• Тұлға
  • 01 Шілде, 2021

ҰЛЫ АДАМНЫҢ ШӘКІРТІ

Төлеген Тәжібаевтың шәкірті болғанына қазақ түркологиясының атасы Ғұбайдолла Айдаров ғұмыр бойы мақтанып өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі түрколог, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері Ғұбайдолла Айдаровтың дүниеге келгеніне 100 жыл толу құрметіне арналған «Түркітану және Ғ.Айдаров» атты халықаралық конференция болды.
Конференцияға ертерек келіп кітап көрмесін қарадық. 30 жыл егемендік кезіндегі жетістіктерімізді көрсететін шығармалар мен Түркологияға қатысты көптеген кітаптар көрмеге қойылған екен. Тек Ғ.Айдаровқа арналған бөлім көзімізге жұтаңдау көрінді. Оның бұрыннан белгілі төрт көлемді кітабы (үшеуі орысша, біреуі қазақ тілінде) жоқ болып шықты. Көрмені ұйымдастырған қыздардан сұрадық. Біз сұраған кітаптар университет кітапханасында жоқ болып шығыпты. Сондықтан барымен базар етіп тұрған жағдайы екен. Әттең біз оны білгенде үйден өзіміз ала келетін едік. Жалпы Ғұбекеңнің кітаптары алтындай  қадірлі болғандықтан және олардың жарыққа шыққан бойдан көп ұзамай библиографиялық сирек кітапқа айналатыны шындық. 

Көп ұзамай конференция өтетін залға кіргенімізде өкінішіміз тез басылып жан дүниемізді қуаныш кернеді. Залдағы үстел үстінде сары алтындай жарқырап «Язык Орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты Ғұбекеңнің 1971 жылы шыққан кітабының жаңа басылымы көзімізге оттай басылды. ­Президиум үстелінде осы кітаптардың бір бумасы қызыл лентаға оралып тұсау кесерді күтіп тұр екен. Аталған фундаментал кітапты Дархан Қыдырәлінің басшылығымен қайта басып шығарған Халықаралық Түркі академиясы екен. Біздің қуанышымыздың шегі болған жоқ. Дархан бауырымызға және Қазақ ұлттық университетінде Ғ.Айдаровқа арнап Халықаралық конференция ұйымдастырған Жансейіт Түймебаевқа шексіз алғыс айттық және баспасөз арқылы тағы айтамыз.

50 жылдан кейін қайта басылған Ғұбекеңнің кітабының тұсаукесер салтанаты болды. Оған тағы бір тарихи оқиға қосылды.

Халықаралық Түркі академиясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі болды. Одан ары қарай үшінші тарихи оқиға Халықаралық конференция өз жұмысын бастады.

Модератор Дархан Қыдырәлі конференцияны кіріспе сөзімен бас­тап алғашқы баяндаманы университет ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа берді.

Екінші баяндамашы онлайн арқылы Түркия ғалымы, ­филология ғылымының докторы Серткайа ­Осман Фикри болды. Үшінші баяндамашы – белгілі түрколог, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Нахичеван филиалы, Өнер, тіл және әдебиет институтының директоры Абулфаз Аманоглы Кулиев сөз алды.

Одан кейін сөз алған ресейлік ғалым, Хисаметдинова Фердауси РФ ҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих тіл, әдебиет зерттеу институты, филология ғылымының докторы, профессор Ғұбекең туралы естеліктер айтты.

Ташкенттік ғалым, Ә.Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі мен әдебиеті институты қызметкері, ­тарих ғылымының докторы, прфессор Ғайболла Ғұбекең Бабаяров туралы өз баяндамасын қазақ тілінде жасады.

Қонақтардың ішінде соңғы сөз алған Қырғызстандық түрколог ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Қадырәлі Қоңқобаев болды.

Одан ары қарай Ғұбекең қырық жылдай қызмет еткен қара шаңырағы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар ­Фазылжанова сөйледі.

Ғұбекеңмен көп жыл бірге қызмет істеген Ерден Қажыбекұлы сөйлеп, естеліктер айтты. Жалпы барлық ­баяндамашылар Ғұбекеңнің көп қырлы және қажырлы ғылым жолындағы ерліктерін сөз етті. Оның өмірі мен қызметі ерекше үлгі боларлық және батырлық пен ерлікке толы екенін айтқан Дархан Қыдырәлі Кеңес өкіметі тұсында осы жабық тақырыпты қолға алып, көтерудің өзі ерекше ерлік пен батылдық болғаны және оны жеріне жеткізе зерттеп жаңалық ашқан Ғұбекең екені, ол, сондай-ақ Түркология ғылымының атасы екені біздің мақтанышымыз деп түйіндеді.

Одан әрі конференция тақырыбы осындай керемет ғалымды ғылымға алып келген қазақтың біртуар азаматы, ғалым, дипломат академик Төлеген Тәжібаевқа ауысты. Университет профессоры С.Өтениязов БҰҰ да алғаш рет ағылшын тілінде баяндама жасаған, 1944-59 жылдары Қазақ КСР Сыртқы Істер министрі және 1948-53 жылдары Қазақ Мемлекеттік университеті ректоры (ол кезде С.М.Киров атында) болған белгілі қоғам қайраткері дипломат ғалым, қазақ психология ғылымының негізін салушы Төлеген Тәжібаев туралы ­баяндама жасады. Ғұбекеңді ғылымға әкеліп аспирант еткен және басқа да қамқорлық жасаған адам туралы қысқаша айтып, университет ішінде Т.Тәжібаев атындағы Республикалық этнопсихологиялық ғылыми зерттеу орталығына биыл 30 жыл толатынын хабарлады. Т.Тәжібаев шәкірттерінің ішінде ең атақтысы Ғ.Айдаров екенін ерекше атап өтті.

Одан ары Ғұбекеңнің дипломат баласы Науырыз сөйледі. Университет ректоры Ж.Түймебаев қорытынды сөз сөйлеген соң осынау тарихи конференция жұмысын аяқтады.

***

1971 жылы жарық көрген Ғұбекеңнің «Язык Орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты Түркология ғылымындағы әйгілі кітабы туралы бірер сөз айтатын болсақ, бұл оның жарыққа шыққан үшінші көлемді еңбегі еді. Алматыда «Ғылым» баспасында 2200 данамен басылған болатын. Сол заманда бұл ғылыми кітаптар үшін көп таралым деп есептеледі. Мысалы ең көп сұранысқа ие болған Ш.Ш.Уәлихановтың І томы 1961 жылы жарыққа 7900 данамен шығып еді. ІІ томы 1962 жылы 3400 данамен, ІІІ томы 1963 жылы 2500 данамен шыққан болса, ІV томы 1968 жылы 3800 данамен жарық көріп еді.

Сондықтан біздің айтарымыз, көпшілікке арналмаған Ғұбекеңнің ғылыми кітабы 2200 данамен жарық көруі оның көп таралыммен басылып шыққанын көрсетеді. Сонау 70-ші жылдары біз Түркологияның осы аса құнды іргетаскітабын ­Одесса мемлекеттік университетінде, ғұндар тарихы мен тілін зерттей жүріп таныстық. Мен ол кісінің ертедегі түркі жазулары туралы ірі кесек фундаментал зерттеулерімен ­университет қабырғасында жүріп танысқан едім. Тағы бір қараған кітабымыздың бірі қазақ ғалымы Құрышжановтың қыпшақ тілі туралы еңбегі еді. ­Ғұбе­кеңнің кітабына сұраныс көп болғаны соншалық көп ұзамай библио­графиялық сирек кітапқа айналды.

Қазақ түркология ғылымын аспанға көтерген кітап кіріспеден және төрт ­тараудан тұрады. Олардың тақырыптары мен мазмұны төмен­дегідей.

Кіріспе бөлім алғысөзден және автордың өзіне дейінгі ғұлама зерттеушілердің еңбектеріне жалпы шолу жасап, олардың жетістіктерінің дейгейін нақтылап көрсеткен. Одан ары Ертедегі түркі жазуларының түрлерін жіктеген (12-40 беттер). Әр жерден табылған руникалық жазуларды топтастырып расшифровка жасаған және оларды мұқият зерттеген Ғұбекең енді олардың грамматикасын жасап шыққан. Енді грамматикаға зер салсақ:

Бірінші бөлім. Фонетика. Әліп­педен одан ары дауысты және дауыссыз дыбыстардың грамматикасынан тұрады.

Екінші бөлім. Орхон ескерткіш­терінің лексикасы деп аталады. «Термины родства» атты құнды тарауда ертедегі бабамыздың көп сөздерінің қазіргі түркі халықтарында кездесетіндігі, әсіресе қазақ тіліндегі терминдерге сәйкес келетіндігі көрсетілген. Жалпы екінші бөлім кітаптың 84-152 беттерін алып тұр.

Үшінші бөлім. Морфология. 152-254 беттер. Зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктердің үлкен бөлігі қазіргі түркі тілдеріне, әсіресе қазақ тіліне дәл келетінін бұрынғы зерттеушілер назарынан тыс қалғанын көреміз. Ал етістіктің грамматикасын қалайша жіктелгенін көргенде керемет сүйсінесің.

Мысалы қазақ тілінің есімшесі -ған, -ген, -қан, -кен жұрнақтары арқылы жасалса (барған, келген, айтқан, ішкен, жеген) ертедегі бабаларымыз тілінде -мыс, -міс, -мыш, -міш жұрнақтарымен жасалатынын көрсеткен. Бұл есімшенің құралуының Оғыз тобы тілдеріне, яғни қазіргі Осман түріктері тіліне дәл келетінін көрсетеді.

Төртінші бөлім. Синтаксис. 255-284 беттер аралығында берілген. Одан ары қарай ескерткіштердің мәтіндері және олардың ­транскрипциясы, расшифровкаланған нұсқалары мен аудармалары және түсініктері жазылған.

Осынау көздің майын тамызып зерттелген дүние, әрине, Ғұбекеңнің қажымас қайраттылығын және оның түркі халықтарының тілдерін жетік білетіндігін көрсетеді. Еуропа зерттеушілерінен Ғұбекеңнің артықшылығы да сонда екенін көреміз. Ғұбекең түркмен, қазақ, өзбек, әзербайжан, түрік және хорезм тілдерін жақсы білген. Педучилищені бітірген соң әскерде, одан соң соғыста болып орыс тілін жетік меңгерген. Соның барлығы Ғұбекеңнің зерттеу жұмыстарына батыл кірісуіне көмегі болған.

Міне, осы кітаптың араға елу жыл салып жаңа басылым көруі ерекше ­тарихи оқиға және Түркология әлемінің орасан үлкен қуанышы болды.

***

Түркология ғылымы ХІХ ғасыр­дың ақырында дами бастады. ХХ ғасырда көптеген биіктерге көтерілді. Ғылымның осы саласына қызығушылық көбейген себепті көптеген жетістіктерге жетті. Еуропаның дамыған елдері университеттерінде Түркология кафед­ралары жұмыс істеді, зерттеді, қазір де зерттеп жатыр. Еуропа ғалымдары Сібір жеріндегі тастарда сақталған руникалық түркі жазуларын ХVІІІ ғасырдың басында алғаш көріп қағазға түсіре бастаған. Солардың кейбіреулерін атап айтсақ Н.К.Витзен, С.У.Ремезов, И.Страленберг, Д.Г.Мессершмидт, Г.Спасский (Записки о Сибирских древностях, 1818 г.), М.А.Кастрен, т.б.

Алайда 1889 жылы Н.М.Ядринцев Моңғолиядағы Орхон өзені аңғарынан тапқан Күлтегін, Мойын Шор ескерткіштері  Түркология ғылымының осы саласына үлкен серпіліс пайда болды. 1893 жылы дат ғалымы В.Томсен осы табылған түркі жазуларын зерттеп, оқып алғаш рет ғалым-түркологтар назарына ұсынды. 1896-97 жылдары Талас өзені аңғарында Әулие атаға жақын жерде В.А.Калаур мен фин археологы А.Гейкель руна жазулары жақсы сақталған бес тасты тапты... Сол мәтіндерді В.В.Радлов неміс тіліне аударды. Неміс тілінен П.М.Мелиоранский орыс тіліне аударды. Сол кезден бастап Түркология ғылымының осы саласы үздіксіз зерттеле бастады. Одан беріде қаншама тастағы жазулар табылды.

Содан бергі замандағы зерттеу­шілерді атап айтсақ ұзын саны біраз болады (В.Бангу, Г.И.Рамстедт, А.Лекоку, В.Котвич, Ю.Немет, Н,Асилов, Х.И.Оркун С.Е.Малов, А.Н.Бернштам ж.б.). Түркология ғылымының осы саласын зерттеу әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Солардың жуан ортасына кіріп ерекше орын алған, яғни тың жаңалықтар ашқан қазақ ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Ғұбайдолла ­Айдаров (1921-2001) еді. Ол, шын мәнінде, ХХ ғасырдың батыры еді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Ұлы Отан соғысына қатысып, жанкешті ерлігімен ел қорғады. Ал ғасырдың екінші жартысында ғылымда, яғни Түркология саласында қыруар еңбек етіп, ерлік жасады.

Сонау 1950 жылдары осы ғылым саласына Ғ.Айдаровты алып келген тарихи тұлға туралы айтуға міндеттіміз. Ол қазақтың біртуар азаматы ғалым, ­дипломат Төлеген Тәжібаев еді. Төлеген Тәжібаев (1910-1964) – ғалым, педагогика ғылымы докторы, қазақ психология ғылымының негізін қалаушы, Қазақстан FA академигі (1954), 1935 жылы Мәскеудегі коммунистік тәрбие академиясын, аталған академияның аспирантурасын бітірген. 1938-40 жылдары ҚазПИ-да кафедра меңгерушісі, 1940-44 жылдары Халық ағарту комиссары, 1944-57 жылдары ҚазКСР-нің Сыртқы істер министрі, 1948-53 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры, 1957-61 жылдары КСРО-ның Үндістандағы елшісі, 1961-64 жылдары ҚазМУ-да ­педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол педагогика ғылымы саласында Қазақстандағы тұңғыш доктор және академик. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі II-IV шақырылымдарының депутаты. Енбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ор­ден­дерімен марапатталған абзал жан еді.

Міне, біздің Ғұбекең осындай ұлы адамның шәкірті еді. Ауылда мектепте мұғалім болып жүрген жерінен ҚазГУ-ге шақырып алып, аспирант етіп қабылдағаны туралы Ғ.Айдаров былай деп еске алған еді:

«Ол ерекше бауырмал және өте іскер профессор екен. Бірнеше кездескен соң: «Айналайын, қолыңнан іс келетін, жаза білетін бала екенсің. Сен ғылыммен айналыссаң жақсы болар еді. Сен сияқты ғылымға икемі мен таланты бар қазақ балалары жетіспейді. Сен бізге қажетсің... Маған аспирант болып кел... алғашқы кезде материалдық жағынан біраз қиындық көрерсің, себебі аспиранттың стипендиясы көп емес. Ал сен ауылда мұғалімнін жетпейтіндігінен бір емес екі ставка сабақ беріп жүрсің, завуч, директор боласың ... қысқасы жағдайың жақсы... Мұнда біраз қиыншылықтар болады. Әрине, өзім көмектесем... Аздап сағат бөліп лекция оқытармыз. Сен көнбейтін қиындық бола қоймас. Бес жыл соғыста болып талай тауқыметті көрген ер жігітсің ғой, шыдайсың» деп мені аспирантураға алды» деп ерекше тебіреніп айтқан Т.Тәжібаев туралы талай әңгімелерін тыңдадық .

Сол аспирантураға түскен күндерде ең бір таза, арманшыл, оқуға, білімге, өмірге, көк аспанға, поэзияға, сұлулыққа, аруға іңкәр шағы, яғни жемісті жылдары басталған еді. Өзіне қойылған міндетті қажымас қайратты Ғұбекең артығымен орындап шығып, әкелік қам­қорлық жасаған ұлы ұстазы Т.Тәжібаевты төбесін көкке жеткізе қуантып, алғысын алған еді.

Ғұбекеңнің ұстазының өзі, яғни оның талантын танып ғылым жолына салған адам қазақтың біртуар азаматы, өз заманының батыры Төлеген Тәжібаев болатын.

Көп ұзамай Ғ.Айдаровтың дүниежүзіне белгілі ғалым, түркі руникалық жазуының маманы болғаны белгілі. Тоғыз баланың әкесі, филология ғылымының докторы, профессор Ғ.Айдаровтың «Ең болмаса бір баламды Төлеген Тәжібаев ұстазым секілді дипломат етсем» деген арманы Қазақстан егемендік алған жылдары жүзеге асты. Оның бір баласы ­Науырыз Айдаров дипломат.

Сонау 1944 жылы Қазақстанды БҰҰ-на мүше етсем деген Т.Тәжібаев­тың (сол кезде Сыртқы Істер министрі) арманы 1992 жылы еліміз егемендік алған соң орындалды.

Адамзат тарихындағы әрбір халықтың әліппесі, яғни әріппен жазылатын дыбыстарының ­орфографиясы тарихи дамуын көрсететін үлкен белгі.

Ғылымның осынау аса қиын және өте қажетті саласына кіріп, Еуропаның ірі ғалымдары арасынан қомақты орын алған Ғ.Айдаров, шын мәнінде, Қазақ гуманитарлық ғылымының мақтанышы болып тарихта қалды.

Халық әрқашанда өз батырларын біле бермейді. Мысалы Ғұбайдолла Айдаровты халқымыз ғылым докторы, профессор деп жалпылама есімі мен атағын ғана біледі. Оның, шын мәнінде, дүниежүзілік ғылымдағы орнын тек ғылыммен айналысатын адамдар ғана біледі. Осындай түркология ғылымының мақтанышы, майталман ғалымның қазақ баласы болуы ғажап құбылыс, яғни ерекше жағдай болды.

Мен академик Ә.Х.Марғұланмен 1980 жылдың басынан бері тығыз байланыста болдым. Әлекеңнің столында Ғұбекеңнің маған таныс 1971 жылы жарық көрген үлкен кітабы тұратын және ол соны жиі қарайтын еді. Біз сонда сол кітап туралы талай әңгіме құрғанбыз.

Ғұбекеңнің еңбектерін білгенмен, өзінің бізге жерлес екенін білгендегі қуанышымның қандай болғанын көрсеңіз ғой. Осы аса құрметті ағамызды сыртынан білгенмен, өзімен жеке танысқаным 1980 жылы 15 июнь. Ол да бір тарихи күн еді. Сол күні жерлесіміз Көбейсін Батманов ­химия ғылымының Катализ саласынан керемет жаңалық ашып, Қазақ КСР Ғылым академиясында кандидаттық диссертация қорғаған еді. Көбейсіннің әкесі ардақты ағамыз Бердібай ­Батманов мені Алматы мейрамханасына кешкі отырыстан бұрынырақ кел деп өтінген еді. Мен келгенде сол мейрамхана директоры Ибулла Сариев ағамыздың кабинетінде бірнеше адам қымыз ішіп отыр екен. Сонда отырған Ғұбекеңді мен алғаш көріп танысқан едім...

 Сол күннен бастап біз Ғұбекеңмен өте тығыз байланыста болдық. Бір жылдан соң менің нағашым Шәкен ­Бейсенов қайтыс болды. Соның барлық шараларын Естөре Оразақов атамыз бен Ғұбекең басқарды. Мен солардың жанында болдым. Сол кездегі ардақты ақсақалдарымызды еріксіз еске алсақ, олар: Тұрар Қон­ды­баев, Шайқы Еркеғұлов, Жұмаш Ешмұратов, т.б. өкімет пен ғылымға ерек­ше еңбегі сіңген ардақты адамдар еді.

 Ғұбекеңмен талай рет мереке, тойларда бірге болдық. Бірнеше рет іссапарларға шықтық. Алматы, Шымкент, Маңғыстау облыстарына бірге бардық.

Ғұбекең арқылы басқа ағаларымды қалай тапқанымды айтсам, бір дастан.

Ғұбекеңнің балалық шағына менің өмірім де ұқсайды. Әке-шешеңнің жанында болған, әрине, жақсы ғой. Алайда жас кезіңде әке-шешеден айрылған бала еркін болады. Көкірегінде жалын оты бар бала әке-шешесіз-ақ шыңға жарып шығады. Ғұбекең ата-анадан ерте айрылған соң, жетімдер үйінде болып, он үш жасынан бастап өз еркімен өз өмір жолын бастаған...

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

тарих ғылымының кандидаты,

Мадрид университетінің және

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың профессоры

1409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы