• Тұлға
  • 08 Шілде, 2021

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

XX ғасырдың басы ұлтымыздың рухани әлеміне, төл тарихымызға есімдері алтын әріппен мәңгілік жазылған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай бастаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерін сыйға тартқан болатын. Алайда Мұстафа Шоқай тағдыры өзгеше құрылды, ол ғұмырының 20 жылдан астамын жат жерде, шет елде өткізді. Бірақ жастайынан мұрат еткен Түркістан аймағының азаттығы мен тәуелсіздігі, ынтымағы мен бірлігі жолындағы күресін бір сәт тоқтатқан жоқ, қайта алып ақпарат алаңында күшейте түсті. 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арнаған сөзінде: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық» деген еді. Бұл өсиеті мен түсінігі өзінің де мәңгілік танымы мен ұстанымы болып қалды.

Өзіндік салт-дәстүрі жеткілікті Торғай датқа, би, болыс Шоқай шаңырағында дүниеге келген Мұстафа қазақтың шынайы ұрпақ тәрбиесін жеткілікті көріп өсті. Төрт жылдық медресені екі жылда бітіріп, сауатын Сұлутөбедегі орыс-қазақ мектебінде жалғастырды. Өз кезіндегі атадан балаға мирас болып келе жатқан, талай ұрпақты рухани сусындатқан сан тақырыптағы аңыз-дастандарды оқыды. Ауқатты датқа, болыс ауылында да жиі болып тұратын ақын-жыраулардың ел билеген хандар мен өз жерін қорғаған батырлар туралы толып жатқан жырларын, көрші елдердің, Шығыстың, түркі тектес туыстардың әртүрлі қиссаларын бала Мұстафа естіп, жадында сақтап, оларды өмір бойы рухани азық етті. Сонымен қатар жас баланың түсінігіне алғаш әсер еткен жайлар да аз болмады. Озбыр әрекеттерімен халықты басынған патшаның жергілікті шенеуніктері аймаққа аты мәлім Шоқай әулетінің екі рет кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз иеленіп, ал орыс қоныс аударушылары егістігін тартып алып, оны өзара бөліске салған еді.

1902 жылы үш жылдық Перовск училищесін аяқтағаннан соң Ташкенттің ерлер гимназиясына түскен Мұстафа бұрын болмаған қалада бойын үйретіп, оның үстіне орысша сауатын жап-жақсы жетілдіріп алған соң, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Сол кездегі Түркістан аймағының бас қаласы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс және басқа ұлт өкілдері тұратын Орта Азия кіндігі Ташкентке елден келген кісілердің өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, Мұстафа жергілікті халықтың арасындағы әлеумет­тік теңсіздікті көзімен көріп, жүрегімен сезді. Басқаны былай қойғанда гимназия­ны өте жақсы бітірген өзіне тиісті алтын медальды өлкенің генерал губернаторы А.Самсоновтың орыс баласына жаздыруы да ұлы державалық шовинизмінің айқын көрінісі еді. Мұның барлығы туасы зерек гимназистің бойындағы ұлтшылдық қасиетті күшейтіп, осы озбырлықты басынан өткізіп отырған жергілікті түркі тектес ұлт өкілдеріне ­деген ерекше сезімін ерте оятады.

1910 жылы гимназияны ойдағыдай аяқтаған Мұстафа Петербург универси­тетінің заң факультетіне түседі. Арасында үзілістері бар бас аяғы 6-7 жылға созылған орталықтағы кезеңде Мұстафа, ең алдымен, Еуропаның білімі мен ғылымының тәтті дәмін татты, сонан соң сол кездегі орыс қоғамының демократиялық үрдістерін бойына сіңірді. Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен танысты. Студент кезінде ақ қоғамның саяси өмірінің ортасында болды. 1933 жылғы «Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) » атты мақаласында ол: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз» деп жазған болатын. Сондай-ақ Мұстафаның Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студентермен бірге 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құт­тықтау хаты мен мұсылман түрік жас­тарымен «Сиратель-мустаким» және Петро­градтың оқушы жастары («Сиратель-мустаким» и учаящаяся молодежь Петрограда) атты үндеуі оның, бір жағы­нан, ұлттық тіл мен діннің тазалығы үшін ерте күрескенін, екінші жағынан, Петер­бургтегі түркі тілдес жастармен жиі ара­ласқанын, пікірлес болғанын байқатады.

Мұстафа Шоқайдың саяси әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуында Ресейдің орталығында жолығып тұрған мұсылман қайраткерлерінің, әсіресе Алаш ардақтыларының ықпалы ерекше болды. 1905 жылдардан қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан идеяларын сонау Ташкентте естіген сияқты. Сол кезде айтылған ұстазының ғибратты сөзін 1939 жылы Мұстафа Шоқай: «Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» деуші еді» деп еске алған екен. Әлихан Бөкейханның ұсынысымен 1916 жылғы 10 тамызда Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен, фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Ф.Керенский бар делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде Мұстафа Шоқай Түркістанда болған еді. Бұлар өлкеде болып, Самарқанд, Әндіжан, Қоқан, Ташкент уездерін және кейбір ауылдық жерлерді аралап, жергілікті жағдаймен жақсы танысады. Бұл кейін Мұстафаның осы фракциясының бюросына қызметке келуіне игі әсер етеді. Оның қажырлы еңбегін, терең білімін, саяси сауаттылығы мен ерекше іскерлігін байқаған мұсылман депутаттар оған өздеріне әріптес ретінде қарайды. Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда ол Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін еді. Бірақ Мұстафаны басқа тағдыр күтіп тұрған болатын.

1917 жылғы наурыздың соңғы күндері Мұстафа Шоқай өзін Ташкентке шақыртқан жеделхат алып, сәуірдің басында Петербургтен Ташкентке бет алады. Жолда Орынборда өткен Торғай қазақтарының құрылтайына қатысып, өзін Түркістан өлкелік атқару комитетінің бірінші құрылтайына өкіл етіп сайлаған Ақмешітте бір-екі күн аялдап, сәуірдің 10 күні Ташкент қаласына жетеді. Ал 16-22 сәуір күндері Ташкентте өткен Түркістан мұсылмандарының бірінші құрылтайына қатысады. Өлке халқының саяси белсенділігі жағдайында Түркістан мұсылмандарының орталық кеңесі құрылып, оның төрағалығына Мұстафа Шоқай сайланады. «1917 жыл естеліктерінен үзінділерде» автор осы туралы былай деді: «Өз басым Түркістан ұлттық қозғалысының құрылысына ең соңғы қарапайым қара жұмысшы мердігер болып қатыссам да, өзімді асқан бақыттымын деп есептер едім! Бірақ тағдыр мені ұлттық қозғалысымыздың, ұлттық құрылысымыздың аса күрделі де жауапты кезеңінде өлкелік ұлттық ұйымның басына әкеліп қойды».

Ұлы тұлғаның азаттық үшін күресінің алғашқы жеңісі – Түркістан Мұқта­рияты болды. Бас аяғы 64 өмір сүрген өлкедегі бұл ұлттық мемлекеттік құрылым жергілікті халықтың саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының нақты көрінісі болатын. Бірақ Мұстафа Шоқай съезде сөйлеген сөзінде автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктерді жан-жақты көтереді. Содан Түркістан Уақытша үкіметі ең алдымен қарулы күштерді құру, қаржы және салық жүйелерін тәртіпке келтіру, мемлекеттік мекемелерді қалыптастыру сияқты жаңа мемлекеттің өткір мәселелерін жүзеге асыруды айқындайтын бағдарлама жасау­мен шектелмей, нақты істерге де кірісті. Мысалы, қаржы саласын бір жүйеге келтіру үшін, жаңа салық заңдарын айқындау үшін салық инспекторлар жиналысы өтеді. Жер мәселесіне байланысты заңдар дайындалады.

«Қоқан автономиясы» жариялан­ғаннан соң, Мұстафа Шоқай Орынбор қаласында өткен Екінші бүкілқазақ съезіне қатысады. Ол Түркістан өңіріндегі жаңалықты съезд делегаттарына жеткізіп, Қоқан автономиясының, жаңадан құрылған Алашорда өкіметінің мақсат-мүддесі ұлттық бірлік екенін айта отырып, екі мемлекеттік құрылымның бірге ­болуын алға тартты. Осы ­арада бір мәселеге арнайы назар аудару қажет 1935 жылғы «Түркістан» атты мақаласында Мұстафа Шоқай сол кездегі Түркістанның төрт бөліктен тұратыны туралы өз түсінігін былайша жазған еді: «1. Қазақ өлкесі (Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары), 2. Түркістан өлкесі (Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқанд және Закаспий облыстары); 3) Бұхара хандығы және 4) Хиуа хандығы».

Тағы бір мәселеге назар аударайық. Кейбір зерттеушілер Алашорда және Түркістан автономияларының қосылу мәселесі туралы Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай көзқарастарынан алшақтық іздейді, тіпті Алаш қозғалысы екіге бөлінді дейтін де жоқ емес. Меніңше, бұл мәселеде стратегиялық мақсат бір еді, ал тактикалық жақтан пікір алуандығы болды. Алайда өзі барынша сыйлайтын Әлихан Бөкейханның жан жақты түсіндіріп, мәселені Сырдария қазақтарының өздері шешкенін байып­тап айтқаннан соң, Мұстафа Шоқай ұстазының аталы сөзіне тоқтайды. Осы идеяны жеткізу үшін тез арада Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы екеуінің атынан жеделхат жолдайды. Ал Мұстафа Шоқай «Қазақ» газетінде Сырдария қазақтарына үндеуінде мынандай сөздер жазды: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Бүгін айырылсақ мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз». Бұл қазақ халқының біртұтастығын сақтау жөніндегі Алаш зиялыларының ортақ ұстанымы болатын. Ондай съезд шақырылып, делегаттарға Сырдария қазақтарының Алаш автономиясына міндетті түрде қосылуы қажеттігі түсіндірілді. Алайда сол кезде Азамат соғысының басталуына байланысты Орта Азия мен Қазақстанда қалыптасқан жағдай мен Сырдария облысының Түркістан автономиясы құрамынан бөлініп кетуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына соққы болып тиеді деген пікір негізге алынып, екі автономияның қосылу мәселесі өз шешімін таппай қалды. Мәселенің соңғы шешімі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы өткенше қазақ өлкесі де, Түркістан да өз алдарына автономия болып қала беруге келісіледі.

1918 жылғы 19 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны ­тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер Қоқан автономия­сын қанды қырғынға ұластырды. Қала үйіндіге айналды.

Автономияның құлауының себептері көп болды. Кеңес үкіметі оны алғашқы күндерден-ақ мойындамады. Большевиктер жергілікті халық арасында кең көлемде қарсы үгіт жүргізді. Соның салдарынан автономияның негізгі мақсаты мен мұратын жете түсінбеген бұқара халық тарапынан да оған тиісті қолдау көрсетілмеді. Ең бастысы, Петербургтен бастау алып, Ташкентте өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі оны Түркістан өңірінде қауіпті құрылым деп санады. Сонымен, 1917 жылғы сәуірден кейінгі большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне жолдаған Үндеуінде айтылған: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер! Тұрмыс тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт-дәстүрлеріңізге сай, өз қалауларыңызға орай құруға тиіссіздер!...» деген сөздер жел болып, көкке ұшты.

Тағдыр Мұстафа Шоқайға жарты ға­сырдан сәл астам өмір сыйлады, одан ар­тықты қимады. Оның «отызға да толмаған» жасын Түркістан аймағындағы ұлт азаттық күрес мұратына арнаса, өмірі­нің соңғы 20-жылдан астамын шетелде өткізді. Жат жердегі тірліктің тауқыметін тар­туға мәжбүр болды. Сондықтан Мұс­тафа Шоқайдың мәңгілік қызмет ететін болмысын, артында қалдырған шығар­ма­шылық мол мұрасын эмиграциядан тыс түсіне де, толыққанды аша да алмаймыз.

Парижге келген бойда Мұстафа Шоқай өзі бұрыннан жақсы білетін осындағы орыс демократтарымен қарым-қатынас орнатады. Бұл қадамға баруға оны екі жағдай мәжбүр етті. Оның бірі – күн көріс қамы болса, екіншісі – әзір басқа күрес алаңының жоқтығы еді. Сөйтіп, 1921 жылдан 1927 жылға дейін П.Н.Милюковтың «Последние новости» және А.Ф.Керенскийдің «Дни» газеттерінде корректорлық қызмет атқарумен бірге, 150-дей мақала жазды. Осы басылымдардың басым көпшілігі тікелей Орта Азия, Түркістандағы кеңестік озбыр саясатпен байланысты және айтарлықтай ықпалды болмаса, Кеңес көсемі И.Сталин 1925 жылдың 29-мамырында РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне арнайы хат жолдамаған болар еді.

Мұстафа Шоқайға саяси қызметті жемісті жүргізу үшін орыс отаршыл­дығына қарсы күресте Батыс елдерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мәселесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігі қажет болды. Алда тұрған стратегиялық мақсатты жүзеге асыру үшін тамаша саясаткер, қаламы жүйрік публицист Стамбұл, Париж, Берлин және т.б. қалаларының мінбелерінде сөз сөйлеп, Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты әшкерелеген баяндамалар жасады, мақалалар жариялады. Дегенмен, Еуропаның дамыған мемлекеттердің ішінде Түркістан ұлт-азаттық қозғалы­сына қатысты Ұлыбританияға ерекше мән беріп, оның Үндістандағы үстемдігінің жергілікті халықтың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына тигізген ықпалын зерделеді. Содан Англияны өз көзімен көруге, ондағы жағдаймен танысуға, қоғам қайраткерлерінің пікірлерін білуге ұмтылады. Осы мақсатта ағылшын тілінде бес алты мақала да жазды. 1924 жылдан 1934 жыл аралығында М.Шоқай Лондонда алты рет болып, француз тілінде жасаған баяндамалары терең ғылыми талдауларымен және философиялық пайым­дауларымен, өзгеше ой-түйiндерiмен, кейде таңғаларлық қорытындыларымен танымал ағылшын ғалымдарының аса қызығушылығын туғызады. Корольдік Халықаралық қатынастар институтында оқыған баяндамасына осындағы Кеңестің төрағасы Н.Малькольм былайша алғыс білдірген еді: «Құрметті Шоқаев мырза! Сіздің «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақырыпта жасаған баяндамаңыз үшін Корольдік Халықаралық қатынастар институты Кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. Институтқа көрсеткен қызметіңіз Сіздің тарапыңыздан үлкен ізгілікті іс болды. Сөйлеген сөзіңізге тыңдағандар шын ықылас қойып, риза болды». Мұндай институтта баяндама жасау құрметі кез келген шетелдік ғалымның пешенесіне жазыла бермеген еді. Ол Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуымен байланысты болғаны аян.

Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін күрес жолын Түркістан халықтарының тұтастығын сақтаумен, бір орталыққа бағынған ынтымақтастығын нығайтумен, егеменді ел ретінде өмір сүруі осы өңірдің жергілікті тұрғындарының іс қимы­лының, ой пікірінің бірлігімен байланыстырды. Сондықтан ол «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының Орталық комитетiнiң алдымен мүшесi, кейін жетекшiсі ретінде оның ең маңызды және маңдай алды міндетін былайша белгіледі: «1) Түркістанды орыс пролетариаты үс­темдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген үстемдігінің орнауына жол бермеу; 3) Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады». Бұл әр тарапта бы­тырап жүрген жас түркістандықтарды тәуел­сіздік мұраттар жолындағы қасиетті күрес майданына топтастырудың бірден-бір тиімді жолы болатын.

Еуропада «мұсылман эмигрант­тары­ның сөзсiз көшбасшысы» бола отырып, Мұстафа Шоқай ұлттық жаудың тым күшті екенін, сондықтан Түркістан ұлттық ұйымының бір міндеті басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз байланыс жасау мәселелерін қарастырады. Ол өзінің «Шептерімізді біріктірейік» деген еңбегінде: «Ұйым­дарымыз бытыраңқы. Араларында жүйелі байланыс жоқ. Іс-қимылымызды біріктіру жөнінде мықтап ойланатын уақыт келді. Біз – Кавказ, Украина, Түркістан, Еділ Орал, Қырым және егеменшіл казактар – күштерімізді біріктіріп, бір мықты орталық құруымыз тиіс. Бұл орталыққа біріккен әрбір ұлттық ұйым өз дербестігін сақтай отырып, сонымен қатар орыстың большевиктік немесе большевиктік емес империалистерге қарсы күресте біздің ұлттық бірлігімізді қамтамасыз ететін болады» деді. Осы мақсаттағы ізденіс Мұстафа Шоқайды Әзербайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украинаның және басқалардың өкiлдерi кiрген «Прометей» (Ресейдiң езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйы­мында қызмет етуге әкеледі. Бұл – сұң­ғылы стратег, тамаша тактик тұлғаның ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған бар­лық халықтардың тізе қосып, күш біріктірулерінің жолдарын жан-жақты іздестіріп, олардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық, тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады деген ойлардан туған идеясы болатын. Оның эмиграциядағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі ретіндегі ұйымдастырушылық қабілетін, өз ұстанымынан таймайтын саясаткер екендігін мойындаған эмиграциядағы әзербайжан қайраткері, «Прометей» ұйымы басшыларының бірі М.Векилли «Кавказ бірлестігіндегі» жікшілдіктерге тоқталып, оған «біздің ұлттық күштерімізді біріктіру жолында Сіздің көмегіңіз бен қолдауыңызды күтемін» деуі жайдан жай емес еді.

Түркістандағы ұлт азаттық күресінің түпкі мақсаты – ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты болуға тиісті дербес ұлттық мемлекет құру қажеттігіне Мұстафа Шоқай «Біздің жол» атты мақаласында алғаш көтерсе, бұдан кейінгі көптеген шығармаларында да бұл аса маңызды мұратты мәселеге қайта-қайта жүйелі жүгініп отырды. 1935 жылғы «Түркістан» атты француз тілінде жарияланған мақаласында большевиктерге қарсы жүргізіп жатқан күрестерінің, барлық іс-қимылдары мен тәсілдерінің негізгі мақсатын нақты былайша көрсетті: «Біздің ұлттық талаптарымыз – Түркістанды жат жұрттықтардың тепкісінен біржола құтқарып, өз тәуелсіздігімізді өз қолымызға алып, ұлттық мемлекетімізді құру». Тіпті ұлы тұлға мәдениет пен өркениет тек ұлттық негізде ғана жемісті бола алады және мемлекетті де тек ұлттық негізде құруға болады деп ескерткен еді. Осылай кеңес шындығын әшкерелеудегі сан салалы қызметін, шығармаларындағы терең философиялық пайымдауларын ескере отырып, Мұстафа Шоқайды кеңестанудың негiзiн қалаушылардың бiрi деген пікірді толық қолдауға болады.

Ұлы патриот күндердің күнінде елі азаттық алып, әлемдегі қауымдастықтан өз орнына ие болатынына әсте күмандан­ған емес. Ол өзі өмір бойы аңсап өткен Сыр бойын, оның өзінің кіндік қаны тамған Наршоқы құмына бір рет те ­аунай алмай, сағыныштан сарғайған Отан есігін тәуелсіздік таңында ашты. Бірақ жарты ғасырлық қысқа өмірінде еліне, бүкіл түркі жұртына қарыз болмай кетті. Бұған тамаша ұлттық идеялардың иесі, энциклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқайұлын 1942 жылғы 8 ақпанда Париж қаласында өткен еске түсіруге арналған салтанатты мәжілісте ­Украина Халық республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, Александр Яковлевич Шульгиннің: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді» деген сөзін тілге тиек етсек артық болмас. Бірақ тағдыр оны жазбады.

Әбдіжәлел БӘКІР,

 Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің

М.Шоқай ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі,

саяси ғылымының докторы, профессор

1375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы