• Тарих
  • 08 Шілде, 2021

ҚАСИЕТТІ КІСІЛЕР ШОҒЫРЫ

Қазалы қаласы – Жібек жолының бойында орналасқан ескі қаланың бірі. Осы топырақтан көптеген қасиетті кісілердің шоғыры шыққанын, олардың көріпкелдік және емшілік, әулиелік қасиеттерін қаншама ғасыр мен жылдар өтсе де күні бүгінге дейін сол топырақтан өсіп-өнген адамдар шежіре ретінде айтып келеді. Осы киелі топырақта Оғыздар астанасы болған Жанкент қаласы орналасқан. Сыр бойында жеті ишан болса соның екеуі Қазалыда өмір сүріп, мешіт ашқан. Қазалы топырағынан шығып Самархан қаласын 40 жыл билеген Жалаңтөс Баһадүр, әулие батыр Жанқожа, оның серіктесі Ақтан батырды еске алсақ, бойларына құдіретті күш пен дарын біткенін бүгінгі ұрпаққа дейін айтып келеді. 

МАҚТА. МҰЗ. ШОҚ.

Арал қаласында тұратын, жас кезінде жүк автокөлігін жүргізген, кейін теміржолда қызмет еткен үлкен ақсақалдардың қасында отырып ескі әңгімелерді, шежірелерді есіне сақтай білген Насыраддин баласы Кеңестің телефон шалып сұраған сұрағы былай болды.

– Сіз Мүсірәлі Сопы жайлы білесіз бе? – деді.

– Ол кісінің Сопы екенін анық білмеймін, көріпкелдігін және үш жүзге пір болған әңгімесін естігенім бар. Бұл әңгіменің желісі ұзағырақ айтылады.

– Мұны сұрап отырған себебім деді, – Кеңес, – жуырда Қазақ радиосынан Мүсірәлі баба туралы шежіре әңгіме берілді. Толық тыңдадым. Тәуке ханның тұсында жоңғарлармен көп уакыт айқасқа түсіп, оларды Қазақ жерінен ойсырата шығынға ұшыратып, талай рет шекарадан асыра қуған екен. Арада бір жылдай жаугершілік айқас тоқтап, тыныштық орнатты. Жыл өткенен кейін Жоңғар хандығынан хабаршы келеді. Жоңғар ханы Тауке ханға бұрын біз жасырын шайқасқа қатысып жүрсек, енді біз ашық айқасқа шығуды жоспарлап отырмыз. Сіздер бұған қалай жауап бересіздер деген ғой.

Тәуке хан билерді, сұлтандарды, әскер басшыларды және көріпкел әулиелерін тез жинап кеңес өткізеді. Хан жоңғардан келіп отырған хабаршыға қандай жауап қатамыз. Біз олардың ашық айқасына төтеп бере аламыз ба деген мәселені алға тартады. Отырғандардың көпшілігі ашық айқаста жоңғарға қарсы тұрудың қиындығын дәлелдейді. Олар бір жыл бойы әбден дайындықтан өтіп мұздай қаруланған жасақтары болғандықтан бізге ашық түрде күшін көрсетіп отыр. Сондықтан хабаршыға бөтенше жауап беріп, қайтарайық дейді. Сол кезде шеткі жақта отырған он бес, он алты жасар Мүсірәлі орнынан ұшып тұрып, қолындағы үлкен ақ орамалға оралған затты алдына апарып жоңғар хандығының хабаршысына осы жұмбақтың шешімін талап етуді жолдайды. Бұл орамалдағы зат бір уыс мақта, ортан жұдырықтай қатқан мұз және бір отқа күйдірілген шоқ. Осы үшеуінің шешімін тапса жоңғарлар ашық айқас әңгімесін доғарады дейді. Жас баланың ұсынысы қабыл алынып, хабаршы арқылы Жоңғар ханына жетеді.

Орамалға оралған заттарды көріп Жоңғар ханы ашуға қатты булығады. Қазақтардың бұл не мазағы деп кеңесшілеріне зекіреді. Сонда Жоңғар ханының жалғыз қызы орнынан атып тұрып: – Әке рұқсат етсең мен айтайын жауабын дейді. Отырғандар айтсын деген мезіретін білдіреді. Сонда қыз: «Қазақтар үш жүзден құралған ел. Анау бір уыс мақта Ұлы жүздің белгісі. Ұлы жүздің адамдары жұмсақ келеді, қатқан мұз Орта жүзді білдіреді. Оның адамдары мұз сияқты тұрақты емес еріп кетеді, мейірлі. Ал енді қызыл шоқ ол Кіші жүздің белгісі. Кіші жүз батырлары мен әулиелері өте ақылды және ерлігі басым адамдар. Сондықтан, әке, сіз ашық айқасты тоқтатыңыз. Айқасты бастасаңыз мұзбен мақтадай еріп кетіп, шоққа барып күйесіз. Осы жерде сізден сұрайтыным, мен осы жұмбақты жіберген жігітке тұрмысқа шыққым келеді» дейді. Сөйтіп, Жоңғар ханы Тәуке ханның көріпкелі Мүсірәліге өз қызын беріп, екі жақ бір жола бейбітшілік келісімге келген екен.

Осындай қасиетті кісілердің бойын­дағы әулиелік, көріпкелділік кереметтері халықтың көз алдында көрінгені айтылады. Сондықтан қаншама ғасыр өтсе де, өшпес із қалдырған көріпкел әулиелердің әңгімесі бүгінгі ұрпаққа дейін жетіп келгені әр бір адамның санасының оған деген ықыласы арта түскендей болады.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көпшілік өзінің туған жері Қазалыға күре жолдың бойына биіктігі 4 метрдей болатын үш қырлы ескерткіш орнатты. Бұл бүгінгі ұрпақтың қасиетті бабаға деген ынта ықыласы еді.

 

ҚОСЫМНЫҢ КЕРЕМЕТІ

Жоғарыда айтқандай, киелі топырақтан есімі елге кеңінен тараған әулиелер, көріпкел, емшілік қасиеті дарыған көп кісілер шыққан. Солардың бірі – Өтеш қожа. Бұл кісі жөнінде үлкен кісілерден естуімізше жолаушы жүріп бара жатқанда алдарынан бір топ киік өтпекші болып алға ұмтылады. Қожекеңнің қасында келе жатқан құрдасы әзілдеп, мына киіктерді тоқтатуға бола ма дегенде, үндеместен қыбылаға мойынын бұрып, ернін жыбырлатқанда әлгі желдей есіп бара жатқан топ киіктер тоқтап қалған екен. Осы әңгімені біраз кісілерден естігенім бар. Сондай қасиетті кісінің бел баласы Қосым ағаның бойында да қасиеті бар екенін айтуды жөн көрдік. 

Қосым аға аудандағы беделді басшылардың бірі болды. Ол көп жыл аудандық жол құрылыс мекемесін басқарды. Өте таза киінетін. Кішіпейіл, салмақты, сабырлы адам еді.

1967 жылы аудандық газет редакциясында фото тілші қызметін атқарған Асан Боранбаев ағамыз іссапармен Қызыл құм совхозына барады. Мамыр айының аяқ кезі. Төл алу науқаны аяқталып, қырқымның жүріп жатқан уақыты. Қырқым басына алты-жеті үй тігіліп түс мезгілінде жан-жақтан барған өкілдерге шай ұйымдастырылады. Дастарқан басында Қосым аға да отырады. Әңгіме үстінде Қосекеңді көптен білетін құрдасы әзілдесіп отырып.

– Сіз жақсы адамның баласысыз. Әкенің қасиеті дарыған болар. Бір кереметін көрсетіп жіберсеңіз қалай болар, – деп өтініш жасайды. Қосым аға көпке дейін үнсіз отырады. Құрдасы қайта-қайта әзілмен әңгімесін жалғай түседі. Бір кезде жантайып жатқан Қосым аға орнынан түрегеліп: – Әзіліңді қоймадың ғой, өкпеңді басайын. Қанша адам отырсыздар, қолдарыңа бір-бір пышақ ұстаңдар. Қазір суға шомыласыңдар. Қолдарыңа түскен балықты турап тастаңдар. Егер, балықты турай алмасаңдар өздерің жақсы болмайсыңдар, – дейді.

Отырғандар келіседі. Үйлерден пышақ жиналып, қолдарына ұстап отырады. Көздеріңді жұмыңдар дейді. Сол кезде телегей теңіз суға малтығады, қолдарына ілінген балықты кескілейді. 20 минуттай уақыт өткенде көздерін ашса малтыққан су жоқ, дастарқан бұрынғыша жайылған. Қолдарындағы пышақтарымен не кескенін ұмытып қалғандай мең-зең. Есік алдында жатқан бірінің туфлиі, бірінің сандалеткасы ырым-жырым пышақпен тілініп қалған. Соны көргенде отырғандар Қосым ағаның көзіне тіке қарай алмай, дастарқаннан шығып кеткенше асыққан екен.

Осы оқиғаны көзімен көрген, өзінің аяғындағы сандалеткасының жыртығын инемен тігіп алғанын көрсеткен Асан аға әдемілеп айтып берген еді. Асан аға кейін көп жыл аудандық баспаханада директор қызметін атқарды.

Бойында мықты қасиеті бола тұра, өзін ешқашан жарнама жасамаған Қосым аға да, ол кісінің жоғарыдағы керемет қасиетін көзімен көрген Асан аға да өмірден озып кетті.

 

ҚАРА МОЛДА

Бұрын майда колхоздардың басын қосып, ірілендірілген Ғани Мұратбаев атындағы колхоз аудандағы ең табыс­ты шаруашылық болды. Қазіргі кезде бұл аудандағы өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған Мұратбаев ауылы. Осы ауылда туып-өскен, орта білім алып, Шымкент қаласындағы педагогикалық институтты бітірген, көп жыл ұстаздық жолда еңбек ете отырып, аудандық ішкі істер саласына қызметке көтеріліп, одан республиканың ішкі істер министірлігінде ұзақ жыл қызмет атқарып, полковник шенін иемденген, бүгінгі күні зейнеткер Жаныс Лекерұлы Меңдібаевтың Қара молда жайлы әңгімесін айтып беруді жөн көріп отырмыз.

Жаныс ақсақал әдеби, тарихи кітаптарды көп оқыған, оның ішінде орыс әдебиетшілерінің және қазақтың ұлы ақындары мен жазушыларының шығармаларын көп оқып, зердесіне сақтай білген азамат.

– Жәке, сіз Қара молда жөнінде не білесіз дегенімізде:

– Бұл кісі менің туған ауы­лымның топырағынан жаралған адам. Ол кісі жөнінде өзімнің тікелей көрген үш жағдайды қысқартып баяндап берейін.

Менің әкем Лекер осы ауылдың бетке ұстар кісісі болды. Біз ауданнан солтүстікке қарай жүргенде теміржол бойындағы екінші разъездің тұсына орналасқан Ленин колхозында тұрдық. Сол кезде менің 4 жасқа жетер жетпес кезім. Мені осы кісіге алып барып сүндетке отырғызды. Менің қолымнан ұстап тұрып айналайын жақсы боласың, үлкен азамат болсың деп маңдайыман сипап, қалтасынан шығарып тәтті кәмпит бергені есімде. Қолына пышық ұстағанын көргенім жоқ. Сонымен әкем мені алып қайтты. Содан кейін үйдегілер құттықтап бетімнен сүйіп жатты. Бұл бірінші жағдай.

Аудан орталығынан оныншы сыныпты бітірген кезім. Жаз айы. Күн ыстық. Ауылға келіп, Шымкентке оқуға түсуге дайындалып жатқанмын. Осы ауылдың басқармасы Байжан деген кісі болатын. Менің әкем осы колхозда бас­тауыш партия ұйымының хатшысы. Түс мезгілі. Көршілер басқарманың үйіне қарай жүгіріп бара жатты. Мен де соларға қосылдым. Есік алдына ауылдың үлкендері, жастары ілезде жиналып қалған. Сөйтсек, басқарманың әйелі қапелімде ішінен екі бүктеліп, тынысы тарылып, айғайлап, қатты ауырып жатқан екен. Басқарманың өзі үйінде жоқ. Жиналғандар әртүрлі әңгіме айтып, қайда хабарларын білмей тұрғанда қайдан келгені белгісіз бір кісі атпен келе қалды. Сол кезде: «Байжанның ағасы Қара молда келді» деген дауыс естілді. Мен де тани кеттім. Ілгеріде мені сүндетке отырғызған осы кісі еді.

Қара молда кідірместен ішке кіріп кетті. Көп аялдамастан қолында бір кесе суы бар далаға шықты да айғайлап кімнің үйінде қап-қара қой бар тез әкеліңдер деген дауыс көтерді. Ілезде қара қой табылып, есік алдына алып келді. Қой дыбыс шығармай, тұрған орнында жан-жағына қарамай қалшиып қатып қалған сияқты көрінді. Әлгі кісі қолындағы кеседегі суынан ұрттап алды да қойдың үстіне қайта-қайта бүрікті. Қой жерге сылқ ете қалды. Содан кейін қойды қолдарыңа күрек алып қашық жерге апарып көміп тастаңдар деген тәртібін берді. Манадан бері қиналып жатқан Байжанның әйелі, Қара молданың келіні есіктен шығып жақсымын деген сөзін жиналғандарға айтып жатты. Қара молда атына мініп ілезде жолға жүріп кетті. Бұл – Қара молда ақсақалдың емшілік қасиетін екінші рет көруім.

Қара молда деген атты бұл кісіге халық қойған. Өзі денелі, қара кісі болатын. Соған қарамастан жүзі жылы, адамды өзіне тартып тұратындай бір қасиеті байқалатын. Оның ата-анасының азан шақырып қойған аты Алмағамбет. Менің әкемнің жасы ол кісіден кіші, Әлеке деп аға сыйлайтын.

Байжан басқарма басқа жаққа ­ауысып, әкем Лекер осы колхозға басқарма төрағасы болып сайланды. Мен институттың бірінші курсын бітіріп, жазғы каникулға келгенде әкем: «Жылқышылар ауылына барып демалып қайт. Алмағамбет ағаға тапсырамын. Ол кісі жылқышылар бригадасын басқарады. Сен қымыз ішіп, атқа мініп үйрен. Сол ауылда өзің қатарлы жігіттер бар» деді. Ертесіне әкем екеуміз жүріп кеттік. Жылқы ауылына келгенде 7-8 киіз үй бұлақтың басына биік жерге тігілген екен. Жылқылар бұлақтың басында үйездеп, шөліркегендері судан ішіп, өріске қарай бет алып бара жатыр. Әкем Қара молдамен сөйлесті де, мені тастап көрші жатқан қойлы ауылға қарай жүріп кетті. Сол жерде екі жылқышыны шақырып, ана тұрған үйірдегі сары құнанды ұстаңдар деп тәртіп берді. Біз үйге кірдік. Дастарқан жаюлы, қымыз құюлы, кішкентай табақта сары майға салынған қазан жаппай нан тұр екен. Қымыз іш, мына майға салынған нанды тойып жеп ал, қазір құнан келсе деген сөзді естідім. Біраздан кейін жылқышының біреуі келіп, «аға сары құнан ұстатпады, құрық салсақ та сытылып шығып кете береді. Қуып-қуып шаршадық» деді.

Алмағамбет аға үндеместен орнынан көтеріліп, ізіме еріңдер деген ишарат білдірді. Еріп келеміз. Бір үйір жылқының тұсына келгенде сары құнан малшынған теріге шомылған, қашықтау жерде тұр екен. Ай жігіттер, қатты терлетіп қуыпсыңдар ғой деп өзі құнанға қарай жүріп жақындағанда таңдайын тықылдатты. Құнан тұрған орнынан жылжыған жоқ. Бұрын ұсталмаған асау құнанның мына кісінің құдіретті күші ме, қасына барып сауырын сипағанға дейін жылжымай тұрғанына қайран қалдым. Басына ноқта кигізіп үйге қарай жетелеп келді. Келді де дайындап қойған ер-тоқымын салып, жүгенін кигізіп мені отырғызды да: «Аттан қорықпа, бөтен мінез көрсетпейді, қане жүріп көрші» деді. Мен ердің үстіне мініп, тізгінді қолыма алып, бас білген үйретілген, мініс көрген ат сияқты көп жерге дейін жорға жүріспен жүріп көрдім. Қайтарда да ырқыма көніп, бұрған жағыма қарай жүріп отырды. Сол күннен бастап ауылдың жас жігіттерімен қыдырыстап, қымыз ішіп, қара құмның ыстық құмына табанымды тигізіп, денем жазылып ауылға оралдым.

Міне, менің Алмағамбет ата (Қара молда) жайлы өз көзіммен көрген үш жағдайды айтқым келгені осы болды.

Қара молданы біз көбіне балаларды пышақсыз сүндетке отырғызатын қасиеті барын көп еститінбіз. Басқа ауруларды қаншалықты емдейтінін естіген емеспіз. Жаныс ақсақалдың бір сөзінде айтқаны үйінде жатқанында Қара молда атамызды апталап көрмей қалады екен. Содан ол кісі үйге қонбай жүр ғой дегенімізде бәйбішесі бір жаққа шаруаларымен кетті дейтұғын. Ол қандай шаруа, ешкім ол жөнінде дөп басып анығын айта алмайтын. Соған қарағанда ол кісінің қасиеттері көп екендігін кейінгі уақытта көбірек еститін болдық.

Қара молда ауданнан 300 шақырымдай жердегі Қара құм деп аталатын белдеу-белдеу құмдардың арасындағы Тапа жерінде қоныс тепкен. Бұрын бұл жер колхоздың қойшылары мен жылқышылары, түйешілері жайлаған жер. Бұл кісі өзіне келе жатқан адамды сезетін болған. Күннің ыстығында, қыстың аязында үйіндегі бәйбішесіне қонақтар келе жатыр шай дайындап қойыңдар дейді екен. Айтқандай арнайы келген адамдар ол кісіге қаралып, шаруасын бітіріп жайланып қайтады екен. Көбіне, сүндетке отырғызуға әкелген балаларға бұл кісі басынан сипап, қалтасынан азғантай болса да ақша беріп отырады екен. Бұл ол кісінің бойындағы бір адамгершілік қасиетінің жоғары екендігінің айқын көрсететін көрініс. Өткен жылдың желтоқсан айында болу керек, Евразия каналының белгілі жүргізушісі Гүлазия Жалғасқызының Қара молданың отырған қонысына арнайы барып қайтқан сапарынан хабар бергені бар. Сонда естігеніміз, қазір сол қоныста қара шаңырақта жалғыз баласы Жақсылық отыр екен. Әліге дейін бұл кісінің қонысына келіп, өзінің қабылдау бөлмесіне отырып кететін адамдар бар екен. Сондықтан да Қара молданың өмірден озғанына жиырма жылдың үстінде уақыт өтсе де, ол кісінің көптеген адамдарға тигізген пайдасының көп болғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Бұл кісі еш уақытта өзін көтермелеп не болмаса жарнама жасап мен емшімін, көріпкелмін деген сөзді айтпаған адам. Ол кісіні балаларды сүндетке пышақсыз отырғызғанының арқасында халықтың өзі тауып, өздері көптеген жақсы қасиет­теріне кенелген кісі. Жоғарыда айтқандай уақытша, азын аулақ қолының биотогы бар болып соны көтермелейтін, жарнамалайтын емшілердің іс-әрекеттері онша алысқа ұзамайтынын көріп жүрміз. Сондықтан мұндай жеңіл жолмен пайда іздеудің қаншалықты табысқа кенелетіні қиындау шығар.

Киікбай ІЗЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер

1622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы