• Руханият
  • 08 Шілде, 2021

«Ішу, сүю – күнә болса, ғазал жазу күнә ма?!»

Неміс ойшылы Гетенің: «Шығыста жеті ақын бар. Олардың ең осалы – менен артық жазады» деп, Шығыс шайырларының шығармаларын жоғары бағалағаны бар. Шығыс дегені, анығында Шығыс мұсылман әлемі. Яғни Ислам өркениетінің аясында қалам тербеген шайырлар мұрасы. 
Ортағасырда сөз маржанын тере білген араб, парсы һәм түркі ақындары аз болмаған. Бірақ өздерінің қайталанбас жыр жолдарымен барша жұртты тамсандырған шайырлар шоғыры ­санаулы ғана еді. Олар жетеу, он, тіпті жиырма болуы да мүмкін. Әбілқасым Рудаки, Фердауси Туси, ­Низами Гәнжәуи, Адам Санаи, Фаридәддин Аттар, Қожа Хафиз, Сағди Ширази, Әмір Хұсрау Деһлеуи, Омар Хаям Нишапури, Әбдірахман Жәми секілді парсы сөз зергерлерінің қатарына Қожа Ахмет Ясауи, Жүніс Әміре, Имәдәддин Нәсими, Әлішер Науаи, Мұхаммед Физули, Бабарахым Машраб, Мақтымқұлы Пырағи секілді түркі саңлақтарын қоссаңыз, классикалық Шығыс мұсылман поэзиясының құдіретіне қанық боласыз. Десек те, қалам иелерінің арасында да «жеті» саны киелі саналып, жеті ақынның атын атау арқылы шабыт шақырған. Хәкім Абай алғашқы жыр жолдарында: 

Физули, Шәмси, Сайхали,

Науаи, Сағди, Фердауси,

Қожа Хафиз – бу һәммәсі

Мәдет бер, шағири фәрияд, – деп, әдебиет айдынында өзіндік орны бар парсы һәм түркі шайырларынан медет сұрады. Онысы түсінікті де. Өзіне дейінгі қалам иелерінің аттарын зор құрметпен атап, шабыт шақыру – қалыптасқан үрдіс.

Бүгінгі әдебиетімізде өзіндік орны бар Әсел Оспан да Шығыс мұсылман шайырларының аттарын атап шабыт шақырмаса да, солардың рухани мұрасының астарына үңілуге тырысқан.

Парсы әдебиетінде әр ақын белгілі бір жанрдың немесе өлең формасының майталманы болған. Мысалы, рубаи десе Омар Хаям, ғазал десе Хафиз, мәснәуи десе Мәуләуидің есімдері қоса аталады. Әрине, рубаи да, ғазал да, мәснәуи де бұл ақындарға дейін болған. Алайда аталмыш шайырлар иләһи ғашықтық сырларын жеткізуде өздеріне ыңғайлы формаларға жүгініп, сол өлең құрылыстарын әдеби жанр деңгейіне көтере білді.

Жанр демекші, Шығыс мұсылман әдебиетінде кең тараған жанр – ғазал. Сопы шайырлардың басым бөлігі өз ойларын жеткізуде осы формаға жүгінген. Яғни ғазал – классикалық шығыс мұсылман поэзиясының негізгі құралы. Осы жағына назар аударған ақын Әсел де: «Әлдиледі ғазал-түн Науаи боп, Хафиз боп», «Дән егеді жүрекке, жан балқытар ғазал үн», «Намазың да қаза боп, мәңгүрттенді ғазал басың», «Қолаң шаштың бұрымы ғазал болып өрілер» деп, Шығыс ғазалының сырына үңілуге тырысқан.

Ақын қыз Науаи ауылына да ат басын бұрған. Хафиздің Рукнабаттай кең өзенінен сусындаған Әсел Әлішер Науаидың ішкі жан дүниесіне оңай енді. Жыр басында «Мәрһам еді шіркін-ай, қара жүзім шарабы, Сезімдердің мекені – жүрек жанып барады» деп бастаған ол: «Мубтала боп жүрмін енді, сағынышқа сарғайған, Жүрегімде жарылыстар, толқыныстар, зор майдан» деп Науаидың әлемін жақсы аша білген. Жаратқанның жамалына ынтықтық жолда амал мен мансаптан бас тартқан Науаи «Құстар тілі» («Лисәнут-тәйр»), «Ұлылық қош иістерін таратушы махаббат жолдары» («Насаимул мухаббат мин шамаимул футууат») секілді т.б. шығармаларында кемелдік ұстындарын әдемі жеткізе білген. Науаи шығармаларынан кейін түркі поэзиясы тағы бір сатыға көтерілді. Оның «Екі тіл туралы пікір» («Мухәкәмәтул-луғәтәин») атты туындысынан кейін түркі ақындары өз тілдерінде шығарма жазуға бел буды. Мәурәннәһір, Хорасанды айтпағанда, Кавказ һәм Анадолыдағы түркі шайырлары да Науаидан әсерленді, тіпті кейбірінің «Науаи иіріміне» түсіп кеткен кездері де болды.

Науаимен шығармаларынан нәр алған ақындардың бірі – Мұхаммед Физули болатын. Оның жыр жинақтары қазақ даласына да таңсық емес. Абай мен Шәкәрім де өз шығармаларында оның есімін зор құрметпен атап өтеді. Шәкәрімнің «Ләйлә-Мәжнүні» осы Физули мұрасы арқылы дүниеге келген.

Физули да ғашық ақын. Сондықтан да оның тақырыбы ғашық-машұқ әлемі болатын. Ғашықтық болғанда да, кемелдік ұстындарына қарай бағыттайтын иләһи ғашықтық. Осы жағына назар аударған Әсел:

Бұл шайырым махаббаттың ақ жолынан таймаған,

Алпыс екі тамырында от, масаң-сезім жайлаған.

Сұлулықтың тәңіріне һижран болды, көр соқыр,

Өзге дүние тұманданып, оянбады жай санаң, – деп жырлады. «Тақ пен тәждің бағдары көр сипатты шыңырау, Бар жарықты махаббаттың шуағынан көруші ед(і)», «Махшар күні айтсам деп «сүю үшін жаралғам», Жаны, тәні бұғауланып, құзырына қамалған», «Ем қонбады дауасына тәуіптен де қайыр жоқ, Махаббаттың құдіреті шипасындай нәсіп ед(і)», «Көз жасымен жуады, қайран Мәжнүн есімін, Бұл махаббат оларға шешіп берген тең есеп» деген жолдардан Физулидің ғашықтық жолындағы мәжнүндік бейнесі толық ашылған. Себебі «Ләйлә-Мәжнүн» деген дастан жазған әзербайжан шайырының өмірі ғашықтық әлемінде өріліп еді. Сондықтан да өз шығармаларында ғашық-машұқ әлемінің сырын өлең сөзбен өрнектеген.

Әсел Оспан Шығыс мұсылман шайырларының ғашық­тық әлемін тамаша суреттей білген. Машұқын іздеген ғашықтың ішкі жан тебіреністерін, де әдемі жеткізе білген.

Ай нұрындай жарық па екен сол арудың дидары,

Жаннат гүлін тағдырына шарасыздық қимады.

Күн астының Күнекейі, гөзелі оның жыр бағы,

Гүлзарына Мақтымқұлы тіптен су да құймады, – деп басталатын жыр жолдарында ол түркімен шайыры Мақтымқұлының ғашықтық әлеміне әдемі ене білген. Классикалық түркі поэзиясының соңғы көшін арқалаған Мақтымқұлы да заманында ғашықтығымен аты шығып еді. Ғашықтар керуенінің соңғы жүгін арқалаған ол өзінің Сахыпжамалын іздеумен өмірі өтіп еді.

Сенің Сахыпжамалыңды мен көрдім деп кім айтар?!

Шырғалаңға түскен жүрек, халің мені мұңайтар.

Махаббаттың жолына түс, машахатын көр дағы,

Пақырыңа болысқын, мәрт көңілмен Құдай жар, – ­деген жолдарда Хақ жолындағы дәруіштің хәлі суреттелген. Сахыпжамал – сұлулықтың иесі деген сөз.

Ғазал – ғашық ақындардың ең көп қолданған жанры. Хақтың сырларын айтқысы келген шайырлар осы формаға көп жүгінетін. Рубаидай тым қысқа да емес, мәснәуидей тым көлемді де емес. Көлемі ішкі сырды ақтаруға жетіп жатыр. Оқырманын жалықтырмайды. Бұл жанрды айтуымызға себеп, «Ғазалийат» әлеміне енген Әсел Оспан Мақтымқұлыға арнаған тағы бір жыр жолдарын осы формаға жақын үлгіде бергенінде дер едік:

Талай жақсы пешенеме бұйырмай,

Асылын да қимай кетіп барады.

Арғымағы шауып өтіп, құйындай,

Үшбу дүние қарғып өтіп барады.

Көпіршітіп күпті көңіл күдігі,

Сабырыма сынап, у боп тарады.

Пендешілік, итшіл-өмір сүлігі,

Алты қарыс азу батып барады.

Аруз өлшемінде жазылмаған десеңіз, қафиясы мен рәдифі өзара ұйқасқа құрылғанын аңғару қиын емес.

Шығыс мұсылман әдебиетінің басым бөлігі өлең сөзден тұрады. Сол поэзияның да негізгі бөлігін ­ирфани шығармалар, яғни ғашықтық жырлар құрайды. Шығыс мұсылман әдеби кеңістігінде мың жыл бойына ғашықтық тақырыбы «үстемдік құрған» десек те болады. Сол ғашықтық тақырыбын жиі көтеріп, қасына жолап кеткенді Ләйләдей мәжнүн еткен Мәуләуи емес пе еді?! Иә, дәл өзі. Не айтса да, не жазса да ғашықтық тақырыбын қозғаған. Сондықтан да «Пир-е әшқ», яғни «Ғашықтықтың пірі» атанған Мәуләнә ғой ол.

Жалпы Мәуләуи әлеміне ену қиын. Шығыс мұсылман жыр көшінің ортасында тұрып, әлемнің өсіндей шыр айналып, айнала төңірекке ғашықтық дәнін еккен ол. Сондықтан да Мәуләуи шыңын бағындыру – Шығыстың сырлы поэзиясына тікелей жол табу деген сөз. Тіпті «Жұмбақ тіл» аталған ­Хафиз әлеміне де Мәуләуидің рухани мұрасымен кіруге ­болады. Ортағасырлық алыптар тобының ғашықтық сырларына қанық болған ақын Әсел сол Мәуләуидің өзімен «сұхбаттасқан». Парсы шайыры мен қазақ ақыны ғашық-машұқ әлемінің тілінде тілдескен. Әзәли машұқ бар жерде ғаріп ғашық та бар. Әселдің бұл жыры басқа Шығыс ақындарына арнауына қарағанда көлемді. Онысы түсінікті де. «Ғашықтық әлемінің пірі» туралы қысқа қайыруға болмайды:

Хазіреті Мәулана, жыр бағыңа тап келдім,

Шабытымды еселер, жауһарыңды бақ көрдім.

«Мәснәуи шәрифің» жүректерге гүлзар боп,

Қағбасындай көңілдің, орын алып қақ төрдің.

Іштей алты дәптерден тұратын атақты «Мәснәуи шәриф». Оқығанды диуана, тыңдағанды мас қылатын қиссалар жиынтығы. Мұндай гүлзарға ғашық болу қажет («Хазіреті Мәулана, болдым саған құштар шын, Жүректегі «Мәснәуи» – өңімдегі аяным...»). Сонда ғана ол бар құпиясымен бөліседі.

Мәснәуиді оқу жеткіліксіз, оның ішіне бойлау керек. Жоқ, бойлау да жеткіліксіз. Сол әлемге басы бүтін ену қажет. Егер ол әлемге ене алмасаңыз, онда тіптен үнсіз қалған жақсы.

Тарту еді «Мәснәуи» мағрифатшыл ұстазға,

Сүңгіп кеттім «көңілдің айнасындай» мұнтазға.

«Өлмей тұрып өлудің» бар сипатын бедерлеп,

Раббысының «тірілтер» ақиқатын тұтты арқа.

Әсел Оспан осы жыр жолдары арқылы Шығыс мұсыл­ман поэзиясындағы мажаз бен хақиқат сырларымен бөлісуге тырысқан. Осындағы әрбір шумақта Мәуләуидің ішкі жан дүниесі мен оның өмірінің жарқын сәттері өлең сөзбен өрнектелген.

Көп жыл өтіп арада жолықты олар тосыннан,

Бұл ұстаз – Шәмс Тәбризи, тақуа еді сопы жан.

Хаһ жолына һижран ед(і), ықтиярын берген ол,

Жүрегіне иман-нұрын нығметімен тоқыған, – деген жолдарда оның Мәуләуидің өмірін түбегейлі өзгерткен ұстазы Шәмс Тебризимен кездесуі баяндалады. Мәуләуитанушылар бұл кездесуді «Бәрхурд-е ду дарийа», яғни «Екі дарияның түйісуі» деп атаған. Яғни иман мен ихсан әлемінің сұхбаттасуы. Осы екі дарияның түйісуінен пайда болған алып толқындар Ислам әлемін қияметке дейін тербейтін болады.

Руханияттың көгіне Шәмс ұстазы жетелеп,

Зердесіне Құранмен қазық қақты шегелеп.

Көңіліне от қойды, лаулап бірге жанардай,

Ғибадатын жасады, зүһд жолымен еселеп.

 

Махаббатқа кенелмей, сопы бұлай марқаймас,

Шексіздіктер әлемінде көңілі оның ортаймас...

«Шикі едім, пістім, жандым!» үш ауыз сөз ғана,

Баян етіп бар ғұмырын, күпірліктен болды ада...

Руханият әлемінде әлі пісе қоймаған «шикі» Мәуләуиді Шәмс Тебризи ғашықтар әлемінен бір-ақ шығарған. Сол күннен бастап фақиһ, яғни шариғатшыл Жәләләддин Руми ғаріп һәм ғашық Мәуләуиге айналған. Оның «Өлі едім, тірілдім, жылап жүр едім, күлдім» («Мөрде будәм, зенде шөдәм, герие будәм, хәнде шөдәм») деп, күллі әлемге жар салатыны да осы кез.

Тасаууфта «фәнә филләһ, бәқа билләһ» аталған,

Жан мен тәннің арасында нәпсі судай тазарған.

Сүйген құлға бұл мәртебе өлшеуі жоқ тым асқақ,

Аллаһына мадақ айтып, әр таң сайын бозарған.

Ә.Оспанның бұл жолдарынан үнсіз ғана өтіп кеткен дұрыс. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл шумақты түсіну үшін белгілі бір дәрежеде рухани дайындық қажет.

Мәуләнә – түпсіз дария. Ол дарияның түбіндегі дүр мен жауһарды ғаууастар ғана алған (Қожа Ахмет Иасауи). Сондықтан да Мәуләуи әлемін Әсел Оспанның мына жолдарымен аяқтай тұрғанымыз орынды болмақ.

Дүниялар ұштасты ілім-ғылым, жыр-теңіз,

Жан толығып «Мәснәуимен» нығаяды іргеміз.

Арамызды бөлгенменен сан ғасырлар айнасы,

Хазіреті Мәулана, түн өшпесін білтеміз.

Жоғарыда біз біраз түркі оғландарының «Науаи иіріміне» түсіп кеткенін жаздық. Ал, енді «Мәуләуи иірімінде» парсы һәм түркі шайырларының біразы кетті. Әрине, Мәуләиге дейін де ғашықтық тақырыбын көтерген ақындар болды. Олардың рухани мұрасы бертін келе Мәуләуидей ақынның дүниеге келуіне әсер етті. Сондай ақындардың бірі – «Хамса», яғни «Бес дастан жазу» дәстүрін қалыптастырған Гәнжден шыққан Низами еді.

Біссіміллә деп бастайын ғазал басын,

Ми шіркін, ойларменен қажалғасын.

Машһұрлардың әлемін кеттім шарлап,

Білем онсыз көңілім тазармасын, – деп басталатын жыр жолдарында Ә.Оспан Низамидің бостанында біраз «серуендеген».

Аңыздан талып жеткен дастан бөлек,

Низами – шайырлардың ақтангері ед(і).

Тұлпар-жыр ғайып түннен суырылып,

Шолпандай жарқ етеді ақ таңға еріп...

Ғасырлардың өте шықты қаншасы,

Лағыл тастай жарқыраған «Хамсасы».

Тариқаттың жолдарынан адаспай,

Шоқ жұлдыздай қалып қойған таңбасы.

Низами сол заманда ел арасына тараған көшпелі кейіпкер­лерді (Хұсрау-Шырын, Ләйлі-Мәжнүн, Ескендір және т.б.) өлең сөзбен өрнектеп шыққан. Оның бұл бастамасы кейінгі шайырлар тарапынан қолдау тауып, әдеби дәстүрге ұласқан. Осы салада біраз ақындар бақтарын сынап көрген. «Хамса» жазбаса да, тым болмаса бір дастан жазуға тырысып баққан. Ортағасырлық шығыс мұсылман шайырларын айтпағанның өзінде, хамсаның аясында сомдалған біраз кейіпкерлер жүйесі қазақтың біраз ақындарына да азық болды. Абайдың «Ескендірі» мен Шәкәрімнің «Ләйлә-Мәжнүні» соның жарқын мысалы. Низами әлемінде пәруанадай шыр айналған («Пәруанадай айналып, шырмалайын») Әсел Оспан парсы шайырының Шығыс мұсылман әдебиетіндегі орнын әдемі ашып бере білген. Осы өлеңінің соңында Әсел ақын ортағасырлық түркі һәм парсы шайырларындай Низами рухының алдында тәзім етуді де ұмытпаған:

Жан құмартып, қарашықтан тамшы үзіп,

Шарап құйған көк кесем де таусылып.

Сусындадым ғибратыңа, ер шайыр,

Сен бәйтерек, мен жердегі талшыбық...

Кезінде Ясауи, Хафиз, Мәуләуи һәм Жүніс Әмірелердің бар мақсаты – Халиқ пен махлұқты, яғни Жаратқан мен жаратылғанды махаббатпен тану еді. Сол арқылы пенденің кемелдікке қол жеткізетінін алға тартып еді. Солардың рухани мұрасымен сусындаған Хакім Абай да «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, сол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және де Хақ жолы деп әділетті» деп, өзінің имани гүлін ұсынған болатын. Абайдың «Толық адам» концепциясының негізі Шығыс мұсылман шайырлары кеңінен жырлаған «Инсан-е кәміл» ұстанымымен астарласып жатқаны белгілі. Өкінішке қарай, біз сол бағыттан, осы тақырыпты көтерген шайырлар мұрасынан қол үзіп қалдық. Әлемді Абайша танып, үн қату үшін («Абай болып сүйем де адамзатты, Абай болып тіл қатам әлемге мен») руханиятпен байлайтын сол шынжырды қайта жалғауымыз қажет. Егер олардың туындаған жыр жолдарының сыртқы формасына емес, терең ішкі мазмұнын ұғына алсақ, ұмытыла бастаған кейбір адами қасиеттеріміз қайта жаңғырар еді. Ол үшін «Хақтан жырақ қалдырма, жаратқаным, Мейіріңді бірге төк нұрдан асыл» деп жырлаған Әсел Оспандай кей-кейде ғаріптіктің кейпіне еніп, ғазал жазсақ ешкім де жазғыра қоймас:

Шарап ішіп ғазал жазсам, ғаріп деме жазғырып,

Кеудем толы бір беймәлім тас үгітер жаңғырық...,

...Сырнай үні жанды баурап, батып кеттім тұмаға,

Ішу, сүю – күнә болса, ғазал жазу күнә ма?!

Төрәлі ҚЫДЫР,

шығыстанушы

981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы