• Мәдениет
  • 08 Шілде, 2021

БӘСІ БИІК «ЖАЛҒЫЗДЫҚ»

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Түркияның Анталья қаласында өткен ХІ Халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті. Фестивальге 23 мемлекеттің 24 театры қатысқан болатын. Шығармашылық ұжымдардың халықаралық бәйгесіне Қазақстан атынан қатысқан Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасын (Режиссері – Мұқанғали Томанов) осы шығармашылық бәйгеге ұсынған еді. Аталған шығарма бәйгеде топ жарып «Үздік театр» атанды.

 

Айта кетейік, Р.Отарбаевтың «Жал­ғыздық» шығармасы Кония қаласында өткен іріктеуге қатыстырылмай, тікелей 4 үздік театр қатарына жіберілген болатын. Төртеудің қалған үшеуі – Анкарадан, Анталья мен Испаниядан қатысқан өнер ұжымдары.

Рахымжан Отарбаевтың өзі өмірінің соңына дейін қызмет еткен  Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының «Жалғыздық» қойылымы көп көңілінде ерекше жатталғаны белгілі. Қойылымның басты кейіпкері анаға деген сағынышын жүрегінде әлдилеген Адам. Тоқсан минуттық спек­такльде анаға деген сағыныш пен аң­сардың аяулы мұңы өріледі. Қаламгер Рахым­жан Отарбаевтың «Жалғыздығы» тұтас адамзаттың жалғыздығы, күллі адам баласының жүрегін тербейтін, жылытатын, керек десеңіз, сыздататын жалғыздық. Шығарманың өне бойынан бес күндік жалғанның әр сәті де аяулы, ардақты екенін ұғынасыз.

 

Міне, көрген көрерменін бірден баурап алатын күрделі де терең шығарманы дүниежүзінің 24 өнер ұжымының арасынан драматургтер мен режиссерлер үздік деп таныды.

«24 театрдың арасынан озық төрт ­театрды таңдаған екен. Бұл біздің ­бабымыз бен бағымыз. Бір ерекшелігі – бұл фестивальде әр елден барған театрлардың озық үлгілерін ғана дүйім көрерменге көрсетеді. Бұл қазіргі театр өнерінің бағыт-бағдарын анықтау мақсатында өткізілетін үлкен фестиваль. Бір қуанарлығы, екі күн бойы қойылған «Жалғыздық» спектакліне деген жұрттың ықыласы ерекше болды. Ең соңында халықтың және режиссер-драматургтердің бағалауымен «Үздік спектакль» деген атқа ие болды. Тағы бір айта кетерлігі, Түркиядағы театр сахнасын түріктер өздері жасады. Тіпті сұрғылт бояуына дейін көңілімізден шығатындай етіп, дәл шығарып берді. Бас суретшіміз Темірбек Мұхтаров сахнаның өлшем бірлігін беріп, өзі қадағалап отырды. Бұл да халықаралық бәйгенің өте үлкен талап­тарға сай өткенінен хабардар етсе керек.

Өзіңіз де білесіз, «Жалғыздық» әңгімесінің жазылу стилі өзгеше, терең. Р.Отарбаев бұл шығармасында барлық өнер тудырушы хас шеберлердің мұңын айтады, солардың жоғын жоқтайды. Рахаң әңгімесін «Анам Шәменнің (Шәмсия) рухына» деп бастайды. Естуім бойынша қаламгердің анасы жастау кезінде суға кетіп қайтыс болған екен... «Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!» деп жанталаса тірі жан иесін іздеуі Рахаңның өз ғұмыр кешу кезеңінің де аз қалғанын аңғартып тұрғандай сезілді маған. Қойылымда В.Высоцкий әндері пайдаланылады. Мұнда сөз  аз болғанымен иірімдер жетерлік. Қойылымның ерекшелігі – жан дауасын іздеп келетін жолаушыны қарсы алатын топтасқан «Адамдар» легінде...

...Тағы бір жаңалығымыз – бір ­айдай уақыт бұрын Ресейдің Керчь қаласында өткен халықаралық ф­естивальде ­Атырау жастар театры ағылшын ­жазушысы ­Бернард Шоудың «Цезарь және Клеопатра» пьесасы негізіндегі «­Клеопатра» қойылымын ұсынып, 11 үздік шығармашылық ұжым ішінен тағы да топ жарып, Бас жүлдені алып ­келген едік. Бұдан бөлек, спектакльдегі ­басты рөлді сомдаған Ғайни Кукатова «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алған болатын. Әңгіме ауаны театр туралы ғой, сөз орайы келіп тұрғанда айтайын, дәл осы Керчь фестиваліне ең алғаш рет ұстазым, абзал азамат Қуандық Қасымов апарған еді. Биылғы фестивальде де ол апарған Жамбыл облыстық орыс ­драма театры да жүлдегер атанды. Өнерге адал, шәкірттеріне жанашыр Қуандық Қасымовтай ұстазыма да осындай сәтте алғыс айтқым келеді» дейді қойылымның қоюшы режиссері, ­Махамбет Өтемісұлы атындағы ­Атырау облыстық драма театрының Бас режиссері Мұқанғали Томанов.

Қаламгер жары, «Рахымжан Отарбаев руханият қорының» директоры Сәуле ­Отарбаева жазушы «Жалғыздығының» бәсі биік дүние екенін айтады: ­«Рахымжан – ағысқа қарсы жүзген адам. Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушы. Ол қазақ драматургиясында жұлдызды жол қалдырған қаламгер, қазақ ­театрын биікке көтерген қалам иесі. Туған елі, ана тілі, қазақтың кестелі сөзіне жанкештілікпен қызмет етті, сөз-құдіретке ғұмырын арнады. Оның қаламынан туған «Жалғыздықтың» қазақ сахнасын ғана емес, әлем сахнасын мойын­датып келе жатқаны соның бір көрінісі. «Жолың нет­кен жарқын еді, талантың неткен биік еді, артыңдағы ізбасарларың ­неткен таза еді» деп, қуаныштан жүрек атқақтайды, «Осындай сәттерге өзі де куә болғанда ғой» деп, жанарыма мұң ұялайды. Бас бәйге тағы Өзіңде, өз театрыңда, «Жалғыздығыңда». Қойылымның режиссері Мұқанғали Томановқа, күллі шығармашылық ұжымға, актерлік құрамға да зор алғыс айтамын».

 

1730 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы