана тілі мен шет тілдерін тел емген тілші-ғалымдардың әлемнің алпауыт мемлекеттерде өткізілген ғылыми іс-шараларда әлем тілдерінде сөз саптауы, шынында да, қуаныш сезімін ұялататыны анық.

ХХІ ғасыр – білім ғасыры деп танылса, білімді ұрпақ халықаралық деңгейде терезесі тең болып, байланыс жасау үшін шет тілдерін меңгеру керектігін сезінуі қажет. Көп тілдік сән емес, қажеттілік екенін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан да көптілді білім беретін елдердің тәжірибесін зерттеу, олар бойынша кадрлар дайындау мәселесінде жетекші ұйым саналатын, академик С.Құнанбаева басқаратын халықаралық қатынастар мен шет тілдерін меңгерген мамандар даярлайтын университетке артылар жүктің салмағы жеңіл емес. Шәкірттеріне шет тілін үйретіп қана қоймай, оқытылып жатқан ел мәдениетін қоса меңгеруге бағытталған мамандар қатарының артуына қалтқысыз қызмет атқарып отырғаны тағы да бар.

Мықты мамандар даярлау ғылыми-педагог кадрлар дайындау сапасына байланысты екенін бесенеден белгілі. Осыны қаперіне алған ғалым университет жанынан салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестердің ашылуы­на атсалысқанын айтқанымыз абзал. Туыстас емес (герман-роман) тілдердің типологиялық ерекшеліктерін зерделеген зерттеулердің қарасы көбейді. Диссертациялық кеңестің жемісті еңбегі ретінде қазақ және ағылшын, қазақ және неміс, қазақ және француз, қазақ және түркі тілдері, қазақ және араб тіл білімінің сан түрлі салаларымен салыстырыла-салғастыра зерттеген еңбектердің көптеп қорғалуына мүмкіндік туғызғаны да рас. Олардың барлығын санамаламай-ақ, халықаралық қатынастардың қалыптасып дамуына ықпал етер терминдердің, әсіресе дипломатиялық терминдерді салыстыра зерттеген ғылыми еңбектер жарияланғаны бүгінгі күні жаңалық болудан қалып бара жатыр. Яғни тәуелсіздік алған сол кездерде, Қазақстанның өзге елдермен жасайтын келісімшарттары мемлекеттік тілде жазылуына байланысты, халықаралық қатынастарда мемлекеттік тіл өз қызметін атқаруда қазақ дипломатиялық терминдерді салыстыра зерттеулер нәтижелері көп көмек болғанын көпшілік біледі.

Шеттілдік білім беруді дамыту мен шет тілдерін оқып-үйретудің тұжырымдамаларын жасап, ­«Шетел тілдері» бағыты бойынша еліміздің жоғары оқу орындарын қамтитын білім стандарттары мен білім бағдарламаларын үйлестіруде ­Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен оның басшысы академик С.Құнанбаева артылар жауапкершілікті абырой биігінде атқара берері сөзсіз.

Үштілділікті дамыту қарқынын үдету мәселесі күн тәртібінен түспесі анық. Үш тілді меңгеру – замана талабы, жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің төте жолы деп түсінгеніміз дұрыс. Әлемнің кез келген жерінде қазақстандықтардың қызмет ете алу мүмкіндігін ашатын, көптілділік саясатының ғылыми-теориялық негіздерін айқындауда, тілші-әдіскер мамандар даярлау ісінде ғалымның іргелі еңбектерінің үлесі мол болары күмән тудырмайды.

2786 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы