• Руханият
  • 08 Шілде, 2021

МЕМЛЕКЕТТІГІМІЗДІҢ МЫЗҒЫМАС БЕЛГІСІ

Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев ­Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараны дәстүрлі түрде ашатын Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.

– Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сондықтан бұл рәсімнің тарихи мән-маңызы айрықша. Көк ­Туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Елдігі сынға түскен сәтте байрақ астына бірігіп, тұтастығын танытқан. Ерлік пен бірліктің дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Тәуелсіздік дәуіріне ұласты. Егемен елдің көк байрағы – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі, – деді ­Президент.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери оқу орнының түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік Туымыз бен еліміздің бас қаласы ұлт бірлігінің жарқын символы екенін айтты.

– Елордамыз – қазіргі Қазақ­станның бетке ұстар бас қаласы. Еліміздің орталық мегаполисі бола­шаққа жол ашатын ордаға, жалпы ұлт болып ұйысудың және шынайы патриотизмнің үлгісіне айналды. Тұңғыш Президент – ­Елбасы мен мил­лиондаған отандасымыз­дың қажырлы еңбегінің арқасында бой көтерген қала – халқымыздың мақ­танышы. Отанымыздың жүрегі дәл осы жерде соғып тұр. Аса маңыз­ды шешімдердің бәрі осы жерде қабылданып, салмақты ой-пікірлер ортаға салынып, бірегей жобалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президентінің пікірінше, елорда дарынды, жігерлі отандастарымыздың, сондай-ақ өзге мемлекеттердің көптеген азаматтың бас қосатын орталығына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы дала кіндігінде қасиетті Туды биікте желбірете отырып, еркіндік пен егемендік мұратына бейілді екенімізді атап өтті.

– Елорда күні адамдарды қолдап, шабыттандыру, бірліктің күшін, өзара көмектің маңыздылығы мен әр азаматтың ортақ іске қосқан үле­сінің құндылығын дәріптеу үшін аса маңызды. Елорда тұрғындары екпе салу науқаны мен шектеу шараларын сақтау кезінде алдыңғы қатарда болуы қажет. Жаппай вакциналау қалыпты тыныс-тіршілікке қайта оралудың, адамдардың денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екенін дұрыс түсінуіміз керек. «Біз біргеміз!» ұраны аса қатерлі індетке қарсы күрестегі жеңісіміздің бойтұмары болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Қазақ­стан Президенті – Қазақстан Респуб­ликасының Жоғарғы Бас қолбасшы­сының қолынан офицер погонын алды.

 – Оқудың сәтті аяқталғаны құтты болсын, жас офицерлер! Офицерлік шен – бұл, ең бірінші, Отан алдындағы зор жауапкершілік. Болашақта ­командир атанып, жас сарбаздарға тәлім бересіздер. Сондықтан отаншыл, батыл және айбынды болып, үлгі көрсету аса маңызды. Мүлтіксіз қызмет ету – бәріңізге ортақ міндет. Антқа адал болу, Тәуелсіз елімізді қорғау – қастерлі парыз, – деді ­Мемлекет басшысы. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушылардың барлығын келе жатқан Елорда күнімен құттықтап, Отанымыздың өсіп-өркен­дей беруіне тілектестік білдірді.

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы