• Әдебиет
  • 08 Шілде, 2021

СӨЗІ – ОЙДЫҢ ӨРНЕГІ

Айдарды  жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева отандық ғылымның дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан белгілі ғалым. 

 

Фаузия Шәмсиқызы туралы әңгіме бола қалғанда, ғалымның қазақ тіл біліміндегі тілдік қатынас мәселесін теориялық тұрғыдан таразылағаны және оның әдістемелік жағын жан-жақты қарастырғаны сөз болады.

Қазақ тілі теориясы, қазақ тілінің оқыту әдістемесі, тілдік қатынас теориясы мен әдістемесі бойынша жарық көрген 500-ден аса монографиялық еңбек, оқулықтар мен әдістемелік құралдары және ғылыми мақалалар ғалымның шығармашылығының кең, ауқымды, әралуан екендігін көрсетсе керек.

Сөз құдіретінің тылсым күштерін терең меңгерген ғалымның «Ой өрнегі – сөз» атты кітабынан ерте дәуір жәдігерлерінің бірі – «Оғыз-нама» дастаны туралы толғамдарын, сонымен бірге қазақ тіл біліміндегі синонимдер жөніндегі монографиялық еңбегімен таныс болу мүмкіндігі бар екенін оқырмандар қаперіне сала кетуді жөн көрдік. Сондай-ақ жарық көрген бес томдық шығармалар жинағы мен «Өнегелі өмір» серия­сымен шыққан кітабынан ғалымның ғылыми зерттеулерімен толыққанды танысуға болады.

Қазақ тілін сапалы оқыту мәселесіне  ерекше көңіл бөліп, оны деңгейлеп оқытудың алты әдісін ұсынуы – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, туған тілімізді тұғырына қондырамыз деп жұмыстанып жатқан кезде, құнды еңбектер қатарынан табылғаны тағы шындық.

Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің негізін қалап, оқулықтар жазған Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып ­Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонановтардың қазақ тілі мәселелері мен әдістемесіне байланысты зерттеу еңбектеріндегі құнды пікірлерді әдіскер мамандарға үлгі етудегі еңбегінің орны ерекше.

«Сапалы оқытудың кілті – іздену, тиімді әдістерді тауып, пайдалана білу, сабақ барысында үнемі түрліше әдістерге сүйене отыру керек» деген алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының тұжырымын әрбір әдіскер өзінің күнделікті өмірінде жарата білу керек деген ғалымның өзі де әдістеме ілімінің ілгері дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын ғылыми жұртшылық жоғары бағалайды.

Қазақ тілінде теория бар, бірақ оны оқытатын әдістеме жоқ дейтін жаңсақ пікірлерге ғалымның айтар өз уәжі де бар. «Қалай әдістеме жоқ болады, А.Байтұрсынұлынан бастап, Құдайберген Жұбанов мектебі қалыптастырған әдістеме бар. Ал оны біз кеңестер кезінде басқа тілге аудара алмағандықтан, бүкіл әлемге жеткізе алмадық. Бірақ қазақ тілін оқыту ең универсал, ең мықты, ең адамға жақын» деген ғалым қазақ тілінің оқыту әдістемесінің қалыптасуы ХХ ғасырдың бас кезінен бастау алатындығын нақты материалдар негізінде дәйектеп, оның себебі: «Бұл жылдары көрнекті ұстаздардың, қоғам-қайраткерлерінің, жазушылардың ұлттық тілдің ерекшелігіне, оның қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәніне көңіл аударып, қалам тартпағаны кемде-кем. Мұның өзі, біріншіден, қазақ тілінің қоғамдық өмірде маңызды орын ала бастауына ­байланысты, оның келешектегі рөлін ойлаудан туған тереңдікті т­анытса, екіншіден, ұлтымыздың сол кездегі көрнекті өкілдерінің ғұламалығын аңғартатын ­болса керек» деп түйіндей келе, тіл біліміне, әдістеме іліміне қатысты зерттеулердің аз болмағанын айтады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі сөз болғанда, басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесіне тоқталмау мүмкін емес. Бұл салада да әдіскер-тілші ғалымдардың ауыз толтырып айтатын зерттеулер аз емес. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған кезден бастап, игілі істер қарқынды қолға алынып, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар көптеп шығарыла бастады. Білім беру жүйесінің әрбір деңгейіне орайластырып жазылған еңбектер өзге ұлттың мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндіктер тудырғаны да рас. Мұндай еңбектерде фонетикалық, лексикалық, грамматикалық материалдарды бірлікте үйрету, сондай-ақ оқу, жазу, сөйлеу мен тыңдалым сияқты жұмыстардың жүйелігіне мән беру керектігі айқындалған ­болатын.

Мемлекеттік тілге қажеттіліктің артуы, қазақ тілінің қоғамдық қызметінің аясының кеңейе түсуі мемлекеттік тілді оқып үйрену үшін ­заманауи технологияларға негізделген әдістерді қолдана білуді күн тәртібіне көтерген болатын. Қазақ тілі әдістемесі, оны оқытып үйрету технологияларын жетілдіруді жан-жақты дамытуда тілдік қатынас теориясын тереңдетіп, оны әдістеме ілімімен ұштастыру міндеті қойылған тұста, профессор Ф.Оразбаеваның елімізде тілдерді меңгертудің методологиялық  негіздеріне бағытталған еңбектері ел игілігіне айналғаны рас.

Тілдік қатынас мәселесін теориялық тұрғыдан қарастырған ғалымның «Тілдік қатынас негіздері» еңбегіне кеңінен тоқталып өтудің себебі де бар. Өйткені тілдің қатынас құралы ретіндегі рөлі белгілі болғанымен, тілдік қатынастың тіл білімінің жеке мәселесі тұрғысынан қарастырыла бастағанына көп бола қойған жоқ. Профессор Ф.Оразбаеваның бұл еңбегінде тілдік қатынастың негізі сипатталып, құрамы мен басты қағидалары қарастырылған. Қазақ тіл біліміндегі тілдік қатынастың  терминдерін ғылыми қолданысқа енгізген. Ғалым «Тілдік қатынас сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу, қарым-қатынас жасау дегенді білдіре келіп, адамның екінші біреуге жеткізейін деген ойын жарыққа шығаруды көздейтін; қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді» дей келе, қазіргі өзекті мәселелер қатарында саналып отырған «тілдік қатынастарға байланысты құбылыстардың теориялық негіздерін анықтау; айтылған, берілген, жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін айқындау; сол сияқты қарым-қатынас құралдары мен бірліктерін, олардың қолдану жолдарын белгілеу» сияқты көкейкесті мәселелерді зерделеген. Реті келгенде айта кететін бір мәселе, бұл – тілдік қатынастың теориялық проблемаларын зерттеуге арналған қазақ тіл біліміндегі тұңғыш зерттеулердің бірі екендігі. Сондықтан да ғылыми орта Ф.Оразбаеваны тілдік қатынас теориясының методологиялық негізін қалаушы деп таниды.

Фаузия Шәмсиқызы ғылыми жұмыстармен қатар әкімшілік қызметті де ұтымды ұштастыра алғанын айтқанымыз абзал. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу-әдістеме жұмыстары жөніндегі проректоры лауазымында болғанда, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, әр бағыт бойынша білім бағдарламаларының іске асуына жол көрсеткен білікті басшы бола білді. Педагогикалық мамандықтар бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының жетекші ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде бекітілген ұйымның ғылыми-ұйымдастырушылық ісіне белсене араласты. Филология факультетін басқарған кезде де тіл теориясы мен методика саласындағы айтулы ғалымдар шоғырланған елге белгілі ұйымға айналдырды. Ал жиырма жылға жуық кафедраға басшылық етіп, әрі диссертация қорғау кеңесінің төрайымы болған тұста, тілші-әдіскер ұстаздардың ғылыми-педагогтық қызметте абыройлары асып, олардың докторлық және кандидаттық диссертация қорғауына көп қолғабыс етті.

Ғалым идеяларын одан әрі дамытып, қазақ тілінің қатысымдық қызметіне байланысты қомақты еңбектер жазып, ұстаз ілімін ілгерілетудегі шәкірттерінің үлесі де мақтан етуге лайық. Оның жетекшілігімен қорғалған оннан астам ғылым докторы мен қырықтың үстіндегі ғылым кандидаттарының көбісі бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін жазылған кешенді оқу басылымдары мен мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторлары екендігі айтқанымызға дәлел. Мұның өзі профессор Фаузия  Оразбаеваның ғылыми мектебі қалыптасқанын көрсетері анық.

Фаузия Шәмсиқызы ұстаздық етумен бірге, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысып келеді. Әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік тілді одан әрі дамыту бойынша құрылған комиссия мүшесі ретінде нақты ұсыныс-пікірлерімен, оқшау ойларымен ерекшеленетінін көпшілік жақсы біледі. Мәселен, қазақ тілін деңгейлеп оқытудың әдістерін жүйелі түрде жүзеге асуына үлес қосып келе жатқан ғалымның терең білімін, ұшқыр ойын, ұсынысын көпшілікке өткізе алу қабілетін Мемлекеттік тілді одан әрі дамыту жөніндегі Премьер-министр басқаратын Үкіметтік комиссияның кезекті отырысында, профессор Ф.Оразбаеваның «Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мәселесі»  бағдарламасын таныстырғанда, комиссия мүшелерінің бірі ретінде, отырысқа қатысқандардың берген оң бағасынан-ақ байқаған едік. Әсіресе ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын Лингвистикалық комиссияның бірнеше рет мүшесі болып тағайындалуын – билік тарапынан көрнекті ғалымға көрсетілген құрмет деп бағамдауға болады.

Сонымен, тілдік қатынас теориясын тереңдеткен, тілдің қатысымдық қызметінің негізін қалаған және мемлекеттік тілді көпдеңгейлі оқытудың қазіргі заманға сәйкес заманауи әдісін ұсынған Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, профессор Ф.Оразбаеваның еңбектері ел игілігіне айнала берері сөзсіз.

 

 

1735 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы