• Тұлға
  • 01 Шілде, 2021

«ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АРМАН-МҮДДЕСІН АЯЛАП ЖАЗҒАН»

Әдебиет әлеміне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Астана оттары» атты өлеңдер мен балладалардан құралған жыр жинағымен келіп қосылған Софы ­Сматаев табиғат берген ерекше талантымен жарқырап көрінген жазушы. Биыл сексеннің сеңгіріне көтерілген қазақ әдебиетінің хас жүйрігі  Софы Қалыбекұлы Сматаевты  оқырманға таныстыру соншалық қажет те емес секілді. Себебі жазушы Софы ағамыз қаламынан туған кесек- кесек туындыларымен ел құрметіне бөленіп, есімі аңызға айналған адам. 
Ол 1941 жылы маусым айының 22 жұлдызында Қарағанды облысының Киік стансасында дүниеге келген. Мәскеудің Болат және қортпалар институтын бітірген. Содан бергі аралықта қасиетті сөз өнеріне деген құштарлығы бір сәтте бәсеңдемеген Софы Сматаев, оқырман жүрегін эстетикалық ләззатқа бөлейтін 25 томдық ғажайып туындылар жазды. Оның прозасы да, поэзиясы да, драмасы да сан қырлы.

Cан алуан тақырыпты қозғайды, нені жазса да жеріне жеткізіп, иін қандырып оқырманға олжа салудан жаңылған емес. Жақсы кітап қашанда жан азығы, оқырман олжасы. Жазушы қаламынан туған ғажайып туындының бірі, һәм шоқтығы биігі – «Елім-ай» роман-трилогиясы. Қалың оқырманның  риясыз көңілінен шыққан бұл туынды қазақ елі басынан өткерген «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңін сезімтал суреткерлікпен көз алдыңнан өткізіп, шынайы сезімге, зор сүйіспеншілікке бөлейді. Кезінде «Елім-ай» трилологиясын оқып шыққан Дінмұхамед Қонаев Софы Сматаевқа: «Мұхаңның «Абай жолынан» кейін сондай кесек туындылар жазылмай кетті деп аузымызды қу шөппен сүртіп келдік қой.

«Халқым! Елім!» дейтін жүрегіңді таныдым, таптым ұлым. Ұлым дегенімді дұрыс ұқ, Софы-жан.

Тарихқа адалдық сендерде, жазушыларда болғаны қандай жақсы. Мұхаң, Есенберлин, енді сен қазағымның жоқтаушыларысыңдар. Іздедіңдер – таптыңдар» деген екен үлкен аталық мейіріммен.

Ұлтымен қоса жасасып келе жатқан «Елім-ай» атты тарихи туындының жарық көргеніне де елу жылға жақындапты. Содан бері бұл кітап милиондаған қазақ жастарын отаншылдыққа, ізгілікке, ұлтын сүюге баулитын рухани байлықтың қайнарына айналды. Шын мәнінде, «Елім-ай» кесек туынды, сойы бөлек шығарма, мұнда мұқым қазақтың зары айтылып, тағдыры жырланады, елдікті сақтаудың қаншалықты қасиетті, қастерлі екені шеберлікпен әдіптеледі.

 Софы Сматаев ағамыздың шығармаларына және жазушының өмір өткелдеріне үңілген сайын оны әділдіктің жоқшысындай сезінесің. Ол өзін туған елінен оқшау ұстаған емес. Оның барлық жазған-сызғаны ұлты туралы, ұлтының тағдыры, ұлтының мақсат-мұраты туралы. Елінің табанына батқан шөңге оның жүрегіне найзадай қадалған кездер аз болмаған. Кешегі желтоқсан кезінде С.Сматаев ОК жендеті Колбинің алдында тайсақтамай қазақ жастарына ара түскен адам. Бұл жөнінде белгілі жазушы  Қалмұқан Исабаев бір естелігінде: «1986 жылғы желтоқсанда «Брежнев алаңында орын алған оқиғадан жұртшылық хабардар. Мәскеуден нөкерімен  келген «интернационалист» Соломенцев Қазақстан ­Компартиясы бюро мүшелері – қазақтарды кіреберісте қалдырып, қазақ жастары қозғалысын қалай басуды сөз қылуға жергілікті  шовинистерді ғана жинап алады. Кенет, үлкен құзырлы өкіл бір пікірге келсе керек, қазақтарды да ішке шақырады. Насихат бөлімінің меңгерушісі Альберт Устинов Колбин қарсысындағы столдың бір жағында отырады да, өзге тұсын ұлт қатынастары секторының қызметкері Софы Сматаевқа ұсынады... Сөйтсе сырттағы дүбірді басу үшін орталық комитет атынан орысша, қазақша үндеу жазу керек екен. Сонда ­Сматаев қазақша  «Айналайын, балаларым...» деп басталатын үндеудің мәтінін бұрын бітіріп, оны Колбинге орысша аударып бергенде бірінші хатшы: «Какие они милые!» деп қазақша мәтінді лақтырып тастап Устиновтың жазғанын: «Сен осыны қазақшаға аудар!» дейді.

Үндеудің бірінші жолы «Казахский махровый национализм» (Қазақтың қараниет ұлтшылдығы...) деп басталады екен. Осы тұсқа келгенде Софы атып тұрып, Колбинге бұрылып, – Махровый шовинизм исі аңқыған үндеуді аудармаймын, – деп құзырлы кабинеттен шығып кетеді» (Қалмұқан Исабаев «Шенеуніктер ішіндегі жалғыз жазушы» мақаласынан).

Көріп отырғандарыңыздай  сол заманда қылышынан қан тамған қасаң билікке осылайша қарсы келу, қылпып тұрған ұстараны ұстаумен тең еді. Софы ағамыз соған жасқанбай барған, намысын қалқан етіп, арын жалау етіп Алашына ара түскен. Софы Сматаев осы әрекетімен елі үшін отқа түсуден шегінбейтін  ердің сойы екенін танытты. Осының бәрі оның ішкі азаматтық рухының биіктігі. Кісілік келбеті. Тасаға тығылмайтын тау тұлғалы асқақтығы. С.Сматаев жағымпаздық пен жанторсық мінезді жаны қаламайтын жан. Мұны оның шығармаларынан да көреміз. Ол өзінің өлеңдерінде екіжүзділікті, аярлықты:

«Жарамсақпыз,

тілмен қорған жасап,

Төбемізге төменді қондырамыз.

Құдайсызды құдай ғып, қолдан жасап,

Жан сақтаумен кімді біз оңдырамыз?» деп аяусыз  түйрейді.

Әділдік деген Алланың тоқсан тоғыз  көркем атының бірі, адам Аллаға мұқтаж, яғни әділдікке мұқтаж дейміз, себебі әділдік – ізгіліктің іргетасы. Алайда қоғамды іштей мүжитін, теңдік бермейтін өмірдің басқа қырлары бар. Оған жоғарыдағы жағдайлар дәлел. Заман өзгеріп, уақыт озған сайын әділдік те өзгеріп отыратын сыңайлы. Себебі әр заманның ұғымы әр басқа, «әр заманға бір сұрқылтай» деген. Яғни қатып қалған әділдік жоқ болғаны. Бәріміз де білеміз 86-жылғы Желтоқсан көтерілісінің  зорлықшыл, әміршіл жүйеге – әділетсіздікке қарсы болғанын. Бірақ сол уақытта Колбиннің сөзін сөйлеген, соны «әділдік» деп ұққан қазақтың белгілі азаматтары болды ғой. Жағымпаздық пен жарамсақтық қай заманда да болған, бола береді. Тіпті баяғы 32-жылы қазақтың басына аштықтың қара бұлты үйіріліп, әлеуметтік әділетсіздік дендеп келе жатқанда қазаққа ара түсудің орнына Голощекиннің сойылын соққан қазақтар болды ма? Болды. Сондықтан отаншылдық пен билікшілдікті шатыстырмаған ләзім.

Отан – ел мен жер, оның тілі мен мәдениеті, тарихы. Әлеуметке әділдік әкелетін заң ғана үстемдік құруы керек. Бірақ өмірде олай бола бермейді. Софы Сматаев қай тақырыпқа қалам тербесе де ұлтын ұлықтап, халқын қадірлеуді алға шығарады. Әділдікті жырлайды.Тарихын дәріптеп, тілін әспеттейді. Ойға, мұңға бастаса да сол биіктен, сол тұғырдан төмендемейді. Оның шығармаларында жасандылық жоқ. Не айтсада қазып айтады, жүрегінің сөзін маржандай тізіп, оқырманын қанатына ілестіріп, баурап әкетеді. Оны тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес...

 «Пәк жүрегім шошимын, кірлеген бе? Тозақ оты дуылдап тұр денемде» деп арына дақ түсірмеуге, қара орман халқын ренжітпеуге деген арда тілектен жаңылған емес.

С.Сматаев драматургия саласында да жемісті тер төкті. Оның қаламынан туған пьесалары Қазақстанның оннан астам ­театрларында қойылды. Сондай ақ Қазан, Нүкіс қалаларында да сахналанды. «Алтын құндақ», «Тағдыр», «Далам-ай – панам-ай!» пьесалары Алматы, Семей, Атырау, Шымкент қалаларында ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей көрермен көңілінен орын алды. Өкінішке қарай, автордың қойылымдары қазір бұрынғыдай сахналана бермейді. Жекелеген пьесалары Бішкекте, тағы басқа көршілес елдердің  театрларында бар. Көзіқарақты  көрермен білуге тиіс С.Сматаевтың  либреттосы бойынша сахналанған «Жұмбақ қыз» операсы Абай атындағы опера және балет театрында табыспен қойылған болатын.

Софы Сматаев үш бағытта толассыз тер төккен танымал сөз зергері,  адуын ақын. Оның өлеңмен жазылған  «Жарылғап батыр» туралы романы және Әз Жәнібек ханның уәзірі болған қасиетті Мейрамсопы бабамыз бен Қаракесектің ұранына айналған қасиетті Қарқабат анамыз туралы «Мейрамсопы – Қарқабат» атты сыр-дастаны көркемдігімен, тілінің өткірлігімен ерекшеленеді.

С.Сматаевтың 2015 жылы жарық көрген «Мұңлы ойлар» атты философиялық ой-толғаулары кімді де болса бейжай қалдыр­майтын мазмұны терең туынды. Бұны автор­дың даналыққа бет бұрған шағы дерсің. Мұнда адам пақырдың арсыз дүниеге алданып, ұяттан баз кешуі секілді қоғамның  асқынған індетін, әділетсіздік пен имансыздықтың құрбаны болған жетім мен жесірдің зар-мұңын, құлқынның құлы, қарынның ұлы болған шенділерді қарауылға алып  ар сотына тастайды. «Ұят кімде болса – иман сонда, Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деген хакім Абайша кестелі ой толғап, кеспірсіз қоғамға ашынып мұңға батады.

 Жазушының «Адамға қол жаю – кеудеңді тұл, көкірегіңді құл етудің бастауы» деуі де бекерден емес. Мұның жауабы «Өзгеден қаламай, өзіңнен сұрау бар» дейді. Мұнысы Адамнан сұрама, Алладан сұра деген тәмсілмен өзектес.

«Ар-ұятың – тәңірің!

Тәңіріңнен безінбе» немесе: «Өзің әрекет етсең, Құдай берекетін береді»,  «Пақырға көйлек кигізбесең де, кесіріңді тигізбе» деген секілді имандылыққа тұнған маржан сөздерге иланасың.

 «Мұңлы ойлар» кітабындағы  даналық мәйегіндей  сөздердің екі-үшеуін ғана теріп-теріп тілге тиек еттік. «Теңіздің дәмі тамшыдан» демекші, осы бір қысқа қайырым ой иірімдерінен-ақ, жазушының рухани әлемінің кеңдігін, білім білігінің молдығын байқайсың.

Жалпы Софы Сматаев үлкен жүректі азамат. Жақсыға қуанып, жаманға күйіне білетін, елінің ертеңіне қалтқысыз сенетін ұлт жанашыры. Оның әр шығармасын оқыған сайын жаныңа ізгіліктің шуағын сіңіресің.Сонысымен-ақ ол оқырман жүрегін жаулап, жас ұрпақтың жан сарайын байытады.

Иә, Софы Сматаев шығармалары туралы кең көлемді зерттеулер болашақтың ісі, ал жазушының тау тұлғасы туған халқымен бірге  жасап, жыл озған сайын зорая бермек.

Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне ұшан-теңіз еңбек сіңірген, кесек те, кемел жазушы, сөз зергері, арқалы ақын, талантты суреткер Софы Сматаев  «Құрмет»,  «Парасат» ордендерінің және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының тұңғыш иегері атанып, ұлтымыздың мақтанышына айналды.

Жанболат БАШАР

 

1257 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы