• Руханият
  • 08 Шілде, 2021

КОНФУЦИЙДІ МЕКТЕПТЕН ЖАТТАТАДЫ

«Жарты ғасырға жуық ғұмырымды Қытайды зерттеп-тануға жұмсасам да, Қытайды жете білемін деп айта алмаймын. Оның үстіне, Қытай да, мен де, бүкіл әлем мен қоршаған ортамыз да ұдайы өзгеріп отырдық емес пе?» дейді белгілі шығыстанушы, 
тарих ғылымының докторы Клара Хафизова. Иә, заманалар көшінде бірде тату, бірде қату болсақ та, іргедегі елдің тыныс-тіршілігін біліп жүру, онымен ұдайы таныстықта болу, көршіңнің жаны нені шаттандыратынын, ал не нәрсеге жүрегі ­ауыратынын ұғынып ­отыру үлкен стратегиялық күш-қуатты қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қытайдың бары мен жоғы біздің де ұдайы қаперімізде жүрсе, қане? Ал қытайтану деп аталатын ғылым осы күні әлем халқының әр жоғары оқу орнында оқытылып, бүтін бір елді танитын іргелі салаға айнала бастады. Бұл білімнің бастауында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ деп аталатын қарашаңырақтың Шығыстану факультеті, оның ішінде қытайтану кафедрасы да бар екені анық. Қытайтанудың мәні мен маңызын, өзектілігін, мақсаты мен міндетін бізге анықтап, теориялық және практикалық тұрғыдан айқындап беріп отырған осы оқу орнының ұстазы, доцент м.а., Ph.D Нұржан Балтажанқызы Сапарбаева біз қойған сұрақтарға жауап береді. 

 

ИНТЕРНЕТКЕ ЖҮКТЕЛГЕН  РОМАНДАР ДА ӘЙГІЛІ

– «Географиялық тұрғыдан жақын­дық» деген сөз бар. Осы ұғымға сәйкес келетін Қытаймен көршілігіміз бізге қандай ерекшелік береді, қандай қауіптен хабар айтады?

– Кытай сияқты алып мемлекетпен көрші қонғанымыз бізге бірнеше жақтан ұтымды болып тұр. Себебі геосаяси тұрғыдан алғанда біз Қытай сияқты  мығым, экономикалык даму жағынан тұрақты мемлекетпен көршіміз. Мұның өзі алдыңғы қатарлы, заманауи  технологияларды елімізге импорттауға өте қолайлы әрі қолжетімді етпей ме? Қытайдан елімізге әртүрлі өнімдер тасымалданады. Мұның бір себебі, Қытайда ауыр өнеркәсіп зауыттары, жеңіл өнеркәсіп зауыттары, киім фабрикалары көп. Күллі әлем Қытайдың әртүрлі заттарды жылдам уақытта өндіре алатынын мойын­дайды. Сондықтан да елімізге қажет тауарларды біз үшін аса қашық емес Қытайдан бірден ала аламыз. Қытайдың бізге жақындығынан ұтатын бірінші себеп, экономикалық, сауда алмасу тиімділігі дер едім. Ал екіншіден, көрші тұрғандықтан, біздің жастарымызға да мүмкіндіктер есігі ашыла бастады. Қазақстандық студенттердің барып оқуына да өте ыңғайлы ел болып тұр. Мысалы, Жапония, Кореяға бару үшін жол шығыны көп кетуі мүмкін. Қытай көршіміз болғандықтан, оған барып-келу де оңайырақ. Оның үстіне бұл елдегі оқу бағдарламаларды ұсынатын жеңілдіктер біршама және гранттардың көптеп берілуі біздің студенттердің Қытайға барып оқуына мол мүмкіндік туғызып отыр.

Иә, Қытаймен көршіліктен үлкен қауіпті байқайтындар да, соған алаңдайтындар да көп. Қалай десек те, қауіптендік екен деп көрші болудан бас тарта алмаймыз. Себебі көршіні ешкім таңдамайды. Осы тұрғыдан алғанда ол қауіпті байқаған күннің өзінде оның алдын алып отыру – ең негізгі міндет болу керек деп ойлаймын. Ал қауіптің алдын алу үшін де оны жақынырақ білуге тиіспіз. Әр үлкен мемлекеттің қасында кішкентай мемлекет көрші болып отыруының, әрине, өзіндік бір алаңдайтын тұстары көп шығар. Бұрынғы дүние сондай еді. Қазіргі әлем құрылысы басқаша. Жаһандану үдерісі  кезінде мұндай қауіп алыс-жақындыққа байланысты емес болар-ау деп ойлаймын. Жаһандану алысты жақындатып жіберген жоқ па? Осы тұрғыдан алғанда көршіліктің қаупі ­туралы түсініктерді де жаһандану үдерісі  өзгерткенін ұғынып, сол өзгерістер негізінде қадамдар жасауы­мыз керек. 

Қалай десек те көршіміздің тілін, әдебиетін, мәдениетін, өнерін, дінін, философиясын, ­руханиятын, географиясын, демографиясын, салт-дәстүрін, саяси-әлеуметтік мәселелерін жете біліп, танып, зерттеп, болашағын бағамдап, кейінгі қадамдарын болжап отыру – қытайтанушылардың ғана емес, жоғарыда санамалап өткен салаларға жауапты мамандық иелерінің де бір міндеті ғой деп ойлаймын.

– Сөзіңізге орай көкейге бір сұрақ келіп тұр. Бүгінгі Қытайдың мәдени-әдеби келбеті туралы не деуге болады? Олар өз ішінде қандай қалам иесін оқиды, ал қаламгерлері, негізінен, қандай тақырыптарды жазып жүр?

– Қытай да заман көшінен қалып қойған жоқ. Яғни дүниежүзі жазушыларын толғантқан заманауи мәселелер қытай жазушыларының да қаламынан шығарма болып құйылып тұр. Олар да қоғамдағы өзекті мәселелерді, ескі мен жаңаның алмасуын, әкелер мен балалардың қақтығысын, әртүрлі жағдайларды,  қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін, Үлкен армандарды, ауыл мен қала тынысын суреттейтін романдарды оқырманына ұсынады. Өзім байқағанымдай,  Суй Дзычын, Шын Кы, Би Фейуй секілді  авторлардың романдары көп сұранысқа ие екен. Мысалы, Шын Кының романдарында сырттан келген шаруа мигранттардың өмірі суреттеледі. Мәселен, оның «Солтүстіктен келген әпкелер» атты романында адамдардың қай жерде дүниеге келгені, қай ауданда тіркелгені олардың өмір сүруіне жағдай жасайтыны байқалады. Оның шығармаларынан ұғатынымыз, егер сіз ортанқол ауданда дүниеге келіп, сонда тіркелсеңіз, оқитын, жұмыс істейтін жеріңіз де қарапайым болмақ. Ал ауқатты ­ауданда өмірге келіп, сонда тіркелсеңіз, өте жақсы мектепте оқи аласыз, өте жақсы жұмысқа тұра аласыз... Шын Кының «Солтүстіктен келген әпкелер» шығармасы осы мазмұнды ашады.

Ауыл тұрмысын бейнелейтін де бірнеше романдар бар. Олардың біреуін ғана мысалға алсам, Лән Кының «Динчжуан ауылында көрген түс» романын айтуға болады. Бұл жерде автор ауылдың тұрмыс-тіршілігін көркем тілмен кестелейді.

Қазіргі кезде интернет жүйесі көптеген авторға, жазушыға тең құқылы мүмкіндік бергендіктен, қаламгерлер әңгіме, романдарын интернет жүйесінде жүктеп, әйгілі болып жатыр. Мысалы, Жау Майсән деген автордың  «Халықтың атынан» деген романы интернет арқылы қалың жұртшылыққа жаппай тарады. Май Дзя деген автордың да шығармалары оқырмандарын солай тапты деуге ­болады. Бұл романдардың он бес мың данасы интернетте бір күннің ішінде сатылған екен. Қазір көптеген адам интернетті пайдаланғандықтан, ­интернет желісінде электронды форматта романдар көбірек оқылатындықтан, қазіргі қытай жазушылары ғаламторға да жақындай түсті. Ғаламтор арқылы өз жазбаларын оқырманға ұсынатын болды. Оқырман да өзі оқығысы келген қаламгерін кітаптардан ғана емес, ­интернеттен де тауып алатынын түсінді.

Бүгінгі қым-қуыт заманда адам­дардың уақыты шектеулі, кітапха­наларға баратын мүмкіндігі аз бол­ғандықтан, интернет жүйесіндегі романдар қолжетімді бола түскенін Қытайдағы әдеби нарық анық түсініп отыр. Метрода, автобуста интернет арқылы кітап оқу әрі тиімді, әрі бос уақытты оңтайлы пайдалану болып есептеледі. Сондықтан дәл қазіргі уақытта Қытайда интернетке жүктелген романдар да өте әйгілі. 

 

«АБАЙ ЖОЛЫНЫҢ» ЕКІНШІ НҰСҚАСЫ

АУДАРЫЛЫП ЖАТЫР

– Қытайдың көрші елдердің әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығы қандай екенін зерттеп көрдік пе?

– Қытайда, бәріміз білетіндей, қаламақы өте жоғары. Бір аудармашы әлдебір романды аударса, оған өте қомақты қаламақы төленеді. Сондықтан Қытай өзге мемлекеттердің әйгілі романдарын аударуға көп күш жұмсап жатқан қазіргі кезде олардың аудармашылары да белсенді еңбек етіп жүр. Әрбір мемлекеттің ең әйгілі, танымал шығармалары қытай тіліне толық аударылған немесе аударылып жатыр. Бір ғана аударма нұсқасымен шектелмей, оның бірнеше нұсқасы да оқырманға жол тартып жүр. Соның ішінде біздің «Абай жолы» роман-эпопеясын да ерекше атап кетуге болады. «Абай жолы» қытай тіліне бұрындары аударылған еді. Қазір екінші нұсқасы аударылып жатыр. Иә, Қытайда жыл сайын көптеген романдар баспадан шығады және қытай оқырмандары оларды қызыға оқиды.

– Ал олар өз әдебиеті мен мәдениетін сыртқы жұртқа қалай танытып отыр?

– Ең бірінші, Қытай шетелдік студенттерге гранттар береді. Гранттар арқылы студенттер Қытайға барып, сабақ оқып, Қытайдың тұрмыс-тіршілігімен етене танысады. Қытайдың мәдениетін біледі. Қытайдың сырын қал-қадерінше ұғынады. Ол да саясаттың бір түрі.

Қытайға барған студенттер болашақта өз елдеріне оралып, белгілі бір маман иесі болып, әрі Қытай туралы жағымды көзқараста болғандықтан, оларды көргенде өз туысын көргендей жатырқамайды деген ұғыммен қазір Қытай тарапынан шетелдіктерге өте көп гранттар ұсынып жатыр.

Екінші, БАҚ, интернет желісі арқылы да көп бағдарламалар, сайыс­тар жаппай жүргізіліп жатқанына бәріміз куәміз. Сол бағдарламалар мен түрлі сайыстар арқылы да қытайлық мәдениетті шетелдерге, жалпы жұртқа таныстыруға мүмкіндік бар.

Үшіншіден, туристік бағдарламалар да өте көп. Қытайдың көне қалалары, мысалы қытай қорғаны, «тыйым салынған қала», терракот сарбаздарын көргісі келген адамдар міндетті түрде Қытайға барады. Туристер Қытай сарайларын, иператорлар мекендерін көріп, таңдай қағады. Бұл, ең алдымен, үлкен жарнама деп ойлаймын. Қытайдың туристерге арналған тамаша жерлері өте көп. Себебі ­туризм өте жақсы дамыған. Жыл сайын Қытайға туристер толастамайды. Бұл да өз мәдениетін сыртқа танытудың бір құралы.

Ал қытай әдебиетін қазақ оқырман­дары да, өзге жұрт та біршама біледі. 

 

КӨРШІҢДІ ТАНУ – БОЛАШАҒЫҢ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

 

– Қытайдың оқу, білім, ғылым саласындағы жетістіктері туралы жеке-жеке әңгімелесек. Өзіңіз жете таныссыз ғой, оларда оқу-білім мен ғылымды игеруде қандай талаптар басым?

– Қытайдың үш аймағында: солтүстік-батысы, солтүстік-шығысы, оңтүстік-шығысында болыппын да, бір ғана аймағына: солтүстік-батысына ғана жол түспепті. Шыңжаң, Бейжің, Шанхай, Ханчжоу, Сучжоу, Шэнчжын, Гуанчжоу, Далян, Хайнань, Ланчжоу сияқты және өзге де кішкене қалаларын көрдім. Шыңжаң дегеніміз – Қытайдың солтүстік-батысы, Даляң деген Қытайдың солтүстік-шығысы, Шанхай, Ханчжоу, Сучжоу, Гуанчжоу деген қалалары Қытайдың оңтүстік-шығысында орналасқан. Жалпы Қытайдың солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысы өте жақсы дамыған. Мысалы, Бейжің өте өркениетті, жақсы дамыған, модернизацияланған қала. Метросы, жол тораптары тамаша, тіпті таңдай қақтырады. Қытайдың оңстүстік-шығысындағы Гуанджоудан алыс емес жерде орналасқан Шынчжын деген қаласы бар. Бұл қалада көптеген зауыттар салынған, сансыз техника бұйымдарын шығарады. Үрімші де жақсы дамыған, бірақ дамуы мен жоғарыда айтып өткен қалаларға қарағанда бәсеңдеу. Дегенмен, Үрімшіде де жақсы дүние көп.

Бакалавриатта Ланчжоу қаласында, сол қаланың Ланчжоу университетінде оқыдым. Қытай тілін оқытқан кезде, қытай тілі деңгейіне сәйкес топтарға бөлінеді ғой, сол бойынша сынақтан өткізеді. Бастауыш, орташа, жоғарғы деңгейдегі топтар. Мен жоғарғы деңгейдегі топта оқыдым. Студенттердің көбі орташа деңгейде оқығандықтан, жоғарғы деңгейде бес студент қана білім алдық. Кореядан екі студент, Чехословакиядан бір студент, мен және Франциядан келген бір студент оқыдық. Сабақтары өте жақсы деңгейде өтеді, студенттің білім алуын қатты қадағалайды. Қытай тілінің дыбысталуы, грамматикасы, қытай тілінің иероглифтері, қытай тілінде шығарманы қалай жазуға болады, қытай мәдениеті, қытай әдебиеті, тіпті қытайдың мақал-мәтелдері деген пәндерді жеке-жеке дәріс арқылы тыңдап, үйреніп шықтық деуге болады. Бізде олай емес қой. Қытай тілі дейміз де, соның ішінде бәрін бірдей үйретуді қолға аламыз. Ал Ланчжоуда бір қытай тілі сабағын әртүрлі сабақтарға бөліп, шашып тастаған. Сондықтан күндіз-түні қытай тілін әртүрлі қырынан оқып, танысасың. Бұл тіл үйренушіге өте ыңғайлы әрі оқу бағдарламасы үшін де өте тиімді. Себебі тілді үйрену мен оны оқытудың әдістемесі жан-жақты талқыланған, әбден сүзгіден өткен. Студенттің қабілетін ашуға деген барлық талпыныстар жасалған.  

Қытайдың шетелдіктерге деген қарым-қатынасы да өте жақсы екенін айтып өткім келеді. Шетелдіктерді сыйлап, құрметтеп, сол арқылы Қытай елі туралы жақсы әсер қалдырғысы келеді. Бұл, негізінен, саяси тәрбиеге де байланысты. Себебі қытайлықтар шетелдіктерге жақсы жағынан көрінсе, олар еліне көбірек келеді, жақынырақ араласады. Қытайға оқуға барсаңыз, міндетті түрде сізді қонаққа шақырады, ең болмағанда, мейрамханаға апарып қонақ етеді, сый-құрметін көрсетеді. «Неліктен қонақ қыла береді» деп ойлайтынбыз. Оның себебі: басқа мәдениетке өз мәдениетін жақын таныстырғысы келген ниеттерінде екен және өзге елдің мәдениетін де түсінгісі келеді. Ол мемлекетке ешқашан жол түспей, бара алмауы да мүмкін шығар, дегенмен, сол елдің азаматымен араласып, сол ел туралы көп ақпарат ала алады, мәдениетін біле алады.

Мен өзім Қытайда оқыдым, Қытай­дың білімі өте терең және қатал екенін айтып кету керек. Талаптары өте қиын. Барлық талаптарды орындаған кезде ғана жақсы баға алуға болады. Шетелдіктерге қатысты кішкене жұмсақтау саясат ұстануы мүмкін. Сабаққа қатыспасаңыз, емтихандарды дұрыстап өткізбесеңіз, бірден гранттан айырады. Қытайға барғанда міндетті түрде жақсы оқу керек. Ал сол мемлекеттерінің азаматтары тіпті үздік болғаны жөн. Оның себебі, Қытайда халық өте көп болғандықтан,  бәсеке өте үлкен. Онда оқуға түсу үшін белгілі бір балл жинау қажет. Оқу бітіргеннен кейін де жұмысқа тұрсаңыз, бір орынға он мың адам таласып жатады. Сол үшін бәсеке өте жоғары. Бәсекеге сай болуы үшін ата-ана перзентін кішкене күнінен әртүрлі үйірмелерге, қосымша сабақтарға береді. Қытайда бұл тұрғыдан қысым өте үлкен дер едім. Мысалы, қытай балалары таңғы сегізден кешкі сегізге дейін сабақ оқиды. Оларға өте көп тапсырма беріледі. Оның бәрін балалар орындаулары керек. Конфуцийдің сөздерін балаларға мектептен жаттатқызады. Мұны рухани тәрбие дейсіз бе, саяси көрегендік дейсіз бе – өз еркіңізде. Бірақ әрбір бала күнде-күнде Конфуций сөзін жүрегіне құйып есейеді. Сол үшін әрбір жеткіншек мектепке барғанда, ең алдымен, Конфуцийдің сөзін жаттатып барып, сосын сабақ басталады екен.

Күндіз-түні жаппай оқығандықтан, бала кішкене кезінен үлкен қысымда өседі. Ол мектепте жақсы оқуы, жақсы баға алуы, болашақта университетке түсуі керек. Ата-ана ол үшін баласына барлық жағдайды жасайды. Қытайда қазір екі балалы болуға рұқсат берді ғой. Бірақ олар әлі де екі балалы болуға келіс­пей отыр. Себебі бір баланы оқыту, жеткізудің өзі қымбатқа түседі.

 

ӘР ЕЛДІҢ

ӨЗ АРМАНЫ БАР

 

Қытайдың бірнеше өңірін аралап көрдіңіз. Ішкі хал-ахуалымен жетік таныстыңыз. «Қытай арманы» бар ма, бар болса, ол қандай?

– Әр елдің өз арманы бар ғой. Мәселе, сол арманға өзгенің арманын аяққа таптамай, жалпы адамзаттық құндылықтарды сақтай отырып жетуде деп есептеймін. Нақты сауалыңызға келсек, Қытай арманы Си Цзиньпиннің алға қойған саяси курсы. Қытай арманы дегеніміз – қытай халқының қайта ұлы жаңғыруын білдіреді. Си Цзиньпинге дейін де қытай басшылары мемлекетті ұлы державаға айналдыруды, Қытайдың әлем кіндігіндегі мемлекет ретіндегі әлеуетінің артуын, Қытайдың үлкен беделге ие болуын көздеген еді. Си Цзиньпин жаһандану кезіндегі әлемде ұлы державаға айналамыз дегенді халқына мақсат етіп қойды. Қытай арманына жету үшін қытай халқы ұлттық ерекшелігі бар  социализм жолымен жүруі керек деп біледі. Оған қоса қытай рухын сәулелендіру қажет деп санайды. Мысалы, Қытай елі өздерінде әлі де шешілмеген мәселелер бар деп есептейді. Оның бірі – Қытайдың әлі толық бірікпегені. Олардың ойынша, осындай мәселелері шешілген кезде ол ел ұлы державаға айналып, әлемдегі орнын  нық белгілейді деген сенім бар.

– «Бір белдеу – бір жол», т.б. үлкен жобалар аясында Қытай төндірер қауіп қандай, ол жобалардың бізге қолайлы тұстары туралы терең біле алдық па?

– «Бір белдеу – бір жол» жобасы – өзара бірігіп, Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту идеясы. Ол үшін Жібек жолының ХХІ ғасырдағы жаңа торабын салу керек. Оны 100 ел мақұлдап, 40-тан аса мемлекет келісімшарттарға қол қойған болатын. Жібек жолының құрлықпен өтетін тұсы, Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын көпір секілді Қазақстанның рөлі ерекше. Мұнай-газ құбырларының жүргізілуі, ауылшаруашылық өнімдердің Қытайға жеткізілуі отандық нарықты ерекше кеңейтетін болар. Дегенмен, бірнеше зауыттың Қазақстанға көшірілуі экологиямызға нұқсан келтіретіні анық. Бұл кәсіпорындардың ­Қазақ­стан­ға келуі, біздің мемлекетімізде зауыт­тардың салынуы ел экономикасына пайда әкеледі деп үміттенеміз. Ал ол зауыттарға жұмысшылар Қытайдан келсе, ол, әрине, ойлантатын, тіпті алаңдататын жағдай. Негізінде бұл жобаның барлығы ойдағыдай болып, жол бойындағы барлық мемлекеттердің тең құқықтық мүддесі ескерілсе, ұтарымыз көп деп ойлаймын. Жалпы инфрақұрылым жаңа сапаға көтеріліп, жолдар жасалып, зауыттар салынып, жұмыс орны ашылғаны экономикалық жағдайымызды жоғары сатыға көтереді деп сенемін.

– Қытай жолдары, сәулеті, жаңа қала келбеті күнде өзгеріп келеді ғой. Сізге осы бағыттары несімен ұнады? 

– Әрине, Қытайға барған кезде инфрақұрылымы ерекше ұнады. Жолдары тақтайдай, түп-түзу, кең, өте жақсы жасалған. Біздің мемлекетіміздің жолдары қайта жасауды, қайта жөндеуді талап етеді ғой. Биыл жасалған жол келесі жылы жөнделіп жатады. Бір түсінгенім, Қытайда жол салу үшін тіпті табиғи құбылыстар да айрықша назарға алынады. Желкем, жауынды күндері жұмысты тоқтата тұрып, күн райының дұрысталуын күтеді. Қытайға барған кезде, ең алдымен, жолдары қатты ұнады.

Қала келбеті де тамаша. Алып, көпқабатты үйлер, әдемі ғимараттар ерекше көз тартады. Бәрі де ыңғайлы, бәрі де жақсы жобаланған. Әрине, біздің елімізде болашақта осындай керемет ғимараттар, жолдар болса деген үмітіміз бар. Қазақ «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді ғой. Қай елдің болса да, жақсы мінезінен үлгі алсақ, одан ұтылмайтынымыз анық.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

503 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы