• Тұлға
  • 08 Шілде, 2021

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫ

Қырымбек  КӨШЕРБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік хатшысы

Редакциядан: Елорда күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласында дәулескер күйші Дина Нұрпейісоваға және біртуар ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерт­кіш қойылды. Бұл халқымыздың ұлы перзенттеріне көрсеткен құрметі еді. Еліміздің бас қаласында жұртын күймен тербе­ген Дина мен ғылымға сүйреген Қаныш­тың еңселі ескерткіштері қасқайып тұр. Мұны біз елдіктің, бірліктің бейнесі деп білеміз. Ескерткіштердің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, сөз сөйлеген болатын. Біз бүгін оқырмандарымызға Қырымбек Елеуұлының салтанатты іс-шараларда сөйлеген сөздерін ұсынып отырмыз.

Дара Дина

 

Қара сөзден құрыш құйған Қадыр ­Мырза-Әліден қалған сөз бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Әрине, ақынның тұтас халықты бір ғана аспапқа теңеп, ұлттың мінезі мен болмысын дәл осылай сипаттауында терең мән жатыр. Өйткені жұртымыздың мұңы мен зары, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан төгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Халқымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама кезеңдерді бастан өткеріп, заманның жауыны мен дауылынан аман қалған шақтарын, бейбіт те берекелі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақыттағы барақатты сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетіне таспалады. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң – тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма? Тілден артық үн барда!» деп жырлауы да сондықтан болса керек. Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Халқымыз үшін қастерлі, қасиетті аспаптың қадірін арттыра түсу үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаев өзінің Жарлығымен арнайы «Домбыра күнін» белгіледі. Бұл бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылыққа көрсеткен үлкен құрметі.

Биылғы «Домбыра күні» қарсаңында М­емлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен дәулескер күйші, ел ішінде «Күй анасы» атанып кеткен Дина Нұрпейісоваға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жаңа елордамыздың төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр. Сондықтан бүгінгі іс-шараның үлкен символдық мәні бар.

Қаршадайынан қара домбыраға құмар болған Дина Кенжеқызының аты елге ерте таралады. Жұрт оны жастайынан «Домбырашы қыз» атай бастайды. Бірде шалқытып, бірде қалықтатып төгілген күйін ел елжіреп отырып тыңдаған деседі. Аты алысқа кеткен күйші қызды күндердің күнінде Құрманғазы атамыздың өзі арнайы іздеп келіпті. Динаның қабілетін байқап, қарымын сынапты. Домбыраның құлағында ойнап, сағағынан күй төгілдірген Динаны Құрманғазы қанатының астына алып, өзіне шәкірт қылып, ұлттық өнердің қыр-сырын ерінбей егжей-тегжейлі үйретіпті. Күй атасынан тоғыз жыл тәлім алған Дина Нұрпейісова осы уақыт аралығында күй өнерін әбден меңгеріп, шын шеберге айналады.

Ол Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма секілді дәулескер күйшілердің, даңқты өнерпаздардың асыл мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізген, ғасырлар арасын жалғаған алтынның үзігіндей ардақты адам. Ұлттық өнердің әрін кетірмей, өңін өзгертпей, шашпай-төкпей бір дәуірден екінші дәуірге жеткізгенімен де қалың қазақ үшін құрметті. Өйткені Динаның орындауын­да талай күй кейінге жетіп, нотаға түсіп, хатталып қалды. Өлмес, өшпес, дүниенің бар байлығынан да қымбат қазына бүгінге Дина Нұрпейісованың арқасында жетті.

«Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деп жазыпты әйгілі ғалым-композитор Ахмет Жұбанов.

Майдан даласында сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1944 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында «Бес республиканың халық арасынан шыққан талант-жұлдыздары» атты музыкалық онкүндік өтеді. Оған мыңнан астам музыкант, әнші, биші, композитор қатысады. Осы онкүндікке жасының егделігіне қарамастан Дина Нұрпейісова да барады.

 

Орта Азияның дүлділдері мен бұлбұл­дары жиналған өнер жарысында күйші Дина бірінші орынды жеңіп алады. Осыдан-ақ күйшінің қарымы мен қабі­ле­тін анық байқауға, Ахмет Жұбанов айтқан күйшілік қыры мен сырын көруге болады.

Дина Нұрпейісова соғыс жылдарында жауынгерлердің рухын көтеріп, айбынын арттыруға ерекше еңбек сіңірді. Өзі бар баласын, немерелерінің алдын майданға аттандырғанымен қоймай, «Ана бұйрығы», «Майдандағы балама» атты тыңдағанның жүрегін қозғап, жанарына жас үйіретін күйлер шығарды. Ал «Жеңіс» күйі шын қуаныштан, үлкен шығынмен жеткен жеңістің қадірін ұғындырған, т­олайым шығарма.

Атақты музыкатанушы, Ленинград консерваториясының профессоры Арон Островский Динаның өнеріне тәнті болып, тік тұрып құрмет көрсеткен екен. Сонда ол қазақ күйінің сазы бойын кернеп тұрып күйші жайлы: «Оның домбыра тартуда қол жеткізген асқан орындаушылық шеберлігі ғажап! Бұл керемет орындаушы небір әдісті қолданады, осынау ежелгі аспаптан қандай әуен мен әуез шығарып отыр десеңші» деп таңғалыпты. Біз бұдан Дина Нұрпейісованың қарағайдан қиып, үйеңкіден иіп жасалған киелі қара домбыраның қасиетін арттырғанын көреміз.

Күйші басы қара жерге тигенше ұлттық құндылыққа, асыл өнерге адал қалпын сақтап кетті. Оның немересі Балжан Нұрпейісова әжесінің өмірден өтер шағы жайында: «Киелі қара домбыраны бала кезінен жанына серік етіп, құдіретті өнеге тұтқаны соншалық, көз жұмарының алдында бес-он минут бұрын төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдыртып, мәпелей сипалап, аялай қағып, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін шертті. Әлсіз саусақтары икемге келмей жатса да, күйді көкірегінде жаңғыртып жатып дүниеден озды» деп естелік қалдырған. Үлкен жүрек осылайша күй тартып жатып тоқтапты. Домбырасын бауырына басып жатып фәниден бақиға өтіпті. Ғибратты ғұмырдың, күй дәуреннің осылай түйінделгені де заңды секілді көрінеді.

Біз бүгін елорда күні қарсаңында қазақ үшін қадірлі, Алаш үшін аяулы Дина Нұрпейісованың ескерткішін салтанатты түрде ашқалы отырмыз. Жобаны іске асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Бауырхан Жалынға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ұлттық өнерге, асыл мұраға, бабалар үніне, аталар дәстүріне қойылған ескерткіш. Өткенге салауат, болашаққа аманат айта отырып, қазақтың қара домбырасынан кие қашпасын, қара шаңырағынан береке кетпесін деп тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ескерткіш құтты болсын!

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ

 

Кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев туралы «Ол кешегі өткен Кеңес Одағының ғана ұлы адамдарының бірі емес, осы ғасырдың ұлы перзенті» деген еді. Бұл білімі телегей-теңіз, білігі ұшар биік, байтақ даламыздың бойындағы бар байлықты ашқан ғұлама Қаныш Имантайұлына берілген зор баға, үлкен ілтипат.

Шүкір, қазақтың қасиетті топырағы ел бастаған көсем, сөз бастаған ­шешен, дүниенің білімін игерген ғалымға ешқашан кенде болған емес. Алтын құрсақты Аналар әр дәуірде Алашқа адал қызмет еткен арда азаматтарды дүниеге әкелген. Ал өткен ғасырда қазақ аспанында бір топ ғалымдардың шоғыры жарқырай көрінді. Солардың арасында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тұлғасы шыңға біткен шынардай болатын. Баянауылдан қанат қаққан, қазақ даласының көгінде қалықтай самғаған, Алаш ғылымының дамуын алты қырдан асырған, әлемдік ілім-білімнің ең биігіне көтерілген Қаныш Сәтбаев аса көрнекті геолог-ғалым ғана емес, өз заманының жарық жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері еді. Ол өзінің шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы, кемеңгер тұлғасына айналды.

Қаныш Сәтбаев Алаш қозғалысының көсемдерімен мұраттас болған. Ұлтқа қызмет етуде өзінің алдындағы ұрпақты үлгі еткен. Сондықтан ол жұрт жұмы­сында, ел ісінде барлық салаға белсене араласты. Шоқан Уәлихановтың ел аузы­нан жинаған «Ер Едіге» дастанын қазіргі қазақ тіліне аударғаны, тұңғыш «Алгебра» оқулығын жазып шыққаны сөзімізге дәлел бола алады. Классик жазушы Сәбит Мұқанов Қаныш Имантайұлы жайында: «Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, пікір айтып отыратын. Ғылымның бар саласынан бес саусақтай хабардар еді, бәрін жете білетін. Әркім оған жақсы ой, пайдалы пікір, әдемі әңгіме, алуан жаңалық есту үшін баратын» деп жазады. Осыдан-ақ біз ғалымның кең құлашты азамат екенін байқаймыз.

Ол Қазақ ССР Ғылым академиясы­нының іргетасын қалаған әрі тұңғыш президенті болған адам. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес Одағы Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты атанды. Төрт мәрте Ленин орденімен, басқа да отандық және шетелдік сыйлықтармен марапатталған ғұлама ғалым.

Қаныш Сәтбаевтың Ғылым академиясында атқарған толайым шаруасы туралы талай айтылды, жазылды. Мен оның Академия президенті болып тұрғандағы қайраткерлік, қаһармандық әрекетіне тоқталсам деймін. 1951 жылы ұлтымыздың ұлы перзенттері Мұхтар Әуезовке, Қажым Жұмалиевке, Есман Исмаиловке және Ахмет Жұбановқа ұлтшыл деген айып тағылып, сол кездегі билік соңдарына шам алып түсті. Аты аталған кісілердің барлығы Ғылым академиясында жұмыс істейтін болғандықтан Қаныш Сәтбаевқа оларды қызметтен босату туралы бұйрық берілді. Бірақ Қаныш Имантайұлы бұйрықты орындаудан бас тартты. Сол себепті Сәтбаев қатты сынға ұшырап, өз қызметінен кетті. Қанша шырғалаң жолдан өтсе де, қиыншылық көрсе де Қаныш Сәтбаев өз халқына қызмет етуін бір сәтке де тоқтатқан жоқ.

Қаныш Имантайұлының ерлікке пара-пар бір ұлы ісі жайында айтпай кетуге болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан ауыр жылдар еді. Майданға жіберетін әрбір оқ пен қару-жарақ маңызды. Сол кезде Қаныш Сәтбаев Үкімет пен Қорғаныс министрлігіне жаумен соғысқа қажет бронның марганец қоспай құйылмайтынын дәлелдеп шықты. Сөйтіп, Қазақстандағы Жезді марганец кенін жедел түрде игеруді ұсынды. Бұл бастамаға көптеген геологтар мен қаржыгерлер қарсы шықса да, Сәтбаевтың ұсынысымен Жезді марганец кені құрылып, оған темір жол тартылды. Соғыс жарақтарын дайындайтын металлургиялық зауыттар дер кезінде қажетті шикізатпен қамтамасыз етілді. Майдан аяқталғаннан кейін баспасөз беттерінде «Соғыс жылдарында жасалған әрбір он танктің жетеуі Қаныш Сәтбаевтың табандылығымен табылған құрыштық шикізаттан жасалды», «Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылды» деген мәліметтер барша оқырманға мәлім болды.

Қаныш Имантайұлы 1947 жылы Лондонға жасаған сапары ке­зінде Ұлыбританияның сол кездегі ­айтулы Премьер-Министрі Уинстон ­Черчил­льмен кездесті. Сол кездесуде Қаныш Сәтбаевтың көл-көсір біліміне, түр-тұлғасына таңғалған Черчилль: «Қазақтардың барлығы Сіз сияқты биік, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда Қаныш Имантайұлы: «О, жоқ, ­Черчилль мырза. Қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап берген екен. Бұл да Қаныш Имантайұлының ұлылығын тағы бір дәйектей түсетін сәт емес пе?

«Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен Сәтбаев. Осы ойға салсақ, халқы Қанышын қал-қадірінше ардақтап, есімін ұлықтап келеді. Ғұлама ғалымның атына бұған дейін қала, көше атауларының берілуі соның айғағы. Кешегі Қазақ тау-кен-металлургия институтының бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті аталуы да зор мәртебе. Бүгін біз елорда күні қарсаңында сіздермен бірге еліміздің рухани өміріндегі, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясындағы аса елеулі уақиғалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес халқымыздың ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың құрметіне орай егемен еліміздің жаңа астанасы Нұр-Сұлтан қаласында қойылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Бұл – ұлтының ұлы ұлына көрсеткен құрметінің бір бейнесі. Жобаның іске асуына дәнекер болған Павлодар облысының, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктеріне мен Баянауыл жұртшылығына, мүсінші Асқар Нартовқа ризашылығымызды білдіреміз.

Елі үшін еңбек етер ерлер көп болсын! Ерін сақтар ел аман болсын!

 

1906 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы