• Білім және ғылым
  • 24 Маусым, 2021

КАДР ДАЯРЛАУ ЕЛ МҮДДЕСІМЕН ҮНДЕСЕДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударады. Шынында да, әлеуметке бағдарланған мемлекет қашан да бәсекеге қабілетті. Осы орайда бұған әлеуметтік ғылымдардың қосар үлесі зор екенін де бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Ал бұл бағытты дамытуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шоқтығы биік. Әсіресе Әлеуметтік ғылымдар факультетіне үлкен жауапкершілік жүктелген. 
Факультет ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жоғары деңгейде дамыта отырып, олардың нәтижесін экономика мен қоғамда тиімді жүзеге асырып отыр. Жоғары білімі бар бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда да алдыңғы лекте келеді. 

Әлеуметтік ғылымдар факультетінде 6 кафедра жұмыс істейді. Олар білім беру бағдарламалары аясында бакалавриат, магистратура және ­докторантура мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. Факультетте мамандығы бойынша қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл ретте, Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану (Астрахань мемлекеттік университеті, Ресей), Педагогика және психология (Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті, Ресей) және Ресей Халықтар достығы университеті) мамандықтары бойынша екі елдің дипломын алуға мүмкіндік бар. 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін студенттер, магистранттар, докторанттар контингентінің ұлғаю үрдісі байқалады. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында факультетте 648 студент, 143 магистрант, 29 докторант; ал 2017-2018 оқу жылында 688 студент, 165 магистрант, 48 докторант; 2018-2019 оқу жылында 807 студент, 256 магистрант, 47 докторант; 2019-2020 оқу жылында 972 студент, 201 магистрант, 61 докторант оқыса, 2020-2021 оқу жылында факультетте 994 студент, 206 магистрант, 172 докторант білім алды.

Оқытушылар мен студенттердің ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойын­ша білім алушылар ШЫҰ шеңберінде Ыс­тан­бұл университетінде (Түркия), Ақмолла атын­дағы БМПУ-де (Ресей) Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, Әлеуметтік жұмыс, Әлеумет­тану маман­дықтары бойынша (2016-2020 жылдар аралығында 110 білім алушы оқыды) білімін жетілдірді.

Сондай-ақ студенттердің, магистранттардың, PhD докторанттардың академиялық ұтқырлығы және факультет мамандықтары студенттерінің халықаралық академиялық алмасу бағдарламалары бойынша шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасалды. Оқу орындарының қатарында Франция Орталық Азия зерттеулер институты, IFEAC (Бішкек), Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті (Ташкент), Хитит университеті (Түркия) және тағы басқалары бар.

Кәсіби практикадан өту үшін кафедраларда жалпы білім беретін және мемлекеттік мекемелермен тәжірибе базалары қалыптасқан. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы 18 мектеппен тығыз байланыс орнатылған. Мәдениет және спорт министрлігі,  Конфес­сияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығы, Психи­калық денсаулық медициналық орталығы, «Қасиет» психология орталығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҒЗИ, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ұланы, «Рухани Жаңғыру» Қазақ­стандық қоғамдық даму институты, Қазақ ұлттық өнер университеті, «Жастар» Қазақ хореография академиясының кітапханасы, Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық Альянсы, Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталығы секілді мекемелер білім алушыларды кәсіби тұрғыдан шыңдауға атсалысып келеді.

Факультет студенттері жастар саясатын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысады. Факультет пен университеттің қоғамдық өмірінен де қалыс қалған емес. Олардың басым бөлігі «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!» секілді түрлі әлеуметтік акциялар мен қоғамдық науқандардың ортасында жүреді. Дені «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері.

Есептік кезеңде республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған білім алушылар баршылық. Мәселен, «Дінтану» мамандығы бойынша командалық есепте 1-орынды, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 1-орынды, «Әлеуметтік ­педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы ­бойынша 3-орынды, «Әлеу­меттік жұмыс» мамандығы бойынша 2-орынды, «Әлеуметтану» мамандығы бойынша 3-орынды иеленді. 

«Адам-зат», «Пирамида», «Руханият», «Сана» еріктілер клубы, «Phoenix», экологиялық клуб, «Опера әуесқойлар клубы» секілді студенттік клубтардың қызметі жұмыс істейді. 2019 жылғы ­«Жастар жылы», 2020 жылғы «Волонтер жылы» аясын­дағы әлеуметтік акцияларға факультет студенттері белсене қатысқанын бөле-жара атап өткен дұрыс. Зерттеу университеті бағытына қарай қадам басқан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлеуметтік ғылымдар факультеті өзінің зияткерлік әлеуетін арттыру әрі жоғары рейтингті университеттермен өзара байланыс жасау арқылы еліміздің үздік ғылыми-білім беру кешендерінің бірін құруға бейілді. Жалпы факультет ашықтықты, жауапкершілікті, инновацияны, креативтілікті және орнықтылықты басты құндылық санайды.

Атап өтерлігі, әлеуметтік ғылымдар факультетін дамытудың стратегиялық бағыттары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 2021-2025 жылдарға арналған миссиясы мен пайымы негізінде әзірленді. Университеттің стратегиялық құжаттарының сабақтастығы негізінде жоғары мектептің басымдықтары мен әлемдік даму тенденцияларын ескере отырып, елдің білім және ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Факультеттің даму бағыттары сан алуан. Бірінші­ден, магистранттар мен докторанттарды даярлау бойынша шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми және халықаралық байланыстарды кеңейту. Екіншіден, мамандарды даярлау процесінде олардың кәсіби және функционалдық құзыреттіліктерінің спектрін кеңейтуге ықпал ететін ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларын қолдау әрі дамыту. Үшіншіден, кәсіптік даярлаудың мамандануы бойын­ша білім беру бағдарламаларын аккредиттеу, интернационалдандыру және ілгерілету. Төртіншіден, сертификаттаушы құжаттармен расталған жаңа білім беру бағдарламаларын ашу («Исламтану» бакалавриаты, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Дағдарыс психологиясы» магистратурасы). Бесіншіден, қызметкерлерді атқарып отырған лауазымына сәйкес KPI жүйесі арқылы ынталандыру және олардың қызметінің нәтижелілігін арттыру. Бұл қатарға білім беру қызметіне инновациялық тәсілді ескере отырып, профессор-оқытушылар құрамының  конкурстық іріктеу талаптарының жүйесін өзектендіруді, зерттеу жұмысына жүйелі түрде қатысуды, жетекші отандық және шетелдік басылымдарға жарияланымдар әзірлеуді жатқызуға болады.

Факультеттің стратегиялық басымдықтары да бүгінгі күннің талап-тілегімен үндесіп жатыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беруді жүйелі жаңғырту» тұжырымдамасы аясында болашақ педагогтерді кәсіптік-педагогикалық даярлау, педагогикалық білім беру сапасын арттыру, талапкерлердің педагогикалық мамандыққа деген тұрақты қызығушылығын дамыту, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, сараптамалық-талдау қызметі және кеңес беру секілді басымдықтардан тұрады.

Бұдан бөлек, профессорлық-оқытушылық ұжымды жаңартуға, жоғары білім беру саласындағы саясаттың заманауи талаптарына жауап беретін жаңа формациядағы мамандармен толықтыруға бағытталған белсенді кадр саясатын ұстануға, халықаралық және отандық еңбек нарықтарында факультет мамандықтары бойынша кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында көрнекті шетелдік ғалымдарды тартуға басымдық беріледі. Алдыңғы қатарлы ғылыми бағдарламалар мен білім беру технологияларының импорты мен экспортынан тұратын зерттеулер мен әзірлемелердің халықаралық академиялық кеңістігіне одан әрі кірігу де негізгі басымдықтың бірі.

Білім беру процесін инновациялық ғылыми-зерттеу әзірлемелерімен интеграциялау және факультет мамандықтары бойынша білім, инновациялар мен технологиялар трансфертін енгізу, оның ішінде студенттерді бакалавриаттың бірінші курсынан бастап ғылыми жобаларға тарту маңызды. Импакт-факторлы журналдарға жарияланымдарды және жетекші халықаралық конференцияларға баяндамаларды дайындау, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді бағалаудың маңызды критерийлері ретінде ғылыми нәтижелерді практикада пайдалану да факультеттің негізгі басымдығына жатады. Экономика дамуының стратегиялық басымдықтарын қолдауды қамтамасыз ететін мамандарды даярлау және тәрбиелеу, факультет мамандықтары бойынша жоғары білікті кадрларды даярлау да – негізгі басымдық.

Әлеуметтік ғылымдар факультетінің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының мазмұнын жинақтай отырып, болашақта стратегиялық бағыттарды іске асыру білім алушылардың озық білім мен тәжірибе алуын, қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени қайта құруларды дамыту үшін жоғары білікті кадрлар даярлауды қамтамасыз ететінін атап өту қажет.

Сондай-ақ  студенттердің академиялық ұтқыр­лығын дамыту, бірлескен магистрлік бағдарламалар (Double Degree) бойынша қосдипломды білім беруді жүзеге асыру, оқыту сапасын қамтамасыз ету, ака­демиялық жазу, зерттеу дизайны дағдыларын дамыту мақсатында белгілі бір міндетті пәндер бойынша 2-ші және 3-ші курстарда курстық жұмыстарды МОП-ға қосу, мемлекеттік тілде оқу құралдарын дайындау және басып шығару жөніндегі жұмысты жан­дандыру да факультеттің стратегиясымен сәйкес келеді.

Зерттеу ортасын қалыптастыру, білім беру процесін жетілдіру мақсатында педагогикалық ғылымның өзекті мәселелері бойынша ғылыми жобаларды әзірлеу, ғылыми мақалаларды ҚР БҒМ ҒК ұсынған журналдарға, нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік басылымдарға жариялау, профессор-оқытушылар құрамының «Болашақ», «Эразмус+», «Темпус» секілді білім беру бағдарламаларына қатысуына жолға қою, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды тарату маңызды.

Баубек СОМЖҮРЕК,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар

факультетінің деканы,

Қазақстан Республикасы

Білім беру ісінің  құрметті қызметкері

3085 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы