• Тұлға
  • 01 Шілде, 2021

БАЛА КҮЙШІДЕН ДАРА КҮЙШІГЕ ДЕЙІН...

Осыдан үш жыл бұрын Мәскеуде өзінің Атырауының жыршысы болып өткен Табылды Досымовтың шығармашылық кеші өтті. Соның қарсаңында ­баласы Абылдың өтінішімен ақынның біраз өлеңін орыс тіліне аудару арқылы арынды ақынның рухына тағзым еттім. Кейінгі толқын «Атырау» десе аға буын өкілдерімен бірге Табылды есімін қоса айтатынын байқадым. Қуандым. Бұл – Түркістанды айтсақ ­Бекарыс Шойбековтың, Батыс Қазақстан десек Жансая Мусинаның, Павлодар десек Ербол Айтбаевтың, Шымкент десек Фатима Забурованың, т.б. дарындардың аты ауызға түсетін шоғырдың ішінде Торғай топырағында туып, еліне қалтқысыз қызмет еткен дара талант, дәулескер күйші – Назымбек Молдахметов та бар. 
Көкірек көзі ояу, дарыны қанаттан­дырған адамдардың бойындағы табиғат берген талантты ұштай түсу үшін кішкентай ауылдан қалаға аттанатыны заңды. Сосын көбі қалада қалып қояды. Оның да заңдылықтары бар. Ал кейбіреулері білім алып, қабілеті кемелденіп, еліне оралады. Бұлардың қызмет ету ғана емес, талантын арнау мекені – алып шаһарлар емес, туған жері болуын Ақылбек Шаяхметов ағамыздың: 
Іздеймін деп тірліктің басқа амалын,
Баққан жоқпын ешкімнің қас-қабағын.
Беттемедім өріне Алатаудың,
Қызықпадым төріне Астананың, – деген өлеңін өз ұстанымы еткендігі­нен деп те ой түюге болатын сияқты.
Назымбек Қостанайға оралғанда тың игеру кезінде орыстанып кеткен өңірді қазақтандыру үшін тер төгіп жүрген осы Ақылбек ағасы, айтыстың дүлділі Әсия Беркенова апасы, әрі ақын, әрі этнограф Серікбай ­Оспанов ағасы, журналистика майталманы Нағашыбай Мұқатов ағасы құшақ жая қарсы алды. Ал өңірде қасиетті домбыраның дәріптелуіне үлкен үлес қосқан, қаншама шәкірт тәрбиелеп, «­Мирас» ұлт аспаптары ансамблін құрып, жетекшілік еткен Абай Әмірханов аға-досқа айналды. 

БИІККЕ БАСТАР ЖОЛ

 

Сегізінші сыныптан кейін оның Арқалық қаласындағы музыкалық училищенің домбыра класына қабылдануы үлкен өнер жолына апаратын соқпаққа түсуі еді. Бағытынан бұрылмаған талантты бозбаланың киелі домбыраға деген сүйіспеншілігі, талмай ізденуі, ерен еңбекқорлығы сол соқпақтан күй әлеміне апаратын қара жолға алып шықты.

Назымбек – ұстаздан жолы болған өнерпаз, соның ішінде музыкалық училищедегі ұстазы Тұрсынбек Әлмағанбетовтің орны ерек, әрине. Алдынан талай шәкірт шығарған ұстаздың талапты балаға ықыласы ауғаны, бәйгеге қосар тұлпардай баптағаны анық. Өйткені 1989 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түсуге келгенде, бір орынға бірнеше талапкер таласқан үлкен сынақта бағы жанып, оқуға бірден қабылданды.

Консерваторияның домбыра класына қабылданып, профессор Тымат Мерғалиевтен дәріс алды. Ұстазы Назымбекке оның «күй тартуды оқып үйренген домбырашы емес, «туа бітті талант» екенін», кейбір көздері көреген әріптестерінің қолқалап «маған берші» деп сұрағанын айтыпты бірде. Бұл сөздер оны дүр сілкіндірді. Күй өнеріне деген ықыласы бұрынғыдан бетер арта түсті. Үйде кеңестік «Мелодия» фирмасынан шыққан бірнеше күйтабақ бар еді, оңашада сол күйтабақтарды тыңдай отырып, жарыса домбыра тартатын кезінде бар дүниені ұмытып кеткендей күй кешетін.

Ұстазының бағыттауымен өнердің небір құдіретті иелері Кенжебек Күмісбеков, Қаршыға Ахмедияров, Айтқали ­Жайымов сияқты тарландармен жүздесіп, тәлім алып жүргенін толқи әңгімелейтін. Сол ағаларының айтуымен болар, ел арасындағы дәулескер күйшілерге ­барып, күй үйренетін. Арқалыққа барса өзі ұзақ жылдар құқық қорғау саласында қызмет істесе де, өмір бойы домбыраны серік еткен тума талант, ғаламат күйші Сағын ­Жалмышев ағасының ­жанынан шықпайтын. Бірнеше жолдасымен Төлеген Момбеков ағасына сәлем беріп, күй үйренуге барып қайтқанын да білемін.

Осы сапарынан кейін ол әрбір күйді үйренгенде оның шығу тарихын оқуды әдет қылды. «Төлеген аға «Салтанат» күйін көп адам атауына қарап, көтеріңкі леппен орындайтынын айтты. Шындығында, ол анасы қайтыс болғанда шыр-шыр етіп жылаған қызы Салтанатты қалай жұбатарын білмей күйзелген сезімінен туған екен» деді ол менімен әңгімесінде.

Тәуелсіздік алып, өз тамырларымызды танып жатқан кезеңде Қостанай облысының сол кездегі әкімі Кенжебек Укин ағамыз өңірде ұлттық құндылық­тары­мызды жаңғырту бағытындағы бірқатар істі қолға алады. Алматыға арнайы келіп, консерватория басшылығымен сөйлесіп, ­Назымбекпен және тағы бірнеше ­студентпен кездесіп, Қостанайға шақырады. Жұмыс берем, үй берем деп уәде етеді.

Назымбек маған келді. Мен, жасыратыны жоқ, оның сол кезде-ақ үлкен концерттерге қатыса бастағанын көріп жүргендіктен, болашағын басқаша елестететінмін. Алдындағы майталман күйшілерді үлгі етіп, үлкен сахналарда жүруін қалайтынымды айтып, әрі бір кетсең, оқудан қол үзіп кетесің деп, қарсы болдым. Өмірі маған «жоқ» деп көрмеген кішкентай інім осы жолы өзінің үлкен азамат болғанын көрсетті. «Тәте, уәде беремін: үлкен күйші боламын. Оқуымды міндетті түрде бітіремін. Бірақ елге ­баруым керек. Қостанайды қазақтандырамын деп жатқан әкім ағамызға көмектесуіміз керек» деді.

Сөйтіп, 1993 жылы Назымбек бастаған бір топ жас Қостанайға барып, облыстық филормониясының қасынан «Ақжелең» атты ұлттық фольклорлық ансамблін құрды. Оны басқару тізгінін достар Сыр өңірінің түлегі, кейіннен республикалық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты атанған Әлімжан Әбсадықовқа ұстатты. Бұл бір Қостанай өңірінің қазақ өнеріне, соның ішінде дәстүрлі өнерге сусап тұрған кезі еді. Консерватория түлектері қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, жұрттың құмарын қандырды, қазақтың қара домбырасына, ұлттық әніміз бен әуенімізге деген орасан зор сұранысты қанағаттандыра алды.

Жыл өткен сайын «Ақжелең» орын­даушыларының шеберлігі өсіп, репертуа­ры байи түсті, Мәскеу қаласында өткен Халықаралық фестивальдің ­лауреаты атанды. Германияда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында еліміздің атынан барып, өнер көрсетуін – ансамбльдің ұлттық сипаты мойындалуы, Кореядағы жеңісін көркемдік қуатының бағалануы деп қабылдадым. Одан басқа да Ресей қалаларында өткен алуан бәйгенің жеңімпазы атануында, Голландия, Франция, Италия, Мысыр сынды шет елдерде өнер көрсетіп, көптеген байқаулар мен фестивальдарда жетістіктерге жетуінде Назымбектің еңбегі зор. Сондықтан оған «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілуі – ансамбльге жетекшілік еткен жылдардағы еңбегінің лайықты бағалануы.

Қанша атақты күйші, ұжым басшысы болса да, мен үшін өмір жолын енді бастаған інім ғой, жағдайы қалай болды екен деп алаңдап, сыр суыртпақтасам, «Тәте, уайымдамаңыз, ел іші – алтын бесік қой! Аға-апаларымның құшағына топ ете түстім! Абай Әмірханов деген күйші ағам бар, екеуміз бір керемет ­жоспар құрып жүрміз. Әлі естисіз... Сосын, осындағы өте беделді жан, ұлтжанды тұлға Зұлқарнай Алдамжар ағам ақыл-кеңесін айтып, көп көмектеседі. Кенжебек Укин ағамыз қатты қолдау көрсетіп жүр» деп ағаларын тізбектей жөнелетін.

Орайы келгенде айта кетелік, К.Укин ағалары уәдесінде тұрып, алғашқы жылы-ақ үшеуіне пәтер берді, қалғандарын келесі әкім Балташ Тұрсынбаев ағалары қамтамасыз етті. Жылдар өте, олардың бірқатары өз орындарына шәкірт дайын­дап, өзге өңірлерге кетсе де, басым көпшілігі әлі күнге Қостанай өңіріне адалдықпен қызмет етуде. Отбасылы болды, өнерде, мәдениетте еңбектері бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. 2019 жылдың күзінде Қостанайға төркіндеп барғанымда, еркелеп алдымнан шықты. Ере барған әріптестерім мен достарымды өз сөздерімен айтқанда «қостанайлық болып кеткен» ерекше дауысты әнші Манапбек, қобызшы Батырбек, күйші Лаура сияқты іні-сіңлілерім өнерлерімен тәнті етті.

 

ДАРА КҮЙШІ

Елге келген соң Назымбектің бойын­дағы бар қабілеті жарқырай ­ашылды. Ол ансамбльдегі жұмысымен қатар, Қостанай мемлекеттік педагогикалық ­институтында дарынды жастарға домбырадан дәріс беріп, домбырашылардың тұтас буынын қалыптастырды. Оның әріптестері мен шәкірттері көптеген байқаулар мен фестивальдарда топ жарып, бір жағынан ұлттық өнеріміздің кең құлаш жаюына, екінші жағынан облыстың абыройын асқақтатуға үлес қосты.

Ол атқарған жұмыстардың ішінде шоқ­тығы биігі – облыста ұлт аспаптары оркестрін құруы. Елге келгелі армандаған ойын іске асыру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеді десек те болады. Оркестрдің құрамын жасақтау үшін мамандар дайындады, оның аспаптарын тауып, киімдерін тіктіріп, репертуарын жасақтап, ел астанасы мен Алматы арасын жол қылды. Ақыры ол мақсатына да қол жеткізіп, бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі болды. Елге келгенде бауырына тартқан інілерінің бірі, белгілі қаламгер Абылай Маудановтың сөзімен айтсақ: «Кеңес кезінде шетпақпай көрген ұлт өнерін, домбыра үнін Тобыл өңірінде қайтадан төрге шығарды».

Облыста күйші, ұжым жетекшісі, ­дирижер ретінде кең танылған Назымбек енді тұтас өңір мәдениетінің дамуына белсене атсалысты. Алғаш рет халықаралық «Түркі әлемі» этно-фестивалін, республикалық күйшілер байқауын, дирижерлар ­форумын өткізді. Жоғары деңгейде түрлі тақырыптық іс-шараларды өткізу ­барысында ол Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Ықылас, Нұрғиса сынды дәулескер күйшілермен қатар Тобыл-Торғай өңірінде туып-өскен ақын, сазгерлердің шығармашылығын насихаттап, жұртшылыққа танытуды мақсат етті. Домбырашылардың Сағын ­Жалмышев атындағы республикалық байқауын ұйымдастыруы – солардың бірі.

Досы Сәрсенғали Жүзбаев: «Күйлеріңді радиоға жазып алайын деп көп үгіттедім. «Оған арнайы дайындықпен келу керек» деп біраз көнбей жүрді. Ақыры сәті түсіп, бір тартқанда 8 күйді бір-ақ орындады. Демімді тартып тыңдадым. Сосын ол күйлерді көркемдік кеңестің мүшесі ­Базаралы Мүптекеевке тыңдаттым. Марқұм Назымбектің күйшілігіне қайран қалды. Әлі есімде, Динаның «Жігерін» қайта-қайта тыңдаған-ды. Сегіз күй бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. «Сағын Жалмышев жайлы хабарыма сұхбат бер» деп едім, ұстазы ғой, бірден келісті» деп еске алады.

Реті келгенде бір жайды айта кетейін. Консерваторияны бітірерде мемлекеттік емтихан тапсыру кезінде комиссия мүшелерінің алдына тартылатын күйдің нотасы жатуы керектігін айтыпты. Ол кезде ксеро-көшірме жасау жабдықтары әлі аз, ал бағасы студент қалтасы көтермейтін тым қымбат еді. Үлкен мекемелерде құрылғылар болды, бірақ арнайы рұқсат керек. Мен өзім қызмет істейтін Жоғарғы кеңестің Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі Зейнолла Серікқалиевке барып, мән-жайды айттым. Аға басын сәл қисайта, қысыңқы көзінен шуақ төге қарап: «Сосын інің бізге күй тартып бере ме?» деп сұрады да, «Басқа балалардікін де көбейттіріп алыңдар, 100 дана» деп қол қойып берді.

Емтиханнан кейін Назымбек бөлімге келіп, екі сағаттай күй тартты. «Төре­мұратты тартшы», «енді Қазанғаптан...», «Бай­жұманың күйлерінен...» «Серперді бір сілтеші», «Динаның «Бұлбұлын»... «Науысқыны...», «Көңіл толқынын» толқындатшы» деген көптеген тілектердің бәрін орындап, аға-апаларының батасын алып кетіп еді. Арада талай жылдар өтсе де сол кісілер теледидардан Назымбекті көре қалса, маған қуана хабарласып жүрді.

Назымбек Қостанайды жұрттың кеңес кезінде қалыптасып қалғандай тек астық беретін өлке емес, тұтас қазақ елінің бір бөлшегі ретінде танытуға ұмтылды. Елге танымал мәдениет қайраткерлерін шақырып, концерттерін ұйымдастырды, байқаулардың қазысы ретінде тартты, шеберлік сабақтарын өткізді... Қоста­найлықтарды Маңғыстау күй мекте­бінің өкілі, бүтіндей бір музыканттар буынын тәрбиелеген Сержан Шәкіраттың, республикалық және халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаеваның, шекара асып, атамекенге жеткен әнші Гүлзира Бөкейханның шығармашылығымен сусындатты.

Отыз жеті мүшелінен шығарда Қос­танайда үлкен концерт өткізді. Телефон соғып «Тәте, Нұрғиса Тілендиевтің туған күні (өзімнің туған күнім демеді) құрметіне концерт қояйын деп жатырмын. Келіп, ботаңыздың күйін тыңдап кетпейсіз бе?» деді еркелеп. Бұл – екеуміздің «пароліміз» сияқты сөз болатын. Бірде телефонмен сөйлесіп отырып, «Күйіңді тыңдағым келіп жүр» дегем («Сағындым» дегенім ғой). Арада бірер күн өткенде, Астана арқылы өтетін поездан түсіп қалып, келіп күй тартып берген-тін. Бұл жолы «күй тыңдап кетіңіз» деп («сағындым» деп) ол қиылды... Ол бір күй-теңізге армансыз сүңгіп, күй-аспанда армансыз қалықтаған ғажайып күндер еді...

Осыған ұқсас жай былтыр қайталанды. Ердің жасы елуіне келуіне орай үлкен есептік концерт беретінін хабарлап, күй тыңдауға шақырды. Ел шетіне індет келіп кірген кез еді, «кейінге шегере тұрсайшы» дедім. «Достарымды сағындым, шаршап та жүрмін, демалғым келеді» деді. Даусы жабырқау көрінді. Сосын «Күй тыңдайсыз ба, тәте?» деді кенет. «Әрине, кешіңе келіп армансыз тыңдаймын ғой...». «Ол кешке дейін кім бар, кім жоқ? Ал тыңдаңыз...» деді де телефонға бірнеше күй тартты...

«Ол кешке дейін кім бар, кім жоқ?». Неге бұлай деді екен? Табиғаттың біз білмейтін, түсінбейтін тылсымы көп қой... Қандай күш айтқызып тұрды екен сол сөзді?

...Міне, осылайша, Қостанайға перзенттік парызын өтеймін деп келген ол алға қойған мақсатына жету үшін уақытпен, денсаулық жағдайымен есептес­пей жұмыс істеді. Ұдайы ізденіс үстінде жүргенде ойына келетін түрлі идеяларымен бөлісетін. Қиялы ғажап еді! Біразын жобаға айналдырды, біразы сол арман күйінде қалды. Бәлкім, әріптестері, шәкірттері алға апарар...

Назымбектің мезгілсіз қазасы кезінде оның домбырасының күмбірі тербеген даласы күңіреніп кетті... Көңіл айтулардың ішінде өмірінің әр күнін, әр сәтін өнерге арнап, рухани саламыздың кемелденуі үшін жанкешті еңбек еткен тұлғаның атын тарихта қалдыру керектігі туралы ойлар айтылып жатты. Ол кезде оны ойлауға ешқайсымыздың шамамыз жоқ еді. Уақыт-емші есімізді жинатқан соң сол ұсыныстардың орынды екенін түсініп, ризашылықпен бас иемін.

Биыл көктемде Назымбек бұған дейін «Нұрғиса Тілендиевтің туған күні» деп өткізетін концерт алғаш ретін «Назымбек Молдахметовты еске алу кеші» болып өтті. Жиын соңында облыс әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы ­Ерлан Қалмақовтың: «Таяуда филармония ұжымымен кеңес өткізіп, ақылдаса келе, өзі негізін қалаған қазақ ұлт аспаптар оркестріне Назымбек Молдахметовтің есімін беру бастамасын көтердік. Бастаманың құзырлы орындардан қолдау табар күні алыста емес» деген сөзінің соңын шапалақ үні көміп кетті. Жиналған жұртшылықтың бір-бірін құшақтап, сырттағы адамдарға телефон шалып, сүйінші сұрап жатқанына қарап еріксіз толқыдық. Кемеңгер Абайдың:

«Сүйер ұлың болса, сен сүй,

Сүйінерге жарар ол...» деген сөздері еске түсті.

 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы, филология

ғылымының кандидаты,

Арқалық қаласының

құрметті азаматы

 

1650 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы