• Тарих
  • 01 Шілде, 2021

ЖӘҢГІР ХАНДЫ ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТАНЫТАР ТЕЛЕСЕРИАЛ

Отандық киноөндіріс тағы бір тарихи туындымен толықпақ. Алматыда Жәңгір хан туралы телехикаяның түсірілімі бас­талды.

Жаңа сериал «Сарай сыры» деп аталады. Желісі Бөкей ордасында 1823-1845 жылдары билік құрған Жәңгір ханның тұлғасы, хандықтың ішкі өмірі мен сол кездегі тарихи жағдайлар туралы болмақ. Бүгінде түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жобаның көркемдік жетекшісі Арман Сқабылұлының айтуынша, тарихи тұлғаның өмір жолы сериалға сұранып тұр. «Осыдан он шақты жыл бұрын  Қазақстанның Ресейдегі сол кездегі елшісі ­Зауытбек Тұрысбеков Бөкей хан ­жайында деректі фильм түсіруге тапсырыс берген еді. Сценарийін жазу маған жүктелді. Бөкей хан туралы мәлімет іздеп, Ресей архивтерін ақтардық. Сонда оның ұлы Жәңгір хан жайында да көп тың дерек таптық. Бізге Жәңгірді жағымсыз образда оқытты. Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың» деген сөзіне қарап, оны зұлым адам деп ойладық. Ал, ­шынында, Жәңгір көзі ашық, бірнеше тіл білетін, өмірі қайшылыққа толы адам болған. Махамбет екеуі бала кезінен бірге өскен, дос, рухани сырлас болған. Кейін екеуінің арасында не болды? Сериалда осының бәріне жауап табуға болады» дейді ол.

Көркемдік жетекішінің айтуынша, сериал сценарийі тарихи деректерге сүйене жазылған. Кейіпкерлердің сөйлеу мәнері, киген киімі де тыңғылықты зерттеп-зерделенген. Түсірілім тобы сол үшін Бөкей ордасының музейіне  арнайы барып, танысып қайтқан. «Жәңгір мен жары ­Фатима – қазақ даласына еуропалық стилді алғаш алып келген адамдар. Музейде олардың киген киімі, тұтынған француз сервизі, пианиносы тұр. Түсірілімде соның бәрін ескеруге тырыстық» дейді А.Сқабылұлы.

«Сарай сырының» басқа сериал­дардан айырмашылығы – негізгі оқиға сарай ішінде өрбиді. Ол үшін «Қазақфильмдегі» бір павильонда Жәңгір хан сарайындағы 12 бөлменің декорациясы жасалған. Бүкіл сахна сол жерде түсіріліп жатыр. Сериалдың қоюшы-режиссері – Бақыттас Санитас, продюсері – Шыңғыс Арманұлы. 

Көрермендер сериалды күзде «Қазақстан» ұлттық арнасынан көретін болады.

Майя МҰРАТБЕК

 

1342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы