• Тұлға
  • 01 Шілде, 2021

ЖАНКЕШТІ ЗЕРТТЕУШІ

Осыдан бір-екі жыл бұрын бір іргелі жоғары оқу орнында мемлекеттік емтиханға қатыстым. Қазақ тіліне қатысты диплом жұмыстары да, магистрлік диссертациялар да негізінен әлеуметтік желідегі сөз қолданыс, соның стилистикасы, сондағы сөздік қор, т.б. ғылыми маңыздылығы күмәнді тақырыптарда жазылған екен. Сонда қастерлі қазақ тілінің басқа бар ғылыми зерттеу түйткілдері түгесіліп болып па еді деп ескерту айтуға тура келді.
Әр жайдан бір шалып, осыларды айтып отырғанда мәселені түптамырымен жөнге салу бағытында алдыңғы аға ұрпақ өнегесінде қажырын да, қайратын да салып жанкешті еңбек жасап жүрген қадірлі аға-замандас, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының тілдің таусылмайтын мұң-шеріне «Тіл эпопеясы» атты танымдық тұтас толымды еңбек жазғандығы, көсемсу емес, көрініп қалайын деп емес, жаны күйіп отырып, ел ағасы айтатын ауыр сөзді айту парызын бар кісілік қалпымен мойындап, қабылдап отырып жазғандығы туралы ойлаймын.

Дандай Ысқақұлының бұл еңбегінің жазылу барысындағы жеке түйіткілдер төңірегінде, тұтас өзектілік ауқымында ой қозғап, сөз айтылған мақалаларын жұртшылық іздеп жүріп, біріне бірі хабарлап, қауқылдасып, қайраттанып оқып жатты.

Ащы шындықтар айтылып, біржақты мінеп-сынау емес, Ана тіліне төнген қауіптің, Ана тілінің ондаған жылдар бойы басына түскен қайырсыз «бақытсыздықтың» тарихи зардаптарынан қайткенде, қалай тазарып, арылудың он-сан ықтимал, ғылыми негізді, әлемдік озық өнеге, кәрі тарихтың мың-сан тәжірибе сабақтарын тезге салып отырып жазылған мақалаларының жалпыға бірдей өтімділігі – бір қарағанда, тіл маманы емес, өз жайына да жүре беруіне болатын осы бір адамның азаматтық тұлғасында тұнған қазақы ұлтжанды, жалпыадамзаттық өредегі ізгі мазмұнмен біте қайнасқан айрықшылықтар.

«Шеттен енген сөздер сөздік құрамның жырымынан асып ­кетсе, тілдің өзіндік заңдылықтары, табиғи сипаты бұзылып, оның дербес өмір сүруіне қауіп төндіреді. Жаппай ­отарлау саясатының салдарынан қазақ тілі де осындай қыл үстіндегі халге, не ары, не бері боларлық шекараға келіп қалған еді. Қазір күн тәртібіндегі ең бірінші міндет – саяси соққылардан шалажансар күйге түскен қазақ тілінің бойына қан жүгірту, ол үшін оның үндестік заңына толық үстемдік құруын қамтамасыз ету, яғни шеттен енген сөздерді қазақ тілінің «кебін кигізіп қабылдау» (Ысқақұлы Д. «Рухани толғамдар» жинағы, 290-бет).

Дандай Ысқақұлы – тұп-тура бір ғасыр уақыт бұрын Алаш ардақтылары күн тәртібіне сауатты ғылыми негізде қойып, мәселе қозғаған, қыспақ, қысталаң уақыттың ыңғайында да жолға қойып, жөнге салу бағытында талай шаруа жасаған өзекті тарихи-рухани, ұлттық, қала берді жаһандық тілтану бағытында тынбай зерттеулер жасап, жазуын тоқтатпай жалғастырып келе жатқан «өнімді» зерттеуші.

Бұл адамның қазіргі руханият­тағы, қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұлғатану, көркемдік таным бағыт­тарын­дағы сан-сала, әмбебап зерт­теулері мейлінше сұранысқа ие болып отырғандығы термин тықпалап, сықитып ресмилендірмей, кім-кімнің де көкейкестісіне орнымен ортақтасып, кірісіп отыратын сөз ұстаудағы байыр­ғы қазақылық жөнге көбірек келетін жатық, жалпыға жағымды, ұғынықты тілмен сөйлеуінде деуімізге де болады.

Дандай Ысқақұлы қай уақытта да еңбектің адамы есебінде лайық­ты, құрметті орнында келе жатқан жанкешті зерттеуші болатын. Тәуел­сіздік жылдары еселеп еңбектенгені қай тақырыптың да түйткілін, түбірін барлағыш, аңлағыш зерттеу әдіс­намасымен де, замана тудырып отырған ой азаттығының мүмкіндіктерімен де түбірлес.

«Әдебиет алыптары» атты («Фолиант», 2004) бір жинағы бар. Осындағы қанға сіңіп, қазақ рухына түскен тұғырлы тұлғалар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин туралы жеке монографиялық тарауларды оқыған адам баяғыдан «белгілі» жайлардың беймәлім, тосын, өтімді, тауып сөйлеп, танып айтудағы жаңа бір тың серпін, ойға келмеген өзекті тұстарын ұғыну, сіңіру «бақытына» кенеледі.

Әмбебап әдебиеттанушы ­Дандай Ысқақұлының осы еңбегіндегі жеке тарауларды орта мектептің де, жоғары мектептің де «Қазақ әдебиеті» оқулықтарына бір сөзін де түзетпей, осы қалпында енгізуге болар еді.

Сөз қозғап, ой қорытып отырған тұлғаға қатысты айтылуы тиіс айрықша­лықтардың барлығы да тайға таңба басқандай айқындықпен, адамды ішіне тартып отыратын жатық, бос сөз қумаған орынды байыптаулармен мазмұндалып жазылатын, тұлғаның руханият тарихындағы орнын дөп көрсетіп құнарландырып отыратын, қазақтың жоғын түгендеуге арғы асылдарды көзге шұқып отырып көкейге құятын зерттеулерге зәрулік, түбегейлі рухани толғамдар тапшылығы сезіле түсіп отырған ендігі уақытта Дандай Ысқақұлының, үлкендерше айтсақ, «бір өзі бір ғылыми кітапхана» болып отырғандығы – ұлт олжасы. Рухани ризық.

Дандай Ысқақұлы ненің болса да нақты дерегін айтады. Содан өрбітіп қазаққа керегін айтады.

Мәшһүр Жүсіптің даңқы дәріптеуге зәру емес. Нақтылы әліптеуді күтіп жатқан құпиясы көп. Дандай Ысқақұлы қазақ руханиятындағы тұлғалық тағылымын аз сөзге көп мазмұн сіңіріп, ұтымды жеткізеді. Қадау-қадау айрықшалықтарына ден қоюдың оңтайлы әдістемесін, әдіснамалық тұғырларына өзіндік зерек зерттеу әлеуетімен ынтықтыра түседі. «Местің» әдебиет тарихындағы өлшеусіз орны жайлы келешек зерттеу­лерге шақырады.

Дандай Ысқақұлы не туралы сөз қоз­ғауында да мәселенің өзекті, түйткілді тұғырларын аңлатып, ай­қындап, айтып кетіп отыруында қазақ әдебиеті тарихын зерттеу бағыттарында түрен түспей, тың жатқан құбылыстар да жетіп артылатынын нақтылы мәнде құлаққағыс етіп отырудан жалықпайды.

Осы негізде жеке тұлғаның өмір­дерегі, рухани олжасы ауқымында айқындалып, қазақ руханияты тұтас­тығында бір әдіснамалық еңбекке сұранып тұрған, күн тәртібіне ­шы­ғарған, сұрыпталған басы ашық, өзекті ғылыми мәселелері бар.

Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт қайраткерінің жалпыадамзаттық өредегі зор тұлғасын құр тамсанып, құрғақ сөзден құрап көрпе жаппай, аңғарымпаз зыйындылық биігінде дәріптейді.

«Әдебиет танытқышта» кей мәселелер терең зерттелінген. Мысалы, Ахаң арнау туралы айтқанда сұрай арнау, зарлай арнау, жырлай арнау түрлерін көрсетіп, оған мысалдар келтіреді. Сол сияқты «қайталауды» да кеңірек түсіндірген. Кітапта бүгінгі күні қолданыла бермейтін «бүкпелеу» сияқты терминдер де кездеседі. «Сөзді ашып айтпай, ұшығын ғана көрсетіп айту – бүкпелеу» (сонда, 176-бет) деп оған мысалдар келтірген. Әдебиеттегі мұндай құбылысқа біз назар аударып жүрген жоқпыз» (Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. – Астана: Фолиант, 2004. – 25 б.).

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі, әдебиеттану терминдерін қа­лыптау ұстанымдары бойынша қазіргі ғылыми танымға орнығуы қажетті, ұғым айқындау әлеуеті мығым сөздерді назарға алып отыруында да елеулі  мән бар екендігі дау туғызбаса керек.

«Ахаң көркем әдебиеттегі сөйлем­дерді екі топқа бөледі. «Өрнекті сөйлемдер» аталған біріншісіне прозалық құрмалас, екіншісін «өлеңді сөйлемдер» деп, оған поэзиялық өлең сөйлемдерді жатқызған. Өрнекті сөйлемдерді, яғни құрмалас сөйлемдерді іштей себепті оралым, мақсатты оралым, ұқсатпалы оралым, шартты оралым, жалғасыңқы оралым, серіппелі  оралым, айырықты оралым, қорытпалы оралым деп сегіз түрге жіктеген. Құрмалас сөйлемдерді Ахаң бір кезде осылай жіктесе, қазір аздаған өзгерістермен себеп-салдарлы, мақсат бағыныңқылы, қарсылықты, шартты бағыныңқылы құрмалас сөйлемдер түрінде айтылып жүр. Ал ұқсатпалы, жалғасыңқы, серіппелі, айырықты, қорытпалы оралым түрлерінің тілші ғылымдарды ойландырары анық» (сонда, 25-б.).

Ахмет Байтұрсынұлының әде­биет­тану, тілтану, фольклортану бағытындағы зерттеу, ғылыми негіздеу ұстанымдарын Дандай Ысқақ­ұлы ұтымды, оңтайлы жеткізіп, арғы түпмәнін Байтұрсынов өресінде танып, тарқата саралауға ынтықты­рып отырады. «Мұрат қалып па? Кейіп қалып па?» деген бар Ахмет Байтұрсынұлында. Кәдімгі идея мен форма ғой. Дандай Ысқақұлының Байтұрсынұлы еңбектеріндегі зор маңызға қарайлататын аңдатпа сөздері, елеңдетіп отыратын пікірлері қазіргі рухани кеңістіктің қат қажеттіліктерінен өрістейді.

Мағжан өмірі, Мағжан лирикасы, Мағжан поэмалары – Мағжан Жұмабайұлының поэтикалық ғаламы Дандай Ысқақұлы зерттеулерінде айтылып келе жатқан көп өзгешелік, көп сипатын мүлдем тосын әрі маңызды қырларда табан тіреп танытудағы тапқыр тұстарымен тұғырланады. Мағжан ақындығын нақтылы бір туынды ауқымында интерпретациялаудың озық өнегесін қалыптайды десек, асыра сілтеу емес.

Бір ғана «Айда атыңды, Сәрсем­байдың» поэтикалық талқысы – сан қиырға «қаңғып» кеткен құндылық­тарды құнттаудың табылған тәсілі.

«Кенесарымен бірге азаттықтың ақ туы құлағаннан кейінгі қазақ даласының көрінісін: «Тұлпар – тулақ, ел арып, аруақ боп, Сарыарқа Сайран жердің сәні кетті.  Жолбарыстар жортатын сар далада, Қорсылдаған доңыздар мекен етті» деп суреттейді. Сөз құдіреті деген сол емес пе – бір шумақ өлеңде қазақ даласының саяси-әлеуметтік портреті бойынша көрініп тұр» (сонда, 78 б.).

Заман райы құбылған сайын қырық түрлі бағаланып келген әдеби мұра тарихын «мызғымайтын» кеңестік жүйе бұзылғанда, қайта тану ынтасы іргелі зерттеулерге бастаған тұста ақ пен қара текетіресі тағы байқалмай қалмады. Кешегі ақ бүгін қара, кешегі қара бүгін ақ болуы, қалай дегенде де танымдағы сыңаржақтық. Осы тұс байыпты тарихи зердемен еңбек жасаған ғалымдардың қатарында ­Дандай Ысқақұлы бар.

Саяси ұстаным, замана ­ахуалы және шығармашылық тұлға тағдыры бағытындағы таусылмайтын дау, бітпейтін текетірестер шарпуын­да ­Дандай Ысқақұлы тарих, ұлт алдындағы кәсіби борышына адал тұлғалық қалпында бой көрсетіп келеді.

Оның зерттеулерінде қазақ әдебиеті атты қастерлі құндылықты қорғау, құнарландыру парызында ғұмыр кешкен айтулы қазақ қаламгерлерінің қайталанбас кісілік, шығармашылық жаратылысы өмірлік негіз, рухани сәулелермен тұлғаланып келеді. Көбіне ұлттық құндылықтар дегенге енжар, селсоқ қарайтын, ендігі ұрпақ елеп-ескере бермейтін көп рухани құбылысты құнттау өнегесінде Дандай Ысқақұлының ғылымдағы, өмір ортасындағы өз кісілік болмысы мазмұндалған.

Қанипаш МӘДІБАЙ,

филология ғылымының

докторы, профессор

1244 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы