• Руханият
  • 01 Шілде, 2021

САЛИҚАЛЫ САБАҚТАСТЫҚ

Қазақстан Тәуелсіздік алды! Осы бір ауыз сөз кезінде исі қазақты елең еткізді. Исі қазақ қуаныштан көз жасына ерік берді. Ұлттың рухы көтерілді. Біз де Азат, Дербес ел бола аламыз екен-ау, деген сенім пайда болды. 
Иә, біз тасқа жазылған жырларда айтылатындай о бастан, «қара жер, көк аспан жаратылғалы» бостан едік. Геродот жазған скифтер, қытай жазбаларындағы ғұндар күні кешеге дейінгі көшіп-қонған қазақтан аумайды.  Демек, қазақ мемлекеттілігін үш мың, тіпті бес мың жылдың ар жағынан іздеген жөн. Бізді күні кешеге дейін билеушілер «қазақ хандығы 1465 жылы құрылды» деп көрсетіпті.   Соның өзінде Ақ Орданы елеусіз қалдырыпты. Енді сол қателікті түзететін уақыт жетті. Тарихшылардың анықтағанындай қазақ халқы қырықтан астам ру-тайпалардан құралған. Олар жеке-жеке хандық болатын. Дегенмен, мұндай ойларды білгір, кәсіби тарихшылардың еншісіне қалдырайық.

Хандық дәурен Кенесары ханмен аяқталды. Қазақтың басынан бақ тайды. 1847 жылдан басталған бодандық, 1991 жылға дейін ұласты. Арадағы 144 жылда қазақ «мың өліп, мың тірілді». ХХ ғасырда қолдан жасалған ашар­шылық деген азаптан құрып кетуге шақ қалды. Сондықтан да саяси бостан болғанымызбен санадағы бодандықты сылып тастау оңай болмайтынын дәл  бүгінде күнде көріп отырмыз.   

Хош, сонымен 1991 жылға да жеттік-ау. Ақ түйенің қарны жарылды. Қазақ небір айдарынан жел ескен ұлы державалардың мұрагері екендігін, төрт құбыласы сай ел бола алатынын дәлелдеді.

Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Отыз жылда қазақ елінің жеткен жетістіктері, әрине, Елбасы­ның есімімен тікелей байланысты. Тәуел­сіздіктің елең-алаңында Тіл мәселесі көтерілді. Өзге ұлт өкілдері арасында бұра тартқандар, бұрқанғандар болды. Назарбаевтың бір ауыз сөзінен кейін  жуаси қалды. Олар да пенде екен.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасы дүниежүзіне бытырап кеткен қандастарымызды елге шақырып, үндеу жасады. Өйткені қазақ өз жерінде қырық пайызға құлдырап, азшылыққа айналған. «Елге ел қосылса – құт». Жергілікті ұлт өкілдерінің үлес-салмағы қазір сексен пайыз­дан асты. Қазақты қалаға жолатпағандардың күні өтті. Алматыдан бастап үлкен-үлкен шаһарлар қазақтанды.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасы өз Жарлығымен қырық жыл бойы ажал құсып жатқан Семей полигонын жапты. Семей өңірі Абай мен Шәкәрімді, Мұхтарды әлдилеген, Олжас Сүлейменов айтқандай ресейдің Ясная полянасы секілді қасиетті жеріміз болатын. Онда полигон зардаптары қазірде сезіледі.

Елбасы алғашқы жылдардан бастап Қазақстан шекарасын шегендеуге күш салды. Кейінге қалдырайық дегендермен келіспеді. Соның бүгін жемісін жеп отырмыз. Кеңес Одағының құрамында болған елдердің арасындағы жер дауы кейде тіпті үлкен соғысқа ұласқанын көргенде, өз Көшбасшыңа қалай разылығыңды айтпайсың.

Жер демекші, Қазақстанды Ресейге қайта қосқысы келіп дау шығарған жазушы Солженицын тоқсаныншы жылдары телеарналардан түспейтін. Дұрысы – көрші елдің шовинистік пиғылын Солженицын жасыра алмады. ­Демек, солтүстіктегі облыстарды қазақтандыру мәселесі өзінен өзі күнтәртібіне шықты. Бұған енді жайбарақат қарауға болмайды. 

Нұр-Сұлтан қаласы, расында Елбасының ерекше еңбегі. Әлемнің ең жас, әдемі де салтанатты астаналарының санатында. Елордамыз, әрі шовинистері күні бүгінге дейін дөңайбат көрсетуден жалықпайтын көршімізге, «Бұл менің жерім!» деген сес. Іргесінде тұрған елге мемлекеттігімізді әйгілейтін белгі. Немесе Солженицын, Жириновский секілділерге іспен берілген жауап.

Елбасы Сарыарқаның төріне ХХI ғасыр қаласын салдыра отырып, оны өзі күнделікті бақылап, әлемге танытуға да күш салды. Мысалы 2010 жылы әлем назары Астанаға ауды. Анау-мынауға көңілі көнши бермейтін Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының саммиті Астанада өткізілді. Оған дүниежүзіндегі ұлы державалардың Президенттері де жиналды. Қазақстан Астанасы әлемдік деңгейдегі жиындар өткізетін тәжірибе алаңына айналды. Қойылған талаптар мүлтіксіз орындалып жатты. 

Әлем елдерінде, әсіресе билік ауысқан кезде аласапыран болады. Соны көріп-біліп отырғасын да Нұрсұлтан Әбішұлы биліктегілердің қолынан келе бермейтін әрекетке барды. Яғни Елбасының тағы бір ерен ерлігі – Президенттіктен өз бетімен бас тартуы. Елбасының осындай қадау-қадау бастамаларын қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлікпен ілгері алып кете алды. Қазақ мұндайда Аллаға шүкір дегенді айтпай тұра алмайды. Иә Құдайға тәуба деген сөз осындайда айтылады.

Д.КӘМЕЛХАНҰЛЫ 

 

 

1561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы