• Мәдениет
  • 08 Шілде, 2021

ҚОҒАММЕН ҮНДЕС ҚОЙЫЛЫМ

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Бертольт Брехтің «Есірген шешей және оның балалары» атты пьесасының желісі бойынша «Пері қатын» драмасы сахналанды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін қамтыған туынды бүгінгі күнмен астасып жатыр. Қоғамдағы талас-тартыс, ақ пен қараның айқасы, қатыгездік, екіжүзділік көрініс беретін қойылымның тіпті неміс драматургінің жазбасы екенін естен шығарып аласың. Құдды бір дәл бүгінгі күнді, бүгінгі қоғамды суреттеп, бейнелейтін туындының қазақ көрерменіне жақын болуы режиссер Елік Нұрсұлтанның, аудармашы Асылбек Ихсанның әрі шығармашылық ұжымның ізденісінің жемісі дер едік.

Қойылымның басты кейіпкері Пері қатынның іс-әрекеті ойландырады. «Дүниеқор – дүниенің құлы» демекші, соғыс кезінде сауда-саттықпен айналысқан, үш баланың анасы Пері қатынды не ақтарыңды, не даттарыңды білмейсің. Үш баласынан да айрылған ананың тағдыры ауыр суреттеледі. Жеңіл сезімге беріліп, мылқау қызы Балаусаны өз қолымен жер қойнына тапсырмағаны жүрегіңді жаралайды. Көзіңнен мөлдір тамшы жас тамады. Балаусаны тапсырған адамдардың оны теуіп-теуіп, жатқан жерінде домалатып қалдырып кетуі – адамгершіліктен жұрдай қоғамның бір бейнесі іспетті. Оның қатыгез тағдырына налисың, зорланғанын көрген сәтте өмірден түңіліп кетесің.

Дінбасы – өте қу, әккі адам. Өзіне тиімді тұсын ойлап, бірде алай, бірде бұлай, түлкібұлаңдыққа салынып жүреді. Дінбасы бола тұра, бісміллә деп ақты тартып жібергенде құдай сүймес қылығына қарап, жиіркеніш сезімі бой алдырады. Енді бірде сахнада айтатын сөзін ұмытып қалуы мүмкін екенін ескертіп, кей тұсын жазбаға қарап оқып бергендей көрінеді. Көрерменде «қап, неге жаттап алмады екен» деген ой туады. Шын мәнінде, бұл режиссердің кейіпкерінің болмысын ашуы үшін қолданған тапқырлығы болуы мүмкін.  

Қойылым жөнінде режиссер Болат Атабаевтың пікіріне құлақ түрелік:

«Б.Брехт – өте күрделі. Әрине, бұл Германияның тарихына тікелей байланысты. Б.Брехт мұны жазған кезде Германияда отыз жылдық, одан кейін жеті жылдық соғыс болған. Соғыстан көз ашпаған ел. Соғыс кезінде өмір сүру мүмкін болмағаннан кейін, пайда табамын, бала-шағаны асыраймын деп келеңсіздікке барған матушка Кураждың (Пері қатын) тірлігі кез келген адамның тағдыр алдында бәрібір жауап беретінін көрсетеді. Бұл қойылымнан соны анық көрдім. Ол әрине әр адамның өмірінде болатын қателік, неғұрлым қателік көп істесең соғұрлым жаза ауыр болады деген мағынада айтуға болады».

Шынайы өнердің бағасы қашанда биік. Сан ғасырды жалғаған туындының қазақ сахнасында қойылуы – үлкен мәртебе. Қойылым барысында Пері қатынның бейнесін сомдаған Дария Жүсіптің актерлік шеберлігі ерекше тәнтті етті. Әртүрлі көңіл күйді сан қырынан көрсеткен актрисаның жүріс-тұрысы, болмыс-бітімі құдды өз рөлін сомдап жүргендей, өмірі мен өнері бір-бірімен астасып кеткендей, бір-бірінен ажырағысыз секілді көрінеді. Бұл актерлік шеберліктің шыңы болса керек. Пері қатынның тұңғышы Алтын кекіл (Қайрат Нәбиолла) мен екінші ұлы, қазынаны тығамын деп қашқан Кавказдық (Мағжан Асаубай), мылқау қызы Балауса (Нарқыз Тамабай), Дінбасы (Бауыржан Қаптағай), Ақ Бикеш (Мәдина Келгенбай) рөлдерінің қай-қайсысын алсаңыз да жүрекке жол табады.

Мұхтар Әуезов театрының 95-маусымы тың өзгеріс әкелген қойылыммен жабылды. Қойылымның бағасын көзі қарақты көрермен бере жатар. Біз ізденіске толы шығармашылық ұжымның жұмысына жаңа серпін мен сәттілік тілейміз! Театрда жолыққанша, ағайын!

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

1076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы