• Тұлға
  • 08 Шілде, 2021

ДУЛАТИШЫЛ, БАУЫРЖАНШЫЛ ҚАЗАҚ

Адамзат өркениетінің көп ғасырлық тарихындағы рухани мәдениет құндылықтарының кейінгі ұрпақтарға жетуінде көрнекті ғалымдардың, ақын-жазушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әдеби, ғылыми, тарихи-танымдық мұралары каллиграфтардың (құсни хатшылардың) әсем жазуларымен әдіптелген қолжазбалары қалпында түптелгендері де, уақыт өте келе тасқа басылған әріптермен терілген кітап болғандары да баспагер мамандар арқылы жүзеге асырылғаны мәлім. Қазақ мәдениетінің тарихында журналистік-жазушылық, қаламгерлік шығармашылығы аясындағы баспагерлік қызметі арқылы да отандық рухани құндылықтарды жаңа буын ұрпақтарға танытуда елеулі үлес қосқан кәсіби мамандар халық ықыласына ие болып келеді. Бұл орайда, Республикалық «Қазақстан» баспасында редактор, аға редактор, ғылыми-көпшілік әдебиеттер редакциясының меңгерушісі (1976-1985 жж.), «Санат» баспасының Бас редакторы (1996-1999 жж.), «Қазақ университеті» баспасының директоры (2000-2001 жж.) болып еңбек еткен баспагер, әдебиетші Мұхтар Қазыбектің елеулі қызметін айтамыз. XX ғасырдың ­70-90-жылдары мен XXI ғасырдың басында аталған баспалардан ­басшы-баспагер Мұхтардың ұйымдастырушылық, кәсіби біліктілік қызметі ықпалымен әдеби, ғылыми, тарихи-танымдық көптеген кітаптардың жарық көрді. 

Мұхтар Қазыбек – аудармашы қаламгер. Оның аудармасымен Ю.И.Караханның «Шахмат – ғажайып ойын» (1985), В.А.Шаталовтың «Ғарыш жолы – қиын жол» (1987), И.Артоболевский мен А.Коб­ринский­дің «Адам және робот» (1983) атты кітаптардың қазақ тілінде жарық көргені ғылыми-техникалық жетістіктер дәуіріндегі ауылдарымыздағы, қалаларымыздағы маман оқырмандардың танымдық психологиясына пайдалы әсер бергені ақиқат.

Сонымен бірге ол Бауыржан ­Мо­мышұлы­ның орыс тілінде жазылған туындыларын қазақшаға аударып, қолбасшы жазушының әскери ғылымның теориялық-тәжірибелік негіздерін жүйелеген «Соғыс психологиясы» атты дәрістер жинағын оқырмандарға ұсынды. Бұл кітапты үш бөлімге («Соғыс психологиясы», «Майданнан жазылған хаттар», «Әңгімелер, мақал-мәтелдер») топтас­тырып, «Қанмен жазылған кітап» деген атпен жарыққа шығарды (1991). Майдангер жазушының әскери қолбасшылық қызметін танытатын бұл кітаптың қалың оқырманға ұсынылуы – әдеби, мәдени, рухани тұрғыда аса маңызды мәселе.

Баукеңнің архивінен алынып жариялан­ған бұл еңбектер кітап басу ісіндегі ең айтулы жаңалық болды. Өйткені батырдың ауызша оқыған дәрістерінің өмірлік тағылымы аса жоғары еді. Бұған арнайы тоқталып өтпекпіз.

Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде қысқа мерзімге (1943 ж. желтоқсан – 1944 ж. қаңтар) елге келген майдангер қолбасшы ­Бауыржан Момышұлының Алматыдағы Ғылым Академиясы басшыларының ұйымдастыруымен арнайы оқыған дәрістерінің түпнұсқалық стильдік-поэтикалық ерекшеліктерін толық сақтай отырып, қазақшалаған қаламгердің аудармашылық шеберлігін айқын аңғарамыз. 1944 жылы 19 қаңтарда КСРО Ғылым Академиясы қазақстандық филиалының залында майдангер қолбасшы Бауыржан Момышұлы жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылым салалары қайраткерлері қатысқан жиында, солардың сұрауы бойынша 6 күн бойы арнайы дәрістер оқиды. Ғылым Академиясы филиалының президенті Қаныш Сәтбаев және көрнекті жазушылар, ғалымдар (Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Бек Сүлейменов, Шапық Шөкин, Кәрім Мыңбаев және т.б. – барлығы 18 ғалым) қатысқан осы арнайы дәріс сабақтары – қазақ тарихы үшін маңызы аса зор болды. Мұхтар Қазыбек аударған осы дәрістер тақырыптары әлем өркениетіндегі әскери ғылым жүйесіндегі соғыс шайқастарының сипатын, ондағы командирлердің, жауынгерлердің іс-қимылдарын ұйымдастырудың, жеңіске жетудің әдіс-тәсілдерін теориялық және тәжірибелік тұрғыда ұштастырып түсіндіруімен маңызды.

Көрнекті ғалым ұстаз – Мекемтас Мырзахметұлының «Архивте жатқан асыл» мақаласындағы дерегі бойынша «1944 жылы 19 қаңтарда КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық филиалының залында академия басшыларының ұйымдастыруымен тарих, әдебиет және өнер қайраткерлерінің таңдаулы шағын тобына полковник Момышұлы өткізген 6 күнге созылған әңгіме-дәріске жазушы Мұхтар Әуезов те белсене қатысады. Күні бойы оқылып, бір аптаға созылған осы әңгіме-дәрісті М.Әуезов ерінбей-жалықпай қалың дәптерін толтыра орыс тілінде конспектілеп жазып алып отырған. Мұқаңның бұл қолжазбалары «Бауыржан, его беседы, лекции читанные в течение 6 дней января 44г.» деген тақырыппен жазушының әдеби-мемориалдық музей үйінің архивінде №401 папкіде сақтаулы тұр.

Аудармашы Мұхтар қаһарман қолбасшы Бауыржанның осы алты күндік дәрістерінде баяндалған соғыс психологиясының барлық мәсе­лелерін (командирдің іскерлігі мен солдат­тың табандылығы, шайқас кезіндегі ержүректілік пен қорқақтық, әскери ай­бындылық пен тәртіп, генерал И.В.Панфиловтың тактикасы, опера­тив­тік, тактикалық міндеттер, ұрыс және шайқас, шабуылға шығу және қорғаныс ұрысы, тактикалық маневрлер: қоршап алу, орағытып өту, бұзып-жарып өту және шегіну, соғысу және солдат парызы, әскери устав, т.б. қамтыған дәрістерінің түпнұсқалық негізділігін сақтай отырып шебер аударған.

 «Қанмен жазылған кітапқа» М.Қазы­бектің қазақшаға аударып енгізген Бауыржанның хаттарынан (Мұхтар Әуезовке, Нұртас Оңдасыновқа, Қаныш Сәтбаевқа, т.б.) соғыс майданында жүрген қолбасшы қаламгердің қазақ әдебиеті шығармаларының көркемдік сипатын бағалаудың, қазақ жастарын адамгершілік-имандылық, ұлттық-отаншылдық рухта тәрбиелеудің өзекті мәселелерін көсемсөздік-қайраткерлік ұстаныммен жазылғанын оқимыз. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы» пьесасындағы кейіпкерлерді (генерал Панфилов, Төлеген Тоқтаров, т.б.), әскери тәртіпті, тактикалық-стратегиялық сипаттағы соғыс шайқасы оқиғаларын бейнелеудегі кемшіліктерді атап көрсетіп, пьесаға қосалқы автордың тіркелуіндегі лайықсыздығына сыншылық пікірін білдіреді: «...сіздің көркемдік қуаты күшті, өте бай, орамды, ұтқыр, ­шебер, тұшымды да терең ойлы, айшықты талантыңызға білімсіз, тар өрісті, парасатсыз қосалқы авторыңыздың қосарласуы жасанды, өкінішті, анайы болып шыққан екен» (228-б.). Ал Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің председателі Нұртас Оңдасыновқа (18 март 1943 жыл) жолдаған хатында қазіргі қазақ жастарының адамгершілік-имандылық қасиеттерін берік ұстануын, ұлттық дәстүрге негізделген әскери-жауынгерлік, отаншылдық тұрғыда өмір сүруін, халықтық-ұлттық спорт ойындарын дамытуды ұсынады: «Асық, шілік, жасырынбақ ойнау, жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, көздегіштікке, ширақтыққа, табандылыққа, сондай-ақ және ұрыста солдатқа ауадай қажет басқа да жақсы әскери (жауынгерлік) қасиеттерге тәрбиелейді. Соғыс тәжірибелері әдіссіздік – әлсіздік, ептіліктің – ерлік екеніне көзімізді жеткізді».

Бауыржан Момышұлының Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы М.Әбдіқалықовқа жазған «Қазақ тілі туралы пікір» атты хаты тап қазіргі уақытта да өте маңызды. 1944 жылдың 15-25 ақпанында жазылған бұл хатта сол кезде де, қазіргі Тәуелсіздік дәуірінде де Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің толық мәртебелене алмай тұрған өзекті мәселелері азаматтық сыншылдықпен көрсетілген: мемлекеттік жауапты қызметкерлердің қазақша-орысша араластырылған шұбар тілмен сөйлейтіні; ақын-жазушылардың шығармаларында да, бұқаралық ақпарат құралдары орындарында да, сонымен қатар ғылым салаларындағы кітаптарды, әлем әдебиетін аударуда да, т.б. орын алып отырған шұбар тілді мәңгүрттікті жүйелеп сынап атап көрсеткен. «Қанмен жазылған кітаптағы» Бауыржан Момышұлының осы хатының орысшаға аударып, қазіргі «Казахстанская правда» газетінде, «Простор» журналында, қазақша нұсқасын «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарында жариялауымыз керек-ақ.

Аудармашы Мұхтар Қазыбектің орыс тілінде жазылған Бауыржан Момышұлы­ның хаттарын, А.Бектің «Волоколамское шоссе» повесін Мәскеуде 1943, 1944 жыл­дардағы талқылауда сөйлеген Баукеңнің сөзінің (24 бет, 19 беттік) стенограммаларын қазақша соншама жатық етіп, ­шебер аударылғанын атап өтпекпіз. Бұл да әдебиет тарихымызда бұрын-соңды бол­маған оқиға. Баукеңнің ауызша айтқаны мен жазғаны бірдей – бұл сирек кездесетін құбылыс. Баукеңнің «Психология ­войны», «Қанмен жазылған кітаптарының» елімізде бүгінде әскери оқу орындарында оқу құралы ретінде оқытылады. Бұл еңбек бірнеше шет тіліне аударылып, сол елдердің Қарулы күштерінде оқу құралы ретінде қолданылады. Бұл еңбектер ҚХР-да басылып шыққан.

Бауыржантанушы бауырымыздың біз ерекше атап өтуге тиіс келесі бір еңбегі – бұл М.Х.Дулатидің асыл мұрасымен халқымызды қауыштыруы болмақ.

М.Қазыбек Шығыс өркениеті бастауын­да Бабырмен тізе қосып, қатар тұрған орта ғасыр ойшылы, қазақтың тұңғыш тарихшысы, жазушы, мемлекет қайраткері М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты энциклопедиялық сипаттағы еңбегін қазақ тіліне аударған қаламгер. «Тарих-и Рашиди» М.Қазыбектің ерік-жігерінің, азаматтық қажырлы еңбегінің арқасында бұрын бұл еңбек қазақ зиялы қауымы қолына тиген болатын. Ол 2003 жылы үш жылдай отырып, «Тарих-и Рашидиді» орыс тілінен қазақ тіліне аударып бастырды. Бұл көзайым мәдени мұра болды. Кейін парсы тілінде жазылғанымен үнді, қазақ, тәжік, парсы халықтарына ортақ әдеби мұра саналатын «Тарих-и Рашидидің» XVIII ғасырға жататын душанбелік түпнұсқасы негізінде тікелей Ә.Нұралиевпен бірлесе төл тілімізге аударып шықты.

«Тарих-и Рашидиді» аударуды 2004 жылы қолға алып, 2015 жылы тиянақтады, игілікті бұл жұмысқа табандай 11 жыл уақыт сарп етілді. 1 сыныпқа барған оқушы 11 сыныпты бітіретін уақыт, осыдан-ақ көз майын тауысып, қаншама тер төгілгенін сезіне аласыз. Тәжікстандағы қолжазба нұсқаның көлемі 365 бет, бұл толық нұсқаға жатады. Сонымен қатар Ресей Шығыстану институты Санкт-Петербург филиалындағы 260 беттік микрофильмді, Иран астанасы Тегеранда 2004 жылы жарық көрген басылымды, Санкт-Петербург кітапханасындағы үш көшірме нұсқасы пайдаланылыпты. Мұхтар дайындаған бұл басылым – М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабының түпнұсқасымен толық сәйкес еңбек. М.Х Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» – Ахмет Байтұрсынұлы жүйелеген әуезе текті жанрлар (шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме) тұтастай қамтылып, жазылған туынды деу керек. Күнделік, эссе, мемуар, өмірбаян сипатында синкретикалық жанрда жазылған бұл шығарма жазба әдеби дәстүрімізде сирек кездесетін күрделі прозалық мұра болып табылады. Шығарманың құрылымы мен композициясы де ерекше, ғұлама жазушы қара сөзбен қатар, поэзияны сабақтастыра қолданып отырады. «Тарих-и Рашидиде» автор 2,5 баспа табақтай өлең үзіктерін оқиға желісіне орай баяндалып отырған жағдайды күшейте түсу үшін әдеби тәсіл ретінде шебер қолданады. Өйткені М.Х.Дулати мемлекет қайраткері ғана емес, ақын да, суретші де тұлғасына тоқсан қасиет тоғысқан талант иесі де.

Кітапта тарихи тұлғалар, Моғолстанды билеген хандар, сол кезеңдегі саяси жағдай, халықтың тұрмыс-тіршілігі эпикалық тұрғыда кең тыныспен баяндалады. Қазақ хандығының құрылған жылын нақтылап жазып, хаттаған бірден бір ғылымилылық пен көркемділікті тұтастықта ұштастырған шығарманы түпнұсқадан төл тілімізге жазылғандай жібектей төгілдіріліп аударылуына ерекше ілтипат білдіріп отырасыз. Аудармада мін жоқ, жазушының баяндау тәсілі мен сөз қолдану мәнерін, шығарманың интонациясын, ішкі ырғағын өте нәзік сезіну – аудармадан айқын сезіліп отырады. Биік моральдық нысан көздеген шығарма М.Х.Дулатидің ақындық-жазушылық қабілетін, эстетикалық-этикалық көзқарасын, даналық тұжырымдарын, философиялық-гуманистік дүниетанымын танытады. Әдеби-мемуарлық дилогияның кіріспесінде Мұхаммед Хайдар Жарату­шыға мадақ арнап, өте терең философиялық ой толғайды. Мұны аудару да оңай емес-ті. Бұл әдеби-мемуарлық дилогияда келтірілген өлең үзіктері шығарманың терең философиялық-гуманистік ойларын үстемелеп, ерекше сипат беруде ерекшеленіп тұрады. Сондай-ақ «Тарих-и Рашиди» кітабының композициясындағы шығар­машылық көркемдік тәсіл қатарында қолданылған шағын әңгімелер ежелгі Римнің философ-жазушысы, тарихшысы Гай Ливийдің «Рим құрылуынан кейінгі тарих» кітабында қолданылған әңгімелерімен поэтикалық үндестік ­сипатымен ерекшеленеді.

Мұхтар Қазыбек – қазақ би-шешен­дерінің мәдени-әдеби мұраларының жиналып жариялануына, сонымен қатар зерттелуіне де өзіндік үлесін қосып келе жатқан этнограф қаламгер. Оның «Қазақтың би-шешендері» (ғалым Н.Төреқұловпен бірге) екі кітаптан (1-кітап: XII-XVII ғғ., 2-кітап: XVIII-XIX ғғ.) тұратын тарихи-танымдық жинақта қазақ халқының тұрмыстық-әлеуметтік ортасындағы елішілік халықтық-педагогикалық, тәлім-тәрбие жүйесінде ықпалды қызметтер атқарған 50 би-шешенге арналған тарихнамалық, әдеби-тарихи ғұмырбаяндар жинақталған.

Этнограф жазушы Мұхтардың «Қойбек би» атты әдеби-тарихи танымдық эссе кітабы да қазіргі рухани жаңғырудағы уақытымыздың талабына сәйкес жазылғандығымен ерекшеленеді.

Ол тілімізді дамыту бағытында бірқатар сөздіктер («Русско-казахский словарь», 1996; «Русско-казахский разговорник для работников торговли», 1995; «Русско-казахско-немецкий разговорник» (К.Эрлихпен бірге), Мәскеу, «Руский язык» 1990) жариялады.

Ұлы мерекеміз Наурыз елімізде енді тойлана бастаған кезде ол шұғыл түрде құрастырған «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүр» (1991) атты кітаптың оқырман қуанышына айналғаны мәлім.

Сонымен қатар қаламгер «Дауылда туған дарын» (2011), «Ғалам таныған ғұлама» (2018) атты кітаптарын оқырман­дарға ұсынды.

2011 жылы О.Сүлейменовтың 75 жылдық тойына байланысты ақын ғалым­ның «Тюрки в доисторий» атты кітабын «Атамзаманғы түркілер» деген атпен аударып бастырды. Ол Т.Рысқұлов мұраларын зерттеуші, 1999 жылы бауыры Ғ.Май­мақовпен бірге «Құпия кеңестер» деген еңбек жазса, кезінде Мәскеуден сатып алған, сондай-ақ еліміздің архивтерінен тапқан құжаттар негізінде «Т.Рыскулов. Материалы частного совещания националов. Архивные документы» деген еңбек даярлау үстінде.

2020 жылы «Тарих-и Рашидидегі»: өлең үзіктері» деген кітапша жариялады. «М.Х.Дулати: таным мен талғам», «Кашмирге сапар. Дулати жүрген ізбенен» деген кітап жазып бітірді. «Замана тарланбоздары», «Қаламгер қолбасшы» атты кітаптары оқырман қолына тиетін болады.

Ол Алматыда қиын жағдайда 1987 жылы №137, №115 қазақ мектебін, №129 қазақ балабақшасын тікелей ұйымдастырып ашты, Октябрь ауданының атын Түрксіб ауданы етіп өзгерту де М.Қазыбектің ұсынысы болатын. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қол бастаған Сәмен батырға Самсы ауылында орнатылған ескерткішке, Сайрамда жатқан Ботбай кесенесінің салынуына белсене атсалысқан.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Респуб­ликасының жаңа тарихындағы ұрпақтарға рухани азық болатын құндылықтардың насихатталуына елеулі үлес қосқан ­Дулатишыл, Бауыржаншыл қазақ Мұхтар Қазыбек сынды қаламгерлер дәстүрінің болашақта да жалғаса берері ақиқат. Бұл – ұлттық тарихымыздың рухани құндылықтарын ұлықтаудың жарқын жолы.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының

докторы, профессор

885 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы