• Тарих
  • 01 Шілде, 2021

«НҰРБОЛДАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ» КЕЗІНДЕ...

Жазушы Нұрқасым Қазыбеков марқұмның «Ақыры құда болып тындық» деген бір шағын жазбасы 1999 жылғы бүкіл халықтың назарын аударған «Халықтық көші-қон Заңын» талқылау кезінде кезінде жарияланып еді. Қаламгер 1960-жылдардағы Шыңжаннан оралған қазақ көшінен кейін адамдар арасындағы кикілжіңнің аяғы құда-жегжат болумен тез ұмыт болып, тігісі жазылып кеткендігін әңгімеге арқау еткен-ді. Қызыл қырғынның зобалаңында босып кетіп, қайта келіп қосылған қандастарды, ол кездегі қазақы қалыбынан арыла қоймаған атамекендегі қауым жылы қабылдап, тіпті көп өңірде, әсіресе Талдықорған аймағында «қайта туғандар» деп атаған екен. 

 

Ал ХХ ғасырдың соңындағы бейбіт көштің басы Моңғолиядағы қазақтардан басталған еді. Совет билігі шатқаяқтап тұрған шақта қозғалған қазақ көшінің легі 1991 жылдың Наурыз мейрамында атамекенге ат басын тірегені бүгін тарих болып қалды. Ол көшті бастап келген жан заманында Моңғолияның Құрылыс вице-министрі, Құрылыс, сәулет саласын бақылау комитетінің төрағасы болған, көрнекті қоғам қайраткері Зуқа Жапарұлы болатын. Демек биыл бейбіт көшке 30 жыл толды.

Бейбіт замандағы қазақ көші егемендік тарихын­дағы ірі құбылыс болды. Ол туралы талай айтылды, бағасы әлі талай берілетіні анық. Кеңестік жүйеде күтілмеген бұл жайтты қазақ халқы етене қабылдағанына дүйім жұрт куә. Кейбір ұлт өкілдерінің жылы орнын суытып үдере көшуге, ойлануға да түрткі болғаны аян. Іле-шала Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түркия, Иран сияқты мемлекеттерден қазақтар Атамекенге ағылды, елге ел қосылды, ұлттық жаңғыру, еңсе көтеру, жаңару үрдісіне серпін берді, нарыққа өту кезеңі де келіп жетті, көптеген қиындықтарды келген ағайын да «көппен бірге көрген ұлы той» деп бағалады, бөлісті, шама-шарқынша үлестірін қосты.

Алайда тіршілік ырғағында болып тұратын ұсақ кикілжің мен әлеуметтену үрдісінде шеттен келген ағайынға қаратыла айтылатын мақтау, жаттау, базына болмай қалмайтыны да белгілі жайт. Тіршілік заңы солай. Алайда, қамкөңіл оралман ағайын «бір атым насыбайға өкпелегіш» аталарынша кейбір тұста келген елімен, моңғол, қытай, сарт, орыс, түрік деп атауы әсте ұната қоймайтын. Олар мұны сол тұста кемсіту, ат қою, айдар тағу, қазақы қалыбына қарсы көңілге селкеу түсіретін жайт ретінде қабылдайтын. Кейде араздықты қоздыруға, ел бірлігіне селкеу түсіру үшін әдейі қоздыратындар немесе туындаған қиындықты оралмандардың кесірі ретінде көрсету әрекеті де байқалатын.

Дегенмен, іргелі жұрт «бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз», «қой аңсағысмен мың дейтін» іргелі қазақ жұрты салиқалы, пейілі кең, дегдар әдетімен, әрі ел билігінің саяси ұстанымының беріктігі арқасында кез келген қиындықты тез еңсерді. Бүгін оның бәрі ұмыт болған. Ел бірлігі арта түсті, елге ел қосылды, әлемге үлгі болды. Шүкір дейміз.

Сондай кездегі 1990-шы жылдардағы қазақ ауылында болған оқиға бүгін ағайын арасында өткенді еске алғанда еріксіз, езу тартқызар «демі «тарих». Төменде өмірдің өзінен алынған оқиға қазақы қалып пен елдің берекесінің «суретін» ағайынмен бөліскенді жөн көрдік.

...Жоңғар Алатауының шалғайдағы (Алматы облысы) қазақы ауылына Моңғолиядан көшіп келген бір топ ауылды жергілікті халық жылы қабылдап, етене араласып, ағайын-жегжат болып кетеді. Байырғы тұрғындарының дені – бұрындар, ХХ ғасырдың 60-шы жылдары келген тағдырлас ағайындар. Сондықтан да болар оралмандарға ілтипаты ерен. Алайда күнделікті тірлікте «Моңғолиядан келген пәлен» дегеннің орнына тілдегі экономия заңдылығымен «моңғол» дей салатындар да әдепкі жағдай (қасақана айтатын тентектер де болған шығар). Ондайда кеше ғана көшіп келгендер көңілге ауыр алып, ренжіп қалатыны тағы бар. Ақыры мұндай келеңсіз жайт ауыл ақсақалдарына, ел ағаларының құлағына жетеді. Олар «тентектерді» жөнге салады. Кешікпей ағайын арасы құда-жегжат болып, тонның ішкі бауындай араластыққа ұласады.

Нүсіпбай ақсақалдың келіні де – «моңғол», өзі де алпысыншы жылдары елге келген – «қытай». Балалары мен немерелеріне көшіп келген ағайындарды «кемсітіп» атауға үзілді-кесілді тыйым салады. Ақсақалдың мектепте оқитын «асыранды» кенже есебіндегі қызға тарих пәнінен әлгі «моңғол» келіннің немере ағасы, яғни құда сабақ береді. Мінезі қатаңдау, сөзге шешен, бірбеткей ұстаз бір күні әлгі құданың кенже баласынан сабақ сұрайды. Кесір болғанда, «моңғол шапқыншылығы кезеңіндегі қазақ жері» жайында сауал тимесі бар ма? Оқушы қыз қалай бастаудың ретін таппай қиналады. «Моңғол деп айтуға болмайды» деген ата-апасының қатаң тапсырмасы тағы бар, әрі жеңгесінің көңілін де ойлайды. Ұстаз да «моңғол». Жоңғар немесе қалмақ деуге тарихи кезең де келмейді. Ақыры, қысыла-қымтырыла сабақ айтуды бастаған оқушы, жаңсыз сұраққа ойлана келе тыйым салынған «моңғол» ұғымын сыныбындағы оралман бала Нұрболдың атымен ауыстыруға бел байлайды. Сөйтіп, оқушы ұтымды жол ­тауып, «Нұрболдардың шапқыншылығы кезеңінде» деп бастап, берілген тапсырманы айтып «Нұрболдардың» қазақ жеріндегі жорығын, оның салдарын жақсылап айтып шығады. Мұғалім «бес» деген баға қояды.

Сабақ аяқталып, сыртқа шыққанда сыныптасы Нұрбол шатақ бастайды. құдаша қызға тиісіп жылатып жібереді. Үйге келе жатқан қызының жылағанын байқаған Бүбихан құдағи не болғанын сұраса, апасына арқаланған оқушы бірге келе жатқан құда бала Нұрболдың тиіскенін айтып шағымданады. Сөз салтымен, «қараң қалғыр» деп бастаған құдағи: «Неге тиістің құда бала?» деп сұраса керек. Ал Нұрбол қолындағы тасын жерге тастай тұрып, «айыпты» қыздың өзі екенін, моңғолдар шапқын­шылығы деп өзіне тигізіп айтқанына ренжігенін жеткізеді.

Мұны естіген үлкен-кіші ұзақ уақыт күлкісін тия алмайды. Жөн екен деседі, «айыпкер» кешірім сұрайды. Сөйтіп, бұл мектептегі тарих пәніндегі «моңғолдар шапқыншылығы кезеңі» Нұрболдың атымен біраз аталып кетеді. Ұрпақ алмасады, кешікпей «Нұрболдар шапқыншылығы» да ұмыт бола бастайды.

«Өмір тынбай алға жылжу емес, еміс-еміс өткенді еске алу» деп жазушы Оралхан Бөкей айтқандай, құда-жегжаттар мен осы ауылдың жастары бас қосқан отырыстарда «Нұрболдар шапқыншылығы» кезін еске алып, қыран-топан күлкіге ұласатын бір қызықты сюжет осындай.

«Атағың шықпаса, жер өрте» деген бекер, осындай жайттармен де «атын» шығаруға болатын көрінеді. Осындай қазақы қалыппен өскен, үлкеннің тілін алып, сөздерін екі етпеген жастар бұл күнде жас ортасында, елдің берекесін арттырып жүр. Ат тергегіш құдаша бұл күнде үйлі-баранды, есімі алмастырылған Нұрекең іскер. Оқиғаның куәгерлері кездескен сәтте өткенді еске алып, еріксіз езу тартады, араларында «Нұрболдар шапқыншылығы кезінде» тәмсілге, әзілкеш Тука Нұржан Төлендиев айтатындай «отбасылылық (ауылдың) приколына» айналған. Бұған енді езу тартпай көріңіз...

Бабақұмар ХИНАЯТ

2158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы