• Тұлға
  • 24 Маусым, 2021

ЖАҢАШЫЛ ҒАЛЫМ

Бүгінде Зұлқайыр Аймұхаметұлының есімі химия және физика саласы ғалымдарының арасында кең танымал. Ғалым 1996 жылы Брюссель қаласында орналасқан халықаралық  INTAS ұйымының ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде үш жыл жұмыс атқарды. Соңғы 20 жылда ғалым Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Түркия, ҚХР, Бельгия, Тайван, АҚШ, Канада сияқты дамыған елдердің университеттерінде өзінің зерттеп жүрген мәселесі бойынша дәрістер оқып, ел даңқын асқақтатып жүр.  Зұлқайыр Аймұхаметұлы басқарған Жану мәселесі институтының ғылыми саладағы жеткен жетістіктерін әлемнің дамыған елдері кеңінен пайдалануда. Сондай патенттердің бірін Жапония мемлекеті сатып алғандығы туралы еліміздің баспасөз орындары жарыса жазғанын бәріміз жақсы білеміз.

 

Зұлқайыр Мансұров 1948 жылы 26 маусымда қазіргі Алматы облысы Сарқанд қаласында туған. 1963 жылы Талғар қаласындағы орта мектептен түлеп ұшқан соң, сол жылы өзі қалаған С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түседі. Осы білім ошағында Б.Бірімжанов, М.Козловский, М.Усанович, Д.Сокольский сияқты ғұлама ғалымдардан дәріс алады. 1968 жылы университетті бітіргеннен кейін, өзі білім алған оқу ордасына қызметке қалдырылады. Арасында бір жыл әскерде болып, Отан алдындағы борышын атқарады. 1970 жылы қара шаңыраққа қайта оралып, аспирантураға түседі. 1973 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.

Зұлқайыр Аймұхаметұлы өз естелігінде: «Үшінші курста оқып жүргенде қандай кафедраға баруды таңдау керек болды. Сол уақытта жоғары молекулярлы қосындылар (ЖМҚ) кафедрасы өз жұмысын бастады... Полимерлер сәнде болатын, олар жаппай тіршілікке енгізіліп жатқан кез (нейлон көйлектер, болон плащтар, т.б.) ЖМҚ-ға конкурс жоғары болды. Маған да «сол жаққа барсам ба?» деген ой келді. Алайда бір күні мені Г.Ксандопуло өз зертханасына жану үдерісінде маңызды рөл атқаратын атомдар мен еркін радикалдарды, әсерге қабілетті бөлшектерді зерттеуге арналған электронды парамагнитты резонанс (ЭПР) спектрометрін оқып-меңгеруге және онымен жұмыс істеуге шақырды. Негізгі ғылыми бағыты қышқыл мен негіз теориясы боп табылатын бұл кафедраның барлық арнаулы курстарын және соның негізін салушы – әлемге әйгілі М.Усановичтің дәрістерін тыңдап шықтық. Жоғарғы курс­тарда Георгий Иванович Ксандопулоның сол жылдарда заманауи жаңалық болып табылатын масс-спектрометриясының және ЭПР-спектроскопиясының жану үдерісіндегі қолдану тәжірибесімен танысып, болашақтағы жұмыс бағытымды анықтаған едім» деп ағынан жарылады.

Міне, содан бері ол киелі шаңырақта шәкірт тәрбиелеп әрі ғылыммен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде көптеген биік асуларды бағындырып, білім шыңына шықты. Атақ-абыройдан да кенде болған жоқ. Соның бәріне өз білімі мен білігінің арқасында қол жеткізді.

Зұлқайыр Аймұхаметұлы 2001 жылы университеттің бірінші проректоры болып тағайындалды. Сонымен қатар ҚазҰУ жанындағы докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарды. Менің қызмет бабымның Зұлқайыр Аймұхаметұлымен ұштасатын тұсы осы кезеңге сәйкес келді. Ол мені өзіне шақырып, сөйлесе келе, орынбасар ретінде қызметке алғысы келетінін айтты. Маған сеніп, тапсырылып отырған жұмыстың қаншалықты жауапты екенін сезсем де, келісімімді бердім. Міне, менің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің табалдырығын аттағаныма 30 жылдан аса уақыт болса, соның 15 жылын З.Мансұровтың қасында жүріп, қоян-қолтық араласып келе жатқан жайымыз бар. Менің университеттің әкімшілік саласы бойынша ғана емес, сондай-ақ өмірімнің рухани даму кезеңі бойынша да өсуіме, кемелденуіме ағамыздың тигізген ықпалы зор.

Зұлқайыр Аймұхаметұлының ағылшын тілінде еркін сөйлей алатынына таңға­ла­тынмын. Кеңес заманында білім алып, еңбек еткен адамдардың ағылшын тілін біліп, сөйлеген кездерін сирек көретінбіз. Өйткені КСРО-ның жабық мемлекет болуы, оның мектептері мен ЖОО-да жас­тарға негізінен шет тілі ретінде көбіне неміс тілінің оқытылғаны бәрімізге мәлім. Ол кісінің өзінен осының себебін сұраға­ны­мызда бізге егжей-тегжейлі айтып бергені бар еді.

КСРО-ның Жоғары және орта білім беруге арналған министрлігі Англияға жыл сайын ғалымдар жіберіп отырады екен. Олар 1980 жылы 250 стажерды аталған елге іссапарға жіберу үшін іріктеу жұмысын жүргізеді. Мәскеу Мемлекеттік университетінің демалыс үйінде бір ай ағылшын тілі мен аймақтану курсын тыңдаған З.Айтмұхаметұлы курс соңынан тапсырылатын емтихандардан сүрінбей өтіп, Англияға баратындардың қатарына ілігеді. Осылайша, ол кісі 1981 жылдың 13 қаңтары мен 1982 жылдың 23 қаңтары аралығында Ұлыбританиядағы Эссек университетінде алдымен тілдік курстан, артынан Лондон университетінің химия және биохимия технологиясы кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өтеді. Тағылымдама барысында ол Шеффилд, Лидс, Эдинбург, Саутхемптон қалаларында болып, сол елдің Г.Диксон-Льюис, ­Феликс Вейнберг сияқты ғалымдарының зертханалық жұмыстарымен танысады. Өзінің ізденіп жүрген саласы ­бойын­ша көп тәжірибе жинақтаған ғалым, тек ағылшын тілін ғана игеріп қоймай, терең теориялық білімді де меңгереді. Курстың аяқталар тұсында профессор Шеффилдтің кеңесімен «Профили ­составов в предварительно перемешанных пламенах» тақырыбында жасаған баяндамасын тыңдап отырған аудиторияның үлкен қызығушылығын туғызады.

Англияда тағылымдамадан өтіп келген ғалым университетке жаңа идея, жаңашыл көзқараспен оралады. Университетте өткен кезекті бір жиында сөз алған Зұлқайыр Мансұров университетімізде ағылшын тіліне көп көңіл аударылмайтынын, болашақта бұл тіл ғылым мен ақпараттың тілі болатынын баса айтқан екен. Тіпті университеттегі сервис мәселесін қозғай келіп: «Бізде студенттер тамақтанатын буфеттерде орын аз, тамақтанам деушілер толық қамтамасыз етілмейді, ал ­Англияда кофе ішу мен бутерброд сатып алу автоматты аппарат арқылы жүзеге ­асады» деп сынайды. Баяндамашының қызуқандылықпен сөйлеген бұл сөздеріне сол жылдардағы университет ректоры Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің өзі көңіл аударып, «Осыдан кейін Мансұров сияқты жастарды шетелге жіберіп көр, олар өзіңді сынап, бізден Кембридждегідей жағдайды талап етеді» деп қалжыңдайды. Алайда өзі іскер ректор сол жиналыстан кейін тамақтанатын буфеттерге біраз оң өзгеріс жасайды.

Міне, ғалымның сол кезде айтқан сөздері бүгін де өз мән-маңызын жойған жоқ. Елімізде ағылшын тіліне ден қоюға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ал сервис мәселесінің де қолға алынғанына бар болғаны 10-15 жылдың жүзі болды.

Зұлқайыр Аймұхаметұлының 1990 жылы «Неизотермические холодные пламена углеводородов» тақырыбында докторлық диссертация қорғауы да қызықты оқиғаларға толы. «Докторлық диссертацияны Мәскеуде қорғайық» деген ғылыми кеңесшісінің сөзін тыңдамай, Украинадағы Черноголовск қаласында орналасқан КСРО Ғылым Академиясының Құрылымдық макрокинетика институтында қорғауды жөн көреді. Қорғалатын докторлық диссертацияның қорғауға арналған авторефератымен танысқан Докторлық Кеңес мүшелерінің ескер­тулеріне жеке-жеке жауап берген ғалым, аталған мәселе төңірегінде өзіндік көзқарасын білдіреді. Сол кезде ­Георгий Иванович Ксандопуло: «Зұлқайыр, сен тым болмаса кейбір ескертулермен келіссеңші» деп жуып-шаймақшы болады. Ақыр соңында Докторлық Кеңес төрағасы А.Мержанов «Докторлық жұмысты жазу барысында үлкен көлемдегі экспериментальды жұмыс атқарылған, теоретик ғалымдарға жақсы материалдар болып табылатын жаңа мәліметтерге қол жеткізілген» деген өз бағасын береді.

Кеңес Одағы тарағаннан кейін, тәуелсіз, егемен Қазақстан Республикасында тұңғыш Жану мәселесі институтын құрған ғылыми ұжым бұрынғы ғылыми орталықтармен байланыстың үзілуіне, КСРО Госпатент мекемесінің тарап кетуіне, еліміздің экономикалық дағдарысқа ұшырауына қарамастан, Жану мәселесі институты өз зерттеулерін кең ауқымда жалғастыра берді. Зерттеу институтының директоры Г.Ксандо­пулоның басшылығындағы ғылыми ұжым құрамында Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров 1971-1991 жылдар аралығында «Фундаментальные исследования химических основ процессов горения» тақырыбында жарық көрген еңбектердің негізінде 1992 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері атанады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін З.Мансұров басқаратын ЖМИ нарықтық заманның талабына сәйкес, шет елдік гранттармен жұмыс істей бастайды. Алғаш 1993 жылы Сорос қорының қаржысымен жұмыс бастаған институт кейіннен DAAD (Бонн, Германия, 1995, 2003 және 2006), Ливер­мор зертханасы (АҚШ, 1997), INTAS (2001, 2002) және МНТЦ (2002) сияқты қор­лармен, сондай-ақ зерттеу институттарымен бірлескен жобаларды жүзеге асырады.

Халықаралық QS рейтингілік орталығының 2021 жылғы қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі озық 800 университеттің ішінде 176-орынды иеленді. Осынау рейтинг орталығының негізгі критерийлері қатарына Tomson Reuters және Skopus базасы кіретін жоғары рейтингтік журналдарында университет ғалымдарының еңбектерін жариялау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы жағынан алғанда Зұлқайыр Аймұхаметұлының ауыз толтырып айтатындай жағдайы да баршылық. Соның бірі ғалымның редакторлығымен елімізде тұңғыш рет ағылшын тілінде басылып шығатын «Eurasian Chemico-Technological Journal» химия-технологиялық журналын атап өтуге болады. 1999 жылы бірінші нөмірі басылып шыққан журнал туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Құрметті ғылыми қауым мүшелері! «Eurasian Chemico-Technological Journal» жаңа басылымының шығуына орай менің құттықтауымды қабыл алыңыздар. Мен жаңа басылымның Азия, Еуропа мен әлемнің өзге елдері ғалымдарының арасындағы ғылыми байланыстардың артуында маңызды орын атқаратындығына сенімім мол» деп атап өткен болатын.

Бүгінде Зұлқайыр Аймұхаметұлының есімі химия және физика саласы ғалымдарының арасында кең танымал. Ғалым 1996 жылы Брюссель қаласында орналасқан халықаралық INTAS ұйымының ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде үш жыл жұмыс атқарды. Соңғы 20 жылда ғалым Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Түркия, ҚХР, Бельгия, Тайван, АҚШ, Канада сияқты дамыған елдердің университеттерінде өзінің зерттеп жүрген мәселесі бойынша дәрістер оқып, ел даңқын асқақтатып жүр. Зұлқайыр Аймұхаметұлы басқарған Жану мәселесі институтының ғылыми саладағы жеткен жетістіктерін әлемнің дамыған елдері кеңінен пайдалануда. Сондай патенттердің бірін Жапония мемлекеті сатып алғандығы туралы еліміздің баспасөз орындары жарыса жазғанын бәріміз жақсы білеміз.

Зұлқайыр Мансұровтың ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты көмірсутектер жануының кинетикасы мен механизмін, суық және күйе түзгіш жалындардың құрылымын һәм көмірсутектің түзілуі мен оның қолданбалы аспектілерін зерттеуге арналған. Сонымен бірге мұнаймен ластанған топырақты термикалық әдіспен өңдеу үшін арнайы қондырғы құрастырды. Осы қондырғы арқылы мұнайды топырақтан бөліп алу, сондай-ақ мұнаймен ластанған топырақты жол құрылысында суық асфальтты бетон дайындау үшін қолдану әдістерін ұсынды.

Ғалымның 250 ғылыми еңбегі, 20 авторлық куәлігі бар. Сондай-ақ ол 3 монография мен 3 оқу құралының авторы. Осы уақыт аралығында 21 ғылым кандидатын және 3 ғылым докторын даярлады. Ол Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

«Құрмет» орденінің және бірнеше медалдардың иегері.

 

Талғат Мекебаев,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

 қызметкерлерінің «Парасат»

кәсіподағының төрағасы,

профессор

1434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы